Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал, XІX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын әр түрлі құралдар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі - қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең “қазақ ері” болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің “құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің бәрін - тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы және т.б жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған.
Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б дайындады.Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.