Өндірісте шығарылатын қалыптық массалар.
Санкт-Петербургте “Медполимер” атты медициналық полимерлер заводында алтын негізіндегі құймаларды құю үшін “Силуар” атты масса шығарылады. Бұл гипстік қалыптық материал.
Отқа төзімді масса ~бюгелит~ силикатты қалыптық материалдарға жатады. Ол отқа төзімді ұнтақтан (толтырғыш), сұйық байланыстырғыш компоненттен (гидролизденген этилсиликат) және қатайтқыштан (10% NaOH) тұрады. Модель алу үшін ұнтақ пен сұйықтың қатынасын 4:1 алады. Массаның толық қату уақыты 40-60мин. Бюгелитті 800С қыздырған кезде көлемінің ұлғаю 1,8%.
“Силамин”-хром және кобальт құймаларынан тұтас бюгель протездерін жасау кезінде отқа төзімді модель алу үшін қолданылады. Ол фосфатты қалыптық материалдарға жатады. Массаның құрамына кремнезем мен байланыстырғыш фосфаттар кіреді. “Силаминды” сумен аралыстырғанда біртұтас мықты зат түзеді. Массаның толық қату уақыты 50-60 минут. “Силаминды” 800С қыздырған кезде көлемінің ұлғаюы 1,4%. Күйдіргенде еш жарықшақтар болмайды.
“Кристосил-2” хром-кобальт құймаларының тұтас бюгель протездерін жасау үшін қолданылатын қалыптық материал. Массаның құрамында толтырғыш-кристобаллит және байланыстырғыш фосфат бар. Сумен араластырғанда иілімді масса алынады. Массаның көлемі 800С қыдырғанда 1,4%-ке ұлғаяды. Отқа төзімді бюгелит, силамин, кристосил-2 массалары 1400-1700С, температура аралығында термиялық және химиялық тұрақтылықты көрсетеді, мықтылығы жеткілікті. Бұл массаларды қыздырған кездегі көлемінің термиялық ұлғаю құймалардың көлемінің шөгуінің орнын толтырады. Қазіргі кезде бұл массалардан басқа “Силуар”, “Формолит”, “Аурит”, “Сиолит” сияқты массалар қолданылады.
Абразивті немесе түрпілік материалдар.
Протездерді және аппараттарды дайындап болған соң барлық бөліктерін жақсылап өңдеу керек. Бұл өңдеудің мақсаты тіс протездерінің сыртқы қабаттарын кедір-бұдырлардан тазартып тегістеу. Протез беті өте таза болса, материалдардың коррозияға тұрақтылығы артады. Ал егер тегіс болмаса, онда ол жерлерге тамақ қалдықтары жиналып, микроорганизмдерге қорек болады, бұл металдың коррозияға тұрақтылығын кемітеді және тістің бұзылуына әкеледі.
Өнеркәсіпте қолданылатын абразивті материалдар табиғи және жасанды деп екіге бөлінеді. Табиғи абразивті материалдарға ұсақталған минералдар жатады: алмаз, корунд, наждак, гранат, пемза, бор және т.б. Жасанды абразивті материалдарға өнеркәсіпте химиялық жолмен алынған заттар жатады: корунд (электрокорунд), кейбір элементтердің көміртекті қосылыстары-кремнийдің, бордың, вольфрамның карбидтері және солардың нитраттары.
Табиғи абразивті материалдар.
Алмаз-табиғатта кездесетін ең қатты минерал. Ол көміртегінің бір түрі бола тұрып, одан кристалдық торының ерекше орналасуы арқылы ажыратылады. Алмаз қаттылықтың эталоны болып табылады. Моостың деңгей көрсеткіші бойынша ең қатты материал-10.
Алмаздан жасалған пирамидалар мен конустар приборларда әртүрлі материалдардың қаттылығын арттыру үшін қолданылады. Алмаз түйіршектерінен өңдегіш дөңгелектер, делегейлер (диск) жасайды. Стоматологияда алмаз түйіршектерінен тістерді егейтін өңдегіш құралдар жасайды, олар тез желінбегендіктен ұзақ уақытқа шыдайды, әрі тістерді егеуді жылдам әрі таза өңдеуге қол жеткізеді.
Корунд-кристалдарының құрамында 90% алюминий тотығы бар табиғи минерал. Табиғатта таза күйінде өте сирек кездеседі. Ең жиі кездесетіні-темір және кремий тотықтарымен қосылыстары. Корунд қаттылығы жағынан алмазға қарағанда төмен. Моостың деңгей көрсеткіші бойынша ол 9-тең.
Наждактың-құрамында 97% корунд, темір қоспалары және басқа бірнеше минералдар бар. Моостың деңгей көрсеткіші бойынша қаттылығы 7-8. Қаттылығы әртүрлі болуы олардың құрамындағы қоспаларға байланысты. Жоғары сапалы наждак алу үшін оның құрамындағы қоспаларды 1-2% азайту қажет.
Ұсақталған наждак ұнтағын електен өткізіп қағаз бетіне немесе маталар бетіне желім арқылы жапсырады. Оны пластмассадан жасаған тіс протездерінің ойық беттерін өңдегенде қолданылады.
Пемза-вулкан атқылаған кезде пайда блатын зат. Бұл тез қатқан газ тәріздес заттармен қаныққан лава. Пемзаның құрамы тұрақсыз. Оның негізгі компоненттері кремнезем (60-70%). Металл тотықтары олардың басқа құрамдық бөліктері болып, пемзаға әртүрлі түс береді. Пемза-ішкі құрылысында қуыстары көп, қатты және морт сынғыш материал. Сынған беттерінде көптеген өткір ұшты бұдырлар болады. Ұсақталған пемзаның осы ерекшеліктерін материалдарды өңдеу үшін қолданады.
Карборунд. Кремний мен көміртегінің қосылысынан тұрады SiC. Карборундты электр пештерінде негізінен кокс пен кварц құмдарын 2000С температурада балқыту арқылы алынады. Көміртегі мен кремнийдің арасындағы химиялық қосылыс нәтижесінде кремний карбиді алынады. Оның құрылысы кристалды. Таза карборунд өте қатты. Моос көрсеткіші бойынша ол 9,5-9,75-ке тең. Таза кремний карбиді түссіз, бірақ техникалық карборундтың құрамында 3-5% түс беретін қоспалары болады.
Карборундтың екі түрі алынады. Қара карборундтың құрамында 95% SiC бар. Ол негізінен түсті металдардан, металл емес заттардан және т.б. мықтылығы төмен заттардан жасалған бұйымдарды өңдеу үшін қолданылады. Жасыл карборундтың құрамында 97% SiC бар. Оның қаттылығы өте жоғары, сондықтан қатты балқығыш заттарды өңдеуге аспаптарды қайрауға жарамды. Стоматологиялық егегіш аспап ретінде карборундтың екі түрі де қолданылады. Карборундтан жасалған аспаптардың егеуіш қабілеті жоғары. Бұндай аспаптар әртүрлі дәрежедегі ұнтақтардан жасалынады. Карборунд түйіршіктерінің өткір қырлары көп әртүрлі болғандықтан, оның кескіш бөліктері де көп, бұл оның-тиімділігінің көрсеткішін танытады. Кремний карбиді жоғары температурада тұрақты қалпын сақтайды.
Бордың және вольфрамның карбиді. Бұл материалдардың қаттылығы алмаздың қаттылығына жақын. Техникалық бор карбидінің құрамында 85-95% таза кристалды B4C бар. Бор карбиді өте қатты және морт сынғыш. Өндірісте қиын балқитын аспаптарды өңдеу үшін қолданады.
Вольфрам карбиді ұсақ дирсперстік күйде алмастың түйіршіктерімен бірге тіс бұрғыларын (борларды) және егегіш аспаптар жасау үшін қолданылады. Соңғы жылдары жаңадан синтетикалық абразивті материал алынды. Ол кубтық бор нитратының бір түрі. Қаттылығы жағынан алмазбен бірдей, бірақ жылу тұрақтылығы жоғары.
Бақылау сұрақтары:
Пішіндік немесе қалыптық материалдар дегеніміз не?
Пішіндік материалдар нешеге бөлінеді?
Пішіндік материалдарға қойылатын талаптар.
Абразивті немесе түрпілік материалдар дегеніміз не?
Негізгі және қосымша әдебиет:
Достарыңызбен бөлісу: |