Трансұлттық корпорациялар халықаралық сауданың дамуына өте зор әсер етті. Сол сияқты капитал айналымы мен технология дамуына да үлкен әсер етті.
Инвестиция қабылдаушы елдер өнеркәсіп эффективтілігіне және жалақы мөлшерінің көбеюіне қол жеткізеді.
Сол сияқты шетелдік фирмалар жергілікті дәстүрлерге мойын ұсынбайды, ал бұл қоғам өміріне рационализм енгізу деген сөз.
Қазіргі уақытта американ кәсіподақтары шетелдерге инвестиция салуға қарсылық білдіруде. Олардың ойынша американ технологиясы мен капиталын экспорт жасау АҚШ экономикасын әлсіретіп, оның өзге елдерден экономикалық басымдылығына зиян келтіреді.
Американдықтардың өздерінің пікірінше (мыс. Борнишер, Чазе-Дуни, Робинсон, Смелзер және т.б.) тікелей инвестициялар, инвестиция қабылдаушы елдердің ұлттық экономикасына олар ойлағандай жақсылық әкеле қоймайды. Бұл әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне әкеледі, яғни адамдардың көпшілігі тез кедейленеді. Себебі нарықтық экономикалық даму жалақыдан гөрі пайданың тез көбеюіне әкеледі. АҚШ, Германия сияқты дамыған елдерде әлеуметтік теңсіздік тәуелсіз және халық арасында беделі күшті кәсіподақтар көмегімен тежеліп отырады. Ал дамушы елдерде кәсіподақтар көбіне мемлекетке тәуелді.
Социолог Киндлебергер, шет елдерде жұмыс істейтін кәсіпорындардың үш түрін бөліп шығарды.
1. Өз капиталының бір бөлігін шетелдік істерге салатын мемлекеттік фирма. Олар өздерін мемлекеттің бір бөлігі ретінде сезінеді, ал шетелдік коммерция олардың істерінде мардымсыз рол атқарады.
2. Әрбір елде тек сол елдің азаматтарымен жұмыс істейтін трансұлттық фирма. Олар жергілікті үкіметпен жақсы қарым-қатынаста болады және өз өнеркәсіптік іс-әрекеттерін сол ел заңдарына қатал бағындырады.
3. Трансұлттық корпорациялар. Олар ешқандай елді де өзінікі деп санамайды. Оларда ешқандай ұлттық таңдау жоқ, сондықтан олар өте көп елдерге инвестиция салады және бір ерекшелігі тез пайда алып, сол ел қоры сарқылған шамада басқа елдерге кетіп отырады. Мұндай корпорациялар іс-әрекеті өзі жұмыс істеген елдер экономикасын аяусыз қанап, олардың экономикалық негізін бұзып келеді. Бұлар өз ақшаларын бірден тез пайда әкелетін шикізатқа салады және өздері жұмыс істеп отырған елдің әлеуметтік жүйесіне қаражат салудан әртүрлі себептермен бас тартуға тырысады.
Қазіргі уақытта бүкіләлемдік экономиканың, халықаралық сауда айналымының өсуі, трансұлттық корпорациялардың пайда болуы кез-келген ел үкіметінің өз экономикалық дамуын тиімді қадағалауын жоққа шығарды. Сондықтан көптеген американ және еуропалық социологтар, экономистер, заңгерлер пікірінше бүкіләлемдік экономикалық даму логикасы әлемдік үрдістерді басқарудың қазіргімен салыстырғанда анағұрлым жетілген нысанын тауып, тез арада іске қосуды талап етеді.