Қимақ қағанаты Конспект 9 ғасырдың соңында қимақ тайпасының атымен Қимақ қағанаты құрылды. Қағанат Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық аймақтарын алып жатты. Орталығы – Имақия, екінші астанасы – Алакөл жағасындағы Карантия болды. Парсы тарихшысы Гардизи қимақтар құрамында жеті тайпа болғандығын жазған. Олар: эймур, байандур, татар, ланиказ, ажлар, имек, қыпшақ. Ең атақтылары – қимақтар мен қыпшақтар. Қағанат билеушісі – “қаған”. Бұл атақтан екі саты төмен “ябғу” атағы болды. Жеке тайпа көсемдерін “шад-түтік” деп атаған.
10 ғасырдың басында қимақтар тоғыз-ғұздардың шекаралық қаласы Жамлекесті жаулап алды. Қимақтар Енисей бойындағы қырғыздарға да шабуылдап тұрған. Қимақтарға 10 ғасырдың екінші жартысында Қарахан мемлекеті шабуылдай бастады. Қарахандықтардың жорықтары 11 ғасырда жиілей түскен. Осы жорықтардың әсерінен Қимақ қағанаты әлсіреп, ыдырай бастады. Қимақ қағанатының құлауының екі себебі болған. Біріншісі – қыпшақ тайпасы көсемдерінің билік үшін таласуы. Екіншісі – сыртқы қайшылық.
Қимақтарда мал шаруашылығы басым болды. Махмуд Қашғаридің дерегі бойынша, малдан айрылғандар жатаққа айналып, қолөнер мен балық аулауды кәсіп еткен. Қола айнадағы жазулар 9-10 ғасырларда қимақтардың ежелгі түрік жазуымен жазғанын көрсетеді. Қимақ шонжарлары 10 ғасырда ислам дінін қабылдай бастады.