1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.
1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті.
Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды.
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы,Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік–экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |