1 тара у. Саясаттану ғылымы § Саяси ғылымның пайда болуы және қалыптасуы


§ 2. Кеңестік қоғамдағы және біздің қазіргі кездегі әлеуметтік жіктелуіміз



бет37/60
Дата14.12.2021
өлшемі253,23 Kb.
#126183
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   60
Байланысты:
Лекции 21-22


§ 2. Кеңестік қоғамдағы және біздің қазіргі кездегі әлеуметтік жіктелуіміз
Біз егеменді ел болдық. Бірақ оған көп болған жоқ. Мұндай аз уақыттың ішінде әлеуметтік құрылыс жылдам өзгере қоймайтыны белгілі. Оның тамыры әрі де, Кеңестік қоғамнан басталады. Сондықтан сөзді де содан басталық.
Бұрынғы Кеңес өкіметі кезінде марксистік идеологияға сәйкес КСРО-да мынадай әлеуметтік-таптық құрылым бар деп есептеді: 1) мемлекеттік немесе жалпыхалықтық меншікпен байланысты жұмысшы табы; 2) колхоздық-кооперативтік меншікпен байланысты шаруалар; 3) ешқандай меншікпен байланысты емес зиялылар (ол лениндік анықтама бойынша тапқа жатпады, оны жік деп атады). Жұмысшылар қоғамдық қатынастардың дамуына шешуші ықпал ететін жалпыхалықтық меншікпен байланысты болғандықтан, ол қоғамда жетекшілік рөл атқарады делінді. Шын мәнінде, бұлай жіктеу шындықтан алшақ еді. Себебі, жұмысшы табы мен шаруаларды меншік иелері дегенмен, өмірде олай емес еді. Қоғамдық меншіктің иесі еңбек адамдары емес негізінен мемлекет болатын. Сондықтан олар өз еңбегінің жемісін көруден, мемлекетті басқарудан шеттетіледі. Ал жұмысшы табы болса табыс мөлшері жағынан да, әлеуметтік мәртебесі жағынан да, билік жүйесіндегі орны жағынан да кеңестік қоғамда жетекші рөлді атқарған жок.
КСРО заманының әлеуметтік жағдайын зерттеуде елеулі еңбек еткен белгілі әлеуметтанушы - Т. И. Заславская. Ол 1991 жылы Кеңес қоғамының 70 жылдық даму кезеңін қорытындылай келіп, оның әлеуметтік құрылымын 3 топқа: жоғарғы тап, төменгі тап және оларды бөліп тұрған жік деп бөледі. Жоғарғы таптың негізін партияның, әскери, мемлекеттік және шаруашылық бюрократиясын біріктіретін номенклатура (жоғарғы партиялық, өкімет органдарының шешімі бойынша басқарушы қызметті атқаратын қызметкерлер) құрайды. Ол ұлттық байлықтың, меншіктің иесі болды және оның көпшілігін өз мақсатына пайдаланды. Өйткені номенклатуралық кызметкерлер жоғары еңбек ақы алумен қатар қосымша игіліктерге ие еді. Олардың қызметтік машинасы мен жүргізушісі, жабдықталған пәтері, қала сыртындағы үйлері, соларға ғана қызмет ететін жабық дүкендері мен ательелері, емханалары, демалыс орындары және т.с.с. болды.
Төменгі тапқа Заславская мемлекеттің жалдамалы еңбеккерлерін: жұмысшыларды, шаруаларды, зиялыларды жатқызады. Олардың меншігі мен саяси құқықтары жоқ. Бұл таптың өмір салты жеткіліксіз табыспен, ішіп-жеу, тұтыну құрамының мардымсыздығымен, үй-жайының тарлығымен, дәрігерлік қызмет көрсету дәрежесінің шамалылығымен, нашар денсаулығымен сипатталады.
Жоғарғы және төменгі таптардың арасындағы әлеуметтік жікке номенклатураға қызмет ететін орта деңгейдегі басшылар, идеология қызметкерлері, партиялық журналистер, арнаулы емханалардың дәрігерлері, жазушылар, артистер, дипломаттар, КГБ, МВД-ның қызметкерлері, әскер мен флоттың командирлері және т.б. кіргізеді. Сырттай қарағанда бұл жік шетелдердегі орташа тап сияқты болып көрінеді. Ал, шын мәнінде, олай емес. Себебі, Батыста орташа таптың негізін саяси және әлеуметтік тәуелсіздікті қамтамасыз ететін жеке меншік құрайды. Ал біздің қызмет көрсетуші жіктің жеке меншігі болған жоқ, ол қоғамдық меншікті басқарып, оған иелік еткен жок. Сондықтан ол жоғарғы таптан толық тәуелді болатын.
Біздің Қазақстанға келсек, еліміздің егемендігін алғаннан кейінгі кезеңде меншік иесі жоғарғы тап пайда болды. Оның негізін баяғы партиялық кеңестік номенклатура қалайды. Олар экономикалық реформа басталар кезде экономикада, саясатта, мәдениетте басты қызметтерді атқарды. Сондықтан кәсіпорындарды жекешелендіру, жеке меншікке айналдыру олар үшін өте қолайлы болып шыға келді. Бұл тапқа солармен қатар көлеңкелі экономиканың пысықтары, алыпсатарлықпен айналысып байыған қулар және т.с.с. кіреді. Бұл таптың өкілдері халықтың 1-3 пайызын құрайды.
Қазіргі жағдайда нарықтық экономикаға, әр түрлі меншіктің дамуына, саяси алуандыққа, көппартиялыққа өтуге байланысты әлеуметтік бөліну күшейе түсуде. Республикамызда бұрыннан белгілі жұмысшылар мен шаруалардан басқа фермерлер, жалгерлер, кооператив мүшелері, жеке және ұжымдық меншік иелері, жеке саудамен айналысатын құрылымдар және т.с.с. пайда болуда.
Республикамызда бастамашылыққа, өзін-өзі басқаруға жол ашылуда. Сонымен қатар ол кәсіби дайындығына және жеке басының қасиетіне жоғары талап қояды. Тапқырлық білдіріп, еңбегін жеделдетуге тырысқан, ондай мүмкіншіліктері бар адамдар елімізде болып жатқан оң өзгерістерді жақтауда. Сонымен бірге бұрынғы теңгермешілік өмірді аңсаушылар да жеткілікті. Нарыққа бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты жұмыссыздық көбейді. Өтпелі кезеңде көпшілік халықтың, әсіресе ғылым қызметкерлерінің, дәрігерлер, мұғалімдер. зейнеткерлер, студенттердің әл-ахуалы көп төмендеп кетті. Өмір деңгейі төмен топтардың күнделікті бағаның өсуінің алдында қорқынышы зор. Егер олар әлеуметтік қамсыздандырылмаса, еліміздің жылдам демократиялық дамуы қиынға түседі. Мамандығы төмен, нашар қамсыздандырылған, саяси сауаты аз адамдар неше түрлі реакцияшыл шовинистік, ұлтшылдық пиғылдағы партиялар мен элементтердің соңынан еріп кетуі мүмкін.
Көрсетілген қиындықтарды бір сәтте өзгертуге, әрине, болмайды. Ол үшін орынды саяси, экономикалық, әлеуметтік саясат жүргізу қажет. Қазіргі өркениетті елдердің даму тарихы көрсетіп отырғандай, қоғамның тірегі, елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін – орташа тап.
Өзінің білімділігі, іскерлігіне байланысты ол қоғамның демократиялық дамуына, нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан біздің басым бағытымыздың бірі - осы орташа таптың буынын бекітіп, күшейту. Ол үшін ұсақ және орта кәсіпшілікті қолдау, еркін кәсіпшілікті дамыту, халықтың кәсіптік білімін арттыру және т.б. көптеген қомақты істер тындыруға тура келеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   60




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет