Семантикалық бағыт өз бастауын С.А.Аскольдов-Алексеевтің “Концепт и слово” деген еңбегіндегі тұжырымдардан алады. Ол бойынша, “концепт біздің ойлау әрекетіміз кезінде бір текті заттардың көпшілігін алмастыратын ойша жасалым (түзілім)” [35]. Д.С.Лихачев осы теорияның тұжырымдарын дамыта отырып, әрбір сөздің ғана емес, сөздің әрбір негізгі (сөздік) мағынасының да концепті болатынын айтады. Ғалымның пікірінше, концепт мағынаның біз ауызша және жазбаша сөзжұмсам барысында пайдаланатын жиынтық көрінісін білдіреді. Сөздің көптеген сөздік мағыналарының қайсысын концепт алмастырып отырғаны әдетте контекстен, кейде жалпы жағдаяттан түсініледі. Концепт тікелей сөз мағынасынан пайда болмайды, сөздің сөздік мағынасы мен дамуының жеке және халық жинақтаған тәжірибесінің ұштасуы нәтижесінде жасалады [35, 75]. Логикалық бағытты жақтаушылар (Ю.С.Степанов, Р.И.Павиленис тағы басқа) “ұғым” және “концепт” терминдерін ұқсастырады. Концепт ретінде әдетте жинақтаудың аса жоғары дәрежесінде болатын грамматикалық немесе семантикалық категория көрінеді. Ю.Степановтың анықтамасы бойынша, концепті ұғым сияқты, сонымен бір қатарда тұрған құбылыс, оны белгілі бір сөзге қатысты түсініктердің, ұғымдардың, білімдер мен ассоциациялардың, әр түрлі күйлердің “бумасы” деуге болады [12].
Е.С.Кубрякованың пікірінше, “концепт” және “ұғым” терминдері адам санасы мен ойлау жүйесінің әр түрлі қырларын сипаттайды. Ұғым – ақиқат болмыстың белгілі бір логикалық формада бейнеленуінің аса маңызды түрлерінің бірі. Ал, концепт оперативті сананың түсініктер, образдар, ұғымдар сияқты бірліктерін қамтиды. Олар бірге отырып концептуалды жүйені немесе ғаламның концептуалды моделін (ҒҚМ) құрайды . Концептілерді зерттеу (концептуалды талдау) нақ тілдік интроспекцияны көрсетуге мүмкіндік береді. Ол бойынша сөз семантикасы қоршаған ортадағы заттар, яғни денотаттар арқылы емес, олардың (объектілердің) адам санасындағы идеалды образдары, яғни прототиптері арқылы интерпретацияланады. Бұл тұрғыдан алғанда, концептілер - әлемді тіл арқылы көру, тану катергориялары, идеалды әлемдегі “жасаушы”, әрекет етуші және сонымен бір мезгілде сол әрекеттердің нәтижесі де болып табылады. Концептілерді, ең алдымен, ұлттық-мәдени менталдылық жемістері, нәтижелері деуге болады [36]. В.В.Колесов концепт мәнін түсініктен көреді. Концепті мен түсінік арасындағы байланыстың әлсіздігін, тұрақсыздығын С.Аскольдов былайша анықтайды: “Көптеген концептілер схемалық түсініктер сияқты, қандай да бір нақты детальдарсыз, белгі-нышандарсыз қабылданып жүр, мысалы, көшеде келе жатқан адам дегенде көз алдымызға бойы, түрі, жынысы, жасы белгісіз, әйтеуір бір адам елестейді. Көзбен көруге болатын, ұқсас заттардың жиынтығын атайтын концептілерге сызбалылық (схематичность) тән болады. Ал абстрактылы ұғымдарға қатысты алғанда “түсінік” терминін қолдану орынсыз деуге болады. Бұл жерде концептінің, белгілі бір әрекет жасауға қабілеттілік, әлеуметтілікке негізделген алмастыру қасиеті туралы айтқан тиімдірек болар” [35, 66].
Д.С.Лихачев Д.С.Лихачев концепт сөздің өзіне емес, біріншіден, сол сөздің әрбір негізгі (сөздік) мағынасына жеке-жеке тән болады деп ойлайды, екіншіден, концептіні мағынаның бір өзіндік ерекшелігі бар “алгебралық мән” (алгебралық таңбалану) деп санауды ұсынады. Зерттеушінің пікірінше, біз ол таңбаны ауызша және жазбаша сөзде ыңғайымызға қарай пайдаланамыз, оның аса күрделі мән-мағынасын түгел қамтуға адам тіпті үлгермейді де, кейде оған шамасы да жетпеуі мүмкін, ал кейде оны өз біліміне, жеке тәжірибесіне, жүрген ортасына мамандығына тағы басқа сәйкес етіп, өз қабілетіне орай түсінеді, саралап ұсынады. Концептінің “орынбасарлық” яғни орын алмастырушылық қызметі бір жағынан тілдік қатынасты жеңілдете алады: “яғни ол адамдардың арасындағы кейбір сөздерді түсінуге, оларды ұғынуға қатысты болатын аздаған айырмашылықтарды байқатпай, білдірмей жібереді” [37, 66]. Тілші ғалымдар алдында концептіні сипаттайтын көптеген дұрыс және дәл емес терминдерді өзара салыстырып, сараптап, жүйелеп, солардың ішінен ең дәлелді де дәйектісін таңдап алу міндеті тұр деуге болады. Әзірге зерттеу еңбектерінде аталмыш терминнің мынадай синонимдері қатар қолданылып жүргені белгілі: “кілт сөздер”, “лингвокультурема”, “мәнді сақтаушы қойма, сауыт” (контейнеры смысла), “абстрактылы (дерексізденген) сөздер”, “жалпы семиотикалық сөздер”, “сөздің когнитивтік жады”, “құдыретті сөздің “ұрығы” (зародыш божественного логоса)”, “ойдың түпнегізі” (архетипі). Бұл тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Ол тәжірибе (өзімен өзі әйтеуір емес), белгілі бір адамдар ортасына, адамзат идеосферасына тән болады.
Санамаланған нұсқалардың алғашқысының (“кілт сөздер”) семантикасы анықтама ретінде аса күрделі саналады, онда белгілі бір сөз арқылы таңбаланған ұғымның мәні (философиялық, ғылыми сана деңгейінде де, сонымен бірге қарапайым сана деңгейінде де) алуан түрлі түсіндірілетіні аңғарылады . Лингвистикада мұндай термин лексикалық жүйеге қатысты әр алуан аспектіде жүргізілген зерттеулерде қолданылады. Зерттеушілердің кейбірі жекелеген тақырыптық топтарға қатысты кілт сөздерді бөліп көрсетсе (О.Н.Трубачев), О.И.Фонякова деген ғалым көркем сөз стилистикасы мен поэтикадағы кілт сөздерге тән белгілерді анықтаған. Оның пікірінше, кілт сөздерге тән ондай межелеуіштер (критерий) ол сөздердің мәтінде атқаратын семантика-стилистикалық және эстетикалық қызметтерінен келіп шығады [37].
Зерттеуші А.Б.Жуминова “лингвомәдени мәнге ие сөздерді кілт сөздер деп санауға болады” дейді. Автордың пікірінше, кілт сөздер белгілі бір тіл ұстанушының қоршаған әлемге (ғаламға) деген көзқарасын, қатынасын білдіретін ұлттық менталитетін түсіну үшін үлкен маңызға ие болады. Орыс тілді қазақ ақыны О.Сүлейменовтың тілдік тұлғасын зерттеуге арналған еңбегінде лингвист аталмыш сөз зергерінің шығармасында орыс менталдылығын хоровод, баня, печь, блины, балалайка, кафтан сөздері, ал қазақы менталдылықты киіз үй, бәйге, байырсақ, домбыра, сексеуіл, дермене немесе жусан, арғымақ тағы басқа сөздер көрсетеді деген ой түйеді. Яғни О.Сүлейменов шығармашылығындағы кілт сөздер ретінде аталған лексикалық бірліктер танылады .
“Концепт” терминінің түсіндірмесімен қатар оның құрылымы туралы мәселеде де зерттеушілер әлі бірізді пікірге тоқтала қоймаған. Р.И.Павиленс концепт құрылымын мағынаның объективті және субъективті мазмұнымен байланыстырады: “Қоршаған болмыстағы заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстар мен қатынастар жүйесі (объективті мазмұн) адам санасында (субъективті мазмұн) мағыналар тіліне аударылған (таңбаланған) болмыс, объективті шындық (ақиқат) ретінде беріледі”. Мұндағы ұғым мен нақ мағына тілдік таңбаның субъективті мазмұнының когнитивтік және коммуникативтік инварианты ретінде өзара байланысады .
Кей зерттеулерде концепт құрылымының тізбекті, радиалды және аралас болатыны айтылады.
Ю.С.Степанов концепт құрылымы үш компоненттен тұрады дейді:
1. Негізгі, актуалды белгісі;
2. Қосалқы немесе пассив белгілері;
3. Сырттай сөз формасына берілетін ішкі форма. Концептінің негізгі, актуалды “қабатты” бүкіл тіл ұстанушыларға белгілі, ал қосалқы (қосымша) пассив қабат белгілі бір әлеуметтік топтар үшін ғана маңызды болса, ішкі формаға тек арнайы зерттеушілер ғана назар аударады [12, 66].
Жоғарыда айтылған ойларды жинақтай келе, мынадай тұжырым жасауға болады: концепт – аса күрделі құбылыс. Ол бір жағынан сөз мағынасын сөйлеушінің тәжірибесін қамти, іске қосып отырып ашады, яғни “Тіл мен ойлау” қостағанымен байланысады, екінші жағынан “Өзіндік ассоциациялар шеңбері, мағыналық реңктері бар, сонымен байланысты концептінің әлеуметтік мүмкіндіктеріне қатысты ерекшеліктері бар адамның мәдени тәжірибесі неғұрлым бай да кең, көп болса, ол қолданатын концептінің әлеумет-қуаты да соғұрлым кең және зор, терең болмақ” деген Д.С.Лихачевтің сөзі нақтыланып, дәлелдене түседі. Д.С.Лихачев, Ю.Н.Караулов, Ю.С.Степанов сияқты ғалымдардың еңбектерінде концепт мәдениетпен байланыста алынып түсіндіріледі, яғни мәдени құбылыс ретінде танылған концептінің құрылымы бірнеше қабаттан тұрады және оның әрбір қабаты әр түрлі дәуірлерге тән мәдени өмірдің “қалдықтарын, із-таңбаларын” көрсететін нәтиже болып табылады [12, 99].
Әлі күнге концептіге берілген анықтамалардың әр алуан сипатта болып келе жатқандығын ескере отырып, біз “Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігіндегі” нұсқаны басшылыққа алғанды жөн көрдік: “Концепт дегеніміз – адамның білімі мен тәжірибесін бейнелейтін ақпараттық құрылымның және біздің санамыздағы менталдық психикалық ресурстардың бірліктерін түсіндіру үшін қолданылатын термин; адам жадының менталдық лексиконның, мидағы концептуалды жүйе мен тілдің, сондай-ақ адам психикасында таңбалынып-бейнеленген бүкіл ғалам бейнесінің шұғыл түрде жұмсалатын, әрекет ететін мазмұндық бірлігі”. Концепт ұғымы адамның ойлау әрекеті барысында пайдаланатын және оның тәжірибесі мен білімдерінің мазмұнын көрсететін, адам баласының бүкіл тіршілік әрекеті мен ғаламды тану процесінде қол жеткізген нәтижелерін білдіретін (қандай да бір) білім “кванттары” түрінде болатын мәндер туралы түсініктерге сәйкес келеді [12, 64].
Адам жадындағы пропозиционалды құрылымдардың әрбір қиылысындағы түйіндерде орналасқан концептінің ұлттық танымдағы күйі бастапқы деп саналады, ақын сол концептілердің этномәдени санадағы негізгі мәнін сақтай отырып, өз ой-елегінен өткізеді де жаңаша сипат береді, яғни түрлендіреді. Ол үшін түрлі тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді қиюластыра пайдаланады. Ондай аса тиімді тәсілдер қатарына метафора, символ, теңеу тағы басқа айшықтау амалдарын жатқызамыз. Я.С.Кубрякованың пікірінше, ішкі лексикон – керекті бірлікті іздеп табуды түсіндіру үшін ұйымдастырылған “қойма” ғана емес, әрбір “бірліктің” қолданылуына қатысты “жазылып қойған” нұсқаулығы, іс-жүзінде пайдаланылып келе жатқан жүйе. Осындағы оперативті (шұғыл) когнитивтік құрылым –концепт деп аталса, ол концептіні вербалдайтын тілдік құрылым – кең мағынасында алынған тілдік таңба (сөз, фразеологизм, сөйлем) болмақ.
Концептіні репрезентациялаушы тілдік таңбаларға сөз, фразеологизм, сөйлем жатады. Тілдік таңба семантикасы – репрезентацияланушы концептінің мазмұны туралы білімнің (мәлімет алудың) ең негізгі, басты көзі болып саналады. Сондықтан да тілдік таңба семантикасынан концепті мазмұнына қарай зерттеу – ең дұрыс жол деп танылуы тиіс.
Концепт – әмбебап кодтың бірлігі, яғни индивидуалды сезімдік-заттық бейне (образ) ретінде туындайды. Ол образдың негізінде сезімдік, яғни сезу арқылы жинақталатын тәжірибеде жатады. Ол бейне мейлінше нақты болады. Мысалы: “кітап” деген концептіні бір адам “Әліппе”, екіншісі “Құран”, үшіншісі Абайдың өлеңдер жинағы түрінде елестетеді. Уақыт өте келе ол нақты образ абстракцияаланып, реалды заттан ойдағы (адамның өз ойындағы) бейнеге айналады (Е.С.Кубрякова, З.Д.Попова, И.А.Стернин тағы басқа). Дегенмен адамның жеке тәжірибесіне сүйенетіндіктен ол бейне қашан да индивидуалды болады. Концепт негізінде жатқан бейне (образ) қоғамдық санамен тығыз байланысты. Сондықтан да жеке тұлғаға тән бейнелер этномәдени түсініктермен байланыса отырып, түптеп келгенде, не жалпы этникалық немесе топтық бейнеге айналады, не болмаса жеке күйінде қалады.
«Концепт» терминінің теориялық негіздері Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнов, Е.С.Кубрякова, А.Н.Мороховский, Н.К.Рябцева, В.А.Маслова, А.Я.Гуревич, А.Вежбицкаяның еңбектерінде әр түрлі қырынан қарастырады. Концепт сөздердің беретін ұғымын түсіну арқылы жеке адамнан бастап,қоғамдық топтардың, бүкіл бір ұлттың,халықтың тіл өрісінің,дүниетанымының ерекшеліктері айқындалады. Концептілер рухани мәдениеттің басты-басты ұғымдарын оның элементтері ретінде таңбалай отырып,олардың мән-мағынасын қамтиды. Рухани-мәдени сөздердің лексикалық мағыналарын анықтау жаңа үстеме мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде бұрынғы түсіндірмелерді жаңа қырынан бағалауға әкеледі.
Сонымен, тіл білімінде концеп мәселесі аясындағы пікір, пайымдауларға жасалған шолудың, сипаттаманың негізінде бірқатар мәселелердің теориялық тұрғыдан негізделгендігі анықталды.
«Концепт» ғылыми атауының, концепт теориясының қалыптасуы, оның ұғыммен ара - қатынасы, концептуалды талдау тәрізді мәселелерге бпйланысты ғалымдардың теориялық тұжырымдары өзектесіп, ұштасып келе, концепт түрлеріне қатысты ұстанымдар әлі де болса нақтылана қоймады. Зерттеу нысанын жоғарыда аталған ғалымдардың оң теориялық тұжырымдарын, ұстаным, қағидаларын басшылыққа ала отырып талдадық.
1.2 Дүниенің тілдік бейнесі ұғымы
Дүниенің бейнесін адам жасайды. Дүниенің бейнесі дегеніміз-бұл тіршілік әрекетінің айнадай көрінісі емес, ол оның белгілі бір деңгейдегі түсіндірмесі. Дүниенің бейнесі адамның дүниетанымының өзегін құрайды және оның негізгі қасиеттерін бойына жинайды.
Дүниенің тілдік бейнесі-сананың жемісі, ойлау, болмыс және тілдің әлем туралы ойын жеткізу құралдары ретіндегі өзара әрекеттерінің нәтижесі. Дүниенің концептуалды көрінісі ұғымының аясы өте кең, себебі оның жасалуы барысында ойлаудың көптеген түрлері қызмет атқарады, олардың қатарында тілдің бейвербальды түрлері де кіреді. Берілген ұлттық тілдің нұсқасына тән арнайы тәсілдер мен атау құралдары дүниенің тілдік бейнесінің ажырамас бөлшегі ретінде дүниенің номинативтік көрінісін білдіреді.Тіл дүниенің ұлттық мәдени көрінісін жүзеге асырады, оларды вербальдандырады, оны сақтайды және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді қамтамасыз етеді. Тіл әлемнің ұлттық көрінісінде кездесетін ұғымдардың барлығын белгілей бермейді, олар тек қана бейнелей алады. Біз мәдениеттің тілге алғашқы қатынасы немесе керісінше, тілдің мәдениетке деген қатынасы туралы саналы түрде айта аламыз. Шын мәнінде, осы аталған екі бейне бір-бірімен өзара тығыз байланысты, бұл екі бейнеге қатысты себеп-салдарлық байланысты қолдану мүмкін емес [6, 5]. Адамзат әлемде меже жасау үшін тілде, мифологияда, дінде, өнерде, ғылымда қандай да бір символдық белгілер жасайды. Символдық белгілер көмегімен ғаламның бейнесі жасалады. Дүние туралы бейнелердің тілге түскен жиынтығы дүниенің тілдік бейнесі деп аталады. Дүниенің тілдік бейнесі бар және концептуалдық бейнесі бар. Дүниенің концептуалды бейнесі санада танылған ақпараттар мазмұнынан тұрса, дүниенің тілдік бейнесі нақты тілдік құрылымдағы семантикалық категориялар мен семантикалық өрісте бекітілген мағыналардан құралады [6, 15].
Дүние бейнесі – адамның дүниетаным негізінде жатқан, дүниенің ғаламдық бейнесінен шығады. Дүние бейнесі адамның барлық рухани белсенділігінің нәтижесі болып табылады. Тілдік бейне концептуалды бейненің бір бөлігі іспеттес. Б.А.Серебрянников пен Е.С.Постовалованың пікірінше концептуалдық бейне тілдік бейнеден кеңірек әрі бай, алуан түрлі. Себебі, концептуалды бейненің қалыптасуына ойдың түрлі типтері соның ішінде вербальды емес типтер қатысады.
«Дүниенің тілдік бейнесі ұғымы» дүние бейнесі ұғымына ғана қатысты емес, сондай-ақ концептуалды дүние бейнесіне де қатысты. Шындықты концептуализациялау процесінде тіл белсенді рөл атқарады; дүниенің тілдік бейнесі дүниенің концептуалды бейнесін вербальдайды. Е.С.Кубрякова атап өткендей, концептуалдық дүние бейнесі тіл арқылы жүзеге асырылады, ал оның бөлігі адам психикасында бейне, схема, сурет секілді басқа ментальдық репрезенттердің көмегімен орнығып қалады [36, 7]. Дүниенің концептуалдық бейнесі тілдік бейнеден кеңірек әрі бай; дүниенің тілдік бейнесі аясы ішінде түрлі тілдік ықпал- әрекеттерді ажыратып көрсетуді қажет ететін концептуалды дүние бейнесіне бағыныштыдай бейнеленеді. Ең алдымен концепт пен ұғымның қалыптасуына тікелей әсер ететін аймақ айқындалады. Бір жағынан білім мен мәлімет сөйлеушінің вербальдық өңдеуінен өтіп тілдік формаға енеді. Екінші жағынан, жаңа ұғымның пайда болуы әлдеқашан тілде бар схемадан өтеді, яғни тілдік белгісі бар концептердің әсерінен өтеді. Сондықтан концептің де, ұғымның да берілуінің конвенциональды тілдік формасы бар. Бұл зонада концептуалдық дүние бейнесі толығымен концептуалдық тілдік бейнемен қабысады [36, 8].
Әрбір ұлттың тілі сол тілде сөйлеуші адамдардың санасында ұғымдардың семантикалық жүйесі ретінде қалыптасқан, сол ұлтқа ғана тән белгілі бір дүние бейнесін жасайды. Әрбір жеке тұлғаның өзіне тән ұлттық тілі, мәдениеті, тарихы, әдебиеті, әдет-ғұрпы мен салт-санасы болғандықтан, дүниені өзінше қабылдап, өзінше тануы заңды құбылыс. Бұл ретте В.В.Красныхтың «ұлттық мәдени кеңістік» терминін әбден қолдануға болады [36, 9].
Ғаламның тілдік бейнесі дегеніміз – адамды қоршаған обьективті шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғи тіл біздің ғалам туралы біліміміз толық қамтып бейнеленген негізгі форма.
Көптеген ғылыми еңбектерде ғалам бейнесі ғаламның тілдік бейнесінің орнына қолданыла береді. Мәні бойынша бұл екі ұғым, екі нәрсе болғандықтан ажыратып қолдану қажет. «Ғаламның тілдік бейнесі» термині философия мен логикада Л.Витгенштейн енгізген. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүниені, әлемді көзі, тілі арқылы тани алатынын тұтас теория ретінде алғаш ұсынып, антропология, семиотика, лингвистикаға енгізген неміс ғалымы Л.Вайсгербер болатын. Ол мұны «ғаламның тілдік құрылуы» деп атады.
Когнитивтік ғылым мен жасанды интелектінің маңызды ұғымы «ғалам моделі» немесе «когнитивтік моделмен» тікелей байланысты. Ғалам моделі – концептуалды табиғатқа ие құрылым. Е.С.Кубякова, Б.А.Серебренников, А.А.Уфимцова т.б. ғалымдар дүниенің концептуалды бейнесін тілдік бейнеге қарағанда әлдеқайда бай деп есептейді. Ғалымдардың пікірінше, дүниенің ғылыми бейнесін құруға ойлаудың түрлі типтері бейвербалды түрлері де қатысады.
Орыс тіл білімінде де «дүниенің тілдік бейнесі» зерттеушілер тарапынан қызығушылық танытып, қарастырып жүрген мәселе. Бұл тілдік мәселе
Ю.Н. Караулов, В.А. Маслова, Ю.Д. Апресян, Н.В. Уфимцева,
В.И. Постовалова, Е.С. Кубрякова, Г.В. Колшанский, С.А. Васильева,
Н.И. Сукаленко, Г.А. Грутян т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен сөз болуда. Г.В. Колшанский ғаламның тілдік бейнесіне мынадай анықтама береді: «Шынайы, тілдік емес, әр түрлі топтағы адамдардың тарихи, жағрафиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас обьективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметінің көрінісі» [23, 31]
Дүниенің тілдік бейнесінде мәдени ықпал басты орынға шығады, сол себепті әлемді мәдени-ұлттық сипаттағы халық жинақтаған тәжірибеден танимыз. Сыртқы әлемнің құбылыстары, көріністері, белгілері, суреті, қасиеттері адам санасында «ішкі бейне түрінде» көрінеді. В. фон. Гумбольдтің «ішкі формасы» – осы көрініс, сол себепті ол: түркі тілді ұлттар үшін олардың өзіндік ойлау және қабылдау мүшелері болады» дегенді айтады [2, 96]. Г.А. Брутян осы негізде дүниенің тілдік бейнесін зерттей отырып, мынадай анықтама береді: «Дүниенің тілдік бейнесі – дегеніміз тірі (табиғи, ұлттық) тілдер арқылы бекіген ішкі және сыртқы дүние туралы жалпы ақпарат [ 2, 55].
Дүниенің тілдік бейнесі жалпы жиынтық сурет іспетті болғандықтан, ондағы ақпарат қорытылған, өңделген мазмұнда болады. Демек, ғаламның тілдік бейнесі адам санасында өмір сүру тәжірибесіне қатысты қалыптасып, соның әсерінен тілінде өзгеріске түсіп, дамып отыратын ақпараттар жүйесі.
Адам баласы ұмтылыспен өмір сүреді: ұмтылыс адам индивидумының үнемі жаңарып отыруы керек деген позициясынан туындайды. Өмір туралы білім жаңарған сайын тілдің сипаты адам санасындағы ғаламның тілдік бейнесі де өзгеріске ұшырайды.
Дүниенің тілдік бейнесі адамда ғана көрінетін, оның тілдік ерекшелігінен байқалатын тілдік бірлік. Сондықтан болса керек ол антропоцентристік негізден тұрады, себебі адам танымынан әлем бейнесі тілде көрінеді. «Ғалам бейнесі адам санасында тұтас күйінде қайталанып өмір сүреді. Оны жүзеге асыратын, обьективтендіретін форма да – тіл. Сонда адам баласының тілі «адам – әлем» қатынасының нәтижесінде пайда болатын жалпы адамзат атаулыға ортақ әлемдік бейне «тіл – ойлау» бірлігінің көрінісі болып саналады, яғни ойлау мен тіл бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады» [10, 67 ]. Бұл ойды дамытып таратқанда мынадай құрылым жазбасы байқалады: «Қоршаған орта, шындық болмыс – адамның әлемді тануы, яғни таным – тіл – ойлау – ғаламның тілдік бейнесі. Дүниенің тілдік бейнесі адам тіліндегі ойлаудың, танымның, рухани болмыс-бітімінің, мәдениеттік құндылықтары барлық деңгей мен дәрежесін көрсетеді. Дүниенің тілдік бейнесі – әмбебап бірлік ретінде, тілдік тұлғаға тән барлық қасиеттердің айқын суреті ретінде, тілдік тұлға ретінде өмір сүретін категория. Бұған субьектінің қоршаған ортаға деген бағалаушылық позициясы да енеді, ол өз кезегінде қоршаған орта, ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар т.т. тілдік тұлғада бағаланған түрге еніп бейнеленеді. В.А. Маслова ғаламның тілдік бейнесіне үлкен, күрделі анықтама береді: «Термин «языковая картина мира» – это не более чем метафора, ибо в реальности специфические особенности национального языка, в которых зафиксирован уникальный общественно-исторический опыт определенной национальной общности людей, создают для носителей этого языка не какую-то иную, неповторимую картину мира, отличную от обьективно существующей, а лишь специфическую окраску этого мира, обусловленную национальной значимостью предметов, явлений, процессов, избирательным отношением к ним, которое порождается спецификой деятельности, образа жизни и национальной культуры данного народа» [10, 66 ]. Бұдан ғаламның тілдік бейнесінің мынадай ерекшеліктерге ие екендігін аңғарамыз:
Ғаламның тілдік бейнесі ұлттық тілдің өзіндік тарихи-қоғамдық тәжірибесінен тұрады.
Ұлттық сипаттағы заттар, құбылыстар, үрдістер бейнесі, қасиеті болады.
Халықтың ұлттық мәдениеті, өмір сүру қалпы, бейнесінен туған ұлттық құндылықтар бояуы болады.
Осы зерттеулерге сүйенсек, ғаламның тілдік бейнесі дегеніміз, тіл арқылы берілетін әлем және ұлттық құндылықтардың жиынтық ақпараты. Осы ұлттық құндылықтар қатарына қазаға байланысты қолданылатын жырларды жатқызуға әбден болады.
Демек, мәдениет тілге қатыссыз болмайды. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет – оның ішкі мәні. Осы тұрғыдан алғанда, тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір дүние деуге болады. Олай болса, антропоөзектік бағытқа сай тіл мен мәдениеттің байланысы, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару қасиеттерін анықтайтын өзіндік зерттеу нысаны бар, зерттеу әдістері мен қағидалары бар арнайы ғылым саласы – лингвомәдениеттану саласы.
Сондықтан, «тіл – тек мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Лингвомәдениеттану негізінде ұлтқа тән мәдени-танымдық жүйенің қалыптасуын анықтауға болады. Лингвомәдениеттану – этнос мәдениеті мен сол тілде сөйлеуші халықтың лексикасының мәдени-тілдік деректерін сипаттайтын, жұрт мәдениетін өз лексикасы арқылы басқа этносқа танытатын, ұлттық рух пен ұлттық тілдің туын көтеретін, халықтың тіл байлығын тек болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, тілдік деректерді ұлттық нышанда жарата да, жарқырата да алатын, этнолингвистика пәнімен ағайындас, ұлттық рух пен тіл арасында өзіндік жолы бар, тілді мәдениет арқылы танудағы бітімімен басқа тіл ғылымдарынан ерекшеленетін, қоғамдық-әлеуметтік, эстетикалық, философиялық сипаты бар кешенді пән болып отыр. Қазақ тіл біліміндегі осы бағыттағы зерттеулердің нәтижесінің қорытындысы, түйіні деп бағалауға болады.
Демек, тіл негізінен белгілі бір мәдениеттің құндылықтары мен белгілерін өз бойына сіңіреді, үнемі антропологиялық, логикалық және философиялық факторларға сүйеніп отырады. Өзінің символдық және бастапқы қызметі арқылы тіл басқа тіршілікті бейнелей алады және белгілі бір мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын құбылыстардың жинағын білдіреді. Олай болса, әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы т.б. сол тілде таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі, яғни «дүниенің тілдік бейнесі».
Әлемнің тілдік бейнесін зерттеудегі дәстүрлі пікірлер мен жаңа көзқарастар, лингвамәдениеттанудағы тіл мен мәдениет мәселесінің қойылымы, когнитивті таным үрдісіндегі сана және тіл феномендері, тұрмыстық лексика: ыдыс – аяқ атауларындағы ұлттық таным негіздері атты бөлімшелерінде жалпы тіл білімі, орыс тіл білімі, түркітану, ағылшын тіл білімі және қазақстандық лингвистикадағы әлемнің тілдік бейнесі мәселесімен, айналысқан жетекші ғылымдардың жүргізген зерттеулеріне, ғылыми тұжырымдарына, жалпы теориялық ұстанымдары мен қағидаттарына шолу жасалып, тақырыптың зерттелу үрдісі жүйеленеді.
Тілдегі әлем бейнесі, басқаша айтқанда, символдардың қандай да бир субьект пен обьектіні таңбалау, белгілеп атауы қандай жағдайларга байланысты жүзеге асатындығы туралы мәселе көптеген ғылыми ой – пікірлер мен тұжырымдамаларға өзек болып келеді. Аталған тақырып төңірегіндегі ғылыми іздерістер мен зерттеулер тілдің дүние – әлемді танудағы қызметіне жаңаша көзқараспен қарауды талап ететін әр түрлі пікірталас тудырыпкеледі. Осы бағытта біршама жұмыс жасаған ғалымдар – Б.Себеренников, Е.Кубряков, В.Постовалова, А.Леонтьев, Г.Колшанский, В.Маслова, Н.Шведова, Г.Брутян, Н.Комлев, С.Исабеков, Э.Сүлейменова, А.Ислам және т.б.
Әлем бейнесі әлемге деген белгілі бір көзқарастың бүтіндігін, жалпылығын білдіреді. Бұл туралы профессор Э.Сүлейменова: әлем бейнесі ұғымында бүтіндік белгісі бар, ол тілде адамдардың ұзақ қарым – қатынасы нәтижесінде мәтін түрінде жүзеге асуы мүмкін. Жеке сөздердің табиғатында әлемнің тілдік мүмкіндігінің жоқтығымен байланысты болып келеді деп жазды. Ұлттық мәдениеттің ең маңызды және күрделі құрамдарының бірі – тіл болып табылады. Шындықтың адам санасында қабылданып, ой елегінен өтіп, атау болып қалыптасып, сөз тіркесі немесе сөйлем ретінде айтылу үрдісі нәтижесінде әлем әлем бейнесі тілде екінші көрінісін табады. Сондықтан әлемнің бейнесі мен тіл екеуі өзара тығыз қарым – қатынаста. Осыдан келіп әлемнің тілдегі бейнесі атты ұғым пайда болуы әбден заңды. Әлемнің тілдік бейнесін тану жолындағы ізденістер көне замандардан бастау алады. Тек әр дәуір ғалымдарытарапынан жүргізілген зерттеулер әлемнің тілдік бейнесі деген ұғым аясын әр қырынан кеңейтіп, жалпы ұғым әр кезеңде өзгеше түрленіп, жаңаша сипат алып отыр. Әлемнің тілдік бейнесіне еркеше қығығушылық танытып, осы мәселені мейлінше тереңдей қарастырған ірі ғалымдардың бірі неміс лингвисті В.фон Гумбольдт өз зерттеулерінің бірінде кез келген тіл белгілі ұлт үшін ерекше пайымдау мен қабылдау жүйесі болып табылатындығын айтады. Гумбольдт зерттеулерін Америкада әрі қарай жалғастырған лингвистердің бірі Эдуард Сепир: шын мәнісінде шындық дүние әлдебір социалды топтың тілдік әдеттерінің негізінде құрылады. Әр түрлі қауым өмір сүретін әлем дегеніміз – ол әр түрлі таңбалары бар әрқилы әлемдер деп көрсете келе, мынадай тұжырымдар ұсынады:
1. Белгілі бір тілдің шеңберінде алынған тілдік формалар әлемі таңбаланудың аяқталған жүйесі болып табылады. Бір тілден екінші тілге көшу психологиялық тұрғыдан бір геометриялық санау жүйесінен екіншісіне көшумен ұқсас.
2. Әрбір тіл өз тұрғысында психологиялық тұрғыдан алғанда қанағаттанарлық формальды аяқталған бағдарды иемденеді, бірақ бұл бағдар тілде сөйлеушілердің санасында тереңдеп орналасқан.
3. Тілдер іс жүзінде психикалық үрдістердің мәдени қомасы болып табылады.
Әлемнің тілдік бейнесі ұғымын алғаш рет тіл білімінде арнауды термин ретінде қолданған ғалым В.Гайсгербер еді. Ғалымды ерекше қызықтырғаны – тілдің идиоэтникалық мазмұны болды. Ол «әлемнің тілдік бейнесі» ұғымындағы сыртқы объективті дүниенің маңызын төмендетіп, оның дүние танымдық, субьективті ұлттық, идиоэтикалық жағына баса көңіл бөлді. Ал Американдық ғалым Б.Уорф әлемнің ғылыми бейнесі әлемнің тілдік бейнесінен туындайтындығын айта келіп: «біз табиғатты және де бүкіл дүниені біздің ана тіліміздің деңгейіндегі шеңберге сыйғызамыз, белгілі бір тілдік бүтіннің бөлшектерімен өлшейміз. Біз құбылыстар әлемінде қайсібір категорияларды өздігінен білініп тұратыны үшін емес, керісінше дүние біздің алдымызда біздің санамызбен реттеліп, ұйымдастырылуына қарасты, түрлі әсерлердің калейдоскоптық толқыны түрінде ажыратамыз. Сана арқылы реттеледі дегеніміз, санамызда сақталатын тілдік жүйе арқылы реттеледі» деген сөз. Уорфтың пікірінше, әлемнің тілдік бейнесі мен ғылыми бейне арасында теңдік белгісін қойған жөн. Өйткені әлемнің тілдік бейнесіне жалпы халықтық, үйреншікті сананы кескіндейді. Тілдің күрделі жүйе екені және ол әр түрлі кішігірім жүйелерден тұратыны мәлім. Сонымен қатар әр жүйенің өзінің тілдік бейнесі бар. Солардың ішінде танымдық мүмкіндіктері басымырағы – тілдің лексикалық жүйесі. Морфологиялық, синтаксистік және тағы басқаларына қарағанда әлемнің лексикалық бейнесінің басымырақ болуы тілде басқа басқа бірліктерге қарағанда лексикалық бірліктердің есепсіз көп болуымен түсіндіріледі. Әлемнің тілдік бейнесінің танымдық табиғатын осы лексикалық бірліктерден табу әлдеқайда оңай болады. Осы мәселені қазіргі таңда зерттеушілердің бірі, ресейлік ғалым В.П.Даниленко Уорф еңбектерін талдай келе, оның таным үдерісіндегі тілдің рөлін асыра бағалауымен келіспейді. Және де әлемнің тілдік бейнесі ғылыми жетістіктердің алғы шарты бола алмайды, өйткені әрқашан алғы шарт, бұлақ көзі болып қалатыны объективті шындық болмыc дегенді айтады [2, 99].
Философия, психология, лингвистика және психолингвистика ғылымдарында қоршаған заттық дүниенің адам психикасында, санасында көрініс табуы «әлемнің тілдік моделі», «бейнелеу әлемі» және тағы басқа терминдермен белгіленеді. Шындық дүниенің психикалық көрінісі әлем бейнесінің құрылу үдерісімен қатар жүреді және образды, түсініктік, эмоционалды, символикалық сияқты бірнеше негізгі пішіндерде өтеді. Көріністің ұғымдық және образдық формаларының өзгешеліктерінің болуы антикалық философия заманындағы сезім және рационалды таным түрлерін ажыратумен көрсетілген. Б.з.б. IV ғасырда өмір сүрген философтар сезіну мен ойлауды ажырата білген – олар сана мен сезім болып бөлінетін рухтың екі иррационалды бөлшектерінің барын айтады. Европада бұл ұғымның алғышарттары антикалық заманнан келе жатқан гносеология мен эпистемология ғылымдарында байқалады.
Әлем бейнесінің тілде көрініс табуы қалай жүзеге асады деген сұраққа жауап іздей келе, Б.А. Серебренников: «әдетте ғылым аталған мәселені қарастыруда бір бірімен тығыз байланысты үштік тұтастығын негізге алады: шындық әлем, шындық әлемнің адам санасындағы көрінісі және оның тіл арқылы берілуі» - деп жазады. Ғалым қоршаған әлемді тілде айна қатесіз бейнелеу мүмкін еместігін де ескертеді. Бұл пікір негізсіз емес, өйткені, шындық – біреу оны әркім өзінше қабылдайды және тілде осы таным көрініс табады. Қазіргі кезеңде әлемнің ғылыми бейнесі деп белгілі бір ғылымдағы негізгі ережелерді шығаратын байырғы түсініктер мен принциптер арқылы дайындалған әлем туралы жалпы түсініктер жүйесін айтады. Ұрпақтан ұрпаққа берілген әлемнің тілдегі бейнесі жаңарып та, өзгеріп те отырады, басқа мәдениетпен, яғни этноспен араласу арқылы молайып та, толығып та тұрады. Яғни бұл ұғым ұлттың өзі сияқты баяу болса да, даму үстінде болады. Әр ұлттың өз әлемдік бейнесі бар, себебі тіл тек ойлау, қарым – қатынастың құралы ғана емес, тіл бүкіл этностың рухани және мәдени айнасы [38].
Ғылымда «тілдегі әлем бейнесі ұғымы» жаңа категориялардың біріне жатады, оның әлі көп уақыттық еңбекті қажет етеді. Лингвистикада тілдегі әлем бейнесі және әлемнің тілдегі ұлттық бейнесі сияқты екі түрлі термин қалыптасқан. Бір тілде сөйлеушілердің өз әлемі, яғни, лексика, фразеологияда, грамматикада көрініс табатын әлем туралы білімдердің жиынтығы ретінде тілдегі әлем бейнесі қалыптасады. Жалпы, әлемнің тілдік бейнесі дегеніміз, ол – адамның өзін қоршаған ортадағы құбылыстар, жағдайлар жайлы танымын тіл арқылы көрсету, адам шындықты қалай көріп, қалай қабылдаса, солайша оның әлем туралы түсінігі құралады. Тілдегі әлем бейнесі – адамзат санасы мен ойлау қызметі арқылы пайда болған, бір тілде сөйлеуші адамдар үшін шындық пен ақиқаттың үйреншікті көрінісі. Халықтың сана сезімінің, көзқарасының өзгеруі әлем бейнесіне де әсерін тигізеді. Тілдегі белгілі бір этностың қалыптасқан образдары немесе эталондары, дүниені қабылдауы, түсінуі тілдегі ұлттық әлем бейнесі тұрғысынан қарастырылады. «Әлемнің ұлттық бейнесі» сол халыққа ғана тән түсінік категорияларынан тұратын тұрақты бейнелерге байланысты қалыптасады. Ол халық дүниетанымына мифалогиялық қағидасын құрайды. Мұндай біртұтас дүниетанымды қалыптастыратын белсенді күштердің бірі кеңістік пен уақытқа байланысты қатынас.
Орта ғасырдың соңғы бөлігінде, ғасырлар тоғысқан тұста әлемдік озық лингвистика тілтанымының теориялық бағыттарын имманентті, структуралық лингвистикадан өзгешелеу жаңа арналарға – яғни тілді жеке адаммен, оның ойлау өрісімен және рухани – практикалық қызметімен байланыстыра қарауға қарай бет бұрып отыр. Когнитивті антропологиялық лингвистика деп аталатын мүлде жаңа салалардың қатарында соңғы жылдары линвомәдениеттану, мәдениетаралық коммуникация, әлемнің тілдік бейнесі этнопсихолингвистика деп аталатын тың лингвистикалық бағыттар да аталып келеі. Бұлардың қай – қайсысы да – қазақстандық тіл ғылымында енді ғана даму арнасын тауып келе жатқан соңғы салалар.
Әлем бейнесінің тілдегі көрінісі зерттеу жұмысымыздың негізгі мәселесі болғандықтан тілдің әлемдік бейнесі кескіндеуіндегі когнитологиялық рөлін аиап өткен жөн. Біз тілді жалпыландыру құралы ретінде алсақ тілде адамзаттың өзіне тән ерекше әлемінің көрініс табатынын ескеруіміз қажет.
«Әлемнің тілдік бейнесі ең алдымен тілдің семантикалық жағымен байланысты. Тілдің семантикасын зерттеу – оның дүниетанымының негізгі кілті. Дегенмен концептілер объективті болмыстың толық көрінісі болып табылмайды, ол тілдік таңба арқылы берілетін таным өнімін білдіреді. Дүние адамның санасынан тәуелсіз объективті түрде өмір сүреді де, оның сезімдік өрісіне әсер етеді. Мұның нәтижесі – әлем көрінісінің тілдік жүйеде белгілі бір нұсқалар арқылы қалыптасуы» - деген пайымдауын айтады.
Адамзат әлемді, әлемдегі құбылыстарды тану барысында әлемді әртүрлі бөліктерге бөлген. Әлем үлгілері белгілі бір дәстүрдегі әлем туралы танымның қысқартылған бейнесі ретінде анықталады. «Әлем» ұғымы – адам мен орта, олардың бір-бірімен әсері немесе орта мен адам туралы ақпаратты өңдеудің нәтижесі. Өңдеу екі кезеңнен өтеді. Сезім мүшелері арқылы қабылданған алғашқы мәліметтер таңба жүйелері арқылы екіншілік белгіленеді (кодталады). Нәтижесінде әлем моделі әр түрлі семиотикалық мәнге ие болып, бағыты анықталған бір бүтін әмбебап жүйені құрайды. Архетиптік әлем үлгісі мазмұндық тұрғыдан шектік құрылымға құрылған, сондықтан әлем уақыттық-кеңістіктік, себептік, этикалық, сандық-мазмұндық, кейіпкерлік өлшемдерді көріністейді. Бұл күрделі әрі үлкен кешенді тану үшін суреттеудің қарапайым әдісі жасалған. Ол – жұптық (бинарлы) оппозициялар жүйесі. Бұл жүйенің құрамына бір-біріне қарама-қарсы мәндегі 10 – 20 жұп енеді. Оппозицияның сыңарлары бір бүтіндік құрады. Олардың арасындағы қатынас одан да жалпы оппозициялар көмегімен анықталады. Екі жұптан тұратын бұл жүйенің негізінде әмбебап таңбалық кешендер құрылады. Әлем үлгісінің әмбебап таңбалық кешендері әр түрлі кодтық жүйеде жүзеге асады. Сондай үлгілерді «дос» - «қас» концептілерінің оппозициясынан молынан кездестіруге болады [42].
Концепт абстрактілі идея, ой символы , бірлігі ретінде қабылданады. Бұл тілдік ұғымда кеңінен көрініс табады. Ол әр түрлі категориядағы нысандарды анықтайды, мәселен болмыс, өзара қатынас, феномен, нақты немесе абстрактілі, ойдағы нысандардың сипаттамасы.
Концепт болмыс ұғымынан туған терминдер арқылы беріледі. Концепт негізі ұлттық ерекшеліктерді айқындайды. Қандай да бір концепттің тілдік бинарлануы арқылы біз ұлттың мәдени және өзіне тән ұлттық құндылықтарын көре аламыз. Friend/дос пен enemy/қас бинарлы концептілері екі әр түрлі тілдік мәдениеттерде байланыстың бар екендігін растайды. Бұл қазақ және ағылшын тілдерінің тілдік бейнесін көрсетеді.
Аталған концепттер лингвомәдени зерттеудің негізі болмақ. Бұндай ойды өз зерттеулерінде Н.Д.Арутиунова, И.С.Степанов, А.Д.Шмелев, Е.Е.Яковлев айтып кеткен.
«Дос» – «қас» бинарлық оппозициясының қазақ халқының дүниетанымдық жүйесінде алатын орнына, олардың ерекшеліктеріне байланысты мәдени концептілер ретінде қарастыруға болады. Себебі, «дос» пен «қас» концептілерінде көп жылғы халық тәжірибесімен бекітілген білім құрылымы көріністенген әрі осы тілдік бірліктер арқылы берілетін символдар жүйесі халқымыздың дәстүрлі дүниетанымының негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылады. Тіл негізінде адам тәжірибесі жатыр, осы тәжірибе жалпыланып, дерексіз аймаққа шыққанда, өзінің бақыланбайтын тікелей дүниетанымын құрады. «Дос» пен «қас» концептілері әлемдегі кез келген қарама-қарсылықтың иерархиясы іспеттес. Біз «дос» пен «қас» концептілері арқылы әлемдегі жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық сияқты дүниенің негізін құрайтын ұғымдарға бағдар жасаймыз.
«Адам» концептісі – кез келген мәдениеттегі өзекті концепт. Қазақ тілінің когнитивтік кеңістігінде «адам» концептісі сөз тіркестері, фразеологизмдер, антропонимдер, топонимдер сияқты әр түрлі тілдік бірліктер арқылы беріледі. Солардың ішінде «адам» концептін көріністеуде «дос» – «қас» тілдік бірліктерінің алатын орны зор. «дос» – «қас» тілдік бірліктері арқылы берілетін «адам» макроконцепті адамның жеке басына, сыртқы келбетіне қатысты оппозициялық микроконцептілерді құрайды.
Адам өмірінің маңызды қырларының бірі саналатын ізгілік – зұлымдық концептілері, олардың арақатынасы мәселесі қазақ халқының дүниетанымында кеңінен орын алған. Мұсылман өркениетіне дейінгі уақытта бұл мәселеге қатысты көптеген қанатты сөздер мен құнды ой-пікірлер айтылған. Бұған өмірімізге таптырмас серік болар мақал-мәтелдеріміз дәлел.
Ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілері адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, яғни қоғамдық қарым-қатынас негізінде қалыптасатын құндылықтар. Себебі адамның дос немесе қас, жақсы немесе жаман, ізгі немесе зұлым, адал немесе арсыз екенін қарым-қатынассыз ажырату қиын. Сондықтан бағалауыштық сипаттағы ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілерін «адам – қоғам» макроконцепті құрамында қарастырамыз. Олар тілімізде дос – қас лексикалық бірліктері арқылы көріністенген. Жақсылық – жамандық концептілерінің ассоциативтік аясы кең. Сол себепті олар ізгілік – зұлымдық, тазалық, адалдық – арсыздық, әділдік, шындық – әділетсіздік, жалғандық концептілерін де өзіне қосып алады.
Ізгілік концепті адал дос,арасынан қыл өтпес дос, бір-бірімен өзара жақын, көңілі жарасқан, жора-жолдас, тату дос, ниеттес, т.б. тілдік бірліктері арқылы, ал зұлымдық концепті бір-біріне өшігіп, қастасып, жау болып алған адамдар, қаскүнем, зиянкес, біреуге жамандық ойлаушы, өш, дұшпан, жау т.б. тілдік бірліктері арқылы көріністенеді. Сонымен қатар, ізгілік – зұлымдық концептілері құрамына жақсылық және жамандық концептілері де енеді. Жақсылық концепті «дос» тілдік бірлігі арқылы берілсе, ал жамандық концепті «қас» атауы арқылы көріністенеді. Мысалы, Досыңа берген ас тұзды қасыңа да бересің. Жазаның ең ауыры достың қастығы. Төбетке қарғы таққанмен тазы болмас, қас дос болғанмен жанын қимас. т.б [42].
«Дос» пен «қас» концептілерін тілдік-танымдық тұрғыдан қарастыра отырып, жеке-жеке мазмұнын ашуға болады. «Дос» концептісінің беретін ұғымдары мен түсініктеріне қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде:
1) Сырлас, жора-жолдас, жақын адам
2) Бір-біріне шын көңілмен берілген, сыйлас, қимас адам
3) Серік, жолдас.
4) Дос-жар, ниеттес адам
5) Дос-дұшпан – әркімнің өзіне ғана белгілі алыс-жақын адамдар.
6) Достық – жақындастық, тілеулестік, ниеттестік, жора-жолдастық
7) Дос-жаран – дос-жар, жора-жолдастар
8) Доссын - дос болғансу, өзінше дос көру.
9) Ауысп. мағ. Қамқор, жанашыр, жанкүйер жан.
Ал «досқа» қарама-қарсы «қас» сөзінің түсініктемесіне қарасақ:
Біреуге жамандық ойлаушы, өш.
Дұшпан, жау.
Қас көрді – қас деп білді, дұшпан санады.
«Дос» лексемасына сөзжасамдық лексемалар қосылу арқылы жаңа мағыналы туынды сөздердің жасалуына ұйытқы болады. Сондай-ақ, «Дос» концептісінің лингвофилософиялық сипаты этностың өзіндік ерекшелігін танытатын мақал-мәтелдер, фразеологиялық тіркестерде жиі кездеседі. Мысалы:
1) Айнымас дос. Шын көңілімен, жан-тәнімен берілген дос. Көңілсіз, ойдағы жоқ естіп істі,Үндемей ерге асылып аттан түсті, Сипалап, қасып, қағып мойынға атын, айнымас доспен князь қош айтысты (А.Байтұрсынұлы, Шығ.).
2) Арасынан қыл өтпейтін дос. Өмірлік, ажырамас, тату сыннан өткен дос. Естемес екеуіміз арамыздан қыл өтпейтін тату дос болдық (А.Жолдасбеков,Әке).
Достарыңызбен бөлісу: |