5.Паллиативті пациенттерді бақылау және күтім көрсету туралы айтып беріңіз?
Жауабы: «Паллиативті көмек көрсетудің аясында науқастарымыздың және олардың туыстарының эмоцианалды-психикалық жағдайын жақсартуда психолог және социолог мамандардың зор еңбегін атап өтпеске болмайды. Ем жүргізу барысында науқастың күйзелісі, қорқыныш сезімдері байқалған жағдайда жұмысқа психолог кіріседі. Ол емделушімен жеке консультация жүргізіп, керекті әдістерді қолдана отырып оның көңіл-күйі мен сезімдерін қалыпты жағдайда ұстап тұруға ықпал етеді. Ал социолог маманның жұмысы болса, науқастың қамқоршысы болмаған жағдайда оған күтім жасауға, тиісті құжаттарды рәсімдеуге, емделушінің өз бетімен шешімін таба алмайтын басқа да әлеуметтік мәселелерін реттеуге негізделген», – дейді Сания ханым. Осылайша, паллиативтік көмек көрсететін мамандар науқасқа және оның отбасына барынша белсенді әрі қалыпты өмір сүруге, нақты жоспарлар құрып, өздерінің әлеуметтік, құқықтық, рухани мәселелерін шешуге жәрдемдеседі.
Терапевт-дәрігердің айтуынша, емханадағы паллиативті ем жүргізетін бөлімде жатып, мамандардың бақылауында болуға келіспейтін емделушілер де бар. Олар емді туыстарының күтімімен өз үйінде жалғастырғысы келетіндер екен. Бұл жағдайда да оларға паллиативтік көмек көрсетіледі. Тәжірибелі дәрігер, медбике, психолог және социологтан құралған мобильді бригада ауыр дертке шалдыққан науқастарға үй жағдайында паллиативті көмек ұсынады. Қалалық емханалардың негізінде құрылған бұл топтың жұмысы стационарлық түрде қызмет көрсетуге ұқсас. Науқастан шақырту алған мобильді топ оның тұрғылықты жеріне келіп, керекті ем-домын жүргізіп, әрі психологиялық және әлеуметтік көмек те көрсетеді. Дәрігерлер үкімі шығарылған соң паллиативті ем алу немесе одан бастарту науқастың және оның туыстарының өз құзыретінде. Бірақ берілген мүмкіндікті пайдаланып, науқастың қалған өмірін жақсарту туыстарының да дәрігерлердің де басты міндеті болып қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |