60.Шығыс Қазақстан облысының табиғи және мәдени мұраларының ескерткіштері ұлттық бірлік символы ретінде.Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштері – Қазақстанның шығыс өңірінде көне дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштердің тобы.Негізінен қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы жәдігерлерді біріктіреді. Түрлі тарихи дәуірлерді қамтитын, көлемі бойынша Қазақстандағы аса үлкен топтардың бірін құрайтын, саны жағынан мыңдап саналатын ескерткіштерді зерттеу 19 ғасырда басталды. Оған белгілі ғалымдар: Г.И. Спасский, А.В. Адрианов, Н.Я. Коншин, В.В. Радлов, С.С.
Черников, С.Аманжолов, А.Аманжолов, С.С. Сорокин, А.А. Крылова, Х.Алпысбаев, А.Г. Медоев, Ф.Х. Арсланова, С.Ақынжанов, З.Самашев, Ю.И. Трифонов, Ж.Таймағамбетов, А.А. Чариков, А.С. Ермолаева, Ә.Төлеубаев, Г.Г. Петенева, т.б. ат салысты. Тас дәуірі ескерткіштері арасында ең көне уақытқа жататын нысан ретінде Күршім ауданындағы ерте палеолиттік (ашель кезеңі) Қозыбай тұрағы белгілі.
Бұдан кейінгі, яғни мустье кезеңіне қарасты ескерткіштерден Қанай (ерте қабаты), Нарым, Бөдене-1 тұрақтары ашылған. Свинчатка, Пещеры, Қанай (жоғарғы қабаты), Новоникольское, Хайрюзовка, Шульбинка тұрақтары кейінгі палеолитке тән құралдардың маңызды тобын берді. Тас дәуірінің ең соңғы сатысы болып табылатын неолит кезеңіне жататын көрнекті ескерткіштерден
тас құралдармен қатар, қыш ыдыс үлгілері көптеп табылған Усть-Нарым, Малокрасноярка тұрақтары жақсы белгілі (біздің заманымыздан 3-мыңжылдық). Қола дәуірінде өлке тұрғындарының экономикасы мен қоғамы күрт дамыды, ескерткіштердің таралу аумағы анағұрлым кеңіп, адам тіршілігіне қолайлы, ұрымтал, нулы-сулы алқаптарда көлемді қоныс-мекендер мен қорым-зираттар пайда болды.
Ғалымдардың пікірінше, көне экономиканың шұғыл көтерілуіне тікелей әсер еткен факторлардың арасында мал шаруашылық мен егіншілікке қолайлы алқаптардың болуы ғана емес, әсіресе, бұл өлкелерде мысалы, қалайы, алтын, қорғасын, темір сияқты металл кендерінің аса зор қорларының орналасуы маңызды орын алды. Мұны археологиялық барлау-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ашылған ондаған көне кен орындары нақты дәлелдеп отыр. Қола дәуірінің андронов тарихи-мәдени қауымдастығына жататын федоров мәдениеті ескерткіштерінің өте үлкен тобы анықталған. Қанай
ауылы маңынан зерттелген қоныс, зират пен ғұрыптық орынның аса құнды деректері ғылымның алтын қорына енді. Зевакино зираты құрамында 500-ден астам нысан бар аса көрнекті ескерткіш. Трушниково, Малокрасноярка қоныстарынан алынған бірегей материалдар осы өлке ғана емес, жалпы Қазақстанның соңғы қола кезеңіне қатысты құндылықтарға айналды. Қола мен ерте темір дәуірлерінің арасын алып жатқан өтпелі кезең ескерткішіне жататын Измайловка зиратынан қызықты әрі бірегей мәліметтер алынды. Ерте темір дәуірінде өлкені мекендеген сақ тайпаларының жүздеген ескерткіштері анықталып отыр. Тас, топырақтан үйілген обалары бар сақ қорымдары Ертіс пен оның салаларының алқаптарында, Қалба-Нарымның теріскей және күнгей
беткейлерінде, Шыңғыстау мен Тарбағатайдың жоталарында, Шілікті алқабында жиі кездеседі. Бұл дәуір тұрғындарының мәдениетін зерттеуші ғалымдар оны 3 кезеңге бөліп қарастырады: майемер (біздің заманымыздан 7 – 6 ғасырлар), берел (б.з.б. 5 – 4 ғасырлар) және Құлажорға (б.з.б. 3 – 1 ғасырлар) кезеңдері. Атап айтқанда, зерттеу деректері Шілікті және Берел сияқты сақ обаларынан алынып отырған соны материалдармен кеңінен толықтырылды. Орта ғасырлар дәуірінің жәдігерлері арасында Түрік қағандығы кезеңінің жерлеу орындары мен көптеген тас мүсіндері, әсіресе, Ертіс бойында көптеп саналатын қимақ (кимек) обалары, қыпшақ заманының жәдігерлері белгілі. Ескерткіштердің айрықша түріне өлкеде кеңінен тараған тастағы таңбалар, яғни петроглифтер жатады. Көне замандардан бастап орта ғасырларға дейінгі уақытты қамтитын петроглифтердің бірнеше мың үлгісі сақталған. Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштерін ашып-зерттеу жұмыстары
нәтижесінде Қазақстанның, Кіндік Азияның, тіпті бүкіл далалық Еуразияның көне және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар құнды деректердің өте көлемді тобы жинақталған.