1930 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, мәдениеті, білімі мен ғылымы. Қазақ акср-нің одақтас республикаға айналуы. Кеңес Одағының даму процесі қайшылықты болды. Ұлы нәубеттермен қоса жетістіктерге де қол жеткізілді



бет1/2
Дата08.02.2022
өлшемі59,04 Kb.
#118542
түріҚұрамы
  1   2
Байланысты:
СРСП-1
1513934771-1, 1513934771-1, 1513934771-1, СРСП-1, СРСП-1, СРСП-1, СРСП-1, 1617251265, 1513444344, 1513444400, 4 пр (1), Сараптама материалдары 111 Буентаева

1. 1920 – 1930 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, мәдениеті, білімі мен ғылымы. Қазақ АКСР-нің одақтас республикаға айналуы. Кеңес Одағының даму процесі қайшылықты болды. Ұлы нәубеттермен қоса жетістіктерге де қол жеткізілді. Аштан қырылып, шетелге босып, зиялы қауымынан айырылған қазақ халқы сол Кеңес өкіметінің тұсында ұлттық мемлекеттігін қалпына келтірді, 1920 ж. құрылған РКФСР құрамындағы автономиялық республикадан (ҚазАКСР) одақтас республика мәртебесіне көтерілді.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерінің Төтенше VIII съезі Кеңес мемлекетінің жаңа Негізгі Заңын – КСРО Конституциясын қабылдады. Бұл Кеңес мемлекетінің де, оның құрамындағы Қазақстанның да саяси дамуындағы елеулі оқиға болды. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) деп аталатын федерациялық құрылымға енген, одақтас республика мәртебесін алған республикалардың саны 11-ге жетті. Олардың арасында Қазақ елі де бар еді. Осы жаңа Конституцияға сәйкес, бұған дейін Ресей Федерациясының құрамында автономия болып келген Қазақ АКСР-і енді одақтас республика болып қайта құрылып, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы (Қазақ КСР-і) деп аталатын болды.

КСРО құрамына кірген одақтас республикалар конституцияларының құрылымы мен мазмұны КСРО Конституциясымен бірдей болды. Әр республиканың КСРО құрамынан еркін шығу құқығы сақталды, олардың келісімінсіз одақтас республиканың аумағы өзгертілмейтін болды. Конституция барлық одақтас республикалар аумағында бүкілодақтық заңдардың күші бірдей жүретіндігі туралы ережені бекітті: одақтас республикалардың заңы мен бүкілодақтық заң алшақ келген жағдайда бүкілодақтық заң қолданысқа алынды. Яғни Конституция одақтас республикалардың үстінен одақ заңының басымдығын түбегейлі бекітті. Онда республикалық органдардың одақтық органдар актілерін бөгеу немесе қарсылық білдіру құқығы қарастырылмады. КСРО азаматтарына бір ғана одақтық азаматтық белгіленді, одақтас республикалардың әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.

1937 жылы наурызда Қазақстан Кеңестерінің Төтенше Х съезі одақтас мемлекет – Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Конституциясын қабылдады. Жас қазақ республикасының Негізгі Заңында, бүкіл КСРО-дағы сияқты, республикада да социализм негіздерінің құрылғаны, өндіріс құрал жабдықтарына қоғамдық меншік және шаруашылыққа жоспарлы басшылықтың нығайғаны, адамды адамның қанауының жойылғаны, теңқұқылы қатынастардың қалыптасқаны, халықтар ынтымақтастығының жолға қойылып, экономика мен мәдениеттің өрлегендігі атап көрсетілді.

Қазақ КСР Конституциясында Қазақ КСР-інің саяси негізі – еңбекшілер депутаттарының Кеңестері, ал экономикалық негізі социалистік шаруашылық жүйесі және өндірістік құралдары мен жабдықтарына социалистік меншік болып табылады делінді. Конституцияда Қазақ КСР-і КСРО құрамына ерікті негізде енгендігі және мемлекеттік, экономикалық, мәдени құрылыс міндеттерін шешуде барлық құқықтарға ие болғандығы туралы айтылған.

Қазақ КСР-інің егеменді құқықтары, халқының келісімінсіз өзгертуге болмайтын өз жері, өз Конституциясы, өзінің жоғары заң шығарушы және атқарушы органдары, өз Елтаңбасы, Туы, Әнұраны болды. Қазақстан жалпыодақтық еңбек бөлінісінде өз орнын алды.

1937 жылдың желтоқсанында КСРО Жоғары Кеңесінің сайлауы өтті. КСРО Жоғары Кеңесіне республикадан 44 депутат сайланды, олардың ішінде Қазақ республикасының таңдаулы адамдары – шахтер Т.Күзембаев, мұнайшы С.Зұрбаев, комбайншы И.Логвиненко, сауыншы С.Оңғарбаева, паровоз машинисі Л.Березняк т.б. болды. 1938 жылдың маусым айында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің сайлауы өтіп, оған 300 депутат сайланды. Оның 152-сі қазақ еді.

1936 ж. КСРО Конституциясында декларацияланған барлық құқықтарға қарамастан, республикалар нақты тәуелсіздікті және өзін-өзі басқаруды ала алмады. Азды-көпті маңызы бар өнеркәсіптік орындар Одаққа бағынышты болды. Республиканың барлық басқару органдары Коммунистік партия мен оның ат төбеліндей билеушілерінің үстемдігін бүркемелеу ғана болды. Дегенмен, Қазақстанның егемендігінің формалды түрде болса да мойындалуы, оның жерінің заң жүзінде бекітілуі мемлекетіміздің тарихында өте үлкен рөл атқарды.

1920-1930-жж. Кеңестік Қазақстандағы сауатсыздықпен күрес, білім беру жүйесінің қалыптасуы. ХХ ғ. Басында өлке халқының негізгі көпшілігі оқи да, жаза да алмады. 1917 ж. Қазан революциясынан кейінгі Қазақстанда жаппай сауатсыздықты жою мен халық ағарту ісін дамыту мәдени өзгерістердің басты бағыты болды. Партияның Х съезі (1921 ж.) мәдениет саласында бұрынғы артта қалған халықтардың Орталық Ресейді қуып жетуіне, ана тілінде мектеп, баспасөз, театр, клуб ісін дамытуына жәрдемдесуді; халық шаруашылығының барлық салалары, басқару, ағарту саласы үшін қызметшілерді жедел даярлауға арналған мектептер, курстар желісін өрістетуді стратегиялық міндет етіп қойды. Өлкеде мәдени құрылысты жүзеге асыруда біраз кедергілер тұрды. Қазақстанда зиялылар аз болатын, олардың Алаш қозғалысына қосылған бірқатары революция барысында зардап шекті. Ұлы державалық шовинизмнің айқындамасы күшті болды. Осы саясатты ұстанушылардың бірі: «Бұратаналарды темір құрсауда ұстау керек» деген пікірде болды. Өлкеде мәдени құрылысты өрістетудің материалдық-техникалық базасы болмады.

