Ерте орта ғасырға (6-9 ғ.) қарағанда дамыған орта ғасырда (10-12 ғ.) отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны көбейген. Оңтүстік Қазақстанда, кейінгі зерттеулер бойынша, қала саны 37-ге жеткен. Оңтүстік Қазақстанда қалалардың топтаса орналасқан жері – Арыс өзенінің Сырдарияға қосылатын тұсындағы сағалары. Сырдың орта ағысында Сүткент, төменгі ағысында Сығанақ, Жанкент, Аснас, Жент, Баршынкент қалалары болған.
Қалалық отырықшылық мәдениет Жетісу аймағында да дамыды. Оңтүстік-батыс Жетісу аймағынан (орталығы – Тараз) 36 қала орны табылды. Солтүстік- шығыс Жетісудан 70 қала жұрты ашылды.
Ортағасырлық қалалар көлемі мен экономикалық жағы бойынша өсіп отырған. Олар 3 топқа бөлінді. Бірінші топқа көлемі 30 гектардан асатын қалалар жатады. Екінші топқа 10 гектардан 30 гектарға дейінгі қалалар кіреді. Үшінші топқа көлемі 10 гектарға жетпейтін қалалар жатады. 10-12 ғасырлардағы қалалар дамуының ерекшелігі – отырықшылық мәдениеттің Қазақстанның орталық және шығыс аймақтарына қарай тарала бастауы. Дамыған ортағасырлық қалаларға Отырар, Тараз, Талғар, Баба-Ата, Құйрықтөбе жатады. 10-12 ғасырлардағы қала құрылысындағы басты жаңалық – мешіттер мен шығыс моншаларының салынуы. 10 ғасырдағы тұрақ-жайларда бөлме саны көбейе бастаған.