11-сыныптарға арналған «Абайтану» курсының оқу бағдарламасы Түсінік хат Мәдениеті жетіліп, ғылымы өрістеген қай халықты алсақ та, архив деректерін көзінің қарашығындай сақтап, тарихи шындықтар көзін аршып отыратын игі дәстүр бар. Осы санатқа қазақ халқы да иек артты.Абай Құнанбаевтың шығармашылық жолын тану процесі қазіргі қазақ әдебиетінің ілгері де өнімді саласына айналғаны хақ. Оған себеп поэзия пайғамбарының ұланғайыр әдеби мұрасы ұлтымыздың рухани әлеміндегі қайталанбас ғажайып құбылыс болуында жатыр.
А.Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы турасында қалам тербеп, ой толғаған қалам иелерінің саны молығу үстінде. Абай мұрасы жыл сайын әр қырынан зерттеліп, абайтану тарихының беттеріне тізіліп жатыр. Әйтсе де ұлы ақын мұрасын ғылыми негізде танып бағалау жұмысы көбінесе мерейтойлар тұстарында қарқындай өрістесе де, қалған уақыттарда үзіліп қап жататыны – бүкпесіз шындық. Бұған қарап, «Қазақтың бас ақынының» есімі мен еңбегі ел жадында көмескіленді дей алмаймыз. Мұхтар Әуезов негізін салып кеткен қазақ әдебиетінің іргелі саласы абайтану барында ұлы ғұлама қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек. Осы бастаманы біз де мектеп оқушыларына «Абайтану» курсын оқыту арқылы жалғастыруды жөн деп тауып, арнайы басты тақырыптарды қамтып, бағдарламасын жасадық.