2 ҚҰЛАҚтандыру



Pdf көрінісі
бет120/227
Дата06.05.2020
өлшемі1,47 Mb.
#66289
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   227
Байланысты:
alash kosemsozi 10 tom

Шәкәрім 
 
АВТОНОМИЯ 
2-ші  жалпы  қазақ-қырғыз  сиезінің  жерлік,  ұлттық  автономия  жария  қылуға  Алашордаға 
бір ай уақыт кесіп, тарқағаны оқушыларға белгілі еді. 
Январь  жұлдызынан  бері  мемлекет  алуан-алуан  күйге  ұшырап,  автономияны  алған 
жұрттар  да,  алу  ниеттегілер  де  тар  жол,  тайғақ  кешумен  күнелтті.  Алған  жұрт 
автономиясынан  айырылды.  Алу  ниеттегілер  саясат  ауасына  атып,  қолдағы  күшін 
салмақтап,  әдіс-тәсілге  күл  болды.  Осы  себеппен  Алашорда  саясат  майданында  көрініс 
бермеді.  Сиез  қаулысы  іске  аспай  созылды.  Саясат  толқыны  күшті  болғанымен,  жұрт 
иілмеді,  тек  жатпай  қам  қылды.  Көшбасшылар  жөн  сілтеді,  Алаш  күші  соңынан  ерді. 
Кеше  сырт  көзге  үзілгендей,  үміт  өшкендей  ұлт  мақсаты  бүтін  қайта  тірілді.  Мәскеуден 
совет хүкіметі Алаш автономиясы туралы төте телеграфпен ауызба-ауыз сөз қозғап отыр. 
Совет  хүкіметінің  ұсынған  жобасын,  бұған  қарсы  Алашорданың  қайтарған  жауабын 
газетіміздің  өткен  нөмерінде  оқушылардың  алдына  салдық.  Автономия  мәселесін 
тудырып отырған өмір талқысы, жұрт ауқымы. Сондықтан автономия мәселесі газетімізде 
ақтара қаралып, аудара қағылса да асыл негізін қысқаша бұл мақаламызда тағы да айтып 
өтпекпіз. 
Автономия  —  бас  билік  тізгін  өзінде  болып,  жұрт  өзін-өзі  билеу  деген  сөз.  Біздің 
іздегеніміз  —  жерге,  ұлтқа  байланған  автономия.  Мұндай  автономиялы  жұрттың 
иемденген  астында  ауданды  тұтас  жер,  қолында  билігі  болмақ.  Билік  үш  түрлі:  1)  заң 


108 
 
шығару билігі; 2) сот билігі; 3) әмір — іс атқару билігі (хүкімет). Осы үш дөңгелекке бүкіл 
мемлекет ісі құрылмақ. 
Заң  —  өмір  киімі.  Өміріне,  ресіміне,  табиғат-әдетіне  үйлесетін  заңды  шығаруға  әр  жұрт 
өзі  ғана  шебер.  Тұрмысына  лайықты  заңды  жұрт  өзі  шығарса,  ондай  заң  кең  болып, 
жұртты  бетімен  жайылтып,  табиғат  нәфәсін  аздырмақ  емес;  тар  болып,  кеудені  қысып, 
бүрістіріп, жұртты қынжылтпақ емес; ып-ықшам тігілген киімдей өмір, тұрмысқа үйлесіп 
тұрмақ. Біреу үшін біреудің жасаған заңы сырттан пішкен тондай өмір,  тұрмысқа қашан 
да болса қайшы келіп тұрмақ; өнер-білімнің ілгері басуына үлкен бөгет болмақ. 
Сот  —  адал-арамды  айыратын  таразы,  мінезді  түзейтін  тез,  заң  қалпынан  шығармайтын 
күзетші. Өзі жасаған заңға жұрт таңдап, ішінен өмір, тұрмысына, рәсім-ережелеріне таныс 
күзетші  қойса  таразының  екі  басы  ғана  тең  түспек.  Адал-арам  сонда  ғана  айырылмақ. 
Мұндай  тезден  қылмыстылар  я  алдап,  я  арбап  құтылып  кете  алмайды;  нахақтан 
зарламайды. 
Әмір — іс атқаратын хүкімет, жұрттың бақташысы. Бақташы түзелмей жұрт түзелмейді. 
Жылаған  зарыңды  шырмалған  жүректегі  шеріңді  жасқанбай  барып,  ауызба-ауыз  кімге 
айтпақшысың,  кімге  шақпақшысың?  Әрине,  сен  сияқты  суыққа  тоңған,  ыстыққа  күйген, 
тұрмысыңмен сырлас, кең даламен мұңдас, жүректес, қандас кісіге айтасың. Сондай ғана 
адам  шеріңді  тарқатпақ,  сол  ғана  зарыңды  тыңдап,  көңіліңді  жұбатпақ.  Солар  ғана 
жұрттың  қабағын  шытқызбай,  шаруасын  күйзелтпей,  бірлігін  күйретпей  бағып  қақпақ. 
Мысалды алыстан іздемей, тек бастан кешкендерді ойға түсірсек, жоғарыда айтылғандар 
түп-түгел  өз  басымыздан  табылады.  Россияға  бағынғанымызға  екі  жүз  жылдай  болды. 
Сонан-ақ  осы  үстіміздегі  күнге  шейін  бізге  шығарған  заңы  жұрттың  тұрмысына 
үйлесерлік  жайлы  болды  ма,  таразының  басын  ұстаған  соты  әділдікке  күзетші  болып, 
жұрттың мінезін түзете алды ма, хүкіметі дінімізге, ұлтымызға қолын соқпай, әділдікпен 
батып қата алды ма — бұған қай қазақтан сұрасаң да бір-ақ жауап: өмірге үйлеспейтін заң 
шығарып,  неше  жүз  жылдан  бері  тәжірибемен  қаланған  ресім-ғұрып  ескі  ережелерімізді 
қаусатты. Соныдан соқа жүргізгендей тұрмыс жолын адам танығысыздай бұзды, өзгертті. 
Өмір бетімен жайылды, заң қағаз бетінде қалды. 
Жұртымыздың  тұрмыс  жайына,  табиғат  ресім-ғұрпына  қанық  еместіктен  соты  адал-
арамын айыра алмай, тез орнына кеулеген дау шіп-шикі өтіріктің дүкені болды. Жұрттың 
табиғат  құлқы  бұзылды.  Хүкіметі  жұрттың  басын  біріктіріп,  бағып-қағудың  орнына 
елімізді қырық пышақ қылып, партия туғызып, пара алып, бірімізді-бірімізбен атыстырды. 
Орысты қазаққа, қазақты орысқа айтақтап, екі жұрт ортасына дұшпандық кіргізді. Нәсілің, 
тегің,  дінің  басқа  «бұратанасың»  деп  кемсініп,  дінімізге,  ұлтымызға,  жерімізге  пышақ 
салып шыбарлап, өмір жүзінде қор тұтты. Ел ішін іріткі жайлады, пәле күн сайын өрбіді. 
Жұртымыз танығысыздай өзгерді. Міне, біздің көрген күніміз!! 
Жоғарыда  жазылған  үш  буынды  билік  (заң  шығару,  сот,  әмір  —  іс  атқару  билігі)  қолға 
тисе,  біз  сонда  ғана  автономия  алдық  дейміз.  Бұл  билікке  қолы  жеткен  жұрттың  өнер-
білімі  алға  басып,  көгермек,  өспек;  шаруасы  алға  басып,  әдебиеті  күшейіп,  ұлт  рухы 
көтеріліп, көркеймек. Жұрт қатарынан орын алып, тарих жүзінде өшпейтін із қалдырмақ. 
Ол биліктен бос қалған жұрт қанат-құйрығы қырқылған көгершіндей қора маңайынан дән 
теріп күнелтпек. 
Біздің жұрттың жұрт болып қалуы көбінесе жерге барып тіреледі. Біздің қазақ мал баққан 
жұрт.  Жеріміздің  түрі  мал  батудан  басқа  кәсіпке  әзір  қолайлы  емес.  Мал  бағушылықты 
жер түрі туғызып отыр. Мал жерге біткен түк. Жерімізден айырылсақ, қолдан мал кетіп, 
шаруамыз  тас-талқан  бұзылып,  жұрт  кедей  болмақ.  Жұрттың  халы  нашар  тартып,  кедей 
болса, кәсіп құрып, әр қалаға бытырап, тіземіз ашылып, тоз-тоз болып кетпекпіз; шаруа, 
өнер-білім  жүзінде,  саясат  тартысында  бүктелмекпіз;  күшті  жұрттың  ауызына  түспекпіз. 


109 
 
Дін, тіл, ұлт мүшелерінің жоғалатыны осыдан. Алаш ұранды қазақ баласы мұны естен еш 
уақытта шығармау керек. 
Автономия  жерімізді  сақтайды.  Сондықтан  бізге  ол  —  керектің  керегі.  Автономия 
мәселесін жұрт ауқымы, өмір талқысы туғызып отыр. Автономиясыз көрген күніміз қараң. 
Жұрт  билігі  қолға  келмей,  бақыт  есігі  жұртқа  ашылмақшы  емес.  Жат  қандай,  жақын 
қандай;  жат  қалай  билеп  отыр,  жақын  қалай  билемек,  жұртым-ау!  Нақ  осы  күнде  көріп 
отырған жоқ емеспісің?! 
Автономия еш жұртқа ешкім қолынан берген емес. Кім де болса мұны неше жылдар саяси 
тартысқа  түсіп,  алысып-жұлысып,  басынан  неше  сұрапыл  заман  өткізіп,  михнат  тартып, 
аяулы қыршын жастарын, ел басшысы көсемдерін құрбан қылып барып алған. Автономия 
мәселесіне  біздің  де  терең  қарауымыз  керек.  Бұл  «көлденеңді  көк  аттының»  іліп  алып 
кететін  нәрсесі  емес.  Жүрегімізбен,  жанымызбен,  тәнімізбен  қимылдап,  бар  күшімізді 
сарып  қылып  барып  алатын  нәрсе.  Автономия  —  ұлт  мақсатымыз  жұртымыздың  бетіне 
ұстаған  нысанасы.  Бұл  беттен  еш  уақытта  шығармау  керек!  Совет  хүкіметі  автономия 
мәселесін қозғады. Автономияны аламыз деп сену керек. Осы сену жолында бар күшімізді 
салуымыз керек. 2-ші жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысын болыс, үйез, облыстардағы 
ұйымдар,  елбасшы  ақсақалдар,  азаматтар,  оқыған  жаңа  талап  жастар,  бірі  қанат,  бірі 
құйрық  болып, түн  ұйқыны,  күн  күлкіні  тастап,  тездікпен  орындауға  тырысу  керек.  Іске 
сәт! Алаш көші байсалды болсын! Жасасын, Алаш! Жасасын, жалпы жұрт билігі! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет