1.«Қазақстан тарихы» курсының пәні, мақсаты мен міндеттері


ХХ ғасырдағы ұлттық интеллигенцияға қарсы репрессиялар



бет119/156
Дата21.12.2022
өлшемі0,86 Mb.
#163773
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   156
Байланысты:
тарих сессия

61.ХХ ғасырдағы ұлттық интеллигенцияға қарсы репрессиялар.
Тоқталатын жағдай қуғын-сүргін,жазалау үрдістерінің өршуі жайлы болмақ... 20 жылдардың соңында баршаға бірдей күдіктену жағдайы ушығып,шарықтау шегіне жетті.Орталықта Троцкий мен Зиновьев оппозициясымен және ұлттық республикаларда «оңшыл оппортунистермен» күрес революцияға дейінгі кезеңнің ұлт-азаттық қозғалысы өкілдеріне қарсы қудалау,жазалау түрінде жүрді.
1928 жылы «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген жалған айыппен 44 адам, бұрынғы Алашорда қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов және т.б. тұтқындалды. 1930 жылы екінші топ ішінде М. Тынышпаев, Х. Досмұхамедов сынды зиялылары бар 40-тан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 1937-1938 жылдарда саяси қуғын-сүргін қатыгездігі жағынан өзінің шарықтау шегіне жетіп, жаппай сипатқа ие болды. Жоғарыда аталған азаматтардан басқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, Ж. Садуақасов, О. Исаев, О. Жандосов, қазақ әдебиетінің өкілдері С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, ғалымдар Қ.Жұбанов, С. Асфендияров және т.б. ұсталып, атылды.
Тұтқындалғанға дейін олардың бәрі халық шаруашылығының әртүрлі салаларында адал қызмет етіп,Қазақстанның өркендеуіне орасан зор үлес қосқан.Зиялы қауым өкілдерінің қарсылығын түпкілікті басып тастау үшін,режим оларды «мал-мүлікті тәркілеу жөніндегі шараларға қарсы тұрды» деп айыптады.
«Ұлтшыл фашистер» деп аталып,1937-1938 жылдары қудаланғандар істерінің материалдары Н.И.Ежов пен оның сыбайластарының қылмыстық істерді оп-оңай қолдан жасаудың шеберлері болғанын дәлелдейді.
Сталиндік қуғын-сүргін саясатына байланысты Қазақстан жазалау лагерьлерінің аймағына айналды. Қазақ жерінде Дальний, Степной, Песчанный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл лагерьлері, Кеңгір, Өскемен арнайы лагерьлері ашылды. Бұл лагерьлер ішіндегі ең ірілері - Карлаг (ерекше тәртіптегі Қарағанды лагері), «Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған Ақмола лагері («АЛЖИР») болды.
1937 жылдың күзінде Қазақ өлкесіне Қиыр Шығыстан «жапон тыңшылары» деген заңсыз айып тағылып, 100 мың корей күштеп қоныс аударылды.
Сол жылдың күзінде КСРО-ның кавказдық шекарасы бойынан «шекаралық аймақты тазалау мақсатында» мыңдаған курдтар, түріктер, әзірбайжандар, ирандықтар Қазақ жеріне күшпен көшіріліп әкелінді.
1920 жылдардың соңында КСРО-да тоталитарлық жүйенің негізі толығымен орнады. Бұл 1929 жылғы 6 қарашадағы КСРО-ның БОАК мен ХКК шешімімен қауіпті қылмыскерлерді қоғамнан аластату мен күшпен еңбек еткізу және алыс әрі игерілуі қиын аудандардағы табиғи ресурстарды игеру үшін КСРО-ның шеткі аймақтарында - солтүстік аудандарда, Оралда, Қиыр Шығыста, Орта Азияда еңбекпен түзеу лагерьлерін құруынан көрінді. Бұл жерде БМСБ мен соттың ерекше қаулысы негізінде 3 жылдан 10 жылға дейін сотталғандардың еңбегін пайдалану туралы шешім қабылданды. Ол кезде еңбек лагерьлерінің және Еңбек қоныстарының бас басқармасы – ГУЛАГ құрылған болатын. 1940 жылы ГУЛАГ жүйесінде 53 лагерь болды, ал 1954 жылы олардың саны 64-ке жетті. 1930 жылы лагерьлерде 179 мың адам тұтқында болса, 1940 жылы 1344408 адам, ал 1953 жылы олардың саны 1727970 адамға жетті.
1930 жылы КСРО ХКК-нің 13 мамырдағы қаулысымен Карлаг құрылды. Қарқаралы округінің аумағынан оған 110 мың га жер бөлінді. Қарағанды лагерінің басқармасы Қарағандыдан 45 км жердегі Долинка селосында орналасты. Карлаг ашылғанда, онда 47 ұлттың 2567 тұтқын өкілі отырды. 1933 жылы олардың саны 20262 адамға жетті, оның 2943-і қазақ болды. 1937-1938 жылдары тұтқындар саны 43 мыңға жетті. Карлаг жүйесінде 292 шаруашылық лагері, 26 ерікті қоныс бөлімшесі болды. 1931-1960 жылдары Карлагта 1 млн-ға жуық адам жазасын өтеді
Мәскеу мен Ленинградтағы «дәрігерлер ісі», «Ленинград ісі» және т.б қолдан жасалған «істер» Қазақстанда да пайда болды. «Іле ісі», «Шымкенттік іс», «Қарқаралы ісі» және т.б. «істер» бойынша «контрреволюциялық топтарға қатысушылар әшкереленіп, оларға ашық соттар жүрді». Ресми құжаттарда «сот құрамын ашық процестерді тез ұйымдастыра алатын адамдардан құру туралы» бұйрықтар беріліп отырған. ІІХК «үштігі» ешқандай сотсыз үкімдер шығаруға құзырлы болды. Ал «Қылмыстық кодекстің бабы» деген орынға «шетел агенті», «контрреволюциялық үгіт», «зиянкес» деп жазылып отырған.
Қорытындылай келе, ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңы мен 30 жылдарында тоталитарлық режим қоғамдық-саяси өмірдің барлық дерлік салаларында нық орнады.Қазақстанда ол күштеп ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңінің қайғылы оқиғаларымен қатар жүріп,ерекше апатты сипат алды.Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер,Қазақстанға одақтық республика мәртебесінің берілуі,мәдени құрылыс,халыққа білім беру және ғылым салаларындағы табыстар тоталитарлық режимнің қатал идеологиялық қысымы мен бақылауында болды.Осының барлығы Қазастанның КСРО құрамында ары қарай дамуын айқындап бергені туралы ой түйіндейді. Қазіргі уақытта Қазақстан тарихындағы қаралы беттердің бірі – жаппай сталиндік саяси репрессиялар. Аталған тақырып бойынша елімізде тарихшы-ғалымдардың атқарып отырған еңбектері кең ауқымды, келешекте сол бір зұлмат заманның көптеген жасырылып келген құпиялары әлі де ашылады деген ойдамын. Ал Қазақ халқының жазықсыз ату жазасына ұшырап, репрессияланған қайраткерлерінің халық алдыңда атқарған еңбегі өзінің тиісті бағасын алуда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   156




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет