1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы



Дата24.04.2017
өлшемі290,79 Kb.
#14874


УДК 950(574)

Дастан С.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университет




1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы
Аннотация
Мақалада 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстардың шығу төркіні соңғы жылдары ғылыми айналымға еніп жатқан материалдар негізінде сарапталады. Ұлт-азаттық қозғалыс төңірегіндегі кеңестік және егемендіктің алғашқы жылдарындағы зерттеулерге шолу жасай келе, автор әлі де болса, басы ашық мәселелердің барлығына назар аударады. Тұңғыш рет Түркістан мен Дала өлкелеріндегі азаттық қозғалыстардың жай-жапсары салыстырмалы түрде қарастырыла келе, өлкедегі патшалық жоғары лауазым иелерінің арасындағы жеке тартыстардың негізінде отарлық басқару жүйесінің дағдарысы және күйреу барысы көрсетіледі.

Түйін сөз: ұлт-азаттық қозғалыс, отаршылдық, патша жарлығы, Аманкелді, Куропаткин, Әбдіғапар Жамбосынов, Түркістан, Дала өлкелері.

1916 жылдың жаз айында басталған Қазақстан мен Орта Азиядағы күшті халықтық әлеуметтік-саяси күрес тағылымдарынан – қазіргі Қазақстан мен Орта Азия ұлттары әлі жеткілікті сабақ алған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да бұл оқиғалар қоғамдық ғылым өкілдері тарапынан мейлінше тасада қалды. Қазақстан қоғамдық пікірі, оның ішінде тарихшылар үшін де 1937-1938 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін жанында, 1916 жылғы халықтық-әлеуметтік қозғалысқа қатысты көп мәселелер белгілі сияқты болып көрінген. Әлде 1930- жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін «ақтаңдақтарын» ашудан қолдары босамады ма?

«1916 жылдың» өзі ғана емес, оның зерттелуі төңірегіндегі мәселелер де шырғалаңды, халықаралық терминологияда – детективті.1953-1954 жылдарға дейін кеңестік тарихнамада ол «отаршылдыққа қарсы» қозғалыс деп бағаланса, СОКП-ның ХХ-съезінен кейін (1956) «1917 жылғы Ұлы октябрьге ұласқан – «слившийся с Великим Октябрем 1917 года» - «ұлт-азаттық қозғалыс» атанды. Әрбір СОКП съезі өткен сайын Бас хатшылар есепті баяндамалар дайындаушылардан «теориялық жаңалық» ашуды немесе «серпіліс» күтуді дәстүрге айналдырғандықтан болуы керек, 1916 жылғы Ресейдің шеткері аймақтарындағы халықтар қозғалыстарына қатысты осындай «жаңалықтар» енгізілді.

60-80 жылдардағы «жаңалық» 1916 жылғы көтеріліс «показателем краха Колониальной политики самодержавия», «одним из важных элементов революционного кризиса, охватившего Россию» - кризиса «антиимпериалистической, антифеодальной, антивоенной освободительной направленности»[1,585-б.] болды. Бұл тезистер Қазақстан Компартия Орталық комитетінің құжаттарында (баяндамаларында) одан әрі дамытылды: «Восстание 1916 года имело революционно-освободительный характер. Оно нанесло ощутимый удар по колониальной системе российского империализма, смыкалось с общим революционным движением в стране, сыграло большую роль в повышении классового самосознания трудящихся»[2, 43-44 бб].

Өткен ғасырдың 70-жылдары Республика басшысы Д.А. Қонаев деңгейінде «1916 жылдың 55-жылдығын атап өтуге әрекет жасалынды». Алайда, Д.А. Қонаев пен идеология жөніндегі Орталық комитет хатшысы С.Н. Имашевтің қабылдауына шақырылған республиканың белгілі тарихшылары С.Б. Бейсембаев, П.М. Пахмурный, Г.Ф. Дахшлейгер; Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.П. Плотников, мәдениеті бөлімінің меңгерушісі М.И. Исеналиев және Қазақстанның белгілі зиялыларымен болған кеңес өз нәтижесін бермеді. Басты қайшылық: кеңестік тарих ғылымында қалыптасқан «тарихи тұжырымдамалар» мен «1916 жылғы» оқиғаларға қатысты архивтік құжаттар мен деректер арасындағы қарама - қайшылықтар еді. Ресми идеологиялық талаптар бойынша (А.П. Плотников, М.И. Исеналиев) «1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыс» - дүниежүзіндегі отарлық езгідегі Латын Америкасы, Азия-Африка халықтары мен елдерінің отаршылдыққа қарсы күресінің құрамдас бөлімі ретінде алынуға, олардың арасында байланыс орнатылуға тиіс болды. Архив материалдары негізінде ондай байланыс орната алмайтынын, кейбір көтеріліс басшыларына қатысты кереғар деректерді сезетін белгілі тарихшылар өз уәждерін білдіріп жатқанымен, жалпы мерекелік іс-шараларды атап өтуге қарсылық білдірген жоқ. Алайда 1916 жылғы оқиғалардан тарихшылардан кем хабардар емес Д. Қонаев одан әрі мәселені қозғамай іс-шараларды кейінге қалдырды. Дегенмен бұл кездесулердің пайдасы да тимей қойған жоқ. Тарихшылар Әбдіғапар Жамбосынов, Амангелді Иманов, Оспан Шолақов және т.б. туралы жаңа деректермен танысты. 1973 жылы 17 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Амангелді Имановтың туғанына 100 жылдығын мерекелеу туралы» қаулы қабылдады. Соған сәйкес осы жылы «Қазақстан» баспасынан С.Б. Бисембаев редақциясын басқарған «Амангелді Иманов (мақалалар, документтер,материалдар).» жинағы жарыққа шығарылды.

Көп жылдар Д.А. Қонаевтың көмекшісі болған белгілі жазушы-тарихшы В.В. Владимировтың куәләндіруінше 80-жылдардың басында КСРО-ның 60 жылдығы тойланып жатқан (1982) мезетте де Д.А. Қонаев «1916 жылғы оқиғаларға қайта оралған [3,8-9 бб.]. Автордың пікірінше, осы мерейтойды пайдаланып Д.А. Қонаев – қазақтың тұңғыш инженері М. Тынышпаевты толығымен ақтауға тырысқан. Осы орайда «ұзақ жылдар республиканы басқарған Д.А. Қонаев бұрын неге мұндай талпыныс жасамаған?» деген сұрақ туады. Біздің ойымызша, оның себебі - М. Тынышпаевтың 1916 жылдың тамызында патша Николай ІІ-нің «Түркістанды құтқаруға» шұғыл жіберген А.Н. Куропаткиннің көмекшісі болғанымен түсіндірілсе керек. Кеңестік тарихнамалық дәстүрде А.Н. Куропаткин кім? – «Орта Азия халықтарының жендеті, қанышері» т.б. – «жалпы патша шенеуніктерінің барлығы жағымсыз». Ал А.Н. Куропаткиннің кім екеніне байыбына бармаған тарихшылар үшін де – бұл аксиома. Демек, М. Тынышпаев – отаршының жандайшабы, өз халқын қанауға қызмет еткен опасыз т.б. Сондай-ақ, Тынышпаев келесі бір отаршыл Г.А. Колпаковский туралы жылы лебіз білдіргені үшін де кінәлі еді. Мәселеге қатысты ҚР ОМА, 44-қоры, 1-тізбе,17655-істің парақтарын әлі күнге дейін жазушы-тарихшы В.В. Владимировтан басқалардың ашпағаны өкінішті.

М. Тынышпаев қадірлеген А.Н. Куропаткин – көптілді, оның ішінде түркі тілдерін де жетік меңгерген өз заманының аса көрнекті мемлекет қайраткері, оқымысты әскери маман, шынайы «түркістандық» талантты администратор еді. Жауларының өзі оның жанынан түңілгені сондай, «қазан төңкерісінен» кейін В.И. Ленин – оның өмірінің сақталуын өз бақылауында ұстады. «Көсем» қайтыс болғаннан кейін 1925 жылдың 16 қаңтарында 78 жастағы Куропаткин тапсырыспен өлтірілді. Алғашқы кеңестік марксшіл тарихшысы М.Н. Покровский оның өлімі туралы «убит бандитами на своей родине (Псковта Д.С.), где скромно подвизался после 1917 года в качестве сельского учителя»[3,12-б.] – деуі, шындыққа жанаспайды. Алаш зиялылары тарапынан да Куропаткинге қатысты қатқыл айыптауларды аз кездестірдік. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары тарапынан да Куропаткиннің жолы болмады. 1993 жылы шыққан «Қазақстан тарихында (очерктер)» ол жендет атанса, 2010 жылы шыққан «Қазақстан тарихының» 5 томдығында оның есімі аталмайды, керісінше нағыз жендет Жетісу губернаторы А.М. Фольбаум бір рет аталады.

Сонымен 1916 жылғы Түркістан мен Далалық өлкелерінің Торғай және Жетісу облыстарында күшті қарқынмен басталған ұлт-азаттық қозғалыстың себептері мен барысы, жеңілуі тұрпайы социологиялық қисындармен түсіндірілді. Жергілікті халықтар бір жағынан өздерінің бай-феодалдарының, екінші жағынан отаршыл әкімшілік орындары тарапынан екіжақты қанауға ұшырады, 1916 жылғы 25 шілде де жарыққа шыққан патшаның бұратана халықтардың солдатқа адам алу туралы жарлығынан – « О привлечении мужского инородческого населения для работ по устройству оборонительных сооружений и военных сообщений в районе действующей Армии, а равно для всяких иных необходимых для государственной обороны работ» - халықтың төзімі таусылып, олар көтеріліске шықты делінетін. Үстем тап өкілдері болғандықтан өлкелерді басқарған патша жоғарғы шенеуніктерінің аттары аталмай «отаршыл билік орындары» т.б. анықтамалармен шектелінді. Айта кету қажет жергілікті халықтар арасында аса беделді Түркістан генерал губернаторы А.Н. Куропаткин – 1916 жылғы оқиғаларға қатысты, тек жағымсыз жағынан айтылатын да, халықтың қанын сүліктей сорған патша шенеуніктерінің есімдері айтылмайтын. Бұл кеңестік тарихнамадағы парадоксальді құбылыстардың бірі. Сталиндік тарихнамалық дәстүрде бұл кездейсоқтық емес. Онда неғұрлым оқымысты әкімгерлердің жолы болмай, садистердің жолы болды. Осы кемшіліктердің орнын толықтыру бағытында соңғы жылдары отандық тарихнамада, әсіресе, Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтында аз жұмыстар атқарылған жоқ... 1916 жылғы көтерілістің ақ-қарасын онан әрі ажырату үшін біз кезекті рет Түркістан мен Дала генерал-губернаторлықтарының құрылған күнінен бастау алатын тарихына көктей шолу жасағанды жөн көрдік.

1881 жылдың 2-шілдесінде Орынбор генерал-губернаторлығы жойылып, оның құрамында болған қазақ облыстары – Торғай және Орал – империялық ішкі істер министірлігіне бағындырылды, яғни жалпы империяның құрамына кірді. Ал сәл кейінірек, 1882 жылдың мамырында Батыс Сібір генерал губернаторлығы жойылып, олардың орнына орталығы Омбы болған Далалық генерал-губернаторлығы құрылды. Оған Ақмола, Семей және бұрын Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болған Жетісу облысы кірді. 1882 жылдың 3-мамырында Ташкентте Түркістан өлкесінің бірінші генерал-губернаторы (1867) К.И. Кауфман қайтыс болғаннан кейін, Г.А. Колпаковский (1819-1896) Дала генерал-губернаторы, Жетісу облысының губернаторы болып тағайындалды. М. Тынышпаев оның басқарған жылдарын жаман атамайды. «Мұхамеджан Тынышпаев восхищался действиями Герасима Алексеевича Колпаковского, считал его правления «отдельной эпохой (1867-1889)»[5,21-б.]. Алайда 1889 жылы оның патша төңірегіне жоғарылауымен, яғни өлкеден кетуімен түнек те, зұлмат заман басталды – «после ухода Колпаковского в Семиречье появились темные личности, которые стали эксплуатировать простодушных казахов, обманывать их на каждом шагу – Семиречье стала неузнаваемой»[5,21-б.].

Еске сала кетейік, Ш. Уалиханов пен Г. Колпаковский әр жылдары атақты Омбы билеушісі Г.Х. Гасфордтың адъюданттары болған. Г.А. Гасфорд 1871 жылы Жетісу генерал губернаторы болған уақытта Синьцянның Құлжа ауданы уақытша Жетісу облысы құрамына кіргенді (1881 жылы қайтарылды). Алайда Г.А. Колпаковский өлкеден кетуімен (1882-1889 жж. Закаспий облысын басқаруға жіберілді) Түркістан өлкесінде жағдай ушықты. Бұл Шоқанның бірінші оппоненті М.Г. Черняевтардың заманы еді. Түркістан өлкесі Н.В. Гоголь мен М.Е. Салтыков-Щедрин бейнелеген жексұрын чиновник кейіпкерлерінің езгісінде қалды. Дала және Түркістан өлкелеріндегі отаршылдық, чиновниктік озбырлық туралы Абай мен оның ізбасарлары алғашқы қазақ зиялылар шоғыры жазған [6] және қазіргі отандық тарихшылар тарапынан әлі де зерттелу үстінде. Біздің қосарымыз: сол жылдары өлкені басқарған патша жоғарғы чиновниктерінің куәліктеріне сүйену де 1916 жылғы көтерілістің шынай себептерін ашуға жәрдемдеседі дегіміз келеді.

ХІХ –ғ. аяғы ХХ –ғасырдың басында Қазақстан мен Орталық Азияға Ресейдің ішкері аймақтарынан халықтарды қоныс аудару саясаты – переселендік қозғалыс – жүргені белгілі. Столыпиндік реформалардың жүйесіз жүзеге асырылуынан және чиновниктердің жауапсыздығынан – бұл қозғалыс тікелей переселендерге және жергілікті халықтарға да үлкен ауыртпалықтар әкелді. Оның үстіне переселендердің барлығы бірдей жер алайын, оны күтіп-баптап күнімді көрейін деп келмегені белгілі болды. Кеңестін тарихнамада бұл ұят тірлік ретінде айтылмайтын – «шаруалар еңбекшілер және қаналушы топ». Ал шын мәнісінде переселендердің көпшілігінде масылдық психология болды. Мемлекет берген қаражаттардың көпшілігі барған бойда «жұмсалып» қойылды. Тығырыққа тірелген үмітсіздіктен дін иелерінің де ішімдікке салынғандары болды. «Относительно последнего утверждения спорить нельзя. Сильное пьянство замечается действительно. Происходит это от неумения культурно использовать свой достаток. Бороться с пьянством и леностью приказами, значит просто обнаруживать безполезность власти» - делінді сол жылдардағы ресми үкіметтік зерттеулерде Кавказдан келген сектант – переселендер жайлы. Басқа-басқа әңгіме тақуа дін қызметшілері жайында болып отыр.

Қоныс аударған басқа әлеуметтік топтардың жаңа жерлердегі жағдайы бұдан да өткен сорақы болды. Көпшілігі үкіметтен алған жерлерін жергілікті халықтарға жалға берумен айналысты. Тіпті егінге берілетін суларға дейін жргілікті батрактардан ақша алды, яғни жер-сумен алып-сатарлық жасады. Сол құжатта «иные переселенцы на новых местах «жили помещиками» [3,71-б.] – деп атап көрсетеді. Жағдайдың асқынғаны сондай патша билік орындары Түркістан өлкесінде спирт өнімдерін сатуға тиым салуға мәжбүр болды. Бұған жауап ретінде келімсектер арасында опиум мен анаша шегу белең алды. Қапал, Жаркент, Верный, Қырғыздың Истық көл аймағы дәмханаларында опиум ашықтан ашық сатылатын болды. А.Н. Куропаткиннің өзі переселендер мен қазақ-қырғыз халықтары арасындағы қарым-қатынаста жергілікті тұрғындарға іш тартуға мәжбүр болды: «Сюда пришли всякие отбросы из Европейсой России... Киргизы никому не отказывали в гостепримстве. Новоселы этого никогда не делали. Чигин – незаконный сбор между киргизам для подкупа начальства постоянно увеличивался» [3,71-б.]

Ферғана жендеті Покатило дейтіннің жауыздығы Петербургке дейін жетіп, «Общественное дело» газетінің 1907 жылдың 7-сәуіріндегі номерінде «Политика самодержавия на наших окраинах никогда не отличалась гуманностью, а в настоящее время в Туркестанском крае царят, положительно «ханские порядки». Ферганский бронированный хан Покотило знает одно средство для «умиротворения» края, это – способ устранения и уничтожения непокорных, а для сего виселица красуется на дворе» [3,46-47 б.]- деп жазылды.

1908-1909 жылдары патшаның сенімді адамы граф К.И. Пален басқарған комиссия да переселендер туралы «проявляют большую беспечность в борьбе за существование и особливую настойчивость в испрашивании казенных ссуд и доровой земли» [3,71-72 бб.] – деп мойындап, парақор чиновниктердің барлығын аяусыз жазалауды талап етті [7]. 1916 жылдың 10-желтоқсанында Куропаткин күнделігінде «киргизы последние 30 лет и, в особенности, последние 12 лет теснились во всех направлениях, будто бы их все точно безмолвно согласились стереть с лица земли... Приходится принимать строгие меры, чтобы сохранить безоружных киргиз» - деп жазса, осы уақыттың куәгері саяхатшы Пржевальскийдің серігі Я.И. Корольков та қазақтар туралы жағымды пікір білдіреді «На киргизов вообще (казах и каракиргизи) я привык смотреть как на народ добродушный, незлобивый, гостепримный, с большим уважением относящиеся к начальству... Всюду меня принимали хорошо» [3,227 б.] .

Переселендердің ішінде Сібір казақтарының да болғаны белгілі. Шоқанның досы Г. Потанин олардың басқаларға қарағанда қазақ тілін тез үйреніп алғанын айтады, қазақ тілі «для многих казаков колыбельный язык, потому что нянками здесь бывают киргизки... Этот язык услышишь повсюду в тихой беседе, которую ведут между собой казаки на завалинке, в разговоре ямщиков, хлопочущих на станции около экипажа проезжающего чиновника, иногда даже в суде» [3,72-73 бб.].

Пален тексеруінен кейін өлкеде талай чиновниктер жазаланғанымен жағдайды қалпына келтіру, заң аясына сиғызу мүмкін болмады. Қолданылған қатаң шаралар өз нәтижелерін бермей жатты.

1913 жылы Ресейде Романовтар әулеті басқаруының 300 жылдығы зор ауқымда аталып өтті. Мерекелік бұқаралық іс-шаралар Ташкент қаласында да зор салтанатпен ұйымдастырылып, оған Орта Азия мен Қазақстанның «игі жақсылар мен атқамінерлері» қатысты. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шыңы Петербургтегі салтанатқа барлық губерниялар мен облыстардың делегациялары қатысып, Жетісу облысының делегациясын генерал-губернатор М.А. Фольбаумның өзі басқарып барды. Мерекеге сәйкес өткізілген көрмеде Жетісудың (Алматының) апорты мен темекісін жоғрғы баға алды. Патшаның өзі Жетісу казак әскерлері жасөспірімдерінің гимнастикалық ойындарын тамашалады. Олардың ішінде жасөспірім Ораз Жандосовта болды.

Романовтар әулетінің 300 жылдығының бұқаралық сипат алғаны сондай, кеңес өкіметінің басшылары оның тәжірибелерін ұзақ пайдаланды, бірақ Қонаев айтқандай «басқа иконалар, портреттер мен шерулер жағдайында» [3,52-б.] .

Алайда мерекелік жылдың көңіл-күйі ұзаққа бармады. Басталған дүниежүзілік соғыстан Түркістан мен Дала өлкелері де ішін тартты. Соған қарамастан 1914 жылы басталған соғыстың алғашқы айларын өлке тұрғындары қалыпты қабылдады. Мысалы, Ферғанадағы отарлық билік құрылымдары Орталыққа: «учащаяся мусульманкская молодежь области спокойно относится к текущим событиям и стоит на стороне России» [3,43-б.] деп хабарласа, Ташкенттегі патша Охранкасы: «Туземное население относится к европейской войне индифферентно, и только можеть быть опасения по отношению к муллам, могущим агитировать в нежелательном для нас смысле» [3,43-б.] деп хабарлады. Құлжадағы орыс елшісі де 1916 жылдың 13 желтоқсанындағы мәлідемесінде «... большинство населения в Ильиском крае относится безразлично к происходящим событиям, желая лишь, чтобы и в дальнейшем спокойствие края не нарушалась» [3,44-б.] – деп, жағдайды бағамдайды. Қазақтың Торғай өлкесі тұрғындарына да алғашында осы көңіл-күй тән болды.

Бұл – Соғыс Түркістан мен Дала өлкесі тұрғындарын айналып өтті, ешқандай ауыртпалықтар әкелмеді деген сөз емес. Соғыс ауыртпалықтары сөзсіз болды [8]. Алайда ол – «қазақ төңкерісінен» кейінгі ауыртпалықтарға қарағанда төзуге болатын қиыншылықтар еді. Осы орайда академик М. Қаратаев арқылы бізге жетіп отырған Амангелдінің позициясы бізге қызықты көрінеді «Түркістан деген шаһарда тұратын Жәңгір ұлы Шәді ақын Россияның тарихын қазақшаға аударып біз ол тарихты қайран қала оқып жүрміз. «Орыс» деген сөз менің жүрегімді бала жастан жылытады. Осы сөзді қайталап айтқан сайын, оның негізінде жатқан үш мағынаны ұққандай боламын. «Орыс» деген сөзді ең алдымен қарсыласқан қас дұшпанның басын алатын наркес қылышқа теңер едім. Орыстың қарулы қолындағы наркес бір кездері Батудың шаңырағын шайқалтты, Наполеон Бонапарттың түбіне жетті. Орыстың қылышы, сөйтіп құлшылықтан құтқарушы еді. «Орыс» деген сөздің баршамызға белгілі бір екінші мағынасы бар. «Орыс» деген сөзді біздің қазақ «дұрыс» деген сөз деп түсінеді, дұрыстық екен деп ойлайды. Орыстың дұрыс халық екенін біздің Ыбырай, Шоқан, Абай аталарымыз өсиет қып айтып кеткен. «Орыс» деген сөздің тағы бір мағынасын мен «ырыс» деген сөз деп түсінемін. Орыс келсе, ырыс келді құт келді деп қуанатыным сондықтан. Қазаққа етене жақын ел болып, қонысы қонған да орыстар. Сондықтан да біз алыстағы патшаны емес, қасымыздағы орысты білеміз. Өйткені «орыс» деген сөзім – «ырыс», «дұрыс», «наркес» деген сөзім. Бұл үшеуі де орысқа қойған атым, патшаға қойған атым емес, патшаң озіңе!»[ 9, 57-58 бб.].

1916 жылғы Түркістан мен Дала өлкесіндегі халықтардың көтеріліске шығуының негізгі себебі: патша әкімшілігінің – шеткері аймақтардағы өз чиновниктерінің қызметін бақылай алмағандығынан болды. Соғысты сылтау етіп, жергілікті патша чиновниктері бұратана халықтарды тонау арқылы баюға шексіз мүмкіндіктер алды. Ресейдің құдыреті – өзін шексіз нұсқау, заңдармен қамтамасыз етіп алғандығында, ал әлсіздігі – өздерінің заңдары мен құқықтық актілерін қадағалай алмағандығында (Салтыков-Щедрин). Ендеше Түркістан мен Дала өлкелерін билеген патша өкіметінің жоғарғы чиновтниктерінің атын атап, түсін түстеп көрелік.

Объективтілік үшін айту қажет олардың ішінде қарақан басын күйттегендер де, талантты ұйымдастырушы әкімгерлер де болды. В.А. Сухомлинов – Дала өлкесінің (орталығы Омбы), М.А. Фольбаум – Жетісу облысы (орталығы Верный), белгілі арабтанушы А.И. Гиппиус – Ферғана облысы, А.С. Галкин (1911-1917) – Сырдария облысы, шығыстанушы Н.С. Лыкошин (1914-1917) – Самарқан облысы, Калмаков Закаспий облыстарының генерал-губернаторлары болды. Лыкошин 1894 жылдың өзінде «Мұхамедтің өмірі», «Темірлан» атты кітаптарды араб тілінен орыс тіліне тәржімалап шығарған еді.

Кеңестік тарихнамада бұлардың барлығы царизмнің ұрда-жық қолшоқпарлары, халықтың қанын сүліктей сорған жоғарғы отаршыл шенеуніктер еді. Шындығында бұл анықтамаға Фольбаум, Ерофеев сияқтылар сәйкес келетін. Нақ Фольбаум тұсында Верный қаласының сквер, парк және бульварларында «қырғыздарға, төменгі шенділер мен иттерге кіруге болмайды» деген қорлықты ескертпе тақтайшалар ілінді. Түркістан өлкесінің прокураторы (прокурор емес) Ерофеев Ташкенттің орыстар тұратын бөлігінде өзбектердің ұлттық киіммен жүруіне тиым салынды.

Өзі басқарған облыстарда мұндай сорақылыққа жол бермеген оқымысты әкімгерлер де болды. Самарқан облысының билеушісі Лыкошин, Ферғана облысының билеушісі Гиппиус солардың қатарынан еді. Тегі швед-неміс Гиппиус көптеген шығыс тілдерімен қатар Құранды жетік білді. 1909-1914 жылдары Түркістан генерал-губернаторы болған таланты ұйымдастырушы А.В. Самсоновта орыстар мен жергілікті халықтардың арасындағы қарым-қатынастарды жұмсартуға көп еңбек сіңірді. Өлкеде ағартушылық жұмыстарды қолға алды, суландыру жұмыстарын едәуір жақсартты. Соғыс басталысымен патша жарлығымен шығыс Пруссияға жіберілген ол қайғылы жағдайларда опат болды. Бұдан кейін өлкені Ф.В. Мартсон басқарғанымен билік негізінен оның орынбасары-прокуроторы Ерофеев дейтіннің қолында болды.

Түркістан генерал-губернаторы міндетін уақытша атқаруға шамамен 1916 жылдың маусым айының ортасында кіріскен Ерофеев пен оның төңірегіндегілердің арманы Самсоновтың кебін кимей, тылдағы Түркістанда қалып, мүмкіндігінше герман майданына шақырту алмау болды. Сондықтан ол өлкедегі жағдайды патша мен әскери министр Д.В. Шуваевқа үнемі ауыр да шиеленісті етіп көрсетуге тырысты. Екінші жағынан Ерофеев және оның маңайындағылар соғысты сылтау етіп, халыққа жаңа алым-салықтар салу немесе қызметтік бопсалау жолымен баюға мүмкіндік алды. Өлкедегі отаршылдық әкімшілік озбырлықтарға қатысты мемлекеттік Дума депутаты Анджелов: «Во всем виновата наша власть. Эта власть не достойна русского имени, а достойна только презрения... Ко всем фронтам прибавился новый Туркестанский фронт. Он разрушает жемчужину Российсского государства» [3,75-б.] – деп ашына жазды.

Ерофеев патша төңірегіндегілерді Түркістан мен Дала өлкелері герман және Түрік тыңшылары мен агентурасына толы деп сендіріп бағуға тырысты. Ал Орталықтағыларға Түркістаннан тағы бір майдан ашылып кетуі мүмкіндігі елестеді. Осындай «тіміскілік» шаралармен қалыптасқан жағдайды – патша чиновниктері өз пайдасына шебер пайдалана білді.

Айталық, Ерофеев Петербургке, Д.В. Шуваевқа шімірікпестен «киргизам оказывает содействие немецкие колонисты, доставляя провиант. В числе мятежников находится турецкий мулла, аулиеатинские и Ташкентские сарты, а на Сусамыре задержан германский шпион» [3,56-б.] деп мәлімдеме жіберсе, жаңадан қызметке тағайындалған Шуваев Түркістандағы неміс колонистерінің жерлерін біржолата тартып алу үшін патшаға ұсыныс айтуға асықты. Ол ол ма Ерофеев, Гиппиус пен Фольбаумды меңзеп Түркістандағы жоғарғы лауазымдарда немістердің көп екенін де меңзеді. Ерофеевтің мұндай өсегі мен опасыздығына Гиппиус мән бермесе, жанаяр Фольбаум ұлтынан безіп патша ағзамнан фамилиясын бұдан былай Соколов-Соколинский (әйелі жағынан) деп өзгертуге рұқсат сұрады. Оның өтініші қанағаттандырылды да.

Әндіжан, Ферғана, Ташкент сияқты қалаларда Түркия мен Ресейдің соғысып жатқаны, Түркияны қолдау керектігі жайлы ұнпарақтардың тарағаны рас. Қазақтар тұратын Астрахань, Орал, Торғай өңірлерінде де әртүрлі лақап сөздер тарады, бірақ олар елді дүрліктіре алған жоқ [10,13-б.]. Түркістан өлкесінің ел аузында түрік авантюристі генерал Энвер пашаның есімі жүрді. Энвер-паша кейін басмашылар қозғалысына қатысып ұсақ ұрыстардың бірінде 1922 жылдың 4-тамызында қаза болды. Бір қызығы Түркия пайдасына үнпарақ таратып жүргендердің көпшілігі жергілікті чиновниктерге ірі көлемді пара беріп құтылып кетіп отырды. Отарлық билік орындары бұған қарсы ешқандай шара қолданбады немесе қолдануға енді дәрменсіз де еді. Түркістан мен Дала өлкелерінің халқы да алыстағы түрік және герман мүдделері үшін «жылу жинауға» асықпады.

Түркістан генерал-губернаторлығы кеңселері, әскери министрлердің облыстық басқармалары, Ташкент Сот палатасы т.б. жергілікті билік органдары көз алдында болып жатқан озбырлықтарға, қазына тонауға, белден басушылыққа, ашық арсыз парақорлыққа көз жұма қарады. Куропаткин келгенше өлкені 46 күн басқарған Ерофеевтің кезекті бұйрығы надандыққа толы болды: « в знак преклонения туземного населения перед русской властью предложить всем туземцам всегда почтительно приветствовать офицеров и чиновников всех ведомств вставанием и поклоном» [3,76-б.].

Осындай күрделі жағдайда 1916 жылдың 25 маусымында «зілді бұйрық» жағдайды онан әрі ушықтырып жіберді. Патшаның жарлығына сәйкес алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орнына Ерофеев пен оның жандайшаптары жарлықтың шұғыл, қысқа мерзімде орындалуына кірісті – «с найменьшей затратой времени и в кратчайший срок». 1916 жылдың 2 шілдесінде өлке облыстары губернаторлары мен басқа да шенді-шекпенділерін Ташкентке жинап Айрықша кеңес өткізген Ерофеев, халық қарсылық көрсеткен жағдайда «әскери серуен», «тактикалық оқулар» жүргізуді ұсынды. Бұған қарсы облыс губернаторлары Калмаков, Лыкошин, Гиппиус, Галкиндер алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жақтады. Фольбаум ғана Ерофеевті қолдады.

Ерофеевтің Айрықша кеңесі аяқталар–аяқталмастан 1916 жылдың 4-шілдесінде Ходжент қаласының мұсылмандары, іле-шала Амудария сағасындағы Шымбай, одан Марғұлан, Тайтөбе елді мекендерінде солдатқа адам беруге қарсы толқулар болып өтті. Жарлықтан бөлек чиновниктік озбырлыққа қарсы толқулар Самарқан облысы Куропаткино станциясында, Кәттә-қорған уезінде, Жизакта болды. Лыкошин, Галкин, Гиппиус түсіндіру жұмыстарының қажеттігін Ерофеевке ұсынумен болды. Тіпті оның надандығынан шаршаған Гиппиус әскери ведомстводан өзін Ерофеевке бағындырмай, тікелей Бас штабқа бағындыруды өтінді және ешқандай жағдайда жергілікті мұсылман халқын тыл жұмыстарына күшпен тартуға болмайтындығын ескертті. Оның ойынша, жергілікті тұрғындардың наразылығы орыс билігінің қателігінен шықты – «создано ошибкой русской же власти». Ал Ерофеевтің бүлікшілерге қарсы жазалаушы отряд шығару ниетіне орай «никакие карательные отряды мною не предполагаются, никакие принудительные меры мною не разрабатывались и не будут разрабатываться» [11,646-б.] –деп жауап берді. Бұл сөз жоқ көзсіз ерлік еді.

Біруақытта 1916 жылдың 16-шілдесінде Гиппиус өзіне қарасты облыс көлемінде айрықша бұйрық шығарып бүгінгі күннің тілімен айтқанда жергілікті беделді адамдардан және дін өкілдерінен тұрған үгіт-насихат тобын құрды... Оның өз қолымен жергілікті тілде жазған үндеуі халыққа таратылып үлкен түсініктік туғызды. Іле-шала орталыққа жіберген жеделхатында Гиппиус Ферғана халқының тыныштала бастағанын хабарлады – «благодаря слов, угроз, увещеваний, распространяемых плакатами и разъездами и добровольных агентств быстро успокаиваются» [3,92-б.]. Оның губернаторлық киімін шешіп тастап 23-шілде де Наманганның Джами мешітінде мұсылманша киініп сөз сөйлегені халықтың есінде айрықша қалды. Лыкошин де өзіне қарасты облыста осы тұрғыда жұмыстар жүргізді.

Алайда Гиппиустың өз бетінше шығарған бұйрығына жауап ретінде ертеңіне, яғни 17-шілдеде Ерофеев – Шуваевтың қолдауымен патшаны Түркістан өлкесінде «әскери жағдай» орнату туралы жарлыққа қол қоюға көндірді және өз кезегінде 1916 жылдың 21-шілдесінде өлкеде «түземдік тұрғындарға ізгі әсер ету үшін» елді мекендерге «әскери серуендер» ұйымдастыруға бұйрық шығарды – «для благоприятного воздействия на умы туземцев» проводит «военные прогулки по туземным городам и селениям сопровождая оные «тактическим учением» [3,21-б.].

«Әскери жағдайдың» орнауымен Түркістан ірі банкілері мен қаржы алпауыттары Түркістан өлкесіне несие беруді тоқтатты. Шын мәнісінде Түркістандықтар ақшасыз қалып, баға күрт өсті. Үкімет 6 миллион Түркістан халқын өзіне қарсы қойып, өзінің қолын өзі кесті. Айта кетейік, Түркістан өлкесіне қарағанда көтерілістің қарқыны жоғары болған Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерінде «әскери жағдай» 1916 жылдың 21 желтоқсанында енгізілген еді.

Ал халқын тонауда жергілікті отарлық басқару сатысының төменгі баспалдақтарындағылар да қалыспады. Солдат жасындағылардың жасын «кішірейту» немесе «ұлғайту», бай балаларын молда, писарь етіп жазу, «солдатқа жіберу» немесе «жібермеу» мәселелері ашық саудаға айналды. Қарама-қайшы процесстер де жүрді.

Атап айтқанда Гиппиус пен Лыкошин «уағыздарынан кейін жергілікті тұрғындар арасында солдатқа баруға ынталы – Ерікті жұмысшы отрядтары (ОДР) пайда болғанда Петроградтағы билік оған сенгісі келмеді. Осындай жағдайда 1916 жылдың 26-шілдесінде Гиппиус орталықтың әскери ведомство басшыларына ультиматум қойып, ендігі жерде өзінің Ерофеевсіз дербес қимылдайтындығын, не болмаса өзін «шұғыл Ферғанадан кетіруді» («немедленно удаляют из Ферганы») талап етті. Закаспий облысының генералы Калмаков та жергілікті халықпен нәтижелі еңбек етті. Бірақ барлық облыс губернаторлары Гиппиус пен Лыкошин болған жоқ. Ең бастысы Ерофеевтің бассыздығы жалғасын тауып, өлкедегі шиеленіс тереңдеді. Мұндай жағдайда қарсылықтың ежелгі дәстүрі өлкеден көшу немесе қоныс аудару үрдісі күшейді. Жетісу мен Алтай тұрғындары - Қытайға, Каспий жағалауы - Иранға, Самарқан тұрғындары Ауғанстанға бет алды. Патшаға Түркістаннан айырылатындай қауіп төнді.

Патша Николай ІІ 1916 жылы шілденің соңында өзінің сенімді адамдарының бірі егде тартқан Куропаткинді Германияға қарсы шешуші Солтүстік майданнан алып, Ерофеевтің орнына Түркістан генерал-губернаторы етіп тағайындауға мәжбүр болды. Куропаткин өлкеге келмей тұрып патшадан Ерофеевті Түркістаннан аластатып, Гиппиусты қалдыруды тұспалдаған еді. Алайда патша керісінше байламға келді: Гиппиусты Кавказға ауыстырып, Ерофеевті өлкеде қалдырып, лауазымын төмендетті. Өлкені басқаруға патшадан нақ Куропаткинді жіберуді өтінгендердің бірі түрікмен ханы Нұрбердінің жесірі Гюльжамал сұлу болды. Гюлжамал патша отбасының сүйіктісі Г. Распутиннің көмегімен патшаның қабылдауында болған еді.

1916 жылдың 8-тамызында Куропаткин Ташкенте жаңа қызмет орнына келді. Куропаткин Ерофеевке қарағанда қызмет етудің заң аясындағы әдіс-тәсілдерін таңдап алды. Өзіне көмекші етіп М.Тынышпаевты таңдап алғандығы да патша құпия қызметі (Охранка) назарынан тыс қалған жоқ. Өлкеге келген бойда Ерофеев өлім жазасына кескен 340 адамның 320-ның үкімін 10 және 4 жыл аралығында каторгалық жұмыстармен, ал 20 жыл катарголық жұмысқа жіберілгендер 12 айлық жұмыстармен алмастырылды. Ерофеевтің қарсылығына қарамастан Ходжент бүлігіне қатысқандар тұтқыннан түгелдей босатылып, басқа тұтқындардың жазасы онан әрі жеңілдетілгені сондай (конфирмация), өлкенің Бас әскери прокуроры Куропаткиннің үстінен әскери Ведомствоға шағымдарын үдетті. Одан Фольбаум қалыспады. Дінінен, ұлтынан безінген Фольбаум енді Шу мен Мерке аралығындағы бүлікшілерге неміс колонистерінің де қатысы бар деп өз қандастарын қанға бөктіргісі келді. Бірақ Куропаткинді сендіре алмады. Куропаткинге іш тартпаған Т. Рысқұловта оның рахымшылығын атап өткенді. Жазушы-тарихшы В.В. Владимиров «Жетісудің Гимлері» деп атаған Фольбаум мұнымен тоқтаған жоқ. Самсоновтың кебін киіп герман майданына жіберілмес үшін Қытаймен шекаралас аймақтарда жаңа «бүліктердің» шығуын аңсады және Куропаткинді Верныйға келтірмеудің амалын қарастырумен болды. Себебі Куропаткин «көрінген» жерлерде тыныштық орнай бастағанынан хабардар еді...

«Жарым патша» өкілеттілігін пайдаланған Куропаткин патшаның жергілікті Охранкасының құрылымдары мен тыңшыларына» да ауыр соққылар берді. Бұл Ресей тарихында болмаған тәуекел және шешімділік еді. Өйткені саяси тыңшылық желеуімен – «под флагом политического сыска» - олар өздерінің құрбандарынан ақша бопсалауды тоқтатқан еместін. Куропаткин соққыларының күшті болғаны сондай тұрғындар – Охранка қызметкерлері үстінен шағымдарды үдетті.

1916 жылдың 17 қыркүйегінде императорлық географиялық қоғамның Түркістан бөлімі мәжілісінде Куропаткин өзі басқарып отырған өлке халықтарының дәстүрі, әдет-ғұрпы мен тілдері жайлы мазмұнды баяндама жасады. Ал келесі күні №249 бұйрығымен – «О наказании лиц туземной администрации, занимающихся вымогательством» - шектен шыққан арыз чиновниктерге тосқауыл қойды. Әскери-прокурорлық бақылау орындары көтеріліске қатысушыларға катысты 3 мыңнан астам адамға айыпталған үкім шығарса [3,231-б.], Куропаткин олардың санын барынша азайтып, өлкелік Бас прокурорды тағы да қатты састырды – «Куропаткин безосновательно смягчает приговоры военных судов». Демек, 1993 жылы шыққан «Қазақстан тарихының» алтыншы тарауы №4 «1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс» тақырыпшасындағы: «только по судебным приговорам, утвержденным генерал-губернатором Куропаткинным в Туркестанском крае на 1 февраля 1917 года было приговорено к смертной казни 347, каторжным работам - 168, тюремному заключению – 129 человек, не считая расстрелянных без суда и следствия, погибших от рук карателей и отрядов, сформированных из жителей переселенческих сел»[12,276-б.] – тұжырымы шындыққа сәйкес келмейді.

Бұл тұжырым Далалық өлке билеушілеріне қатысты шындыққа толық сәйкес келеді. Ақын С. Сейфуллиин куәлендіруінше «Таланған қазақ елдерінің тәуір асыл нәрселері, орыс поселкілеріне толып кеткен. Кигіз, текемет, кілем, самауыр, шылапшын, ішік, күміс ер, жүген құйысқан осындай нарселер поселкілерге одан әрі Ақмолаға толып кеткен»[13,38-б. ]. Ал әскери губернатор М.М. Эверсман Торғай облысын аралап танысудан гөрі Орынбордағы резиденциясында отырып басқарғанды жөн көрді.Қазан әскери округі инфантерия генералы А.Г. Сандецкий халықты оңды-солды «сотпен» және сотсыз қырғынға ұшыратты[14]. Орынбордың «Заря» газеті жазғандай, 1916 жылдың 27-қарашасында М.М. Эверсман көтерілісшілер Нұрмұхамедов, Сейітов, Көпбаев, Саденовтерді дарға асуға дәті жетпесе, Сандецкий үкімді орындатқызды.

1917 жылдың 24-ақпанында Әбдіғаппар Жамбосынов әскері жеңіліске ұшырады. Қалыптасқан жағдайда Әбдіғаппар кеңес өткізіп , әскерін таратуды жөн көрді. Торғай көтерілісшілерінің алдында екі жоспар жасалынды. Ә. Жанкелдин Ресейде басталған революцияның артын күтуді ұсынса, екінші жоспар бойынша жазалаушы отрядтар шабуылға шыққан жағдайда – Қытай, Ауғанстан және Иранға үдере көшу болды. Көп күттірмей Ә. Жанкелдиннің айтқаны келіп Ақпан революциясы нәтижесінде патша тақтан тайдырылып, саяси ахуал уақытша жұмсарды. 1918 жылы 18-наурызда Қаратоғай шатқалында өткен болыстар кеңесінде Торғай уезін басқарған Уақытша комитет құрылып, басшылығына Әбдіғаппар сайланды. Алайда, кешегі көтерілісшілер ішінде алауыздық туып Ә. Жамбосынов, сардары А. Иманов 1919 жылы жұмбақ жағдайларда қайтыс болды. Алашордашылардың қолынан өлді деп кесіп айтуға болмайды[15]. 1953жылға дейін іштен тынып өмір сүрген Ә. Жанкелдин өзімен бірге барлық құпияны ала кетті...

Аласапыран уақытта биліктің әлсірегенін пайдаланған қылмыстық топтар 1916 жылдың көктемінен қазақ ауылдары мен қатар орыс елді мекендерін де емін-еркін тонауға мүмкіндік алды. Қарақшылық күнделікті кәсіпке айналды.

Жетісу өлкесіне қайта оралсақ. Куропаткин тарапынан «қысымдар» оңай болмаған болу керек, 1916 жылдың 22-қарашасында Фольбаум қайтыс болды. Оның орнын басқан полковник Алексеев және Куропаткин өлкенің жағдайын 1917 жылдың басынан патшаға бүкпесіз мәлімдей бастағанда – барлығы кеш еді. Бұл уақытта бүкіл империя көлемінде тәртіпсіздіктер басталды. 1917 жылдың көктемінен майдандардан қару-жарақтарымен орала бастаған «жетісулықтар» Верный қаласындағы анархияны күшейтті – «берсең колыңнан – бермесең жолыңнан». Жартылай масаң тобыр Фольбаумның мәйітін қабірінен қазып алып көшеде сүйреп қорлады. Вандализм – революциялық уақыттағы тобыр мәдениетінің деңгейін көрсетті.

Өлкенің қоғамдық-саяси өмірінде Ақпан революциясынан кейінгі «демократтардың» да ой - өрісі бұдан алысқа ұзамады. Патшаның «қолшоқпары» болғандықтан ең бірінші кезекте, олардың сын садағы Куропаткинге бағытталды. Әсіресе демагог, дизертир Гришка Каин деген лақап атпен белгілі «халық адвокаты», «қоғам қайраткері» Григорий Бройда дейтін көзге түсті. Кеңес жылдары да оның жолы болып, «коммунистік партияның көрнекті қайраткері» атанды және «заңдастырылған» жендеттер Ягода мен Вышинскийдің сенімді серігі болды.

1917 жылы наурыз айының соңында жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің екі күнге созылған мәжілісінде Бройда үлкен қиындықпен Куропаткин мен оның көмекшілерін биліктен кетіруге шешім шығарта алды. М. Шоқай айтқандай «жергілікті жұмысшы, солдат кеңестері депутаттарының бассыздығы, бұратана тұрғындардан - біз совдептер – жаңа орыс өкіметіненбіз деп бұрынғы приставтардан да қатаң түрде бағынуын талап етуі, кеңестер идеясы ғана емес, революцияның құнын түсірді»[16]. 1917 жылдың 9-сәуіріндегі санында «Туркенстанский курьер» газеті «Выезд Куропаткина. Выехал в Петроград по распоряжению Временного правительства генерал А.Н. Куропаткин. Вместе с ним туда же выехал и бывший начальник штаба генерал Н.Н. Сиверс» деп жазды. Біз Куропаткинді «сүттен ақ, судан таза» деуден аулақпыз. Ол да ақ гвардияшыл генералдар Деникин, Колчак, Врангель т.б. сияқты большевизмге қарсы үлкен майдан ашуға қауқары бар еді. Бірақ ол жолды таңдап қантөгіске барған жоқ.

«Ақпан революциясының көсемі» «түркістандық» демократ А. Керенский де Түркістан мен Даладағы дағдарыстарды түзеуге саяси жігері жетіспеді[17, 51-52 бб]. Ол 1916 жылы тамыз айында, яғни Куропаткин өлкеге келіп жатқан уақытта Дума тарапынан өлкені ревизиялауға әріптесі Қутлуг Мухамед Бақтыгерейұлы Тевкелевпен бірге келіп кеткен-ді. Оларға Ташкенттен Мұстафа Шоқай қосылды. Депутаттық сұраныстар бойынша екі министрдің – ішкі және әскери – ісі сотқа берілді. Бірақ онда да патшалық бюрократиялық машинаны, қылмыстық басқару жүйесін сақтап қалу мүмкін болмаған еді. Керенский ғана емес, келесі бір «демократ» Ленин де «бұратаналар қозғалысына немқұрайлы қарады. Оның ойынша, ол бар болғанаы «империалистік соғыстың шағын дағдарысы» болды – «маленьким кризисом империалистической войны»[18,112-б.].

Орайы келгенде айталық, отар халықтардан солдатқа адам алу соғысушы елдердің барлығында – Франция, Германия, Британия – болды. Осы мақсатта жергілікті халықтар арасында алдын ала үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Әскери қызмет жалдамалы – ақылы - негізде жүзеге асырылды. Мысалы ағылшындар қысқа мерзім ішінде армия мен қосалқы әскери корпустарға 1 миллионнан астам отар халықтардың адамдарын тарта алды (негізінен үнділер). Ағылшындар мобилизациялау уақытын дер кезінде таңдаса, Ресейде ол ауылшаруашылық жұмыстары қызатын жаз-күз айларында жүргізіліп халықтың наразылығын тудырды.



Түйіндей келгенде, 1916-17 жылдардағы Түркістан мен Дала өлкесіндегі дағдарыс патшалық Ресейдің дәстүрлі самодержавиялық басқару жүйесінің табиғатынан туындады. Өлке талантты да мәдениетті билеушілер тұсында ақылға сыйымды, сәл де болса жергілікті халықтардың мүдделері ойластырылған жағдайда қалыпты дамыды. Алайда ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басында өлкелерді патшалық жүйенің ең жағымсыз да сұрқай топтары басқарған тұста өлкедегі әлеуметтік саяси жағдай барынша ауырлады. Қарақан басымен бас пайдасын көздеген «ерофеевщілдер» мен «фольбаумдар» жағдайды қолдан ушықтырды. Өлкені Куропаткин басқаруға келгенде «өркениетті жолмен» жағдай залалдандырылса, мұндай үрдіс болмаған Дала өлкесінде жағдай ушығып, ол Түркістан өлкесіне де әсер етті. Егер Торғай өңірін Куропаткин сынды губернатор басқарғанда – Әбдіғапар, Аманкелді мен де сөзсіз тіл табысып, қантөгіске жол бермеген болар еді – деп сеніммен айтуға болады. Жергілікті зиялылардың Ресей «демократтары» Керенский мен Ленинге артқан үміттері де уақыт көрсеткендей ақталмады.

Әдебиеттер

  1. История коммунистической партии Советского Союза. Т.2. М.,1966.

  2. Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. Алма-Ата,1984.

  3. В.В.Владимиров. Избранное: Соч. в 5-х, Т.2 Нет повестей печальнее. Из прошлого – близкого и далекого. Алматы, «Балалар әдебиеті» 2010 – 320 с.

  4. М.Тынышпаев. Политические выступления, научные труды, документы. Казахстан. Алматы, 2009 – 312 с.

  5. Ф.Осадчий. Великий творец добра и света (страницы судьбы инженера М.Тынышпаева) «Арыс» Алматы, 2001 – 106 с.

  6. Смагулова С.О. Ұлт зиялылары және діни ахуал (ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басы). //Отан тарихы. – Алматы, 2015. - №1(69). – 93-50 с.

  7. Ыбраев У.С. Патшалық Ресейдің оңтүстік Қазақстандағы отарлау жүйесі (Граф К.И.Паленнің сенаторлық тексеру комиссиясының материалдары негізінде). Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты. 2008. – 26 б.

  8. Ураимов Р. Переселенческое движение на юге Киргизстана (колониальный период).//Қырғызстан тарыхының маселелери (Вопрос истории Киргизстана). №2.2008. – 5-10 с.

  9. Батырдың биік тұлғасы – Светлый образ батыра: материалдар, фото-документтер мен мақалалар. Құрастырған. Ш.Иманов, Х.Маданов. Алматы: Қазақстан 1986 – 144 б.

  10. Балтабай. «Общие картины 1916 года в Уральской области». Издание общества изучения Казахстана. Қызылорда,1926.

  11. Восстание 1916 года в Средней Азии и в Казахстане (Сборник документов). Политиздат. М.,1960.

  12. История Казахстана. Очерки. Дәуір. Алматы,1993. – 416 с.

  13. С.Сейфуллин. Тар жол тайғақ кешу. Алматы, Жазушы. 1977. – 392 с.

  14. Аманкелді Иманов. Статьи, документы,материалы. Подред. С.Б.Бейсембаева. Алматы.Казахстан.1973. – 264 с.

Қабден Қалиұлы. Әбдіғапар хан.//Ана тілі.2015. – сәуір- 2-8.

  1. Мұстафа Шоқаев и большевизм. Сб. статьи (Сост. С.Ж.Сапанов) Алматы: Қазақ университеті:, 2000. – 25 с.

  2. Шашаев Ә.К. Жетісу мұсылмандарын бақылауға алу жүйесі (ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. бас кезі).//Отан тарихы. – Алматы,2015. -№2 – 44-54 бб.

  3. В.И.Ленин. О карикатуре на марксизм и об «империалистическом экономизме». псс. Т.30.

References

  1. Istoria kommynistiсheskoi partii Sovetskogo Souza. Т.2. М.,1966.

  2. Oсherki istorii kommynistisheskoi partii Kazakhstana. Alma-Ata 1984

  3. V.V.Vladimirov. Izbrannoe: Soсh. V 5-h, T.2 Net povestei peсhalnee. Iz proshlogo – blizcogo i dalecogo. Almaty, «Balalar adebieti» 2010 – 320 s.

  4. M.Tinishpaev. Politiсheskie vistuplenia, nayсhnie trydi, documenti. Kazakhstan. Almaty, 2009 – 312 s.

  5. F.Osadchi. velikii tvoretc dobra i sveta (stranithi sudby inzhenera M.Tinishbaeva) “Aris” Almaty, 2001 – 106 s.

  6. Smagulova S.O. Ult ziyalilari zhane dini ahual (XIX g. sony XX g. basy).//Otan tarihy. – Almaty, 2015. - №1(69). – 93-50 s.

  7. Ybraev U.S. Patshalyk Reseidyn ontustyk Kazahstandagy otarlau zhuiesy (Graf K.I.Palennyn senatorlyk tekseru komissiyasynyn materialdary negyzynde). Tarih gylymynyn kandidaty gylymi darezhesyn alu ushyn daiindagan dissertatciyanyn avtoreferaty. 2008. – 26 b.

  8. Uraimov R. Pereselencheskoe dvizhenie na uge Kirgizstana (kolonialnii period).//Kirgizstan tarihynyn maselelery (Vopros istorii Kirgizstana). №2.2008. – 5-10 s.

  9. Batyrdyn biik tulgasy – Svetlii obraz batyra: materialdar, foto-dokumentter men makalalar. Kurastyrgan. Sh.Imanov, H.Madanov. Almaty: Kazakhstan 1986 – 144 b.

  10. Baltabai. «obshie kartini 1916 goda v Uralskoi oblosti».Izdanie obshestva izucheniya Kazakhstana. Kyzylorda,1926.

  11. Vosstanie 1916 goda v Srednei Azii i v Kazakhstane (Sbornik dokumentov). Politizdat. M.,1960.

  12. Istoriya Kazakhstana. Ocherki. Daur. Almaty,1993. – 416 s.

  13. S.Seifullin. Tar zhol taigak keshu. Almaty, Zhazushy. 1977. – 392 s.

  14. Amankeldy Imanov. Statii, dokumenty, materiali. Podred. S.B.Beisembaeva. Almaty.Kazakhstan.1973. – 264 s.

  15. Kabden Kaliuly. Abdygapar han.//Ana tili.2015. – sauir- 2-8.

  16. Mustafa Shokaev i bolshevism. Sb. Statii ( Sost. S.Zh.Sapanov) Almaty: Kazakh universitety:, 2000. – 25 s.

  17. Shashaev A.K. Zhetysu musylmandaryn bakylauga alu zhuiesy (XIX g. sony XX g. bas kezi).//Otan tarihy. – Almaty,2015. -№2 – 44-54 bb.

  18. V.I.Lenin. O karikature na marksizm I ob «imperialisticheskom economizme». pss. T.30.

Дастан Сатбай- доктор исторических наук, доцент Кызылординского государственного университета


1916г. Туркестан и Степь: кризис колониальной системы управления царизма.
Резюме

В статье на основе новых исторических источников, вошедших в научный оборот в последние десятилетия рассматриваются истоки колониально -освободительного движения 1916 года в Казахстане и в Средней Азии - Туркестана и Степного края. Предметно анализируя, деятельность высокопоставленных лиц царской администрации Туркестана и Степного края автор приходит к выводу, что одним из составляющих причин восстания 1916 года было неадекватные, порою непрофессианальные и корыстные действия колониальной администрации в сложившихся исторических условиях. Проводя исторические параллели между событиями двух крупных регионов, автор приходит к выводу - при умелом и разумном действии можно было избежать многих кровопролитий.


Dastan Satbay

Doctor of Historical sciences, associated professor of Korkyt Ata Kzilorda State University

Turkestan and Steppe of 1916: Crisis of colonial regime



Resume

The article deals with the fundamental basis of national liberation movement in Kazakhstan and Central Asia, exactly Turkestan and Steppes, based on new historical sources of the last decade. On analysing of high ranking persons activities of tsar administration, the author concludes that one of the main reasons of the 1916 movement was inadequate, mercenary actions of colonial administration in those historical conditions.



Drawing historical parallels between events of two vast regions, the author comes to conclusion that at skillfull and reasonable actions one could avoid bloodshed.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет