§ 1. Тұлға - саясаттың субъектісі мен объектісі
Саясаттың субъектісіне әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер, саяси партиялар, қозғалыстар жатады. Олар жөнінде кейінгі тақырыптарда сөз болады. Қазір саясаттың алғашқы, бірінші субъектісі мен объектісі - адамға тоқталайық.
Мәселе түсінікті болу үшін әңгімені "тұлға", "субъект", "объект" деген терминдер нені білдіреді, содан бастайық.
Тұлға деп қоғамдық өмірдің нақтылы тарихи жағдайларын қалыптастырған, саналы іс-әрекет ете алатын, өз жүріс-тұрысына жауап беретін, еңбек етіп, қарым-қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші жеке адамды айтады.
Субъект (латынның негізінде жату деген сөзінен) деп белсенді іс-әрекет жасаушы, сана мен жігері бар жеке адам немесе әлеуметтік топты айтады.
Объект (латынның қарсы қою деген сөзінен) деп субъектінің танымдық және басқа іс-әрекеті неге бағытталса, соны айтады.
Басқа сөзбен айтқанда, объект - зерттелетін зат. Сонда саясаттанудың объектісіне саясат, саясат әлемі жатады.
Саясаттың субъектісі дегенде өз мүдделеріне байланысты саяси өмірге белсене араласып, басқалардың санасына, іс-әрекетіне, жағдайына ықпал ететін, саяси қатынастарға белгілі өзгерістер енгізетін, саясатты жасайтын адам, ұйым не әлеуметтік топты айтады. Саясат субъектісінің құрамы, іс-әрекеттерінің түрлері мен тәсілдері, көздеген мақсат-мүдделері және т. б. қоғамның нақты, тарихи жағдайымен айқындалады.
Кәдімгі, қарапайым, демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың бас субъектісі адам дейтініміз содан.
Адамдарды саяси жұмысқа итермелейтін негізгі себеп - мұқтаждық пен мүдде. Мұқтаждыққа өмірде керек, бірақ колда жоқ зәрулік жатады. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи зәрулікке тамақ ішу, киім кию, баспана және т. с. с. мұқтаждықтар жатады. Әлеуметтік мұқтаждық қоғамда пайда болады. Оған еңбек ету, басқа адамдармен қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу және т. б. қажеттіліктер кіреді. Мұқтаждықты адам сезініп, оны өтеуге тырысса, ол - мүддеге айналады.
Қандай адам болмасын белгілі бір әлеуметтік топқа, тапқа, ұлтқа, мемлекетке жатады. Осының өзі де өмір жағдайы мен жүріс-тұрысына, саясатқа араласуына әсер етпей қоймайды. Таптың, топтың және т. б. өкілі ретінде жеке адам саясатқа жанама түрде тартылады. Сонымен қатар ол басқаларға қарап еліктеп, белгілі амал, әрекет жасайды, оны өзінше дәлелдейді. Сөйтіп, ол саясатқа тікелей қатысады, саясаттың субъектісіне айналады.
Тұлғаның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының жан-жақты маңызы бар. Мұндай қатынас арқылы адамның барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалады. Азаматтық қоғам мен саяси институттардың арасында тығыз байланыс орнайды. Қоғам мүшелері мемлекет істерін басқару арқылы өз мүдделерін қанағаттандыруға, мемлекет құрылымдарының қызметіне бақылау жасауға, олардың бюрократияланып, шектен шықпауына әсер етеді.
Саясатпен кәсіби айналыспайтын "орташа" адам саясаттың толық субъектісі болуы үшін ол әлеуметтік мұқтаждықтар мен мүддені, ондағы қайшылықтардың неден туғанын және оларды жою жолдарын өз басының пайдасы әлеуметтік мүдденің мүмкіншілігімен қаншалықты сәйкес келетінін білуі керек. Сонымен қатар ол саяси "ойындардың" ережелері мен тетіктерінен хабары болуы керек. Бұл "ойында" оның қандай орында болғысы келеді және оған қандай мүмкіншілігі бар, қандай мақсат қойып, оны қандай әдіспен жүзеге асыруға болатынын білуі тиіс.
Жеке адамдардың саяси белсенділігі мен ететін ықпалы әр түрлі. Саясатқа қатысу шамасына қарай оларды мынадай түрлерге бөлуге болады: а) саясатқа айтарлықтай әсер етпейтін, оған селқос қарап, белсенділік білдірмейтін қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі; ә) қоғамдық ұйымға, қозғалысқа кіретін, бірақ саяси жұмысқа тура араласпайтын (шешімдер қабылдамайтын) азамат; б) саяси ұйымдардың (партияның және т. б.) мүшесі болып есептелетін, саяси өмірге саналы түрде, өз еркімен тікелей араласатын адам; в) қоғамдық, әсіресе саяси қайратқер; г) саяси қызметтің арқасында күн көріп, табыс тауып, оны өмірінің мақсатына айналдырған кәсіби саясатшы; д) ұйымдастырушы, идеялық, ресми не бейресми, абырой, бедел, ең "соңғы саты" болып саналатын саяси басшы, көсем.
Жеке адамның саяси белсенділікке қатысу мүмкіндігі молайып, биіктеген сайын, оның қоғамдағы орны да жоғары болады. Адамның әлеуметгік және саяси мәртебесі оның саяси субъектілігінің негізгі өлшемі болып саналатын азаматтық-құқықтық заңда айқындалады.
Адамның саяси өмірге қатысуға мүмкіндік беретін құқығы конституциялық сипаттағы қарапайым демократиялық еркіндікке (бірлестіктер құруға, дінге кіруге, өз көзқарастарын ашық айтуға, жиналыстар мен демонстрациялар сияқты жұрт алдында манифестация жасауға, сайлауға және сайлануға т. с. с. құқылыққа) тікелей байланысты. Мұнда мемлекет мекемелерінің, сот ұйымдарының және т. б. қызметін тексеруге жанама кепілдік беретін құқықта жатады. Бұл құқықтардың сырт (формальдық) кепілі - заңдар мен сот практикасы. Ал негізгі материалды кепіліне құқықтық тәртіпті бұрмалауға жол бермейтін саяси және қоғамдық ұйымдардың қызметі жатады. Сонымен бірге мұнда, бірінші жағынан, әлеуметтік топтар мен азаматтардың арасындағы тұрақты өзара байланысы және екінші жағынан, олардың жоғарыда көрсетілген ұйымдармен байланысы кіреді.
Тұлғаның саяси өмірге белсенді араласуы үшін материалдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық алғы шарттар қажет. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы, белгілі бір дәрежеде білімі, кәсіби дайындығы, саяси мәдениеті болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді екен. Мемлекеттің жақсы тұрмысы оны демократиялық негізде тиімді басқаруға керекті көпшілікке жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Білімді адамның мәдениеті де жоғары болады. Ленин айтпақшы, сауатсыз адам саясаттан тыс қалады, ол саяси амал-айла, қулықтың құрбаны болады. Бұлармен қатар саясатқа белсенді қатысуға саяси-құқықтық алғы шартгар да әсер етеді. Оған қоғамдағы демократиялық саяси тәртіп, жоғары саяси мәдениет, билік құрылымдарының қалыптасуында, саяси басқару шешімдерін қабылдап, іске асыруда қоғам мүшелерінің қатысуы және т. б. жатады. Егер жоғарыда көрсетілгендей алғы шарттар болмаса, тұлғаның қоғамдық саяси өмірге белсене қатынасып, оның нағыз субъектісіне айнала қоюы қиынға түседі. Сондықтан шын демократиялық мемлекет өз мүшелерінің жалпы мәдениетін, оның ішінде саяси сауатын көтеруге тырысады.
Достарыңызбен бөлісу: |