ІІ -Тарау. Қазақ зиялыларының көзқарасына қатысты құжаттар.
Комиссариатта қызмет еткен зиялылар тарихына байланысты көптеген материалдарды жоғары партия, кеңес органдарының құжаттық материалдарын алып, мәселені кеңінен ашуға тырыстық. Мұнда ХАК-ында қызмет еткен Комиссарлар және басқа жұмыстар атқарған қазақ зиялы қауымы өкілдерінің сіңірген еңбектерін көре аламыз. ХАК-ының құжаттарынан: негізінен Коллегия мәжілісінің материалдары. Комиссариат Коллегиясы мекеменің бүкіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешті. Ал басты рольде Коллегия мүшелері, яғни, қазақ зиялы қауымының өкілдері еді. Хаттамалардың талқыланып отырған мәселені толық, кеңінен ашуына қарап және қаралып жатқан сұрақты нақты көрсетуіне байланысты деректану ғылымында екі түрге бөледі. Олар "жабық" және "таратылмалы" деп айтылады. "Жабық" түрдегіге тек қана айтылған мәселе және қабылданған шешім көрсетілген хаттамалар жатады. Мұндай хаттамаларда мәселе толық тарқатылып ашылмайды, себебі мәселенің талқылану барысы айтылмайды.Ал қатысқан адамдар мен шақырылғандар тізімі бізге қазақ зиялы қауымы өкілдерінің Қазақстанның ағарту ісіне қаншалықгы араласқанын, білім беру мәселесін шешуге еткен еңбектерін талдауға көмектеседі. Мысалы, Халық Комиссарлары А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Н.Манаев, О.Жандосов, М.Жолдыбаев, Т.Жүргеновтердің, Халық Комиссариатының қызметкерлері Ж. Аймауытов, К. Тоқтыбаев, М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонановтардың, сырттан шақырылып отырған Ә.Бөкейхановтардың қандай мәселені шешуге атсалысқанын шараларды сараптау арқылы білеміз.
Зерттеуші Ш.Тәукебаеваның пікірінше, ХАК-ының алғашқы кездегі сипаты ұйымдастырушылық-нұсқаулық дәрежесінде анықталған /32,15/. Мәселелердің шығу себебін жаңадан кұрылған мекеменің іс жүргізу тәжірибесінің әлі дамып кете алмағандығы деп білеміз. Ал кейінгі жылдарда мәжілістерде каралатын мәселелер ауқымы тарылып, нақтылана бастаған. Өйткені бюрократиялық жүйенің орнығып, Комиссариаттың көптеген мәселелерін жоғары партия - кеңес ұйымдарының мәжілістерінде шешкен еді.
Сондықтан деректанулық талдау жүргізу кезінде құжаттық материалдардың ХАК-ы қорында жинақталуын екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең, олардың бүкіл Комиссариат қызметін көрсетуге атсалысқан тұсы - 1920-25 жылдар, бұл кезде олар белгілі бір дәрежеде тарихи ақиқатты көрсетуде маңызды роль атқарды, яғни объективті факторлар орын алды. Осы жылдарда мәселелер ХАК- ның өзінде шешілді, кейбір жағдайларда ғана жоғары ұйымдар бекітіп отырды. Бұдан Комиссариаттың жартылай болса да тәуелсіз мекеме болғанын байқаймыз. Екінші кезең - 1925-36 жылдар, кезең әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптаса бастап, кейін мүлдем орнығып алған тұсы. Көптеген маңызды мәселелер жоғары партия — кеңес ұйымдарында шешіле бастады. Бірақ деректанулық талдау жүргізу деректерді объективті жағынан қарауға ықпал етеді. Іс жүргізу құжаттарына талдау бізге қор материалдарына кешенді түрде зерттеу жасауға көмектесіп, деректердің құндылығын айқындай түседі.
Ресейлік деректанушылар Кеңес өкіметінің құжаттарына сыни көзқараспен қарай келе, құжаттардың субъективті болуына себеп болатын мына факторларды көрсетеді: көбіне сөйлеушілер «Бұл хаттама үшін емес!» деп ескертеді. Мұндай өтініштің тууына әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін: этикалық ойлар, ақпараттық құпиялығы және т.б. осыдан келіп, деректанушылар былай дейді, зерттеушінің алдына шешеннің айтқан фрагментінің қалып қойған жерін өндеу жұмысын жасау міндеті тұрмайды, себебі оны дұрыстау мүмкін емес. Көптеген уақыт өткен соң сөйлеген адам немесе қатысқандардың біреуі бұл эпизодты естеліктерінде көрсетуі мүмкін. Зерттеуші сонда ғана пайдалана алады.
ХАК-ының құжаттарында мәжілісте сөйлеген адамның сөзін тура күйінде емес, мазмұндап беру кең орын алған. Бұл жерде субъектінің мағынаны өзгертуі мүмкін, сонымен қатар сөздің қысқартылып қалуымен автордың айтқан ойлары толық айтылмауы мүмкін.
Ағарту саласының қалыптасу мәселесі 1920 жылдарда үлкен маңызға ие болды. ХАК-ы Қазақ АКСР-і құрылуымен қатар 1920 жылдың қазан айында құрылғаны белгілі. Алайда одан бұрын Қазақ АКСР ХКК-інің мәжілісінде ХАК-ынан Дейнеганың "Қазақстандағы социалистік құрылыс үшін кадр дайындау туралы" баяндамасы тындалып, қаулы қабылданды. Қаулыда Қазақ Орталық Атқару Комитеті және ХКК-і Президиумының баяндамаға байланысты Қазақстанда социалистік құрылыс үшін кадр даярлау туралы қаулысының жобасын негізге алу айтылды /26/. Құжат Кеңес өкіметінің кадр даярлау саясатының мақсатын ашып көрсетеді.
Біздің тарихымыздағы өтпелі кезенде арнаулы мекемелердің дамуы мен кұрылуы халықтың санасына жаңа, социалистік идеологияны ендіруге арналды. Кеңес мемлекеті жаңа еңбек мекеме мектебін коммунистік идеяның жол бастаушысына, ал мектепті социалистік қоғамның жаңа адамын қалыптастыру көзіне айналдырды. Ал бұл мақсатты орындау ХАК-ының тікелей міндетіне енді. Комиссариаттың кадр мәселесі туралы қаулылар кабылдауы осы міндеттерден туындады.
ХАК-ының Коллегиясының қай уақытта құрылғандығы туралы құжаттар жоқ болғанымен, Коллегия мәжілісінің алғашқы хаттамалары тамыз, қараша айларында жасала бастаған. 1920 жылдың 16 казан айынан бастап мәжіліс төрағасы А. Байтұрсынов болғанын деректерде кездеседі. 19 қазанда Қазақ Партиялық Бюросының Президиумы мәжілісінде Акулов, Киров, Радус-Зенкович, Авдеевтар қатысып, Халық Комиссариатының Коллгияларын бекітті. Соның ішінде ХАК-ының Коллегиясына А. Байтұрсынов пен Ж.Аймауытовты сайлады. Осы жылдың 1 қарашасында ХКК-і мәжілісінде ХАК-ының Коллегиясына А. Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Акуловтарды мүше етіп берді. ХАК-ының Коллегиясы жиі алмасып түрды. 25 қарашада ХКК-нің мәжілісінің Ж.Аймауытовтың орнына Бояновты бекітті. 5 қарашадағы жоғарыда көрсетілген Бюроның мәжілісінде 5 қарашадағы Акуловтың ХАК-ы туралы баяндамасы тындалып, Коллегияның мүшесі Ж.Аймауытовты Семей қаласынан тез арада шақыртып, Б.Сәрсеновты және Өлкелік коммолдан Төлеповты тарту туралы қаулы қабылданды .
ХАК-ы жаңадан құрылып, аяғынан тұрып кету үшін қазақтың окыған азаматтарын ағарту ісіне тарту керек болды. Кадр тапшылығы, әсіресе оқу саласында қатты білінді. Қазақстанның партиялық ұйымдары мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қолдануға мәжбүр болды. 1920 жылы 8 қарашада ХКК-інің мәжілісінде ХАК-ына мынадай ұсыныс жасады:
ж) азаматтық мекемелерден ағарту қызметкерлерін атқарып отырған қызметіне қарамастан шақырту;
з) сауатты қазақтарды тарту;
и) сауатты қазақтардың тартудың жоспарын А. Байтұрсынов жасап, ХКК-іне көрсетуін тапсыру керек;
м) қазақ тілінде оқулықтар құрастыруды әдебиетші қазақтарды тарту жолымен күшейтуге шаралар қолдану;
Алайда біз бұл қаулы бүкіл кадр жетіспеушілігін толық шеше алды деп айта алмаймыз. Мәселенің 30-шы жылдарда да қойылғанын ескерсек, он жыл ішінде бұндай қаулылардың жүзеге аспағанын білеміз.
Кейінгі жылдарда қазақ зиялыларын қызметке шақыру, жалғаса бастады. 1922 жылғы 14 қыркүйекте Комиссариат Коллегиясы мәжілісінде М.Жолдыбаев аппарат және мекемелер жұмысын күшейту үшін қазақ қызметкерлерін облыстардан шақырту туралы қаулы қабылданды. Шақырылған қызметкерлер мыналар: Ырғыздан -Т.Шонанов, Костанайдан - Е.Омаров,, Жамбайдан - Жанқадамов, Ойылдан - Байсауов, Жанбайдан-Ишанов, Тоқпақбаев, Бекбатырова, Ордадан - Мәметова, Калмыковтан - Берекетова, Гурьевтен -Ибрашова, Ақтөбеден - Баймұқамбетова. Бұл зиялылар ағарту ісін дамытуға үлес қосып, Комиссариатты рухани өсіруге атсалысты. Ұлттық зиялылар тарихын зерттеуші С.Асанованың төмендегі пікірі бойынша ол қазақ зиялылары қазақ халқын тотальды кеңестендіру жолында негізгі кедергі болды, тек қана қазақ халқының рухани көсемдерін құртқан соң ғана Қазақстанда "Кіші Қазан" идеясы мен жаппай коллективтендіру практикалық түрде жүзеге аса бастаған /27/.
Осы жылдардағы үлкен мәселелердің бірі — оқулық жазу. Оқулықтар жазу ісіне Комиссариатта қызмет еткен зиялылар ғана емес, сырттан шақырылғандар да қатысты. Мысалы, 1921 жылғы 2 куркүйекте Коллегия мәжілісінде көрсетілгендей, Чулошниковтың Хрестоматиясына Ә.Бөкейханов пікір жазды. Қазақстандағы білім ордасының орталығы ХАК-ы оқу-әдістемелік оқулықтар шығарумсн айналысқан алғашқы мемлекеттік мекеме болды.
Комиссариат құрылған күннен бастап-ақ оқулықтармен мектептерді қамтамасыз ету бірінші орынға қойылды. Бастаманы Комиссариаттағы қазақ зиялы кауым өкілдері қолдап әкетті. Негізінен қазақ тіліндегі оқулықтар шығуының бастамасы А. Байтұрсыновтың Халық Ағарту Комиссары, Академиялық Орталықтың төрағасы болып тұрған кездерінде қызу қолға алынды. Халық Ағарту Комиссары және ҚАКСР Мемлекеттік баспасының редакциялық Коллегиясының мүшесі А. Байтұрсынов I және II басқыш біріккен еңбек мектебі үшін оқулықтарды қазақ тіліне аудару, құрастыру туралы мәселе көтеріп, біріккен жиылыс өткізді. Жиылысқа Е.Омаров, Х.Болғанбаев, С.Сәдуақасов, Ф.Ғалымжанов, Б.Сәрсенов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов, С.Айтқожиндар қатысты. Жиылыста А. Байтұрсынов әлі күнге дейін I және II басқыштағы мектептер үшін қазақ тілінде оқулықтар жоқтығын, ал бар оқулықтардың еңбек мектептерінің 1 басқышының І, ІІ, ІІІ тобы үшін қазақ тілінде ғана жарайтынын айта келіп, I және II басқыш үшін қазақ тілінде оқулықтар жазу және құрастыруда тез шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отырғанын көрсетті. Комиссар ағарту саласын дамытуда екі өзекті мәселені дәл таба білді.
Біріншіден, оқулықсыз оқу ісі алға басуы мүмкін емес еді.
Екіншіден, жиылыста қатысқан адамдар қазақ зиялы қауымының маңдай алды, өкілдері болды. Оларды А. Байтұрсынов арнайы шақырып, іріктеп алғаны көрініп тұр. А. Байтұрсынов жұмысты іске асыру үшін төмендегідей қаулы қабылдатты: бұл мақсатқа Мағжан Жұмабаев, Маннан Тұрғанбаев, Қошке Кемеңгеров, Жұмағали Тлеулин, Сейітбаттал Мұстафин сияқты жазғысы келген адамдарды пайдалану; 1 және 2 басқыш біріккен еңбек мектебі бағдарламасына сай келетін мынадай оқулықтарды аудару: арифметика, геометрия, жаратылыстану, физика, алгебра, география, жалпы тарих және қазақ тарихы, мектеп гигиенасы, осы пәндерден әдістеме, педагогика және дидактика, оқу хрестоматиясы, синтаксис және қазақ тілінің сөйлеуінің теориясы;
3 пункт бойынш келісім және тілек білдіргендерге төменде көрсетілген пәндер тапсырылды:
Арифметика - И. Тұрғанбаев
Геометрия - Б.Сәрсенов
Жаратылыстану - Е.Омаров
Физика - Ф.Ғалымжанов
География - Ә.Бөкейханов
Қазақ тарихы - М.Жұмабаев
Мектеп гигиенасы — Ж.Тлеулин
Жалпы тарих — Х.Болғанбаев
Алгебра1 — Е.Омаров
Педагогика — М. Жұмабаев
Дидактика - Ж.Аймауытов.
...6. Бұл пәндер бойынша әдістеме құрастыру осы айтылған адамдарға алған пәндері бойынша тапсырылуы керек.
7. 4-пункт бойынша құрастыру төмендегі адамдарға тапсырылуы керек:
І.Хрестоматия — С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов
қазақ тілінің синтаксисі — А.Байтұрсынов
сөз өнері теориясы — М. Жұмабаев
Оқулықтарды құрастыру мен аударуды 1-ші маусымға дейін бітіру керектігі айтылды.
...14. Үлкендер үшін хрестоматия құрастыруды С.Сәдуақасов пен Ж.Аймауытовқа тапсыру /123/.
Қазақ зиялылары ХАК-ының оқулықтарының, бағдарламалық-әдістемелік жүйесінің негізін салушылар әрі педагогикалық әдіснаманың ірге тасын қалаушылар болды. Аталған зиялылардың бір ерекшелігі — жан-жақты, энциклопедиялық білімділігі. Кітап жазушылардың тізбесін қарап отырсақ, бәрі дерлік Алаш партиясының лидерлері болған көрнекті қайраткерлер. Қазақ зиялы кауым өкілдері оқулықтар жазу ісінде ынтымақтастық көрсетіп, жан-жақты білімдерін дәлелдеді. Мұндай универсалдылықтың құпиясын қазақ ауылын ірі және көлемді әлеуметтік өзгерістерге қызу тарту жағдайында зиялылардың тұлға ретінде өте ерте қалыптасқандығынан іздеу керек шығар /28/. Олардың Комиссариатпен тығыз жұмыс жасауына Алаш партиясының көрнекті лидері А. Байтұрсыновтың Комиссар болып қызмет етуі үлкен әсер етті. Оқулық шығару - зиялылардың кеңестік жастарды тәрбиелеу ісіндегі практикалық кызметтерінің басы еді. Ал А.Байтұрсыновтың оқулықтар шығару ісі өзінше бір зерттеу объектісі болып табылады.
1920 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің президиумының мәжілісі А.Байтұрсыновка жіберген жолдамасында РСФСР ХАК-ы жанындағы аз ұлттарды ағарту бөлімі Қазақ Республикасын мекендейтін халықтардың мәдени-ағарту қызметінің еркін құрастыруға қатысуы туралы қатынас қағазын жіберді. барлық Атқару Комитеті жұмыстың орындалуын комссариаттардың басшы өкілдерінен тұратын жауапты комиссияға тапсырды. Комиссия құрамын ХАК-ынан А. Байтұрсынов, Азық-түлік Халық Комиссариатынан Саматов, Заң Халық Комиссариатынан Әлібековтер тартылды және жұмысқа қатысуға Ә.Бөкейхановтың, Мендешовтың құқы болды. Жұмыс ХАК-ымен тығыз байланыста жүргізілді. Президиум алдында жауапты А. Байтұрсынов болып таылды .
Сондай-ақ, осы жылы 20-қарашада Коллегия мүшелерімен қатар Ә.Бөкейханов қатысқан мәжілісте Орталық Атқару Комитетінің Қаулысы көрсетілді, онда халыққа білім беру мәселесі мемлекеттің өмірінде алдыңғы катарда, екпінді роль атқаратын болғандықтан Комиссариатқа мықты қызметкерлерді тартып, толық әскери пакетпен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
ХАК-ы бұл кезде республикадағы ең ірі Комиссариаттардың бірі болатын. Оған оқу орындары түгелдей, театр және өнер, ғылым және баспа өндірісі қарады. Республика өмірінде бұл Комиссариаттың ролінің жоғары болуы, сондай-ақ оның әлі де болса ұлттық көпшілік құратын жергілікті халықтың күнделікті тыныс-тіршілігімен, ұлттық санасының жаңару, өсу процесін бастан кешірумен тығыз байланысты болуында еді /29/.
Алғашқы Қазақ Университетін ашу идеясы 1921 жылы туындағаны белгілі. Қазақстандағы жоғары оқу орындары мәселесінде ХАК-ы мен Оның зиялылары үлкен роль атқарды. Қазақ Университетін ұйымдастыру туралы Комиссариатта үлкен жиылыс болып, оған көптеген адамдар шақырылды. Мәжілісте Мемлекеттік Университетті ұйымдастыру уақытылы деп есептелініп, онда жұмысшы факультеті, биология, жер өндеу, агрономия және орман шаруашылығы, техникалық факультет, педагогикалық, қоғамдық ғылымдар, медициналық факультеттер ашылмақшы болды. Кейінгі 11 маусымдағы Комиссариат Коллегиясының мәжілісінде Ж.Аймауытов, Б.Сәрсенов, А.Кенжин, М.Маркевич, Мартыновтар қатысып, Мемлекеттік Университетте мелиоративтік бөлім ашу туралы баяндама тындалып, оның ашылуын ХКК-і тарапынан оқытушылар персоналы бөлінсе ғана мүмкін деген қаулыға келді.
Комиссариаттың бұндай қаулылар қабылдауын, тарихшы Р.Б.Сүлейменов, мамандарға қажеттіліктің өте жоғары болуынан республика үкіметі мен ХАК-ының басшылары реалды жағдайлар мен мүмкіндіктермен есептеспей алға жүгірді, тек қана орта мектептерді ғана емес, жоғары оқу орындарын ашуға да тырысқандықтан туындады деп түсіндірді. Сонымен қатар, ол 1921 жылы 19 сәуірде ХКК-і 15 қыркүйектен Орынборда Мемлекеттік университет ашуға қаулы шығарғанмен, тек жұмысшы факультетін ашуға ғана шамалары келіп, университет ашылу идеясы кейінге калдырылды деп көрсетті.
Кеңестік тарихшылар арасында алғашқы болып Қазақ Университетінің ашылуы туралы қарастырған Қ.Жаманбаевтың пікірінше, жергілікті партия және кеңес органдары жоғары оқу орындарының дамуына көп көмектесті, бірақ олардың кейбіреулері уақытынан бұрын ашылды. Зерттеуші, әрі қарай 1921 жылы Орынборда ашылған Қазақ Мемлекеттік Университеті биологиялық, шаруашылық, эқономикалық, тау-кен, техникалық, педогикалық, әлеуметтік ғылымдар факультеттерімен ашылған атын деп көрсетті /30/.
ХАК-ыңың жоғары оқу орындарын ашуда жетекші роль атқарғанын ескерсек, мекеменің хаттамаларына шолу жасау арқылы университеттің ашылу идеясы тек қана қағаз жүзінде қалған. Деректердегі пікірлердің өздері бізге қазақ зиялы атқарушының идеяны жүзеге асыруда мүмкіншіліктері болмағандарын мойындағанын көрсетеді. Әрине, Қ.Жаманбаев жоғары оқу базасының реалды мүмкіндіктерді есептемей құрылғандығын, құрал-жабдықтардың, оқытушы кадрлардың, сонымен қатар, қажетті дайындалған жастардың жетіспеушілігін, оқу базасының жоқтығын айтып өтті.
Мемлекеттік Университеттің ашылуына қажетті жағдайда Қазақстанда қалыптаспаған еді. Оған себептер көп болды: -материалдық базаның болмауы. Бұндай база тіпті бастауыш мектептерде орнығып бітпеген (Бұл жерде тарихшы Қ.Жаманбаев орыс көрсетіп өтті : "істің дұрыс көрінісі үшін аддымен жалпы білім беретін мектептер жүйесін кеңейтіп, дайындық курстары мен жұмысшы факультеттерін ашу керек". 1921 жылғы мәжіліс хатта 29 шілдедегі паек пен үй болмауына байланысты күзде тек қана жұмысшы факультетін ашу туралы Маркевичтің арызы қаралып, ХКК-і мен Облыстық Комитеттен сұрауға шешім қабылдады. Ал техникалық және ауылшаруашылық факультеттерінің ашылуы жақсы жағдай қалыптасқанға дейін қалдырылды .
Жұмысшы факультеттері қаптап ашылып жатты. Құжат дерек ретінде қоғамдағы құбылыстарды объективті түрде көрсетті, бұл сол жылдардағы ағарту қызметін тарихи ақиқат тұрғысынан ашып берді. Комиссариатта қызмет еткен зиялылар тарихын қарау кезінде, көптеген деректерді деректанулық сын дәрежесінен қарағанда, қоғамдағы өмірді шынайы ашатынын байқадық);
-педагогикалық персоналдың жетіспеуі, қазақтың барлық оқыған азаматтары Кеңес өкіметінің басшы қызметінде жүрді (педагогикалық персоналдың жетіспеушілігін жоғарыда айтылған мәжілісте қабылданған қаулыдан көруге болады. Себебі мәселені Комиссариаттың өз қызметкерлері көрсетіп отырған);
-қазақ балаларының Университетте оқуға мүмкіншіліктерінің болмауы. Мемлекет қазақ балаларын оқытуға мүдделі болмады. Сондықтан барлық оқу орындарын орыс тілінде етіп қойды. (Бұл мәселенің айқын көрінуі 1921 жылғы 17 маусымдағы Коллегия мәжілісіндегі Маркевич пен Б.Сәрсенов арасындағы айтыстан ашылды. Айтыстың шығу себебі Университетке қазақ балаларын тартуға шаралар қолданылмауы. Маркевич Университетке ақтардың тартылмауын Б.Сәрсеновтың кінәсінен десе, Б.Сәрсенов университетке оқуға шақырылған адамдардың Орынборға келмеуіне кінәлі еместігін айтты. Бұдан қажетті қазақ балаларының санын санай алмаған).
Зиялы қауым тарихына байланысты деректерді талдайтын болсақ, әр түрлі мазмұндағы мәселелерді көтергенін байқаймыз. Қазақ өлеңдерін жинау жұмысына қазақ зиялылары А. Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейхановтар қатысқан. Жалпы А.Затаевичтің кітабының құндылығы сонда, ондағы қазақ әндерінің жазылуына қазақ зиялы қауымының үлесі аса зор болды. Академиялық МУЗО саяси бөлімінің меңгерушісі А.Затаевичтың жинаған қазақ ұлттық өлеңдері мен әндерін қабылдау үшін 1921 жылғы 9 мамырдағы Халық Ағарту Комиссары А.Байтұрсыновтың төрағалығымен құрылтай Муза Комиссиясының баяндамасы тыңдалды. Онда А.3атаевичтың жұмысына жоғары баға беріліп, оған едәуір көлемде ақшалай сыйлық берілді. Қазақ зиялы қауым өкілдері қазақ әндерінің жинаушысы А.3атаевичтің жұмысы барысында үлкен ынтымақтастық танытып, оған моральдық және материалдық үлкен көмек көрсетті. А.Затаевичтің қазақ әндерін жинау кезіндегі жұмысы туралы баяндамалары Комиссариат Коллегиясында жиі-жиі тыңдалып отырылды. Коллегия мүшелері А.Затаевичтің еңбегінің Қазақстан үшін өте құндылығын мойындап, оған барлық жағдайды жасауға тырысты.
А.Байтұрсыновтың Комиссар болған кезінде еткен үлкен қызметі ғылыми секторға байланысты болды. Ол оқу-ағарту жұмысындағы үлкен кедергі болған оқу-әдістемелік оқулықтарды шығарып, Қазақстан ғылымының дамуын мақсат етіп қойды. Бұл жұмысты Академиялық Орталықтың төрағасы болып тұрған кезінде одан әрі жалғастырды. Комиссар Коллегиядан ғылыми сектордың жауапты қызметкерлерін тағайындау үшін таңдап алынған адамдардан комиссия құрды. Комиссия құрамында қазақ зиялылары, оқыған азаматтар Ж.Аймауытов, Б.Сәрсенов, Чулошников және А.Байтұрсыновтың өзі кірді. Комиссияның негізгі мақсаты ғылыми секторға қажетті адамдарды басқа мекемелердегі жұмыстарын азайту арқылы толықтай қызмет етуіне жағдай жасау. Комиссия қызметкерлерді іріктеп алып отырды.
Комиссариат материалында көп кездесетін мәселе — Коллегия мәжілістерінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жиі қаралуы. Комиссариат Коллегиясының мүшелері ағарту кызметкерлеріне берілетін азық-түлік және мануфактураны тікелей өздері бөліп отырды. Бұл, біріншіден, әлеуметтік жағдайдың тым төмен болғандығын көрсетсе, екіншіден, Коллегиядағы зиялылардың мәселені шешуді тікелей қолдарына алғанын айқындайды. Бұл қалыпты жалақы беру мүмкіншілігі болмаған кезде, қиын жағдайда әділетсіздік орын алмауы үшін қабылданған шара деп айта аламыз. Орталықтанған жүйе болмағандықтан, кейін басқа Халық Комиссариаттардың міндетіне енген шараны Комиссариат өзі атқаруға мәжбүр болды.
Әлеуметтік жағдайдың мүлдем шиеленісіп кетті. Оны 1922 жылы 17 наурызда ҚАКСР Қаржы Халық Комиссариатының Орталық қазыналы Есеп Басқармасы жанындағы ведомствоаралық жиылыста Қаржы Халкомының орынбасары Генераловтың ХАК-ының ҚАКСР кіші ХКК-інде көтерген ұсыныдын көрсетуінен білеміз. ХАК-ы қаусынысында 1921 жылғы 22 тамыздағы РСФСР ХКК-інің декретіне сай жергілікті кіріс есебіне жататын шығындардың халық казынасының жалпы мемлекеттік құралдарынан бөлініс алуға рұқсат сұрады. Комиссариаттың мұндай шараға баруы шарасыздықтан болды. Мемлекеттің халық ағарту саласына бөліп отырған қаржысы мүлдем қанағаттанарлықсыз болуы себепті осындай көмек сұрауға мәжбүр болды. Алайда, 1922 жылғы 27-30 қаңтардағы Мемлекеттік кіріс пен салық басқармасының өкіміне сай, жергілікті қажеттілікті қанағаттандыру орталықган тек қана губерниялық кеңестер съезі мен губерниялық атқару комитеттері атынан сұралатын болғандықтан орындалмайтын еді. Жауап ретінде ХКК-ы өкілдері осы уақытта дейін шығындар жалпы мемлекеттік қаржылан бөлінетіндігін, жергілікті кіріс пен шығыстың туралы білмейтіндіктерін айтты.
ХАК-ының материалдарында жергілікті оқу бөлімдерінің жағдайлары өте төмен болды. Оны ХАК-ы қорына губерниялық атқару комитеттерінен түсіп отырған хаттамалардың жүйесінен көреміз. Мысалы, Адай, Семей, Актөбе уездерінде ағарту мәселелері, соның ішінде, мектептерді жақсарту, мектептерді өзін-өзі қамтамасыз етуте көшіру, ағарту қызметкерлерінің жағдайын көтеру, Комиссариаттың экономикалық және өнеркәсіптік органдарға мектептер мен басқа ағарту мәдени мекемелерді қамтамасыз етуге беру Коллегия мәжілісінде қаралып отырылды.
Ағарту саласына мемлекет тарапынан бөлінген шаралардың аздығынан Комиссариат күшті халыққа сала бастады. Халықтың қолдауына ие болуының негізгі себептері патша өкіметінің кезінде оқу-ағарту ісінде көп тепкішек көрген халықтың үміті Кеңес өкіметінің рухты көтеріп, жалпыхалықтың білім алуға шақыруы идеясымен ұштасып және қазақ зиялыларының бұл істі кең көлемде колдап, халықты жарқын болашаққа шақыра білуінде еді. Бірақ ХАК-ы әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, өзін-өзі камтамасыз етуді Қазақстанның барлық аудандарында жүргізген жоқ. 1921 жылы аштыққа ұшыраған болыстарда аппараттар жоқ еді, барлық ауылдық мектептер мемлекет есебінен, күшейтілген көлемде қаржы бөлу арқылы қамтамасыз етілді. Шындығында, қазақ ауылдары мұндай жағдайға дайын емес еді, біріншіден, негізгі аштыққа ұшыраған аудандар солар болды, екіншіден, мектептер ашуға жағдайлары тартпады.
Ағарту саласындағы тағы бір мәселе - қызметкерлердің жағдайының төмендігі. Ағарту қызметкерлері негізінен қазақ зиялылары болғандықтан, зерттеу жұмысымызда бұл, мәселеге бірнеше рет тоқталамыз. Оларға жалақыны үздіксіз төлеп отыруға Комиссариаттың шамасы болмады. Бұл тек қана әлеуметтік-экономикалық қиыншылықгарға толы алғашқы жылдарда ғана емес, бүкіл ҚАКСР-і өмір сүріп тұрған уақытта болды. 1921-жылдардағы хаттамалар ағарту қызметкерлерінің мемлекет тарапынан бөлінген натуралды немесе ақшалай қаржымен өмір сүргенін көрсетеді.
Комиссариаттың әлеуметтік-экономикалық базасы төмен болғандықтан, ағарту ісінде шапшаңдатылған шаралар жүргізуге мәжбүр болды. Комиссариат бүкіл идеологиялық басшылықты, оқу-тәрбие жұмысын, әкімшіліктік жұмысты өздері атқарғанымен, ағарту ісінің экономикалық-әлеуметтік мәселелерін өнеркәсіптік ұйымдармен бірлесіп шешті. Сонымен қатар, Комиссариат экономикалық жағдайын көтеру үшін жеке өндірістік кәсіпорындар аша бастады. Оқу-ағарту ісінде мұндай реформаның орын алуы РКП/б/ Облыстық Комитетінде 1921 жылы 15 қарашада қаралған РСФСР ХАК-ының мемлекеттік қамтамасыз етілетін мектептерді тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ауыстыру туралы нұсқауын өмірге енгізу жайынан шыққан еді. Бұған мынадай түзету ендірді: "Басқарма аппараты дұрысталынбаған, жергілікті халық қамтамасыз ете алмайтын жерлерде мектептер мемлекет есебінен өмір сүрулері тиіс".
Ағарту саласындағы бүкіл әлеуметтік-экономикалық жағдайдың бағыт алуы осы қаулы негізінде жүзеге асты.
Ағарту қызметкерлері, әсіресе уездерде жалақыларын 6-7 ай бойы ала алмай жүрді. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ХАК-ын басқа өндірістік Комиссариаттармен бірдей қанағаттандыру керек деген екі қаулы шығарғанына қарамастан, Ағарту қажеттілігіне броньнан 2-3 пайыз ғана бөлінді.
Мемлекеттік баспада кітап басу ісі тоқырап жатты. Мекемені шаруашылық есепке көшіру туралы нұсқау жасалуынан кітап шығару қаржылы болды. Мемлекеттік баспаның шаруашылық есепке көшуі Комиссариаттың оқулықтар шығару ісіне үлкен кедергі болды. Сондықтан кітап шығару ісінің нашарлығына кейінгі кеңес әдебиеттерінде орын алған "буржуазияшыл ұлтшылдардың баспа ісін басып алуы" деген пікіріне осы деректі қарсы қоюға болады. Кеңес өкіметі ағарту ісінің кері кетуіне бірден-бір зиян әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмауынан туындағанын мойындағысы келмеді. Халық Ағарту Комиссары А.Кенжин мақаласында Комиссариатқа жаңа экономикалық саясат реформасы ене бастағанын көрсетті. Мектепті жергілікті өзін-өзі қамтамасыз ету жолымен жақсартуда декрет шығарылғаны және жүргізіліп жатқандығы айтылды. А.Кенжиннің баяндамасын талдап, әлеуметтік-экономикалық, кадрлар жетіспеушілігіне, аппаратты кушейтуінде, Академиялық Орталықтың жұмысын жақсарту мәселелерінде шаралар қолдану баса айтылды .
Қаржы Халық Комисариатының көрсеткеніндей, (жергілікті қажеттіліктерді өтеу үшін губерниялық кеңестер сьезі мен губерниялық атқару комитеттері атынан сұрау керек) мәселені Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Кеңестер сьезі мәжілісінің күн тәртібіне қойды. Мәжіліске Б.Алманов, Мырзағалиев, Терехов, Ә.Әйтиев, Вайнштейн, Ә.Жангелдин, А.Асылбеков, Коростелевтер қатысты, ал ХАК-ынан А.Кенжин, А.Байтұрсынов қатысты. Комиссар А.Кенжиннің баяндамасынан Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Президиумы мынадай қортындыға келді: ХАК-ына мемлекеттен бөлінетін қаржы өте аз, сонымен қатар мәдени-ағарту мскемелерінде жергілікті жерден бөлініп отырған қаржы жетіспейді, бұл бағыттағы жұмыс аяқталмаған. Қазақ Орталық Комитеті Президиумы Қазақстандағы халыққа білім беру ісінің қиын жағдайынан шыға келіп, қаулы қабылдады. Қаулыда ХАК-ының көптеген жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, жаңа экономикалық саясат жағдайында ағарту саласында қолға алынған жұмыс дұрыс жүргізілді, сондықтан губерниялық атқару комитеттерін ауылдардағы мектептермен, басқа ағарту мекемелерін тұрғын үйлермен қамтамасыз етуде тез шаралар қолдануға міндеттеді.
Ағарту саласының әлеуметтік-экономикалық өмірінде мұндай жағдайлардың орын алуына қоғам өмірі де әсер еткен. Қоғамдағы, әсіресе Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында "соғыс коммунизмі", "жаңа экономикалық саясат" секілді күрделі экономикалық өзгерістер ағарту саласының дамуына әсер етпей қоймады. Оқу ісінде шаруашылық есепке көшу, өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері қоғамдағы реформалармен байланысты туындап жатса керек. Алайда, экономикалық өзгерістер ағарту ісінің дамуына әсер ете алмады. Оның бірнеше себептері бар : ең алдымен, бірінші дүниежүзілік соғыс, Қазан төңкерісі, азамат соғысы, шетел интервенциясы сияқты бірнеше соғыстың зардаптарын бастарынан кешіріп, онсыз да тұралаған халықтың ағарту ісін қолдай алмауы, екіншіден, елдегі бірінен соң бірі дүниеге келіп жатқан реформалар, үшіншіден, Комиссариатты көтеруге зор үлес қосқан А. Байтұрсынов және басқа қазақ зиялыларының қызмет барысында жай түрде төмендетіліп, реттетіле бастауы.
Қазақстан коммунистері Т.Рысқұлов, Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, С.Мендешов, В.А.Радус-Зенкович, С.Пестковский және басқалар жаңа мәдениет құрылысында тарихи және әлеуметтік жағдаймен және азамат соғысымен байланысты үлкен қиыншылықтар болғанын жасырмайды .
Деректердің қоғам өмірімен тығыз байланысты болып, жағдайды ашып көрсетуі тарихи. ақиқатты объективтілік тұрғыдан көрсетуге себеп болды. Құжаттар тек ағарту ісіндегі кездескен қиындықтарды ғана емес, бүкіл қоғам өміріндегі қарама- қайшылық тенденциясын ашып көрсетті. Ал мұндай жағдайларда реформалар жүзеге асты деп айта алмаймыз. Кеңес өкіметі өз идеологиясына сай емес реформаларды ауызша айтқанмен, жүзеге асырмады. Сондықтан Ағарту саласындағы шараларды күрделі мәселелерден келіп туындаған шарасыздық процесі деп қарауға болады.
А.Байтұрсыновтың 1923 жылғы 50 жылдық мерейтойы аталып өткені белгілі, Мерейтойды тойлауды ХАК-ы ұйымдастырып оған кеңес органдары атынан персоналды жауапты қылып С.Сейфуллинді тағайындады. Мерейтойда көптеген қазақ зиялылары сөз алып, А.Байтұрсыновтың қазақ халқы өміріндегі, соның ішінде ағарту саласындағы зор еңбегін көрсетіп өтті.
Е.Омаровтың көрсетуінше: "Ахмет Байтұрсынұлын бүкіл қазақ даласы біледі, бәрі оны сыйлайды, оның талантын жоғары бағалайды. Бірақ оны толық бағаламайды. Оны біз ақын, публицист, қоғам қайраткері, педагог ретінде бағалаймыз, бірақ ол біздің миымызда қазақ грамматикасы саласында бағалы жаңалық жасаған ғалым ретінде орныға алмады. Ахмет Байтұрсынов бірнеше томдық ғылыми еңбек, ол оған дейін көрінбей келген қазақ тілінің заңдары туралы бірде-бір трактат жазған жоқ. А. Байтұрсыновтың ғылымға сіңірген еңбегіндегі біздің көрмей қалғанымыз - қазақ тілінде грамматиканың қоғамдық ережесін мазмұндаудан басқа қазақ грамматикасы үшін өзі жеке жасаған жаңалық берді".
Көрнекті қоғам қайраткері, қазақ зиялыларының белді бір өкілі М.Дулатов А. Байтұрсыновтың ағартушылығына тоқтала келіп, "Кеңес өкіметі кезінде А. Байтұрсынов әр түрлі жауапты қызметтер атқарды және сонымен қатар мұғалімдік-педагогтік қызметін тоқтатпады. Қазіргі уақытта Қазақ институтының оқытушысы және ХАК-ының жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның. төрағасы және қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы. А. Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық еңбегінің арқасында біз қазақ әліпбиін, фонетикасын, синтаксисін, қазақ тілінің этимологиясын, сөз өнері теориясын және мәдениет тарихын білеміз. А.Байтұрсынов бұл күрделі еңбегімен қазақ сөз өнерін жоғары басқышка көтеріп және ұлттық мектеп пен ана тілі үшін мықты фундамент салды".
А.Байтұрсынов туралы кеңес партия қызметкерлері де әділ баға берді. С.Сәдуақасов: "А. Байтұрсынов қазақ халқына тегін, ерінбей қызмет етті. Ол тас үй қалады. Ахметтің қалаған үйінде тазалық пен тәртіп сақтау. — біздің міндетіміз. Біз әке жолын жалғастыруымыз керек". С.Сейфуллин: "Ол қазақты бай мен кедейге бөлген жоқ. Қазақ ұлты үшін ол коммунистік партияға кірді. Ахмет тек қазақтарды жақсы көреді, оны бай, кедей деп бөлмейді, адал ұлтшыл", С.Қожанов: "Байтұрсынов қазақ тілін барлық қоспалардан тазалап, оның құрылуы үшін ерінбей еңбек етті, қазақ орфографиясының мәселелерін шешті, қазақ мектептері үшін оқулықтар жазды, ұлттық мектепті құрды, ұлттық мәдениеттің негізін салушы болды " .
Қазақстандағы зиялы қауымды шеттету "жасырын түрде" жүргізіле бастады. РКП/б/ Орталық Комитетінің төртінші жиылысындағы И.В.Сталиннің зиялыларды, олардың ішінде "оңшылдар" мен "солшылдар" туралы көрсетуі бүкіл Кеңестер Одағындағы ұлттық республикалардағы зиялы қауым өкілдеріне қырын қарауды бастады. Бұған үлкен дәлел: А. Байтұрсыновтың Комиссарлықтан төмендеп, ғылыми жұмысқа ығыстырылуы, оның басқа пікірлестерін де ұйымдастырушылық жұмыстардан алып, таза ғылыми жұмыстарға, кітап жазу істеріне итеру процестері. Бірақ Кеңес өкіметі оларды мүлдем алып тастауға дайын емес еді. Кеңес өкіметі халық ағарту саласын ұлттық демократиялық зиялы қауымсыз дамыта алмаушы еді. А. Байтұрсынов ағартушылық қызметін Академиялық Орталықга жалғастыра берді. Академиялық Орталықтың республикадағы ғылымның дамуына өкілеттілігі жоғары болды. Орталықтың қызмет аясына республикадағы ғылыми өмір, ғылыми- техникалық білім беру және әлеуметтік тәрбиелеу мәселелері бойынша теориялық жұмыс, ғылыми мекемелер, ғылыми институттар мүшелері мен жоғары оқу орны профессорларын тағайындау және бекіту құқығы кірді /31/
Академиялық Орталықтың 30-қаңтардағы Коллегиясының қазақ тіліндегі оқулыктарды құрастыру үшін қазақ әдеби қызметкерлерін жұмысқа тарту туралы қаулысын күн тәртібіне қойды. Комиссариат Коллегиясы Академиялық Орталыққа қазақ тіліндегі оқулықтар құрастырғысы келетін адамдармен келісім шарттар жасап, оқулық жазу жұмысын орындаушы әдеби қызметкерлерді басқа қызметтерінен босатуға шаралар қолдануды тапсырды. Академиялық , Орталық Қазақ Орталық Атқару Комитеті алдына оларды жауапты қызметкерлермен бірдей пакетпен қамтамасыз етуді қойды. А.Байтұрсыновтың бұл мәселені қоюынан қазақ зиялыларын Академиялық Орталыққа да тартқанын көреміз. Себебі олар әлі керек еді. РКП/б/ Облыстық Комитетінің Президиумының мәжілістеріндегі қазақ зиялыларының тарихын қарап отырсақ, Кеңес өкіметінің партияда жоқ зиялыларға қарсы күрес механизмінің ақырындап басталғанына куә боламыз.
1924 жылғы 15 ақпандағы РКП/б/ Облыстық Комитетінің Президиумының мәжілісінде Комиссариаттар Коллегиясы туралы сөз болып, С.Мендешев ХАК-ындағы К.Тоқтыбаевты жер Халық Комиссариатына ауыстыру керек деп шешті. Себебі К.Тоқтыбаев идеологиялық жағынан тұрақсыз, партияда жоқ қызметкерлердің әсеріне тез беріледі. С.Меңдешевті С.Сейфуллин қолдады, ал Ә.Жангелдин С.Меңдешевтің К.Тоқтыбаев туралы ұсынысын ұят деп есептеді.
Қазақ зиялыларын "алашордашыл" деп қудалаудың бұл кезде ақырындап басталғаны 1922 жылы 16 қазанда РКП/б/ Облыстық Комитетінің Президиумының Мәжілісінде Комиссариатта қызмет еткен зиялылардың бірі А.Кенжин туралы мәселенің қаралуы.
Алаштықтар туралы Кеңес өкіметі әлі толық бір пікірге келмеген еді, Кеңестік қызметтегі қазақ зиялыларының ішінде де теріс көзқарас қалыптаспаған еді. С.Мендешев алашордашылдықтар туралы мәселені талқылауды өткізуге материалдар жетіспеушілігінен күн тәртібінен алып тастау керек деп шешті. А.Кенжиннің өзі бүкіл қызметі туралы баяндап беруге мәжбүр болды. Мәжіліске қатысушы Ә.Жангелдин А.Кенжиннің "алашордашыл" екендігін енді ғана естіп отырғанын айтты. Алайда бұл мәжілістің қаулысынан көргеніміздей, бұдан кейін А.Кенжин ХАК-ынан басқа қызметке ауысты. ХАК-ында басталған тазалау бірте-бірте қарқын ала бастады. 1925 жылы 20 қаңтарда РКП/б/ Облыстық Комитетінің Бюро мәжілісінде ХАК-ының аппаратын тазалау жөнінде мәселе күн тәртібіне ашық қойылды. Әрине, бұл жерде Кеңес өкіметінің саясатын толық мәнінде ашпай, ақ гвардияшылдардан тазалау деп айтылды. ХАК-ына жүргізіле бастаған кудалаудың бастамасы, ресми түрде қолға алынуы.
Ресей тарихшысы В.А.Куманов мәселені былай көрсетті, XX ғасырдың екінші он жылдығы басталған уақытында елдің рухани дамуына байланысты лениндік концепцияға көптеген қарама-кайшылықгар әкелді: сталиндік императивтік қалыптың тікелей әсерімен, әміршіл-әкімшіл бюрократиялық кұрылымның орнығуынан отандық зиялылардың шығармашылық қызметіне — еркін ойлау мүмкіндігіне, ғылыми, әдеби, ағарту және өнер сферасындагы жеке пікірлеріне белсенді түрде шабуыл жасала бастады. Қазақстандағы Кеңес өкіметі бұндай рухани шабуылды алдымен қазақ зиялыларының ең көп қызмет еткен ХАК-ын қатаң бақылауға алудан бастады. Қазақ Өлкелік Кокитетінің жауапты хатшысы Ф.И.Голощекиннің өзі де ұлттық қазақ зиялыларының мәдени жұмыстың басты салаларында қызмет етуіне қарсы шығып, олардың идеологиялық әсері бар екенін көрсеткен еді. Сондықтан бүкіл тағайындау жоғары орындарда қабылданып, олар ХАК-інің жағдай ымен ұдайы танысып отырды.
Тарихшы Х.Әбжановтың пікірінше, 1926 жылғы халық санағы бойынша, республика халқының 25 пайызы сауатты екен. Сондықтан мәжілістегі көрсетілімді Кеңес өкіметінің ұрандатуы сарынымен айтылған пікірі деп қабылдаймыз. Осы баяндама мектеп-коммуналар туралы айта келіп, жастарды тәрбиелеудегі Кеңес өкіметінің негізгі мақсаты балаларды коммунистік қозғалыстың жолбастаушылары және коллективизм рухын дамытушылар ету екенін көрсетті .
Ағарту саласындағы өкімет енгізген өзін-өзі қамтамасыз етудің оқу ісін күшейтуге ешкандай үлес қоса алмағанын қарарда ағарту салаларына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі туындағанын көрсеткен. Осы жылдары Халық Ағарту Комиссары болып қызмет еткен Ж.Залиевтің қызметіне 1924 жылы 19 мамырдағы РКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы О.Жандосов қол қойған пікір хаттамада берілді. Пікірде Ж.Залиевтің Комиссар қызметінде екі жылдай еңбек еткендігін, бұл уақытта Комиссариат қызметінде кейбір алға басушылықтар болғандығын, алайда бұл жетістіктерді Комиссар қызметінен болды деп айтуға болмайтындығын, ол жұмыста қатты инициатива танытпағанын айтты. Оның қызмет еткен тұсында қызметкерлерді тандау мен оларды басқару ісі нашар болды, сондықтан Залиевті болашақта кішірейтілген көлемдегі кеңес жұмысына пайдалану керек деп шешілді .
Комиссариат өміріндегі жарқын кезең 1925 жылғы 13 ақпанда РКП/б/Облыстық Комитетінің Бюросының мәжілісінде С.Сәдуақасовтың Халық Ағарту Комиссары болып бекуімен басталды - Комиссариат Коллегия мүшелері С.Сәдуақасов, Стародубцов, М.Жоддыбаев, Б.Сүлеев, .Бочагов, Киселевтар енді. С.Сәдуақасов келген бойда облыстардағы халық білім беру ісінің жағдайымен танысты. Жалпы, Комиссар С.Сәдуақасовтың көтерген ең үлкен мәселесі - мектеп ісі болды. Мектеп ісінің дамуы бүкіл Ағарту саласының кеңеюіне әсер етті.
1927 жылы 2 ақпанда С.Сәдуақасов мектеп ісі туралы ХКК-нің мәжілісінде баяндама жасады. Ол ХКК-і жанында Орталық мектеп кұрылысының комитетін құруға мүмкіндік алды. Орталық мектеп құрылысы Комитетінің кұрамына Н.Нұрмақов, С.Садуақасов, Қаржы Халық Комиссариатынан - Анненков, Сауда Халық Комиссариатынан - Носов, Жер Халық Комиссариатынан - Әлімбаев сайланды. Комитеттің мәжіліс қаулысына енгізген жетістігі - мектеп құрылысына материалдық жағдай жасауға қол жеткізді.
С.Сәдуақасов мектеп құрылысының мәселесін Коллегия мәжілістерінде жиі қарап отырды. Біз Комиссар С.Сәдуақасовты Қазақстандағы мектеп құрылысын мемлекеттік деңгейге көтеріп, аяғынан тұрып кетуіне ат салысқан қазақ зиялыларының белсенді өкілі деп толық айта аламыз. Ал Қазақстандағы екі және төрт жылдық мектептердің" дамуына С.Сәдуақасовты кінәлау кеңес тарихнамасында орын алып келді. Ал ХКК-і жанындағы орталық қауыл мектеп құрылысы Комитетінің мәжілісінің материалдарынан көріп- білгеніміздей, Қазақстандағы мектеп үйінің түрі туралы мәселе қаралған кезде, екі және төрт жылдық мектептер үшін үй салу негізделді. Сондықтан бұндай мектептердің дамуы С.Сәдуақасовтың жеке ойлап табуы емес, қоғамдағы ішкі-сыртқы факторлардан туындаған жағдай деп қараймыз.
С.Сәдуақасов қызмет еткен түста Комиссариаттың бүкіл мәселесі Коллегия мәжілісінде шешілуін тоқтатты. Жалпы осы кезеңнен бастап әлеуметтік-экономикалық мәселелер баяндамалық хаттар, қаулылар, съезд материалдары арқылы шешілді. Байқағанымыз басқару жұмысын жоғары партия, кеңес оргаидары колдарына ала бастады. Біріншіден, кеңес, партия органдары жағынан саяси, идеологиялық қысымшылық тың күшеюі болса, екіншіден, ағарту саласына кеңес құрылысының екпінді бөлігі ретінде үлкен мән берілді. Тарихшы М.Қойгелдиев бұл қүбылысты, республика басшылығына Ф.И.Голощекиннің келуімен байланыстырады. Негізінен осы уақытта басталған Комиссариатты жиі-жиі тексеру жұмысы да Ф.И.Голощекиннің түпкі мақсатын, яғни Өлкелік Комитетте көпшілік арасында халком және редактор С.Сәдуақасов туралы жағымсыз пікір туғызуды көздегенін байқау қиын емес /32/.
1926 жылдың 20 қаңтарында БКП/б/ Өлкелік Комитетінің Бюро мәжілісінде Ф.И.Голощекин, Ежов, Киселев, Боярский, Н.Нұрмақов, О.Исаевтар қатысып, күн тәртібінде ХАК-ын тексеру жұмысын қойды. Комиссариаттың тексерілетін мәселелері: орталық аппараттың жағдайы, Комиссариаттың қазынасы және оны жұмсау, жергілікті жерлермен басшылық әдістері, мектепті оқулықтармен, оқу кұралдарымен, бағдарламалармен қамтамасыз ету т.б.
Мәжілісте Комиссариат жұмысының үлкен мәселе болып қойылуы мекемеде қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің жинақталуында, олардың бірлесіп қызмет етуінде. Тексеріс жүргізгеннен кейінгі берілген қортындылар мен ұсыныстар оған дәлел бола алады. Орталық аппараттың жағдайы туралы қорытындыда Комиссариат қызметкерлерінің таңдап алынуына жалпы қанағаттанарлық деп баға беріліп, кейбір партияда жоқ адамдарды іскерлік жағынан өз жұмысына сай. келмейтіндіктен ауыстыру керектігі, сонымен қатар қызметкерлерді пайдалану жолында кейрбіреуінің тәжірибе жағдайына қарай, дайындығына және персоналды икемділігіне қарай бөлу туралы мәселені қайта қарауды ұсынды. Кейбір қызметкерлердің арасында, деп көрсетті Комиссия, қарым-қатынас дұрыс емес, сепаратистік, іскерлік келіспеушілік, тіпті жұмыста кері әсер ететін қызметтік бағынбаушылық орын алды. Сондықтан Комиссар С.Сәдуақасовқа жекелеген қызметкерлер арасындағы көрінген алауыздықты жоюға барлық шараларды қолдану ұсунылды.
Тексерудің мақсаты- зиялылардың қызметін тексеру, олардың Комиссариатқа тигізген "зиянды" әрекеттерін ашу. Жиі-жиі басшылық аппаратты сынға алу зиялылардың еңбегін жоққа шығару еді. Академиялық Орталықтың бөлініп алынуы, ондағы әдістік қызметке арнайы көңіл бөлінуі онда демократияшыл қазақ зиялыларының шоғырлануынан туындады.
Ф.И.Голощекиннің Қазақстандағы ең бірінші жүргізген реформаларының бірі - қазақ зиялыларының қызметін тексеру. Зиялылар көп Комиссариаттың кезден таса қалуы мүмкін емес. Ф.И.Голощекин РКП/б/ Бүкіл қазақстандық конференциясында сөйлеген сәзінде қазақ зиялылары мәселесіне тоқталды. Сондықтан жоғарыдағы деректі қарау кезінде, оның Ф.И.Голощекин бастаған өкіметтің тікелей басшылығымен жүргізілгенін, бұрын тек кағаз жүзінде қалып, - іс жүзінде тек қызметтен "төмендетумен" шектеліп қана қойған тазалау жұмысының жоғарғы жақтың бастауымен нақты жүзеге асырыла бастағанын көреміз. Тексеру кезінде ерекше қаралған мәселе Комиссариаттың мектептерді оқулықтармен, оқу құралдарымен қамту жөніндегі қызметі болды. Мұнда қазақ мектептерінің оқулықтармен 10 пайызы ғана қамтамасыз етілгендігі, оқулықтарға қажеттілік 200.000 дананы құрайтындығы көрсетілді. Сондықтан Комиссариатқа қазақ мектептері үшін идеологиялық тұрғыдан қанағаттанатын және әдістік талаптарға жауап беретін негізгі оқулықтардың жоқтығы орталық басылым беттерінен де, кейбір қазақ қызметкерлерінің пікірлерінен де көрінеді деп кінә тағылды .
1926 жылғы 17 және 24-ақпанда өткен Бюро отырысында Комиссариатқа жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша баяндама жасаған жұмысшы-шаруа инспекциясы Комиссариатының өкілі Смирягиннің қозғаған мәселесі де осы оқулықтар мазмұны еді. Ол қазақ мектептеріндегі оқулықтардың идеологиялық тұрғыдан жарамсыздығын, бастауыш кластарға арналған А. Байтұрсыновтың әліппесінің талапқа сай еместігін айтты /54,83/.
Оқулықтардың идеологиялық тұрғыдан дұрыс жазылуына тоқталуды партияда жоқ қазақ зиялыларының жазған оқулықтарын шетке ығыстыру және зиялыларға қарсы қудалаудың басты рычагы деп қарауға болады. Себебі Қазақ Мемлекеттік баспасының оқулықтар туралы жоспарлары БКП /б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің Секретариатының мәжілістерінде қаралып отырылды.
Соның бірі 1927 жылы 14 мамырда қаралған екінші жартыжылдыққа арналған кітаптар. Кітаптардың ішінде А.Байтұрсыновтың "Балалар әліппесі", М.Жолдыбаевтың және Т.Шонановтың "Оқу үшін", М.Дулатовтың "Есеп құралы", Айбасовтың "Жаратылыстануы", Ж.Күдериннің "Ботаникасы", Х.Досмұхамбетовтың "Зоологиясы", Е.Омаровтың "Геометриясы", Х.Досмүқамбетовтың "Анатомия және. физиологиясы", Қ.Сәтбаевтың "Алгебрасы", М.Әуезовтың "Қазақ әдебиетінің тарихы" және көптеген басқа кітаптар бар. Кітап авторлары - Алаш партиясының лидерлері. Сондықтан кітаптар цензураға ұшырай бастады. 1927 жылы 13 шілдедегі БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитеті Секретариаты мәжілісіндегі "Басылымдардың саяси редакциялану тәртібі" туралы мәселе қаралды. Мәселенің күн тәртібіне қойылуының негізгі мақсаты — басылымдарға толық саяси тексерісті камтамасыз ету үшін. ХАК-ының қызметкерлері шығарған оқулықтарға цензура басталып кетті.
Алаш азаматтарына кудалау басталған түста кеңес қызметіндегі бір топ зиялылардың араша түсуі ерекше көрінді. Кеңес, партия органдары оқулықтардың шығарылу дәрежесіне назар аудара бастады. Осы уақытқа дейін оқулықтарды шығартушылар Алаш лидерлері болғандықтан, Кеңес өкіметі бар күшті кітаптарды идеологиялық тұрғыдан тексеруге жұмсады. БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің ерекше жұмысы осы болды. Бұнда бөлім мәжілістерінде Комиссариаттың оқулықтар мәселесі жиі қаралып отырылды. Соның-бірі ересектерге арналған әліппе туралы. Мәжілісте қабылданған қаулыны қарар болсақ, әліппе шығару мәселесіне қажетті шараларды күшейткенін көреміз : біріншіден, әліппенің әдісіне барлық ережелер талаптардың сай келуі, екіншіден, идеологиялық .жағынан дұрыс болуы, үшіншіден, саяси сауаттылық элементтерінің болуы.
Осылай, оқулықтарға өкімет тарапынан саяси қыспақ күшейтілді. Әліппе мәселесіне байланысты Комиссариаттың Академиялық орталығы конкурсқа тек қана Малабаевтың "Америкалық әдіс бойынша әліппе" атты қолжазбасы ғана түскенін мәлімдеді. Ғылыми- әдістемелік Кеңестің төрағасы М.Жолдыбаев ХАК-ы оның орнына А.Байтұрсыновтың американдық және дыбыстық әдістерге сүйеніп оқуга мүмкіндік беретін әліппесін шығаратынын айтты. Біріншіден, қаржыны үнемдеуден, еісіншіден, қазақ мұғалімдері арасында американдық әдіске дайындалған адамдардың болмауы себеп болды. М. Жолдыбаевтың пікірінше:"Малабаевтың әліппесінің А.Байтұрсыновтан айырмашылығы аз, бір ғана айырмашылық, А.Байтұрсынов әліппесі өлкелік тұрмыстық материалдарды, ал Малабаев саяси жақтарды қарайды. Сонымен қатар, материалдарды іріктеуде әдеби және ғылыми жіктеу жағынан А. Байтұрсынов Малабаевтан жоғары тұрды".
Деректерді саралау партияда жоқ зиялыларға қысым жасауға Комиссариатта қызмет еткен азаматтардың қарсы тұрып, оларға көмек беру жолында өкімет шешімдеріне де қарсы тұрғандарын көрсетті. Ал А. Байтұрсыновтың әліппесі үгіт-насихат бөлімінен өтпеуі, әрине, онда саяси коммунистік идеологияның болмауынан. Әйтпесе, сол уақытқа дейін оқытылып келген әліппенің жүзеге аспай қалуы мүмкін емес, сонымен қатар онсыз да оқу құралдары жетіспей жаткан кезде кітап шығаруға өкіметтің мүдделі емес екендігі белгілі. Оқулықтар мәселесі осы жылдарда үлкен де күрделі құбылысқа айналды.
БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің 1927 жылғы 2 наурыздағы мәжілісінде С.Сәдуақасовты Халық Ағарту Комиссары міндетінен босату туралы арызы күн тәртібіне қойылған. Қаулыда Бюро карарында көрсетілген ХАК-ының әлсіздігі мен дұрыс жұмыс жүргізілмеуі тек объективті жағдайлардан ғана емес, С.Сәдуақадсовтың дұрыс басқара алмауынан болғандықтан Өлкелік Комитет Бюросы оны қызметтен босатуға мәжбүр болды деп көрсетті. С.Сәдуақасовты айыптау орталық партия, кеңес органдарының саясатына көнбеуінен және оған тікелей Ф.И.Голощекиннің қарсы шығуынан туындады.
С.Сәдуақасовтың Комиссариатта істеген қызметін зерттеген тарихшы М.Қойгелдиевтің жазғанындай, С.Сәдуақасов пен Ф.Голощекин арасындағы пікірталас былайша туындаған : "Одақ көлемінде Ф.Голощекин басшылыққа келген соң республикада гиартияда жоқ интеллигенцияға қырын қарау, оларды белсенді қызметтен ығыстыру науқаны басталып кеткен кезде С.Сәдуақасов, керісінше, партияда жоқ алаштық интеллигенция өкілдерін қорлығына алды, қызмет берді. Оның бұл әрекеті Қазақ Өлкелік |Комитетіндегі Голощекин бастаған солшыл топ тарапынан алашордашылдықтың, ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағаланды, ал С.Сәдуақасовтың өзі болса алашордашылдардың советтік және партиялық аппараттағы өкілі қатарына жатқызылды". Алайда С.Содуақасов тарапына жасалған кудалау мұнымен тоқтамады. БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің мәжілістерінде С.Сәдуақасов мәселесі жиі қаралып отырылды.
Ал осы жылы 9 наурызда БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің Бюросы мәжілісінде С.Сәдуақасовты республика мекемелеріндегі кызметтерінен босатып, ауыл мектептері үшін керекті оқулықтар мен кітапшалар шығаруды тапсырды. Ал 19 наурызда ХАК-ына С.Сәдуақасовты ғылыми қызметкер етіп қабылдау ұсынылды. 247 мамырдағы БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің Секретариатының мәжілісінде С.Сәдуақасовқа мынадай кітаптар жазу тапсырылды :
-тап күресінің хрестоматиясы /оқу кұралы, компеляция/;
-мәдени жорықтағы ауыл ұйымының жұмысы /ауыл коммунисінің кітапханасынан/;
-ауылдағы кооперация;
-Қазақстанның экономикалық географиясы /партия мектептері, жұмысшы факультеттеріне арналған оқулық, осы оқу орындарының бағдарламалары негізінде/;
-малшы-қазақ мектебіне көмек /бас ғылыми кеңес бағдарламасы негізінде мұғалімдер үшін түсіндірме әдістемелік жазба мен ауыл мектебінің 4-ші тобының оқушылары үшін хрестоматия/.
Кітаптарды редакциялау "ауыл коммунистерінің кітапханасына" редакция жүргізетін Коллегияға тапсырылды. С.Сәдуақасовқа мұндай кітаптарды жазуды тапсыру әдейі істеліп отырғандығы кітаптардың тақырыбынан-ақ көрініп тұр. Бұл кітаптарды жазу ісі С.Сәдуақасовқа БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің оның нағыз коммунист екенін тексеру үшін ұсынып отырған үлкен сыны еді. С.Сәдуақасовтың белгіленген мерзімде кітаптарды жазбауы және оның Қазақстан партия ұйымдарының күшпен тапсырған коммунистік идеологияны дәріптейтін кітаптармен жұмыс істеуге ашық қарсылығы 1927 жылғы 18 мамырдағы БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетіндегі Бюро мәжілісінде арнайы қаралды.
БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің Секретариатының "ерекше күпия" деген атпен берілген мәжілістерінде С.Сәдуакасовқа қарсы кудалау жалғаса берді.
Соның бірі 1928 жылғы 23 шілдедегі мәжілісте "Сәдуақадсовшылдыққа қарсы" жинағын бекіту болды. Бұл С.Сәдуақасовқа қарсы .ұйымдастырылған шараға жоғары партия ұйымдарының кең түрде атсалысуын білдіретін. Алайда Комиссариат Ғылыми-Әдістемелік Кеңесі мәжілістерінде қазақ зиялыларының кітаптарын шығарып отырды. Себебі онда зиялылардың үлкен тобы шоғырланған еді. Кеңесте І.Қабылов, Т.Шонанов, Ә.Сыдықов, М.Жоддыбаевтар қызмет етті. Бұлардың қолдауымен 1929 жылы 6 каңтардағы мәжілісте Ж.Аймауытовтың балаларға арналған кітаптары, Ә.Сыдықовтың орыс мектептері үшін қазақ тілі оқулықтары шығарылды. Бірақ бұл бірлі-жарым оқиға еді, кезқарас сол күйінде қала берді. Осылайша, ХАК-ында кудалау ашық көрініске ие болды:
1920 жылдан 1930 жылдарға өту кезеңі республикада жоғары оқу орындарының құрылуымен есте қалды. 20-жылдардың ортасынан Қазақ Университетінің ашылуы туралы сөз қозғала бастады. Ағарту саласының орталығы болып есептелетін ХАК-ында бұл мәселе қызу қолдау тауып, мәжілістердің күн тәртібіне қойыла бастады. Комиссариат Коллегиясының мәжілісінде Қазақ Университетінің ашылуының алғышарттары жиі көтеріліп отырды. Кеңес тарихнамасында Қазақ Университетінің ашылуы кең түрде қаралғанмен, әміршіл-әкімшіл империялық саясат үстемдік етуінен ХАК-ында қзызмет еткен зиялылар назардан тыс қалып келді. ХАК-ының материалдарын талдау кезінде көптеген тың деректерге жолықтық. Қор материалдары Университет ашылуына зор үлес қосқан зиялылардың еңбегін кең түрде ашады. Жоғары оқу орнын ашу идеясы 1925 жылдан басталды. Бірақ көптеген себептерге байланысты Университет ашылуы кейінге ысырыла берді.
Қазақстанда Университет ашу мәселесі 1925 жылы 4 тамызда РСФСР ХАК-ы мәжілісінде қаралып, Қазақ Республикасында жоғары оқу орны 5-7 жылдан соң ашылуы мүмкін деп айтылды. Осы уақыттан бастап Комиссариат мәжіліс хаттарын қарап отырсақ, Университет ашылу мәселесі қарала бастаған. Комиссариат педагогикалық кадрларға сұраныс көп болғандықтан, 1925 жылы Ташкенттегі Қазақ Ағарту институтын Қазақ педагогикалық институты деп қайта құрды /33/. Казақ педагогикалық институты Қазақстанда құрылған ең алғашқы жоғары оқу орны болды. Институттың Ташкент қаласында ашылуы, оның мәдени орталық және қазақ зиялыларының көп шоғырланған жері болғандықтан таңдалды. 1926 жылы 2 маусымда ХКК-інің мәжілісінде Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын Қазақ педагогикалық институты етіп қайта кұруға қаулы қабылдап, оны РСФСР оқу орындары жүйесіне РСФСР ХАК-ы мен ХКК-іне қабылдауды сұрады. Осы жылдың 28 маусымында РСФСР Мемлекеттік Жоспарлау Комитетінің әлеуметтік-мәдени секциясының мәжілісінде Қазақстаннан өкіл болып С.Сәдуақасов қатысып, Қазақстан педагогикалық институтының Педагогикалық жоғары оқу орны болып қайта ісурылып, оның мемлекеттік қазынаға қабылдануы туралы тыңдалды. Алайда қаулы қабылданған кезде бұл мәселені қабылдамай тастады. Оның орнына 1927-28 оқу жылына Қазан Шығыс Педагогикалық Институтында немесе Саратов Университетінің педагогикалық факультетінде Қазақ лингвистикалық бөлімін құру туралы мәселені шешуді үсынды. Алайда Ташкенттегі Қазақ Педагогикалық институты өз жұмысын бастап кетті.
Зиялылардың ендігі мақсаты Қазақ Мемлекеттік Университетін ашу болды. 1927 жылдың 18, қаңтарында Қазақ Педагогикалық институтының басқармасында мәжіліс болып, оған зиялылардан төраға Т.Жүргенов, мүшелері Х.Досмүқамбетов, С.Сейдузов, І.Қабылов, жаратылыс-математика факультетінің деканы Ә.Ермеков катысты. Халық Ағарту Комиссарының орынбасары Д.Авксентьевскийдің Қазақ Педагогикалық Институтын Қазақ Мемлекеттік Университеті етіп қайта құру туралы баяндамасы тыңдалды. Мәжіліс қаулысында педагогикалық институтты Университетке айналдыру қабылданып, оның материалдық жағдайын көтерумен қатар оқу орнын Қазақстанның өз қалаларында ашу көзделді .
1927 жылғы 17 наурыздағы Комиссариат Коллегиясы мәжілісіне көптеген зиялылар қатысып, ҚАКСР-інде Қазақ Мемлекеттік Университетін құру туралы мәселені талқылады. Баяндама жасаған Д.Авксентьевский Қазақстаңда Мемлекеттік Университет ашылу кажеттілігі туған табиғи-тарихи және экономикалық алғышарттарды айты. РСФСР ХАК-ы Қазақстанның нақты астанасы болмағандықтан, жоғары оқу орнын ашу мүмкін емес деп көрсеткен «Д.Авксентьевский былай деді: «Бірақ бұл аргумент қазір күшін жойды, себебі Қазақстан астанасы белгіленді«. Келесі жарыссөзге шығушы Т.Жүргенов Орталық Азия Мемлекеттік Университеті ауыл қажеттігін өтей алмайды және онда жергілікті қазақ тұрғындары аз, қазақ балаларын ана тілінде оқыту тек мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да керектігін ашып айтты. С.Сәдуақасов өз сөзінде Қазақстанда Университет ашылуына ғылыми дайындалған мамандар жетісетіндігін, сондықтан Университет ашылуына Қазақстан дайын екенін көрсетті.
Қазақстанда Университет ашылуына қажетті барлық жағдайлар туып және зиялылар бұл идеяны қолдағанын айта аламыз. Мәжіліс қаулысын қарар болсақ, онда Қазақ Мемлекеттік Университетінің ашылуына бірнеше кажеттілік туындағаньш көреміз :
а) қазақ тұрғындарының арасындағы кең көлемдегі сауатсыздық, медициналық персоналдың болмауынан және емдеу орнының жоқтығынан қазақтар арасында аурулардың таралуы;
б) халық шаруашылығының экстенсивті дамуы, жаратылыстану мамандарының ғылыми дайындығының болмауы, зоотехниктер, агрономдар, ветеринарлар жетіспеушілігі;
в) мемлекеттік күрделі машинаны басқарудың және басшылықтың болмауы;
г) ғылыми терминологияның жасалмауы;
д) ғылымды қазақ тілінде дамыта алмау;
Осы себептерден ХАК-ы 1927-28 оқу жылынан Қазақ Мемлекеттік Университетін құрамында педагогикалық, ауылшаруашылық, медициналық факультеттерімен ашты /34/. Университет ашылуына орай қаулылар жиі-жиі шығып, ондағы факультеттер көбейе бастады. 1928 жылғы 10 маусымдағы ХКК-інің қаулысында былай көрсетілді: "РСФСР ХКК-інің қаулысына сай 1928 жылдың 1 қазанынан КазМУ педагогикалық факультеті ұш бөлімнен ашылды: физика-математикалық, жаратылыстану және лингвистикалық-әдеби". Университет ашылуының негізгі себебі педагогикалық кадрларға өсіп келе жатқан қажеттіліктерден туындаған. Педагогикалық факультетке ерекше мән беріліп, оған студенттер қабылдана бастады. Басқа факультеттердің ашылу мүмкіндігі болмады, себебі кадрлар мен студенттерді жинау қиынға соқты. Сондықтан 1930-31 оқу жылында Университетті Қазақ Педагогикалық институты етіп қайта құрды. Университет ашылуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың мәдени төңкеріс майданында кедергі болып, орын алуы себеп болды:
-Қазақстанда ағарту жүйелерінің кең қарқынмен дамып, өрістеуі;
-барлық салалардағы арнаулы мамандардың жетіспеушілігінен қиындықтар тууы;
-жастардың арасында оқуға деген энтузиазмның кең орын алуы;
-қазақ зиялыларының ұлттық мәдениет пен өркениетті дамытуға умтылуы;
Қазақ Университетінің ашылуы идеясы басында жігерлі Комиссар С.Сәдуақасов тұрса, оның ашылуын нақты істер атқарған, зиялылардың.жаста жалынды өкілі О.Жандосов жалғастырып әкетті. Ораз Жандосов Қазақ Мемлекеттік Университетінің ашылуындағы басты мәселелерді шешудегі белсенді рольді атқарды. Университеттің 1928 жылы жұмысқа кірісуі сол жылы 4 маусымда Комиссариат мәжілісінде шешілді. Бұл мәжіліске О.Жандосов, Баруличев, Оликов, Құдабаев және Қазақ Педагогикалық институтының орынбасары Х.Досмұхамбетовтар қатысты. Мәжілісте Қазақ Мемлекеттік Университетінің 1928 жылы 1 қазаннан бастап іске кірісетіні айтылды. Осы жылғы 1 шілдедегі Комиссариат Коллегиясы О.Жандосов төрағалық етіп, Қазақ педагогикалық институтының кейбір оқытушыларын Қазақ Мемлекеттік Университетіне жұмысқа шақыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Қаулыда Қазақ педагогикалық институтынан Х.Досмұхамбетовты, Ә.Ермековты, А.Байтұрсыновтың, сондай-ақ Орта Азия Мемлекеттік Университетінен Кун мен Смирновты шақыру ұйғарылды. Бұл кезде Комиссариатта жылдар бойы жай жүргізіліп келген зиялыларға қудалаудың күшейгенін ескерсек, БКП/б/ Орталық Комитетінің назарына ерекше ілініп жүрген Алаш партиясының лидерлері А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х.Досмүқамбетовтардың жұмысқа алынуы Қазақ Мемлекеттік Университетінің өркендеуін шын тілеген Комиссар О.Жандосовтың арқасында жүзеге асты.
Сонымен қатар, Коллегия мәжілісінде Университетті ұйымдастыру. Комиссиясының құрамы туралы мәселе қаралды. Ұйымдастыру Комиссиясының құрамына: О.Жандосов, С.Асфандияров, Ә.Байділдин, Д.Авксентьевский, А.Әбдірахманов, Х.Досмұхамбетовтер кірді. Зиялылар арасында идеологиялық бөліну болмады. Коллегия мәжілістерінде Университет жайы да қаралды. 1928 жылдың 31 шілдесінде өткен мәжілісте ҚазМУ-ға түсуші жергілікті тұрғындарға жеңілдік жасау мақсатында оқуға түсу бағдарламаларын қайта қарау үшін Комиссия құрды. Комиссия құрамына О.Жандосов, Баруличев және С.Асфандияровтар енді.
Қазақ Мемлекеттік Университетінде қазақ балаларының қабылдануы өзекті мәселе болды. Қазақ зиялыларының алдында қазақ балаларын оқуға алуға байланысты қиындықтар туған еді. Олар, біріншіден, қазақ мектептерінің ақсауы, екіншіден, Университет бағдарламаларын меңгеріп кетуде қазақ балаларының дайындығының болмауы, үшіншіден, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайлардан туындаған мәселелер. Осы мәжілісте О.Жандосовтың тікелей үсынуымен М.Әуезовті Ташкент Қазақ Ағарту институтына оқытушы етіп тағайындау және Орта Азия Университетінің аспиранттары қатарына енгізу туралы мәселе қаралып, қолдауға ие болды. Қазақ Мемлекеттік Университетінің ашылуы туралы шешім ХКК-інің мәжілісінде 1928-жылы 15 мамырда қабылданып, материалдық және экономикалық мәселелер шешілді .
Университет ашудағы Кеңес өкіметінің негізгі мақсаты-коммунистік идеологияны ұстанушы жастарды даярлау болды. Бұны 1929 жылғы БКП/б/ Қазақ Өлкелік Комитетінің "Қазақстан студенттеріне" арнауынан көреміз: "Жаңа инженер, техник, агроном, педагогикалық кадрларды өсірмең, олардың өнеркәсіпте, транспортта, ауылшаруашылығындағы дәрежесін көтермей тұрып, біз халық шаруашылығын қалпына келтіре алмаймыз. Бізге халық шаруашылығының нағыз ұйымдастырушылары болатын, марксистік интернационалды, біздің кеңестік және партиялық шешімдерімізді социалистік құрылыстың барлық салаларында дұрыс жүргізе алатын, Қазақстан жұмысында кездесетін барлық қиындықтарды жеңе алатын кадрлар даярлау керек". Алайда Қазақ Мемлекеттік Университетін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуші, кеңестік идеологияны дәріптейтін орын бодды деп айта алмаймыз. ХАК-ының деректерін қарап отырсақ, университет ашылуының басты қызметі демократияшыл қазақ зиялыларының қолында болды. Олар жастардың миына коммунистік идеологияны қүю үшін емес, өркениетке жететін демократиялық жол арқылы қазақ жастарына білімге сара жол салуға көмектесті.
Деректерді талдауда көптеген субьективизм факторлары орын алды. Деректерді "идеологияландыру" тенденциясы жүзеге асты. Бұл тенденцияның салдарынан зиялылардың ролі ашылмады. ҚазМУ-дың ұйымдастыру комиссиясының мәжілістерін талдар болсақ, онда ректор С. Асфендияровпен қатар Х.Досмұхамбетовтың да ролі жоғары болғанын байқаймыз. Ұйымдастыру комиссиясының мәжілістерінде осы Университет профессоры А. Байтұрсынов та қатысып отырды. Мәжілістерден Х.Досмүхамбетовтың Университет шаруашылығына араласып отырғанын байқаймыз. Бірақ Х.Досмұхамбетов Университетте көп жұмыс істей алмаған. Бүған себеп ОГПУ Әскери бөлімінің өкілдігінің үкімінің негізінде ХАК-ына келіп түскен "ерекше құпия" белгісі бар бүйрықга ҚазМУ. профессоры Х.Досмұхамбетов Қылмыстық Кодексінің 142-бабы бойынша қудалануына байланысты жұмыстан шығарылуы керек делінді. Бүйрықтың негізінде Х.Досмұхамбетов жұмыстан шығарылды. Комиссариатта қудалау бұрын "жасырын" түрде жүрсе, енді жоғары жақтың құпия бүйрықгарымен злялылар жұмыстан шығарыла бастады. Қазақ зиялыларының Комиссариаттағы шоғырланған жері — Ғылыми-Әдістемелік Кеңес болды. Кеңес мәжілістерінде зиялылардың негізгі жұмысы — оқулықтардың жағдайы шешілді. 1929 жылы Кеңес мәжілісіне қазақ зиялыларынан І.Қабылов, Т. Шонанов, Ә. Сыдықов, О. Жандосов, Ж. Аймауытов, Оликов, Ембергенов, М. Мурзиндер қатысып, 1928-29 оқу жылында төмендегі кітаптардың құрастырылуы мен қайта басылуына қаулы қабылдады. Олар: балаларға арналған әліппе - Т.Шонанов, география және өлкетану — Иванов, II басқыш мектептер бағдарламасы негізінде жоғарылатылған мектептер үшін оқу кітабы ретінде әдеби хрестоматия - С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Мұратов, қазақ әдебиетінің тарихының очерктері — жоғарыда көрсетілген авторлар, Лесчаровтың негізгі дүниетанымынан аударылған физикалық география - Ж.Күдерин, қазақ халқының тарихы - Ә.Әйтиевтер т.б. Деректерден көріп отырғанымыздай, зиялылардың Ғылыми Кеңестегі саны азая бастаған. Осы мәжілісте бекітілген Ғылыми-Әдістемелік Кеңестің Президиумының секцияларының құрамын бекітті. Президиум төрағасы - І.Қабылов, мүшелері - Брихничев, Глазов, Оликов, Ә.Байділдин, М.Жолдыбаевтар болып, Өлкелік комитеттің үгіт-насихат бөлімінен өкіл болып Мартыненко, әдістемелік ғылыми кеңес қызметкерлері Т.Шонанов, Ә.Сыдықов, Қ.Жұбанов, Қ.Арифановтар болды. Президиум үш секцияға бөлінді:
1.Ғылыми-саяси секция. Төраға - І.Қабылов. мүшелері О.Жандосов, Брихничев, Есова, Нұрмағамбетова, Ғ. Мұстафин.
2.Тіл және әдебиет секциясы. Төраға - М.Жолдыбаев. мүшелері -І.Кабылов, Тоқжігітов, Т.Шонанов, М.Мурзин, К.Жұбанов, Ж.Аймауытов, А.Байділдин.
3.Ғылыми-өлкетану секциясы. Төраға - Т.Шонанов, мүшелері -Ф.Оликов.
Жаңа алфавиттің жүзеге асуы ХАК-ында шешілмей, жоғары партия және кеңес орындарында шешілді. Алайда реформадан туындаған терминологиялық мәселелер тікелей Комиссариат міндетіне берілді. Комиссариаттың 1929 жылғы 9 ақпандағы мәжілісінде терминологиялық комиссияның құрамына төраға - М.Жолдыбаев, мүшелері - Ж.Аймауытов, М.Мурзин, С.Сарыбаев, Қасымов, Ембергенов, Есова, Ә.Байділдин, Ерімбетовтер кірді. Деректерді карап отырсақ, 1929 жыл Комиссариаттағы қазақ зиялыларының жаңа құрамымен толығып, өзгере бастауына бастама болды. Бұрынғы Алаш лидерлерінің қудалауға ұшырауына байланысты Комиссариатқа жаңа кеңес рухында тәрбиеленген болмаса да, өкімет органдарында қызмет істеп қалыптасқан зиялылар келді. Ендігі қызмет осы зиялылардың қолымен, солардың басқаруымен жүзеге асар еді. Бұлармен қатар өзгеріске ұшыраған "идеологияландырудың" басты құралдары оқулықтар мен оқу құралдары болды.
1929 жылы 9 қаңтарда Ғылыми-Әдістемелік Кеңестің ғылыми-педагогикалық секциясының мәжілісінде квалификацияны көтеру жөніндегі бағдарлама-минимумның құрастырушылары бекітілді. Олар Алмағамбетов., Б.Малдыбаев, Ә.Сыдықов, І.Қабылов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, Ж.Аймауытов және т.б. Жаңа оқулықтар бекіту жұмысы үздіксіз жүріп жатты.
Ол бұрынғыдай Ғылыми-Әдістемелік Кеңесте емес, көптеген мемлекеттік мекемелер өкілдерімен бірге шешіліп отырылды. 1929 жылғы 9 ақпандағы Ғылыми-Әдістемелік Кеңес пен НКА Орталық Комитетінің біріккен кеңейтілген мәжілісінде оқулықтар және оларға берілген пікірлер туралы қаулы кабылдады. Қаулыда кейбір пікірлерді қабылдап, кейбірін кабылдамады. Себебі идеологияландыру саясатына сай келмеген оқулықтар болды, ал тексеру Комиссариаттың бүкіл оқулықтарын арнайы редакциямен және цензурамен шығару үшін керек болды.
1930 жылдардан бастап бүкіл оқулықтар мен оқу бағдарламаларын кайта жасау тенденциясы кең орын алды. Бұл Кеңес өкіметінің бюрократиялық құрылымының күшеюі және ағарту саласын "жаппай тазарту" реформасының басталуы еді. 1932 жылы 20 қаңтарда мәжілісте оқулықтар басылуы туралы Кеңесбаевтың баяндамасы тыңдалып, Орталық Комитет пен Өлкелік партия комитетінің "Бастауыш және орта мектептер туралы" қаулысы негізінде жасалынған жаңа бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның жасалуын мәжілісте мектептерде ескі бағдарламамен жасалынған оқулықтарды пайдалануды жүзеге асырмау үшін істелінді деп түсіндірідді. Сондықтан Комиссариат бастауыш мектептерді оқулықтармен қамту мақсатында қаулы шығарды:
1.жаңа оқулықтарды басуды түзету. I басқыш оқулықтарды осы жылдың 1 наурызынан қалмай шығарылсын;
2.жұмысты орындау үшін мына авторларды 15 күнге сабақтан босату керек: Олар: М.Төлебаев, М.Қаратаев, Есбатырова, Ә.Қоңыратбаев, Ү.Құлымбетов, Әбдірахманов, Хасанов және т.б. мәжілісте жаңа бағдарламаның идеологиялық және әдістік талаптарына жауап бере алмайтын оқулықтарды пайдаланудан тез алу, бастауыш және орта мектептерге арналып бұрын шыққан кітаптарды қарау үшін бригада құруға қаулы қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |