1937 жылы туылған, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылы) актер, режиссер, Қазақстанның халық артисі (1976), ксро халық артисі



Дата15.09.2017
өлшемі121,11 Kb.
#32819
Асанәлі Әшімұлы - (8.5.1937 жылы туылған, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылы) — актер, режиссер, Қазақстанның халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980). Алматы консерваториясын бітірген (1961). Студент кезінде әр түрлі фильмдерде кен жетай ("Ботагөз”, 1957), Жанай ("Асау Ертіс жағасында”, 1959), Бектасов ("Бір ауданда”, 1960), Болат ("Ұшы қиырсыз жол”, 1960) рөлдерін ойнады. Консерваторияның актерлік ф-тін бітірген соң, "Қазақфильм” киностудиясында Мұрат ("Менің ұлым”, 1962), Ескендір ("Торап”, 1963), Тұрар ("Тұлпардың ізі”, 1964) сияқты әр алуан бейнелер жасады. 1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады (1987 — 88 жылы осы театрдың көркемдік жағын басқарды). Театрда С. Қожамқұлов, С. майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды. Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің "Абай” спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің "Еңлік — Кебегі” мен "Қарақыпшақ Қобыландысында”), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш—Баян сұлуында”) Сәнжан (Ә. Таразидің "Күлмейтін комедиясында”), өсіпбай (Ш. Айтматов пен қаласының Мұхамеджановтың "Көктөбедегі кездесуінде”), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың "Қан мен терінде”, КСРО мемлекеттік сыйлығының, 1974), Жарасбай (Қ. Ысқақовтың "Таңғы жаңғырығында”), Асан (Мұхамеджановтың "Жат елдесінде”), Дон Жуан (М. Фриштің "Дон Жуанның думанында”), Виктор (Л. Зориннің "Варшава сазында”) сияқты әр замандағы, әр түрлі қоғамдағы әр қилы мінезді бейнелерді сомдады. Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде Қазақ сахна өнерінің тарихында қалды. Әшімов — Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актер. Оның кинодағы Бекежан ("Қыз Жібек”, 1971), Шадияров ("Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972)., Мәмбет ("Сарқырама”, 1973), Қасымханов ("Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел ("Нан дәмі”), Нұрғазы ("Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал ("Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан ("Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Ә. режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің "Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Мүсіреповтың "Амангелді”, И. Оразбаевтің "Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың "Сұлтан болсам егер мен” (1988), жылы Аймауытовтың "Ақбілек” (1989) спектакльдері мен ол түсірген "Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), "Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), "Қозы Көрпеш—Баян сұлу” (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығарм-ның да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған "Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И.А. Вовнянко) түсірілді. Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979—1982 жылы педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан "Елім-ай” киностудиясының президенті. "Парасат” орденімен марапатталған.

Туған жері – Сарысу ауданының Жайылма ауылы.

Әкесі 25 жасында соғыста қайтыс болған. Шешесі 2002 жылы сексеннен асып, дүниеден қайтқан. Асанәліден кейінгі екі қарындасы ертеректе қызылшадан қайтыс болған.

Совет одағының ордені



Асәнәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі:

- Асанәлі аға, сіз қазақ өнерімен бір­­ге жасасып келе жатқан ғұмы­ры­ңыз­­да талай адаммен дәмдес, тұздас бол­ды­ңыз. Өмір мен өнер жолында табыс­қан адам­дарыңыздың арасында бүгінде халық тұлға деп танитын жан­дар аз емес. Тұлға болып қалыптасу үшін адам­ның бүкіл ғұмыры жетпей­тін­­дей. Өйт­кені адамдар бірін-бірі тір­ші­­лікте емес, өмірден өткеннен кейін құр­меттеп жа­тады ғой. - Иә, тіршілікте талайлармен ұзақ жыл­дар сахнада театрдың қызығы мен шы­жы­ғын бірге көрдік. Енді біреулермен өмір жо­лында табысқан жан достар едік, ал енді біразы өнер жолында өзіміз қадір тұтып, қастерлеген тұлғалар болатын. Мұхтар Әуе­зов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұста­фин, Сәбит Мұқанов сынды асқарлы жазу­шы­лар - театрдан бір сәт қол үзіп көрмеген нағыз тұлғалар. Олар - өздеріне дейінгі ұлтым деп өткен Алаш азаматтарының жал­­ғасы. Одан кейінгі қазақ театры мен кино­сына өшпес із қалдырған Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Құрман­бек Жандарбеков, Шәкен Айманов сынды сахна өнерінің саң­лақ­тары, олардың өкше­сін басқан Нұрмұ­қан Жантөрин, Ыдырыс Ноғай­баев, Сей­фол­ла Телғараев, Таңат Жай­лы­беков, му­зы­ка өнерінің жарық жұл­дызы Шәмші Қалдаяқов, күні кеше әзіліміз жарасқан Әнуар Молдабеков пен Есболған Жайсаң­баев­тар - бәрі-бәрі қайталанбас тұл­ғалар. Алайда жер басып жүргенде жұмыр басты пенде ешқашан жүз пайыз тұлға бола ал­май­ды. Тек өмірден өткеннен кейін ғана тұлғаның пендешілігі бірте-бірте ұмытылып, ел есінде оның жарқын бейнесі мен игі істері қалады екен. Сондықтан тұлғаны тірі­сін­де бағалай алу мүмкін емес. Кезінде орыс­тың Белинский деген ұлы сын­шы­сы өз заманында орыстан бір жақсы жазу­шы шықпады-ау деп жыларман болған екен. Сонда оның қатарында Пушкин мен Гоголь жүріпті. Ал осы екеуі орыстың ұлы жазушы­сы емес деп қазір кім айта алады? Өзімізбен қатар жүргенде қандай тұлға болса да «е, соны қойшы» дейміз. Талай ұлы тұлғаларды менсінбедік қой кезінде. Халық­тың талға­мы, уақыттың сүзгісі шын асылды асық­пай таң­дайды. Әсіресе біз, қазақ хал­қы, тір­ші­лік­те тірі жанды менсінбей, кем-кеті­гін іздей­­міз, өмірден өтіп кеткеннен кейін ға­на «ойпырым-ай, ол пәлен еді, тұлға еді» деп көлгірсиміз. - Сіздердің тұстарыңыздағы буын өнер­дің телегей теңізіне алғаш қайық сал­ғанда, өздеріне дейінгі дарындары дария даналарды үлгі тұтып, солардың әр сөзінен, ісінен тәлім алғанын мақ­та­ныш­пен айтып жүреді. Бүгінде «қазақ өнерінің корифейі» атанған Асекең күні кеше Тоқпановтай ұстаздың тоқ­па­ғын, «қазақ киносының Құлагері» атан­ған Шәкеңдердің ұстаздық мек­те­бін көрді емес пе? Бүгінде сахна және кино өнеріндегі ұстаз бен шәкірт ара­сын­дағы осындай бір әдемі байланыс үзіліп қалғандай?.. - Біз әрқайсысы бір-бір театр, бір-бір мек­теп - қазақ сахнасының тұнық бастауы бол­ған тұлғаларды үлгі тұтып өстік. Әлі есім­де алғаш Алматыға келіп, Мұхтар Әуе­зов­ті жанынан көрген кезімде есімнен танып қала жаздағанмын. Одан кейін тағ­дыр мені Шәкең, Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Құрекең сынды өнер иелерімен әріптес бо­лу­ға жазды. Бүгінде ғұмырында мұндай мек­теп көрмеген көгенкөздерді көргенде өзім­нің бақытты екеніме көзім жете түседі, кеу­демді мақтаныш сезімі кернейді. Жоға­ры­да есімі аталғаны бар, аталмағаны бар саф өнердің саңлақтарының арасында ар­найы білімі болмаса да, туабітті таланты, ин­теллектісіне тәнтімін. Әзіл-қалжыңдары, әңгімесінің өзі бір таусылмас, түпсіз, тұң­ғиық еді ғой. Олар­дың басқосуының өзі бір спектакль тәрізді болатын. Сахнада, кино­да биік бола білген өнер иелері сол кез­дің өзінде кино тек қана ұлттық болуы ке­рек­тігін айтып кетті. Кино ұлттық болғанда ғана көпұлтты болады де­ген ұран көтеріп, қарапайым түсінікті енді­ріп кеткен де солар еді. Ал бүгінде уызына жарымаған жал­тақ­тар ұлттың пайдасына ше­шім қабылдаудың орнына, елді тұқыр­та­тын, рухын түсіретін дү­ниелерді дабыра ету­ге құмар. Кеңес заманында өнердегі идео­ло­гияның рөлі күшті болатын. Біз «мамандар бәрін шеше­ді» деген ұранмен қызмет еттік. Қазір­гілер «ақша бәрін шешеді» деп ұран­дай­ды. Маман тәрбиелеуге аса назар ауда­рыл­май­ды. Өзімнің ұстазым Асқар Тоқпанов, алдымен, кәсіби режиссер, шынайы педа­гог болатын. Асекең актерлік шеберлік пә­ні­нен елу жыл сабақ берді. Ол кісі ылғи «Өзі жары­мағанның сарқытын ішпеңдер» деуші еді. Жекіп ұрсып та, кейде басыңнан сипап та, тіпті шапалақтап та алатын. Оның тоқ­па­ғын да жедік, айғайын да естідік, бірақ қатты құрметтейміз, біз оның мұ­ны­сын аға­ның жанашырлығы деп қабыл­да­дық. Ал қазіргі балаларға дауыс көтеріп көр, бірден сотқа сүйрейді. Негізінде, бі­реу­дің біреуді өнерге дайындауы деген - қи­сынсыз нәрсе. Таланттыларды танып, қол­тығынан демеп, қамқорлық жасау қа­жет, егер ол шын талант болса, халық айт­пақ­шы, «тас жарады, тас жармаса, бас жа­ра­ды». - Бүгінде елімізде «50 театр жұмыс істейді» деп ауыз толтырып айтып жүр­міз. Алайда осы театрларда қазіргі кез­де классикалық туындылардан гөрі кө­біне аударма шығармалар жиі қо­йы­­ла­ды. Сонда бізде қазір сахнаға шыға­рар­лық ұлттық туындылар жоқ па, әлде бұл режиссураның әлсіздігінен бе? - Бұл да - еліктеушілік деген идиотизм­нің басымдығынан. Жалпы, қазір қазақ театрында режиссура жоқ. Бәрі шетінен жал­­пақбай. Қазір өзі жалпақбайлардың зама­ны ғой. Ал жоғарыда отырғандар театр өнерін жете түсінбейді. Кезінде Черчилль, Сталин секілді адамдар театр де­ген­­нің, жалпы, өнер дегеннің не екенін те­рең ұғын­ған. Мысалы, қатыгез Сталиннің өзі өнер адамдарына тиіспеген. Оның за­ма­­нында киноның түсірілімі Сталинсіз өтпеген. Кино түсіріліп жатқанда ол фильм­нің үзінділерін ар­найы келіп, көріп тұратын болған. Ол кіші театр­дың бір қойылымына сегіз рет барған екен. Демек, оның өнерге деген махаббаты зор болғаны ғой. Біз мәдениетті бәрінен жоға­ры қоя білуді үйрене алмай келеміз. Көше­де жүру үшін де, адаммен сөйлесу үшін де, дастарқанда отыру үшін де мәде­ниет керек. Бірақ біздегі мәдениеттің тө­мен­ді­гіне кінә артудың өзі қиын. Өйткені біз феодалдық құрылымнан бірден ыршып-ыршып, асығып келеміз ғой. Сондықтан бізде ентігіс бар. Басқалар жаяу асықпай келе жатса, біз соған ілесу үшін жүгіріп оты­руымыз керек. Өзге өркениетті елдер әл­де­қа­шан асықпай баяу жүріп-ақ, бізден озып кеткен. Біз солардан қалып қоймау үшін жүгі­ріп келеміз. Ал енді жаяу жүрген адам мен ылғи жүгіріп келе жатқан адамның жағ­дайы белгілі ғой. Қазақтан космонавтикаға үлесі бар Қ.Сәтбаев секілді ұлы адамдар да шыққан, сондай-ақ ауылда әлі күнге мүлдем сауат­сыздар да жетерлік. Біздің тағы бір кем­ші­лігіміз - барымызды жарқыратып көр­сете алмаймыз. Өзіміз бас­­қалардың қойы­лымдарын театр сах­на­сы­на шыға­ра­мыз, ал біздің қазақ қойы­лым­­дарын тіпті өзі­міздің елдегі орыс театр­лары қоймайды. Де­мек, бізді халық ретінде мойындамайды деген сөз. - Өзіңіз театр сахнасында небір клас­­­сикалық шығармалардағы басты кейіп­керлерді ойнадыңыз ғой. Өзге ұлт тұл­­ғасының кейпін сомдағанда, оны қа­за­қы­ландыруға тырысатын секіл­ді­сіз? - Кез келген кейіпкердің рөлін ойна­ған­да оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмегендіктен, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл - қоқи­­байлық. Қазіргі біздің театрлардағы актер­лердің 99 пайызы - қоқибайлар. Ел олар­ды актер деп ойлайды. Ал енді өзге ұлттың тұлғасын қазақыландыруға келер бол­­сақ, рас, мен егер Отеллоны, Гамлетті ойна­­сам, оны қазақыландырамын. Қойы­лым­­да белгілі бір детальдар ғана сол ұлттікі ретін­де қалдырылып, қалғаны қазақ көрер­­менінің танымына икемделуі керек. Айта­лық, Мұхтар Әуезовтің Гогольдан ау­дар­ған «Ревизорын» оқысаңыз, шығарма бей­не бір аударма емес, түпнұсқасы қазақ­ша жазылғандай. Сол секілді кез келген актер, ең бастысы, өзінің қазақылығын жо­ғалт­­пауы керек. Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге бо­ла­ды. Намыспен қаруланған актер ғана ұлт­тық өнердің мүддесін, мұратын көз­дей­ді. Талантты биіктететін намыс екінің бірінде жоқ. Абайдың өзі «Бәсеке неге озасың деп күн­деуің болмасын, өзіңді өзің қамшылауың бол­сын» дейді. Патриоттықтың негізі - на­мыс. Қазақпыз ғой деп кемшілігімізді бі­рі­міз­­дің бетімізге біріміз басып жатамыз. Бұл - на­мыссыздық. - Армансыз адамды қанатсыз құсқа теңеп жатады ғой. Сіздің өнер иесі ретінде орындалмаған арманыңыз бар болар?... - Мен театр сахнасында Гамлеттің, Абай­дың рөлін ойнауды армандадым. Осы арма­нымның жүзеге аспағандығын, бәл­кім, өкініш деуге де болар. Бірақ өмірде ой­лағаныңның бәрі орындала бермейді ғой. Адам армандай білуі керек. Арман адам­ды алға жетелейді. Сахнада Гамлетті ойнай алмадым-ау деген ойдың өзі менің жігерімді қамшылай түсті. Иә, мен Абайдың кейпін сомдай алмадым, есесіне «Қараш-Қарашта» Жарасбай деген байдың рөлінде Абайды ойнағандай болдым. Себебі мен шығар­мадағы жағымсыз кейіпкер Жарас­бай­ды жақсы қырынан тануға тырыстым. Өйткені ақымақ адамға дәулет бітпейді. М.Әуезовтің осы кейіпкерін Жарасбай ата­ға­нының өзі маған үлкен ой салды. - Сіз бір сөзіңізде «актер әркез ре­жис­серге бағынып, оның айтқанына бас шұлғи бермеуі керек» деген едіңіз. Өзі­ңіз «Шоқан» фильмін түсіргенде ре­жис­сер ретінде ырқыңызға көнгісі кел­ме­гендерге түсіністікпен қараған бо­лар­сыз?.. - «Шоқанды» түсіру кезінде мені актер мәселесі көп ойландырды, әр актерге түсі­ніс­тікпен қарауға тырыстым. Жақсы актер­мен серіктес болудың өзі - бақыт. Режис­сердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерге тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес. Өнердегі қазақтың азаматтарына айтарым - бір тәңірі сый­ла­ған дарынды өз орнымен пайдалана біл­ме­сек, келешектің алдында кешірілмес кү­нә­ға қаламыз. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақ­пыртың керек емес, елді тек­ті өнер бас­қа­рады. Өзіңді өзің жиі сы­на­ма­саң, қажет бол­са, отқа да, суға да түс­песең, жақсы актер болу мүмкін емес. - Сіздің қазақ киносындағы сәтті шыққан сүбелі рөлдеріңіздің бірі - жа­қында ғана көрерменнің назарына ұсы­­нылған «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміндегі бас кейіпкер. Сіздің кино­дағы ұзақ жылдық тәжірибеңіз бен шебер­лігіңізден болар, режиссер Қуат Ахме­товтің бұл фильмін көрермен жақ­­сы қабылдады. Өзіңіз, жалпы, бүгін­де сәнге айналған экшн жан­рын­дағы фильмдерге түсу туралы ұсы­ныс­тар­ға қалай қарайсыз? - «Сіз кімсіз, Ка мырза?» - өзіндік сю­жеті бар, адамгершілікке негізделген, Отанға деген патриотизмді насихаттайтын, кеңес заманының стилінде түсірілген фильм. Қазіргі жастар мұндай фильмді он­ша түсіне бермейді. Ал анау шетелдің бас-аяғы жоқ, пух-пах атыс-шабыс киноларын өліп-өшіп қарайды. Көрермен ауысты. Мені, қазіргі тілмен айтқанда, экшн жан­рын­дағы фильмдерге түсуге жиі шақырады, бірақ мен сценарийін оқығаннан-ақ фильм­ге түсуден бас тартамын. - Жақында сізді «Арман қала» атты отандық телехикаядан көріп қалдық. Бізді сіздің телехикаяға түсуге қалай келіскеніңіз таңғалдырды. - (Күлді.) Шынымды айтсам, сол теле­хи­каяға түскеніме өкінемін, өзім тіпті оның экранға шыққанын көрген де жоқпын. «Ар­ман қаланы» кино деп атауға да келің­кі­ре­м­ейді. Кейде осылай халтураға баруға да тура келетін кездер болып қалады. - Қазіргі кезде көрермен, әсіресе жас­тар, Голливуд жұлдыздарын пір тұ­та­тыны шындық. Бұл біздің кино өнерін идеологиялық қаруға айналдыра алмауымыздың кесірінен болса керек. Біз қашан ұлттық кино түсіреміз деп жүргенде, өскелең ұрпақ «өрмекші адам» немесе «терминатор» болып кетпей ме?.. - Иә, қазіргі кезде шетелдің фильмдерін айтпағанда, өзіміздің режиссерлер түсіріп жатқан фильмдерде шетелдік актер ойнаса болды, ғажап туынды деп қабылдай бере­міз. Егер осы процесс ұзаққа созылатын бол­са, қазақтың дүниежүзілік мәдениетке қосар ұлттық сипаттағы болмысы еңсе түзей алмақ емес. Өркениет айдынында біз­дің Америкадан, Еуропадан еш айыр­ма­шы­лығымыз болмайды. Ал ұлттық үрдісінен ажыраған елдің өнерін ешкім де тұшынып көрмейді. Шындығына келсек, актерлік шеберлік жөнінен өзіміздің қазақ актерлері көбінен мықтырақ. Ал анау Шварценеггер, Ван-Дамм дегендер актер емес, ең алды­мен, спортшылар, Анджелина Джоли се­кіл­ді актрисалар - модель. Бірақ біз осыны түсі­нгіміз келмейді, өнердің қай саласын алып қарасақ та, еліктеушілік басым. Күні кеше Абай алысып өткен надандық әлі бар бізде. Біздің әлі құлдық психологиядан арыла алмауымыз - үлкен кемшілік. Біреуге бағыну, табыну басым, жалтақпыз. Кезінде Мұхтар Әуезов «өнерсіз ел - ел емес» деген еді. Мен осыған қосыламын. Кеңестік идео­логияның кесірінен кезінде біз өзі­міз­дің ұлттық батырларымыздан гөрі Гитлер, Наполеон, Грозный туралы көп білдік. Өз басым алпыстан асқанда төл тарихымызды қайта оқуыма тура келді. Осының зардабын қазір қазақ киносы тартып келеді. Негізі ұлттық бояуға құрылмаған туындының ғұмы­ры келте. Біздің қазіргі кинемо­тог­ра­фия­дағы өздерін «жаңа ағымдағы толқын» деп атайтын жастарымыздың шығармалары еуропаланып барады. Мұндай тұғыртасы шайқалып тұрған туындылардың болашағы да жоқ. Міне, ұлтсыздық, намыссыздықтың маңдайы тасқа тиетін жері - осы. - Аға, сіздің шахматты ғажап ойнай­ты­ныңызды білеміз. Жұмыс каби­не­ті­ңіз­де төрт адам ойнайтын шахмат түрін қойып қойыпсыз... - Өмірдің өзі - шахматтың ойыны. Бұл - ой еркіндігін танытатын текті, ақсүйек өнер. Ал өзім шахматты сонау мектеп жасынан ойнаймын. Мықты қарсы­лас­та­рым­ның қатары сиреп қалды. Ермек үшін емес, шама-шарқымша ойнаймын, кейде ұта­мын, кейде ұтыламын. Шахматтың төрт адам ойнайтын түрін өзіміздің қазақ аза­мат­тары ойлап тапқанына мақтануымыз керек. Маған мұны автордың өзі әкеліп берді. Төрт адам ойнауға арналған шах­мат­тың патентін ағылшындар екі миллион долларға сатуды өтініпті. Бірақ біздің аза­мат­тар оған келіспей отыр екен. Біздің елде дарындар аз емес, бірақ оларға қамқорлық жетпей жататыны шындық. Жалпы, мен спорт­тың қай түріне болса да жанкүйермін. Ұлт­ты ұлт ретінде танытатын өнері мен спорты ғой. Американы Америка еткен - кино­сы. Сонау 1980 жылы Мәскеудегі олим­пиадада Ж.Үшкемпіров чемпион бол­ғанда, оның ойынын түнімен көріп, ол же­ңіс­ке жеткенде қуанғанымыздан жылап жі­бергенбіз. Спорт та - намыс. - Қазіргі таңда кино өнеріндегі бә­се­ке, жетістік шетелдік бай­қау­лар­да­ғы жүлдемен өлшенетін болды ғой. Өзіңіз де елімізде жыл сайын өтетін «Шәкен жұл­дыздары» байқауын басқарып отыр­­сыз. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» демекші, қандай да бір додаға түскен фильмдердің өзіндік артықшылықтары бар ма? - Қазіргі фильмдерді алдымен өзіміз көр­мей, шетелге ала қашатынымыз рас. Алды­мен мұхиттың ар жағындағыларға үшкіртіп, олардың батасын алмасақ, көңі­лі­міз көншімейді. Кешегі Айманов, Қожы­қов, Бегалин, Қарсақбаевтарды қазақ ки­но­сының тарихынан сызып тастап, тарихты өзінен бастағысы келетіндер шетелдің ар­зан­қол сыйлығына мәз болып жүр. Сондық­тан да қазіргі өнер өміршең бола алмай, айлакер-алпауыт тобырдың арасында ада­сып жүр. Ал «Шәкен жұлдыздары» бай­қауы туралы айтар болсам, мұның басқа конкурстардан айырмашылығы, бұл - студенттердің дипломдық жұмыстары. Бұл байқауды жастардың тырнақалды режис­сер­лік еңбектері, алғашқы үлкен байқауы деп қабылдау керек. Байқау келешекте та­лантты жастарға бағыт беруді мақсат етеді. «Шәкен жұлдыздарын» көбі дұрыс түсін­бей, байқауға қатысқан жастардың шы­ғар­ма­ларының ішінен жақсы кино іздейді. Алайда мұны қыруар қаржы жұмсалатын халықаралық байқаулармен салыстыруға келмейді. «Шәкен жұлдыздарының» абы­ройын асқақтату үшін мен 80 мың еуро беріп, Депардьені шақыра алмаймын. - Актерлік деген бекзадалық өнер­дің биігіне көтеріле білген Асанәлі Әші­мов нәзікжандылардың махаббатына бөленген жан десек қателеспейтін шығармыз, аға? Өзіңіз шын сүйе білген, сүйік­ті де бола білген адам ретінде айты­ңызшы, отбасылық өмірде біреу­дің махаббаты екеуге жете ме? - Отбасындағы жұбайлардың екеуі де бірін-бірі сүюі керек. Алайда әйел еркекті артығырақ сүйсе, ол отбасында бақытты өмір болады. Ал егер ері көбірек сүйіп, әйел сүймесе, онда өмір болыңқырамайды. Әйел ерін онша ұнатпай, көңілі басқа жақ­қа ауып тұрса, несі жақсы. Әйел - үйдің алтын діңгегі. Әйелдің махаббаты күштірек болғанда ғана толыққанды отбасы бола алады. Еркектің басын төрге сүйрейтін - әйел қауымы. Өмірде шексіз сүю өліммен тең. Кешегі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Ромео мен Джульеттаның махаббаты - трагедия. Ал өмірдегі сыйластық, симпатия отба­сылық өмірдегі сүйіспеншілікке тән. - Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым бар...

Қазіргі біздің қоғамның ең үлкен трагедиясы - тойымсыздық. Өз басым ақшаға бас ұрған, соған тәуелді шенеуніктерді аяймын. Оларда нағыз өмір, күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Қытайларда «ұйқыңыз қалай?» деген мәтел бар. Қытайлардың бір-бірінен бұлай қал-жағдай сұрасуының себебі - адамның түнгі ұйқысы дұрыс болса, көңіл күйі де, денсаулығы да жақсы деген сөз. Ал біздің қалтасына ақшаны баса берсем, баса берсем дейтін шенеуніктеріміз өздерін қашан, қай жерде, кім атып кетер екен деген үреймен өмір сүреді. Осы өмір ме? Мәңгілік билік пен мәңгілік құндылықтардың аражігін саралайтын парасат-пайым алдыңғы орынға шығатын күн жақын болса екен!

Фильмдері

    «Қыз жібек»

    «Атаманның ақыры»

    «Транссібір» экспресі»

    «Манчжурлік жол»

Кітаптары

    «Майраның әні»

    «Жан бөлек»

    «Алаштың Асанәлісі»

    «Менің жанрым – күнделік»

    «Ғұмыр-дария»



деп аталатын 5 томнан тұратын көп томдық шығармалары «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет