8.Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың қызметтері мен Шығармашылықтары
1905 жылы Әлихан Бөкейханов Ресейдің земство және қала кайраткерлерінің Мәскеуде өткен съезіне делегат болып қатысты. Сол съездің биік мінберінен сөз сөйлеген ол өз халқының мүддесін, соның ішінде қазақ тілінің мәртебесін қорғап, былай деп мәлімдеді: «Мен Оралдан Алтайға, Сібір темір жолы желісінен Омбыға дейін... созылып жатқан орасан зор аумақта тұратын қырғыз деген халықтың өкілімін... Бізде... қырғыз тілінде оқытатын мектептерге қысым жасалады... шаруалар бастықтары (олардың басым көпшілігі бұрынғы ротмистрлер) әкімшілік және құқықтық істі қарау кезінде қырғыз тілін қолдануға мүлде жол бермейді. Қырғыздар ана тілінің еркін қолданыста болуына өте мұқтаж...» Ә. Бөкейханов халықтың біртуар перзенті, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының шын мәніндегі көсеміне айналды. Омбы жандарм басқармасы бастығының мойындағанындай, ол «барлық митингілер мен петициялардың және үкіметке қарсы үгіттердің ұйытқысы, даладағы... қазақтардың барлық мәдени-саяси қозғалысының көшбасшысы және жетекшісі» болды.
1905 жылы Ә. Бөкейханов Ресей конституциялық демократтар (кадет) партиясына мүшелікке қабылданды. Осы жылы Қарқаралыда орыс отаршылдығына қарсы өткен қозғалысқа басшылық жасап, петиция ұйымдастырды. Ресейдің I Мемлекеттік Думасына Семей облысынан депутат болып сайланады. 1905—1907 жылдары кадеттердің «Степной пионер», «Степной край», «Иртыш», «Омич», «Голос» атты газеттеріне белсенді түрде мақалалар жазып тұрды.
1913 жылы Ә. Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері А. Байтұрсынов және М. Дулатовтармен бірге тұңғыш жалпыұлттық баспасөз ұйымы — «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Газет беттерінде халыққа білім беру, ұлттық сана-сезімді ояту хақында көптеген құнды дүниелер жарық көрді. Ә. Бөкейханов ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Мәселен, ол Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің жұмысына қатысты. Ол екі тілге бірдей жетік еді, қазақша да, орысша да еркін жазды. Оның қаламынан көптеген тарихи және этнографиялық туындылар, атап айтқанда, «Қырғыздар» («қазақтар» - авт.), «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты материалдар», «Қарқаралы уезіндегі қырғыздардың рулық құрылымы», Абай қазасына арналған «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты қазанамалық мақаласы, тағы басқа зерттеулері жарық көрді.
Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың 21—26 маусымында Орынборда I Бүкілқазақ съезін өткізіп, «Алаш» партиясы атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Сол жылы Орынборда өткен «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» үкіметі құрылып, Ә. Бөкейханов оның төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметі кезінде ол бірыңғай ғылыми, әдеби, аудармашылық қызметпен айналысады. Жазықсыз қуғынға ұшырап, 1937 жылы ату жазасына кесіледі. 1989 жылы ақталды. Ә. Бөкейхановтың сенімді серіктерінің және ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі Міржақып Дулатов (1885— 1935) болды. Ол Торғай облысы Торғай уезінің Қызылбел атырабында дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алған. Торғайдағы екі сыныптық мектепте оқыған. 1904 жылы Омбыға барып, онда Ә. Бөкейханов және А. Байтұрсыновпен кездеседі, саяси қызметке белсене араласа бастайды. Патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтереді. Қазақтардан жерді тартып алуға, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап етеді.
1909 жылы «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы жарық көреді. М. Дулатовтың бұл кітабын замандастары «Ұлттық манифест» деп атады. Автор қазақ халқының ауыр жағдайын поэтикалық түрде суреттей келіп, одан қалай шығудың жолын ұсынады. Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады. Семей округтық сотының прокуроры былай деп жазды: «Оян, қазақ!» кітапшасы өзінің мазмұны жағынан қырғыз (қазақ. — авт.) жастарына арналған үндеумен тең, ол мемлекеттің қазіргі қоғамдық құрылысын құлатуға шақырады».
М. Дулатов Қарқаралы петициясының жобасын әзірлеуге, Алаш қозғалысына білек сыбана қатысты. Қажырлы қайраткер өзінің бүкіл өмірін туған халқына қызмет етуге арнады. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.
1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.
1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.