Еңбекшілердің жаппай сауатсыздығын жою шұғыл міндеттердің біріне айналды. Қазревкомның Халық ағарту бөлімі 1920 ж. өлкедегі сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар туралы бұйрық шығарды. Халық ағарту бөлімінің жанынан сауатсыздықты жою жөнінде төтенше комиссиялар құрыла бастады, олар хат танымайтындардың есебін алды, педагогика кадрларын даярлауды, ересектерді оқыту үшін мектептер мен курстар ашумен, оқу құралдарын шығарумен айналысты.

Бірнеше айдың ішінде Қостанай губграмчекасы бастауыш білім беретін 347 мектеп, Орал губграмчекасы 328 мектеп ашты. Сол мектептерде 653 оқытушы 15 мыңнан аса адамды оқытты. 1924 ж. сәуірде «Сауатсыздық жойылсын» бүкілодақтық қоғамының қазақ бөлімі ашылды, ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. Ссауатсыздықты жоюдың 110 қызыл отауы ашылды. Әйелдердің сауатын ашуға да назар аударылды. 1921 – 1927 жж. 200 мың адам оқып сауатын ашты. Көшпенді аудандарда ересектерді жекелеп және топтап оқыту жүйесі ұштастырылды. Алайда сауатсыздықты жою үрдісі баяу жүрді. 1928 ж-ң аяғында республикада сауатты адамдар – 25%, оның ішінде қазақтар – 10% болды. 1931 ж. желтоқсанда республиканың 15 жастан 50 жасқа дейінгі сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті білім беруді енгізілді.

1936 ж. сауатсыздықты жою пункттерінде 500 мыңнан астам адам оқыды. «Ауыл мұғалімі» журналы, «Төте жол» газеті беттерінде сауатсыздықты жоюдың ұйымдастырушылық, оқу-әдістемелік т.б. мәселелер қызу талқыланып, бұл жұмыстың барысы баспасөз бетінде үнемі жарияланып отырды.

Жаппай сауатсыздықты жою науқаны қоғам өміріндегі барлық іс-әрекетті мемлекет қарамағына көшіру, мәдениет пен жеке адамның үстінен қатаң саяси-идеологиялық өктемдік жүргізу жағдайларында өтті. Мәселен, 1929 ж. қазақ жазу әліппесі араб графикасынан латын, 1940 ж. кириллицаға ауыстырылды. Соның нәтижесінде бір адам бастауыш білімді үш қайтара оқуға мәжбүр болды. Әрине, мұндай қиындықты меңгеруге әркімнің шамасы келе бермейтін. А.Байтұрсынов латын графикасына ауыстырудың қажетсіздігіне дәлел келтірді. Бірақ тоталитарлық режим маман пікіріне құлақ аспады. Нәтижесінде араб жазуымен жазылған ата-баба мұрасын, рухани байлықты игеруге мүмкіндік болмай қалды. 1920-1930 жж. Араб әрпімен шыққан басылымды пайдаланғандар «пантюркист», «панисламист» деп жарияланып, қудалауға ұшырады.

1939 ж-ң өзінде-ақ республика халқының сауаттылығы 61,4%-ға, ал қазақ халқы арасында 54,5%-ға жетті 1926 – 1939 жж. 9-49 жас аралығындағы барлық Қазақстан халқының сауаттылығы 25,2%-дан 83,6%-ға дейін (ер адамдар арасында – 90,3%, әйелдер арасында – 75,8%) жетті.

1940 ж. қарай еңбекке жарамды халық арасында сауатсыздықты жою негізінен аяқталды. Бүкіл олқылықтар мен кемшіліктерге қарамастан, еңбекшілердің қалың топтарының сауатын ашу Қазақстандағы мәдени өзгерістердің маңызды қорытындыларының бірі болды.

Халыққа білім беру ісі. Халық ағарту Кеңестері білім беру ісін өз бақылауына алды, діни қызметкерлер тәрбие мен білім беру істеріне араласу құқығынан айырылды. 1918 ж. бұрынғы бастауыш оқу орындарының орнына 2 сатыдан тұратын бірыңғай еңбек мектебі бекітілді: 1) 8-13 жасқа дейінгі, 2) 13-17 жасқа дейінгі балаларға арналған. 1920 – 1921 жж. Республикадағы мектептердің саны 2410-ға жетті. Негізінен 1-сатыдағы мектептер көбірек ашылды. Мектепте білім беру мәселесін жетілдіру мектептерде қажетті материалдық-техникалық базаның болмауының, мұғалім кадрлардың жетіспеуінен де тежеліп отырды. 1929 ж. мектеп жасындағы балалардың 40%-ы ғана 1-сатыдағы мектепте оқыды.

1926 ж. мамырда Республикалық Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР бірыңғай еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Біржылдық, екіжылдық мектептердің үлес салмағын азайту мен үшжылдық, төртжылдық мектептердің үлес салмағын көбейту, қазақ қыздарына арнап мектеп ашу мәселесі жолға қойылды. Қыздарға арналған мектептер Шымкент, Алматы, Түркістан, Оралда ашылды.

Мектеп желісі халықтың көпұлтты құрамына сәйкес келді. 1920-жж-ң ортасында республикада 73 татар, 40 өзбек, 35 ұйғыр, 44 неміс және эстон бастауыш мектептері жұмыс істеді, оларда көп жағдайда оқыту ана тілінде жүргізілді. Сонымен қатар екі тілде – орыс және өзбек, қазақ, татар, орыс, неміс т.б. тілдерінде оқытатын аралас мектептер де болды.

1930 ж. 27 тамызда республика ОАК және ХКК қаулысымен жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Қазақстан үкіметі халыққа білім беру ісіне қаржы бөлуді едәуір ұлғайтты; оқушыларға интернеттар, жатақханалар желісін кеңейту, шәкіртақы беру, оқулықтармен, оқу құралдарымен, аяқ киіммен, киім-кешекпен, көлікпен т.б. тегін жабдықтау түрінде материалдық көмек көрсету көзделді. Барлық жерде жалпыға бірдей білім беру жөніндегі қоғамдық қорлар құрылды. Жалпыға бірдей білім беру ісіне қамқорлық жасауды Қазақстан комсомол-жастары мойнына алды. Ұлы Отан соғысы қарсаңында республикада 7,5 мыңнан аса мектеп жұмыс істеді, оның 5,2 мыңы – бастауыш мектеп, 1,7 мыңы – орталау мектеп болды. Мектеп жасындағы балалардың 98,9%-ы оқумен қамтылды.

Сонымен қатар мектептің білім беру ісінде бірқатар ірі кемшіліктер де орын алды. Тоталитарлық режим мектептерді тіл алғыш және идеологияландырылған ұрпақ тәрбиелеудің құралына айналдырды. Оқулықтардың мазмұны, пионер, комсомол ұйымдарының қызметі оқушылардың санасы мен мінез-құлқына сталинизмді, кеңеске жат нәрсенің бәрін жек көруді, партияның саясаты мен идеологиясына соқыр сеніммен берілуді сіңіруге бағытталды. 1930-жж-ға оқу жоспарынан алашордалықтар мен «халық жауларының» (А.Байтұрсынов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов т.б.) кітаптары алынды.

Мәдени құрылыс процесін жеделдетуге ұлттық зиялылардың ықпалы ерекше болды. Олар ана тілінде бірегей оқулықтар мен оқу құралдарын жасауға белсене қатысты. А.Байтұрсынов пен оның пікірлестері 1920-жылдарда мәдениет және білім саласында еңбек сіңірді. 1920-жылдарда қазақ мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиетті жасақтауға С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Ғ.Мүсірепов, М.Дулатов, М.Жолдыбаев, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров т.б. белсене қатысты. Сол жылдардағы мамандар жоғары бағалаған Байтұрсыновтың араб әліпбиі араб жазуын сәтті реформалаудың және оны қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне бейімдеудің жарқын үлгісі болды. Ол туралы замандастары былай деп жазды: «Халқын, ұлтын сүйген А.Байтұрсынов қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы. Ол қазақ тілі орфографиясының реформаторы, грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы». А.Байтұрсынов – суретті әліппені, мысал-жұмбақтар жинақтарын жазып шықты, Ж.Аймауытов – қостілділік және ана тілін оқыту әдістемесін, Ә. Бөкейханов – география оқулығын, сол кезеңдегі Томск университетінің студенті Қ.Сәтпаев – алгебра оқулығының қазақ тіліндегі алғашқы оқулығын құрастырды. Қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар Қазан қаласында бастырылды. Ол жылдары Қазақстанда баспа болмады. Алайда Қазақстандағы мектеп ісі елеулі қиындықтарға да кездесті. 1931 – 1932 жж-ғы аштық салдарынан балалалар саны күрт азайып, жетім балалар саны көбейді.

ІІ-бесжылдықта мектеп құрылысы қарқын алып, жалпыға бірдей бастауыш білім беруді жүзеге асыруда ілгерілеу байқалды. Орта мектептердің, әсіресе ұлт мектептерінің жоғары сыныптарын нығайтуға мықтап көңіл бөлінді. 1934 – 1935 оқу жылында интернаттар саны 221-ге дейін көбейді.

Республиканың мектеп құрылысында партияның Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Қазақстан үшін кадрлар даярлау туралы 1933 ж. 2 қыркүйектегі қаулысының маңызы зор болды, онда орта оқу орындарын тез дамыту, жоғары оқу орындары үшін кадрлар дайындау, Қазақстанға мамандарды көп мөлшерде жіберу т.б. шаралар көзделді.

Республикада мұғалімдер саны артты. Ұлы Отан соғысы қарсаңында олардың саны 44 мыңнан асты. 1939 ж. 160 мұғалім орден, медальдармен марапатталды, мұғалімдердің едәуір тобына «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді, олардың ішінде С.Көбеев, Л.И.Добранская, Н.В.Волков, С.Ақышев, А.Ақатов, Ш.Сарыбаев т.б. халық ағарту ісінің көрнекті қайраткерлері болды.

Ересек халық арасындағы сауатсыздықты жоюдың негізінен аяқталуы, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім берудің енгізілуі, орта білімнің өсуі, мектепке шығыс ұлттары қыздарының тартылуы – осының бәрі ұлт зиялыларының, соның ішінде техникалық зиялылардың қалыптасуы үшін, ауыл шаруашылығына механизатор кадрлар және өнеркәсіпке сауатты жұмысшылар, жүз мыңдаған жастар мен ересектерді Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп, сұрапыл соғыс жылдарында Отан қорғауға даярлау үшін қажетті алғышарттар жасады.

Республикадағы жоғарғы оқу орындарының ашылуы, әдебиет және өнердің дамуы (1920-1930 жж.). Мәдени құрылыс ісін жүзеге асыру барысында республикада жоғарғы оқу орындары ашылды. 1928 ж. тұңғыш Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) ашылды, 1929 ж. Алматы малдәрігерлік институы ашылды. 1930 ж. Алматыда Қазақ ауылшаруашылық институты – мал шаруашылығын дамытуға арналған тұңғыш жоғарғы оқу орны ашылды. 1931 ж. наурызда Алматы медицина институты ашылды. 1932 ж. Орал пединституты ашылды.

1934 ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) ашылды, бұл республиканың мәдени өміріндегі ірі оқиға болды. 1940 ж. онда 15 кафедра жұмыс істеп, ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. 1934 ж. Қазақ кен-металлургия институты (1960 ж. В.Ленин ат. Қазақ политехникалық институты, 1994 ж. Қ.Сәтбаев ат. Қазақ Ұлттық техникалық университеті) ашылып, инженер-техник кадрлар даярлаудың негізі қаланды. Оралда, Семейде, Петропавлда, Шымкентте, Ақтөбеде, Қарағандыда, Қостанайда мұғалімдер институттары қайта ашылып, педагогика институттары болып қайта құрылды.

Орта оқу орындары желісі де едәуір кеңейді. 1925 – 1932 жж. Педтехникумдар саны 14-тен 29-ға жетіп, оларда 4821 оқушы оқыды. 1933 ж. 2 қыркүйекте «Қазақстан үшін кадрлар даярлау» туралы қаулы жарияланды. Кен, қаржы, мұнай, ауылшаруашылық, тасымал техникумдары ашылды. 1940 ж. Қазақстанда 20 жоғары оқу орны, 118 орта арнаулы оқу орны болып, 40 мыңнан аса адам оқыды. Қысқа мерзім ішінде жоғары білімді 10 мыңдай және орта білімді 20 мың маман даярланды. Қазақстанның 1-жұмысшы факультеті (рабфак) 1921 ж. Орынборда ашылды.

Қазақстан зиялыларының қалыптасуына КСРО оқу орындары, басқа республика өкілдері де да үлес қосты. 1930-жж. Елдің түрлі аймақтарындағы жоғары оқы орындары (ЖОО) мен техникумдарында 20 мыңдай қазақстандық оқыды. Республика жоғары мектебіне С.Асфендияров, Т.Жүргенов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, О.Жандосов, М.Әуезов, Қ.Жұбанов т.б. ғылым, мәдениет қайраткерлері зор үлес қосты. 1939 ж. санақ деректері бойынша Қазақстанда ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер саны 430 мыңға жуық (17,7%) болды, олардың 27 454-і жоғары білімді болды. Ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтауда, ағарту ісінде зиялылар, ұлттық зиялылар өсіп қалыптасты. Алайда халық шаруашылығында ғылыми-техникалық кадрлардың жетіспеушілігі әлі де айқын сезілді.

Сонымен, соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде Қазақстанда жұмысшылар мен колхозшы шаруалардан шыққан кеңестік ұлттық зиялылардың берік негізі қаланды. Бірақ сталиндік тоталитарлық режим, жазалау шараларынан революцияға дейін қалыптасқан зиялылардың азғантай тобы, инженер-техник, ғылыми-шығармашылық зиялылар, әдебиет, өнер қайраткерлері қатары қатты сиреп қалды.

1920 – 1930-жылдар – Қазақстан ғылымының қалыптасу кезеңі болды. 1920 ж. құрылған Қазақстанды зерттеу қоғамы өлкенің тарихын, этнографиясын, экономикасын зерттеудің және жаратылыстану ғылымының ірі орталығына айналды. Қоғамның жаратылыстану-география, этнография, тарих-археология секцияларының жұмысына С.Асфендияров, А.В.Затаевич, Ә.Диваев, Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жолдыбаев, А.П.Чулошников, А.Ю.Якубовский т.б. көрнекті ғалымдар қатысты. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариаты жанындағы санитарлық-бактериологиялық институт денсаулық сақтау саласында ғылыми-зерттеу жұмысын өрістетті. 1926-1927 жж. КСРО Ғылым Академиясының экспедициясы өлкеде статистикалық-экономикалық, топырақ-ботаникалық, геологиялық, гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1932 ж. КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандағы базасы құрылды (1938 ж. КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімі болып өзгертілді), бұл Қазақстан ғылымы өміріндегі айтулы оқиға болды. 1935 ж. Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның 57 ғылыми мекемесінде (ЖОО қоса алғанда) 1700-ден аса ғалым еңбек етті.

1920 – 1930-жж. Қазақ әдебиеті де дамыды. С.Сейфуллиннің «Қазақ жастарының марсельезасы» деген өлеңдер жинағы қазақ жастары арасында кеңінен таралды. М.Жұмабаевтың «Шолпан» атты жыр жинағы қазақ поэзиясын тақырып пен пішін, мазмұн мен түр жағынан байыта түсті. Оның махаббат, табиғат лирикасы азаматтық, әлеуметтік пафостағы отты жырларымен астасып, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Оның «Батыр Баян», «Ертегі», «Қойлыбайдың қобызы», «Жүсіпхан» атты дастандарында халқымыздың тарихындағы белесті оқиғалар, біртуар қайраткерлер жырланды. Ақын С.Торайғыровтың жарқын шығармашылығы халықтың рухани өміріндегі жарқын құбылыс болды. Б.Ізтөлин, Б.Жәнікешов Азамат соғысы майдандарында шайқасқан халықтың жыршыларына айналды.

Әдебиеттану мен тіл білімінің қалыптасуына А.Байтұрсынов аса мол үлес қосты. 1926 және 1928 ж. шыққан «Жаңа әліпби», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» кітаптарында қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы мен грамматикасының, қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихының аса өзекті мәселелері қозғалады. 1920-жж. Ж.Аймауытов педагогика және психология бойынша еңбектер жариялады.

Социалистік құрылыстың ширек ғасырында бұрынғыдан мүлде бөлек жаңа қазақ әдебиеті қалыптасты. Оның өзегін социалистік реализм принципі құрады. Ақындар мен жазушылар шығармашылығының маңыздылығы автордың идеялық ұстанымына байланысты анықталды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев т.б. сияқты ХХ ғ. Басындағы қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалар, Қазан революциясын қабылдамағандары үшін қудалауға ұшырады, олардың шығармалары зиянды деп жарияланды. Капиталистік даму сатысына соқпай бірден социализмге өту жағдайларына, әдебиет пен өнерде социалистік реализм принциптерін қалыптастыру қысқа мерзім ішінде мүмкін емес еді. Большевиктік басшылық осы фактіні есепке алмады. Қазақстан басшылығына 1925 ж. Ф.Голощекиннің келуімен байланысты, социалистік идеяны әлі қабылдай қоймаған ескі зиялыларға қатысты қудалау мен қуғын-сүргін ашық және аяусыз түрде жүргізілді. Өз дарынымен қазақ тілінің асқақтығы мен байлығын паш еткен, адам жанының сұлулығы мен қайталанбастығын жырлаған, Гейненің, Гетенің, М.Лермонтовтың, М.Горькийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған Мағжан Жұмабаев кертартпа ақын ретінде әдеби ортадан аласталып, сотталды, кейін сталинизмнің құрбаны болды. 1930 ж. шығармашылық толысқан шағында жаңа билікке дүниетанымдық мақсат-мүдделері сай келмеген Ж.Аймауытов атылды. Оның 1925 – 1928 жж. Жазылған «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» пьесаларында 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыс, 1917 ж. Қазан төңкерісі, Кеңес өкіметінің орнауының алғашқы қиын-қыстау жылдарында қазақ шаруасын әлеуметтендіру, шығыс әйелдерін басыбайлықтан босату, ұлттық сана-сезімнің өсуі мен жаңа адамды қалыптастыру мәселелері көркемдік мағына тапты.

Социалистік реализм принциптерін ұстанған шығармашылық зиялылар пролетарлық революцияны, оның көсемі Ленинді, большевиктердің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан социалистік өзгерістерді мадақтады. Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың жетістіктері мен қиындықтарын алғаш болып көркем бейнелегендердің бірі Сәкен Сейфуллин еді. 1920-жж. Оның «Асау тұлпар», «Домбыра», «Советстан», «Экспресс» аталатын кітаптары мен поэмалары жарық көрді, оларда қазақ даласына бостандықтың келгені, еңбек адамын қанаудың аяқталғаны, халықтар теңдігі орнағаны туралы жырланады. 1927 ж. «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында С.Сейфуллин қазақ халқының 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысына, Ақпан,Қазан революцияларына, Азамат соғысына қатысуын көрсетті. Бірақ күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық революционер-ақынды ойлануға мәжбүр етті. «Қызыл ат» поэмасында (1934) оның социалистік қоғамның мінсіздігіне тұңғыш рет күмән келтіргені байқалады.

1920 – 1930 жылдарда мазмұны социалистік, түрі ұлттық қазақ әдебиетін қалыптастыру үрдісіне І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ө.Тұрманжанов т.б. өз үлестерін қосты. Дәстүрлі ауыз әдебиеті саласында Ж.Жабаев, Н.Байғанин, К.Әзірбаев, И.Байзаков биіктен көрінді. Омар, Доскей, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Саяділ ақындар революция, кеңестік Отан, бостандық, адамгершілік, махаббат туралы жан тебірентірерлік өлеңдер мен дастандар жазды.

Қазақ кеңестік поэзиясы С.Мұқановтың «Сұлушаш», І.Жансүгіровтің «Құлагер», И.Байзақовтың «Құралай сұлу» сияқты үздік шығармалары, дастандармен, ал қазақ кеңестік прозасы Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғ.Мұстафиннің «Өмір мен өлім» шығармаларымен толықты.

Қазақ драматургиясы жанрында да зор табыстарға қол жетті, М.Әуезовтың «айман – Шолпан», «Түнгі сарын», Б.Майлиннің «Жалбыр», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш және Баян сұлу», Ж.Аймауытовтың «Мансапқорлар», «Ел қорғаны» сияқты т.б. бірегей туындылар дүниеге келді.

Қазақстанның көпұлтты кеңестік әдебиеті И.П.Шуховтың «Ащы өзек», «Өшпенділік» сияқты романдарымен байытылды, венгрлік еврей Матэ Залка ұжымдастыру тарихы жөнінде «Тұман тұмшалаған ауыл» романын жазды. Қазақ жазушыларының әдебиеттерді өзара байыту ісіне қосқан үлесі зор. М.Жұмабаев – Гетенің, Гейненің, М.Горькийдің, В.Ивановтың, Д.Мамин-Сибиряктың; А.Байтұрсынов – И.А.Крыловтың; Ж.Аймауытов – А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Ф.Шиллердің, Ғ.Тоқайдың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Революцияға дейінгі зиялылардан Ә.Бөкейханов шебер аудармашы екенін танытты. Социализм идеяларының өрескел бұрмалануына қарамастан, қазақ кеңестік әдебиеті дүниежүзілік, отандық, қазақ әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерімен байып, нығайды.

Қазақ кеңестік өнерінің қалыптасуы. Орынборда, Верныйда, Ақмолада, Семейде, Петропавлда, Оралда, Қостанайда, т.б. қалаларда клубтар, халық үйірмелері пайда болды, қазақ, орыс тілдерінде хор, драма, әдебиет үйірмелері, халық театрлары ұйымдастырылды. Халықтық музыканы зерттеуге чех Бимбоас, орыс этнографы, композиторы А.В.Затевич зор көңіл бөлді. Затаевич 2300-ден аса халық әндері мен күйлерін жазып алып, 1925 ж. «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» және 1931 ж. «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» атты жинақтарын жариялады. Композиторға 1932 ж. Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Қарқаралыда 1922 ж. өткен халық жыршылары бәйгесі кең-байтақ далада зор шабыт, өрлеу туғызды. И.В.Коцык басқаратын Петропавл педучилищесінің қазақ хоры КСРО халықтары музыкасының Мәскеудегі концертіне (1924 ж.) қатысты.

КСРО халықтарының шығармашылығының 1925 ж. Парижде өткен Бүкіл дүниежүзілік қолданбалы өнер көрмесінің және 1927 ж. Майндағы Франкфуртте өткен Бүкіл дүниежүзілік музыка көрмесінің (Германия) концерттеріне қатысқан қазақтың үздік әншісі Әміре Қашаубаев өзінің таңғажайып талантына Еуропаның көзі ашық көрермендерін тәнті қылды. Ол «Ағаш аяқ», «Дударай», «Қара торғай», «Қызыл бидай», «Үш дос» т.б. әндерді орындады.

1925 ж. Қазақ ұлттық театрын құру туралы шешім қабылданып, ол 1926 ж. қаңтарда Қызылордада ашылды. Оның бастауында Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, Қ.Қуанышбаев, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов тұрды. Театрды талантты драматург, режиссер, актер Жұмат Шанин басқарды. Сахнада қойылған алғашқы пьеса «Еңлік-Кебек» болатын. С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», Б.Майлиннің «Шаншар молда» пьесалары т.б. үлкен табыспен өтті. Театрда әлемдік классиканың мұралары – Н.В.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», Д.А.Фурмановтың «Бүлік», Шекспирдің «Отелло» пьесалары да қойылды. Театр өмірінде Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» (1940) пьесаларының қойылуы үлкен оқиға болды. Қол жеткен табыстары үшін 1937 ж. театрға Қазақ Академиялық драма театры атағы берілді. 1930 жж-ң ортасында Ақтөбеде, Шымкентте, Петропавлда, Қарағандыда театрлар ашылды. 1934 ж. Орыс драма театры, 1938 ж. Алматыда тұңғыш ұйғыр музыкалық драма театры, 1937 ж. Қызылордада корей театры ашылды. 1940 ж. Қазақстанда 40 театр жұмыс істеді.

1930-жылдар Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің өмірге келуімен ерекшеленді. 1932 ж. Алматыда музыка техникумы ашылып, ол келесі жылы Қазақ Ұлттық театр-музыка техникумы болып өзгертілді. 1933 ж. музыка студиясы құрылды, ол 1934 ж. қаңтарда Қазақ мемлекеттік музыкалық опера және балет театры (қазір Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Академиялық опера және балет театры) деп аталды. Алғашқы опералар: «Айман-Шолпан», Е.Брусиловскийдің қазақ эпикалық шығармасына негіздеп жазған «Қыз Жібек» операсы зор табысқа жетті. Сондай-ақ оның «Жалбыр», «Ер Тарғын» опералары қазақ музыкасының алтын қорына енді. 1934 ж. театр-музыка техникумының жанынан домбыра оркестрі құрылды, ол 1944 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлт аспаптар оркестріне айналды. Оркестрді композитор А.Жұбанов басқарды. 1936 ж. Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы ашылды.

1930-жылдары Қазақстанда кино және бейнелеу өнері де қалыптаса бастады. Кино өнерінің негізін салған «Востоккино» акционерлік қоғамының 1929 ж. құрылған Алматы бөлімшесі болды, ол қазақ даласында бірқатар деректі: «Жайлауда», «Түрксіб» және дыбыссыз көркем фильмдер: «Дала өңірі», «Жұт», «Қаратау құпиясы» түсірді. 1934 ж. тұңғыш рет хроникалы фильмдер студиясы ұйымдастырылды. 1938 ж. «Ленфильм» бірінші дыбысты фильм «Амангелді» түсірді, фильм 1939 ж. экранға шықты. Бейнелеу өнерінің дарынды қазақ жастары Москва, Ленинградтың оқу орындарында оқыды. Олардың арасында Ә.Ысмайлов, Ә.Қастеев т.б. болды. 1933 ж. Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылды. 1939 ж. А.С.Пушкин ат. Мемлекеттік көпшілік кітапхана ашылды.

1936 ж. мамырда Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өткізілді, ол Қазақстанның театр және музыка өнері жетістіктерінің байқауы болды. Онда Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» опералары көрсетілді. Осы сапарында Күләш Байсейтова тұңғыш рет қазақтар арасынан КСРО Халық әртісі атанды. Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеевтің «Амангелді сарбаздары», «Түрксіб» суреттері әлемге танылды.

1920 – 1930 жылдары мәдениет саласында күрделі және қайшылықтарға (жағымды, жағымсыз белгілер) толы құбылыстар орын алды. Мәдениетті жасау мен құрту бір мезгілде қатар өрістеді. Бір жағынан, үш онжылдыққа жетпейтін мерзім ішінде республиканың мәдени-рухани келбеті түбегейлі өзгерді. Сауатсыздықты жою, жалпыға міндетті бастауыш білім беру жүзеге асырылып, халықтың білім алу әлеуеті нығайды, мәдени-ағарту мекемелерінің кең ауқымды желісі қалыптасты, жоғары оқу орындары мен техникумдар құрылды. Ғылым мен кәсіби өнердің негіздері қаланды, зиялылардың барған сайын жаңа топтары қалыптаса берді. Екінші жағынан, кеңестік жүйенің мәдениеттегі саясаты қоғамның бүкіл рухани саласын сталиндік басшылыққа, марксизм-ленинизмнің принциптеріне бағындырып, оқу орындарының, клубтар, театрлар, ғылыми-зерттеу институттары, мамандардың қызметі қатаң партиялық бақылауға алынды. Азаматтардың дүниетанымы мен өмірінде таптық идеологияны қалыптастыру үшін жеке адамның шығармашылық еркіндігі, мәдениеттің жасампаздық мүмкіндігі шектелді, қуғын-сүргін шаралары жүргізілді. Жаңа құрылыстың (социализм) қазақ халқының ұлттық мәдениеті гүлденуі үшін мейлінше қажет болған сарқылмас зор мүмкіндіктері табанға салынып тапталды. Қазақстан бүкіл КСРО сияқты әлемдік мәдени процестерден тыс қалды.

Ұлт зиялыларына қарсы Сталиндік қуғын-сүргін. 1920-1930 жылдар КСРО-да тоталитаризмнің қалыптасу кезеңі болды. Тоталитаризмнің ерекше белгісі – биліктің қоғамның барлық саласына бақылау жасауы, қуғын-сүргін жүргізуі болды. Сталиндік кезеңдегі (1924 – 1953) жаппай саяси қуғын-сүргін елге үкен нәубет әкелді, НКВД мен ГУЛАГ қапастарында ешқандай жазығы жоқ миллиондаған адамдар қаза болды. Көптеген халықтар мен этникалық топтардың өкілдері режимнің қыспағымен туған жерлерінен қуылып, басқа аймақтарға жер аударылды, бір бөлігі жер аудару барысында қаза тапты.

Осы өз ауқымы бойынша тарихта бұрын-соңды болмаған қылмыстардың өршуіне Қазан революциясы мен КСРО-дағы Азамат соғысы түрткі болды. Кеңес өкіметі орнап, орныққаннан кейін пролетариат диктатурасының мемлекеті өзінің саяси және таптық қарсыластарын жаппай қудалай бастады. Соның салдарынан бұрынғы Ресей империясының мыңдаған азаматтары эмиграцияға (шетелге) кетті. Қазақстан азаматтары да тарихи отанын революция мен Азамат соғысы, күштеп ұжымдастыру кезінде тастап кетуге мәжбүр болды.

Елде «социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түсті» деген сталиндік теория үстемдік етті. Нәтижесінде: жазалау органдарының қызметі күшейтілді, мемлекеттік өкімет органы ретіндегі Кеңестердің қызметі шектелді. 1922 ж. КСРО ХКК жанынан біртұтас қоғамдық орган – Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) құрылды. Жеке адам құқығы барған сайын аяққа басыла берді. Балама пікір айтқан адам халық жауы қатарына жатқызылуы мүмкін еді. Одақтық Ішкі істер халық комиссариаты құрамында ерекше кеңес құрылып, жазалау шаралары (жер аудару, еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамау, КСРО-дан тыс жерлерге қуып жіберу) жүргізілді.

Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды, осы идеяны таратушыларды, большевиктердің ұлттық саясатына қарсыларды қудалау БК(б)П ОК-нің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерінің қатысуымен 1923 ж. Москвада өткен ІV кеңесінен кейін қатаң сипат алды. 1920-жж. Аяғында большевизмге балама партиялар мен қозғалыстардың өкілдері тұтқынға алынып, қуғынға түсті.

Ресми болжамдар бойынша, «колхоз құрылысында партияның бағытын бұрмалаушылыққа» жол берген жергілікті кадрлар барлығына айыпты болып шықты. Социализмнен басқа жарқын да бақытты болашаққа апаратын жол жоқ екендігі туралы пікір бұқара халықтың санасына жаппай күшпен сіңірілді. Сол арқылы өкімет өзі жүргізген саясаттың нәтижелеріне қатысты бүкіл жауапкершілікті өздерінен аулақтатты. Шаруалардың жан-түршігерлік қасіретіне тікелей қатыстылығын жасыру үшін, Сталин мен оның төңірегіндегілер, оның Қазақстандағы өкілдері ашаршылық пен оның зардаптары туралы айтуға тыйым салды.

Қазақ даласында адамзат тарихындағы жан түршігерлік оқиғалардың бірі өтіп жатқан кезде, газеттер мен журналдардың беттері халықтың ынта-жігері және еңбектегі табыстары туралы рапорттарға толы болды. Биліктің ресми құрылымдарында да үндемеу салты қалыптасты. Барлық буындағы басшы қызметкерлердің басым көпшілігі жоғарыдан бұйырылатын саясатты бас шұлғып орындауды ғана білген. Алайда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын адамдар да болды (мәселен, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Ы.Мұстамбаев, Ж.Сұлтанбеков, Н.Нұрмақов, З.Төреғожин, А.Асылбеков, М.Ғатауллин, Ғ.Мүсірепов т.б.)

Республикадағы ішкі саяси жағдайдың шиеленісуіне 1920-жж. Аяғы мен 1930-жж. Бас кезіндегі БК(б)П ішіндегі троцкийшілдік оппозицияға қатысушылар мен басқа да фракция өкілдерінің Қазақстанға жер аударылуы да өз әсерін тигізді. 1928 ж. Сталиннің басты қарсыласы Лев Троцкийдің, кейінірек П.Серебряковтың, Г.Пятаковтың т.б. көрнекті оппозиционерлердің Қазақстанға жер аударылуы «ішкі жаулардың» іс-әрекеттерін жіті қадағалаған режимге БК(б)П саясатына наразы жергілікті қызметкерлерді солармен одақтасты деп айыптауға ілік болды. Ұлттар мен ұлтшыл-уклонистер туралы айқай-шуды ушықтыруға және жергілікті зиялыларды қудалауға 1923 ж. Семей губкомының хатшысы, ал кейін Өлкелік партия комитеті ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі болған Н.И.Ежов зор «үлес» қосты. Қазақстандық қызметкерлердің бір бөлігі бөлігіне троцкийшілдермен және оңшылдармен байланыс жасағандары жөнінде айып тағылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Осы ауыртпалық 1927 – 1928 жж. Ең алдымен Жер шаруашылығы халық комиссары Жақпар Сұлтанбековтың, Сырдария губаткомының төрағасы Ыдырыс Мұстамбаевтың т.б. басына түсті.

Сонымен қатар ішкі алауыздықтар және қазақстандық басшы қызметкерлердің орталықтың әлеуметтік-экономикалық саясатын сынға алуы большевиктік партияның сара бағытынан адастыратын «ұлтшыл-ауытқушыл» деп түсіндірілді, ал жеке мәселелер бойынша олардың ортақ қимылдары мен позициялары – өлкелік партия ұйымының ішіндегі топтық күрес деп бағаланды. Осындай топтарды ұйымдастырды деген жаламен 1920-жж. С.Сейфуллин, С.Меңдешев, кейінірек С.Қожанов т.б. айыпталды. Ұлтшыл-ауытқушылықпен күрестің шырқау биігі 1920-жж. ІІ-жартысында өз мәресіне жетті, сол кезде осындай «кінәлармен» айыпталған БК(б)П өлкелік комитетінің бұрынғы хатшысы Сұлтанбек Қожанов, Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов, Қазақ КСР ОАК төрағасы Жалау Мыңбаев өз қызметтерінен алынды. 10 жылдан кейін С.Қожанов ескі «күнәлары» үшін «халық жауы» ретінде тұтқындалды. 1927 – 1929 жылдары мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Мұхаммедхафи Мырзағалиев республикадан аластатылды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатысқан деп кінәланды. И.Сталинге, В.Молотовқа, Л.М.Кагановичке жазған хатында Н.И.Ежов барлық қазақ кадрлары, барлық қазақ коммунистері ұлтшылдықпен және жікшілдік күреспен уланған, олардың арасында дені сау партиялық күш жоқ деп жеткізді.

1920-жж. Аяғында Орталықта троцкишіл-зиновшіл оппозициямен және «оңшыл оппортунистермен» күрес күшейсе, ал ұлттық республикаларда ұлт-азаттық қозғалыстың өкілдерін жазалау жүріп жатты. 1928 ж. «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деп аталғандардың – бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов т.б. бар еді. Ж.Аймауытов (тарихта 1-ші атылған қазақ), Х.Ғаббасов, А.Дайділдин, Д.Әділов, Ғ.Бірімжанов ату жазасына кесіліп, қалғандарына әр түрлі мерзімге түрмеге қамау үкімі шығарылды. Олардың кейбіреулері (М.Дулатов 1935 ж. Соловкиде) лагерьде қайтыс болып, қалғандары (А.Байтұрсынов Архангельск облысына жер аударылды, М.Жұмабаев) жазаны өтегеннен кейін, 1937 ж. «Алашорданың» қызметіне қатысқандары үшін жауапқа екінші рет қайта тартылып, 1937-1938 жылдары атылды. Ұлт зиялыларының М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Қ.Кемеңгеров бастаған келесі бір тобы (40 адамдай) 1930 ж. қыркүйек-қазанда қамауға алынды. Көп ұзамай олардың ішінен 15 адам (осы аты аталғандар т.б.) Ресейдің Орталық қаратопырақты облыстарына жер аударылды. Олардың барлығы дерлік қайта қуғын-сүргінге ұшырап, 1937-1938 жж. Атылды. ОГПУ-дің үштігінің оларға таққан айыптары: Кеңес өкіметінің саясатына қарсы әрекет жасау; Шығыс Бұхарада басмашылықты (басмашылық – 1917 ж. Қазан төңкерісінен кейін пайда болған, Орта Азия халықтарының тәуелсіздік алып, біртұтас мемлекет құруды мақсат еткен сепартистік, әскери-саяси, діни қозғалысы) басқарған, кейін эмиграцияға кеткен Заки Валидовпен байланыс орнату; Ферғанада басмашыларымен қарым-қатынаста болу; жауапты қызметкерлерге қатысты лаңкестік әрекеттер жасау үшін жастардың жауынгерлік топтарын жасақтау; жастардан әскери кадрлар даярлау; байлармен тығыз ынтымақтасу мақсатында «Алқа» үйірмелерін ұйымдастыру; қоныстандыру науқандары мен іс-шараларына нұқсан келтіру; Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу т.б.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Алаш қозғалысына қатысушыларға жарияланған кешірімге қарамастан, олардың ешқандай саяси қызметпен айналыспағанын ескерместен, арада біраз жыл өткеннен кейін ұлт зиялыларының аса көрнекті өкілдері жазаға тартылды. Тұтқынға алынғанға дейін олар халық шаруашылығының, ғылым мен мәдениеттің түрлі салаларында адал еңбек етіп, Қазақстанның дамуына баға жетпес үлес қосты.

1920-жж. Аяғы – 1930-жж. Басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленіскен сайын Кеңес үкіметіне қарсы зиянды элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өрістей берді. Орталықтағы процестерге ұқсату үшін (онда «өнеркәсіп партиясына», «шаруалар партиясына» қатысқандарға қарсы сот процестері жүріп жатты) Қазақстанда ұлтшылдық бағыттағы жауларды іздеу басталды. Шахталар мен кәсіпорындарда кездейсоқ авариялар болса, колхоздар мен совхоздарда мал өлсе, өрт пен табиғи апаттар болса – бәрі де тап жауларының тіміскі әрекеті деп түсіндіріліп, осыған сай халық жауларына және кеңес үкіметіне қарсы бүлікші ұйымдар жөнінде қолдан жасалған қылмысты іс қозғалды. 1932 ж. Семейде, осы облыстың Абралы, Шыңғыстау, Қу аудандарында іс жүзінде болмаған, орталығы Алматы болып табылатын астыртын «Қазақстан шаруалар партиясының» бөлімі «ашылды». Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 1933 ж. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «байшыл-ұлтшыл контрреволюциялық «Жайлас» ұйымы әшкереленіп», жойылды. Бұл іс бойынша 55 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 12-і атылды.

Партия ұйымдарында тазалау жүргізілді. Сенуге болмайтындардың (сенімсіздер) немесе бір кезде қате жібергендердің бәрі БКП(б) қатарынан аяусыз қуылды. Олар троцкийшілдердің, оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылдардың» қатарында болдың немесе соларға жаның ашыды деп айыпталды.

1937 – 1938 жылдары террор жаппай сипат алды. Сталиннің жеке басына табынушылықтың, тоталитаризмнің нығаюы және қандай да болсын өзгеше ойлаушылықты болдыртпау, ел дамуындағы барлық қиыншылықтарды «халық жауларының» әрекетінің нәтижесі деп жариялауға ұмтылушылық ықпалды көшбасшыларды, барлық партиялық және кеңестік басшыларды өлтіруге әкелді. Ұлт зиялылары «халық жаулары» деп айыпталып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. 1937 – 1938 жылдары «ұлтшыл-фашизмді жақтаушылар» және жапон-герман тыңшылары деп айыпталып, Кеңес өкіметін орнату мен нығайтуға қатысқандардың көбі: А.Асылбеков, Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, С.Меңдешов, С.Сейфуллин, Б.Алманов, Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, Ж.Садуақасов, С.Сафарбеков, Н.Сырғабеков, С.Шәріпов, М.Жәнібеков, Н.Нұрсейітов, М.Ғатауллин «халық жаулары деп жарияланды. Қазақстан партия ұйымының көрнекті қайраткерлері О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, С.Сегізбаев, І.Қабылов, И.М.Беккер, С.Нұрпейісов, Н.Нұрмақов, М.Тәтімов, Қ.Тәштитов, С.Қожанов, Ж.Сұлтанбеков, З.Төреғожин, С.Есқараев т.б. сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Республика партия ж/е кеңес басшы қызметкерлері түгелге жуық қуғын-сүргінге ұшырады.

Т.Рысқұловқа, Н.Нұрмақовқа, С.Қожановқа, Ұ.Құлымбетовке, С.Сейфуллинге, С.Сәдуақасовқа, Т.Жүргеновке, С.Меңдешовке, А.Асылбековке т.б адамдарға таңылған жалған істер айғақтағандай, атап айтқанда, «буржуазиялық ұлтшылдық» және солар жіберген «асыра сілтеулер» шаруалар көтерілісіне түрткі болды деген себептермен айыпталған. Кеңес елінің басшылығы жергілікті қызметкерлердің жіберген қателіктерін сол азаматтарға аударған. Сонымен қатар құжаттар көрсеткендей, жазаға тартылған қайраткерлердің көпшілігі кеңестік режимге қарсы тұрған.

Революция жеңістерін қолына қару алып қорғаған М.Масанчи, Т.Әлиев, Құрманғалиев, С.Жақыпов, т.б. да социализм қайраткерлері арасынан аластатылды. Тағдыр БКП(б) ОК-нің Қазақстанға жіберген көптеген өкілдерін, партияның тәжірибелі, адал қайраткерлерін: 1905 ж-н партия мүшесі Л.И.Мирзоянды, 1919 ж-н партия мүшесі, Азамат соғысына қатысушы К.Я.Рафальскийді, 1917 ж-н партия мүшесі В.Н.Манеренді т.б. адамдарды да құтқармады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет