2 ҚҰЛАҚтандыру



Pdf көрінісі
бет79/227
Дата06.05.2020
өлшемі1,47 Mb.
#66289
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   227
Байланысты:
alash kosemsozi 10 tom

Өкіл  
 
KIM ДОС, KIM ҚАС? 
Алаш  ұранды  автономиялы  халық  боламыз  деген  зор  мақсатқа  белді  байлап  отырмыз. 
Автономия алған һәм алғалы отырған жұрттардың басынан не кешіп отырғанын да көріп 
отырмыз.  Сонда  да  автономия  боламыз  деп  талпынып  отырмыз.  Жалпы  қазақ-қырғыз 
сиезі  ішкі  істерімізді  басқару  үшін  һәм  кезінде  автономия  иғлан  ету  үшін  Алашордасын 
сайлап та қойған. Бірақ бұл жолда Алашорда алаңсыз қызмет ете алмай отыр. Оның неше 
түрлі себептері болып тұр. 
Қазіргі Россияны билеп отырған  Совет Хүкіметі  программамызда әр халықтың өз тізгіні 
өзінде  болуына  яғни  автономиялы  болуына  қарсы  емеспіз,  бірақ  халықты  капиталистер-
буржуйлар  билеуіне  риза  емеспіз  дейді.  Осыны  себеп  қылып,  большевиктер  Украина, 
Сібір,  Түркістан,  Башқұрт,  Қырым  автономияларына  қарсы  болып,  бұлар  буржуазная 
автономия яғни байлар автономиясы деп жоғалтып отыр. 
Біз біреуді ақтауды, біреуді жақтауды былай қоя тұрып, өз жайымыздан бір-екі ауыз сөз 
айтып өтелік. 
Біздің қазақ-қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Еуропа 
халықтарындай  зауыт-фабрика  жоқ.  Бізде  миллионер-жатыпішер  жоқ.  Біздің  халық 
ақсүйек-қарасүйек, бай-жұмыскер, жерлі-жерсізге бөлінген емес. Қалың қазақ-қырғыздың 
тіршілігі,  шаруасы  —  мал  бағу.  Қазақ  жері  бұрыннан  да  жеке  адамның  еншісі  болып 
бөлінген емес, мемлекет мүлкі болып саналатын. Мұнан кейін де жер ортақ болады. Жер 
еншіге бөлінсін деп жүрген ешкім жоқ. 
Біздің Алаш автономиясы әлі жарыққа шыққан жоқ. Ресми иғлан етілсе, біздің басымызға 
да  Түркістан,  Сібір  күні  туа  ма,  ол  белгісіз.  Бірақ  оларға  жабылып  отырған  жала  бізге 
жанаспайтынына  көзіміз  жетеді.  Бірақ  бізді  басқаларға  түсімізді  бояп  көрсетіп  отырған 
өзімізден  шыққан  шағымшылар.  Олар  бүгін  большевик  болыпты-мыс.  Қазақтан  шын 
большевик  шығып,  халықтың  мұңын-мұқтажын  ойлаушы  болса,  арманың  бар  ма?  Төрт-
бес  жұрттан  шыққан  сұмдар  большевик  болмақ  түгіл,  Тескентау  өтіп  кетсе  де  жолың 
болсын  дер  едік.  Бірақ  жұрт  атынан  сөйлеп,  соңынан  ерген  он  қазақтың  баласы  жоқ, 
жұртты  адастырып  отыр.  Соған  күйінеміз.  Кешегі  қаһарлы  патша  заманында  бірі 
шоқынып  миссионер  болып,  бірі  сатылып  жандарм  мекемесіне  тыңшы  болып,  бірі  ел 
алдап,  бірі  жол  тосып,  жолаушы  тонап  жүрген  соғылғандар  мынадай  лайсаң  заманда 
«большевик»  бола  қалып,  ақ  ордалы  Алаштың  ортасына  от  тастағалы  отыр.  «Жалпы 
қазақ-қырғыз сиезіне жиналған өкілдер, байлар, қазаққа зиянсыңдар! Оны сиез демеңдер, 
Алашқа автономия бермеңдер» деп отыр. Алашордаға сайланған 15 кісі қазақ-қырғыздың 
дұшпаны,  оларды  жоқ  қылу  керек  деп  шағым  қылып  отыр.  Қазіргі  шығып  тұрған  қазақ 
газеттері бостандық дұшпаны, бұлардың жазушылары николайшыл деп отыр. 
— Көдеден көп қайын аға-ау, түйе ауғанда қайда едің? 
— Ұлтшыл Алаш ұлдары-ау, кеше жұрттың көзінен қанды жас ағып, барар жер, басар тау 
таба алмай, зар еңіреп жүргенде қайда едің? 
— Кедейшіл сабаз ерлер-ау, қазақ баласы зар жылап, халқың қанға боялып, мал орнына 
айдалғанда қайда едің? 
Бұл  сұрауларға  сендер  жауап  бере  алмайтындарыңды  білеміз.  Бұған  жауапты  халықтан 
күтеміз;  өздерің  «жарылқаймыз»  деп  жүрген  жарлылардан  күтеміз.  Сендер  кімсіңдер, 


72 
 
қаншасыңдар, аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді. Бас-аяғың 
онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, 
жақынға  жала  жауып,  жақсы  атқа  ие  болғансып  отырсыңдар.  Шын  ұлтшыл  екендеріңді 
білейік,  жұрт  соңдарыңда  екенін  көрейік,  майданға  шық,  топқа  түс.  Елден  қалсақ 
арманымыз жоқ, арттарыңнан ерейік, болмаса сендер кімсіңдер? Сендер «күні бойы сабан 
тартып шаршап келе жатырмын» деген өгіздің мүйізіндегі шыбынсыңдар. 
Естеріңде  болсын,  санасыздар,  халық  қылып  Құдай  жаратқаны  рас  болса,  жоғалмаспыз. 
Мұнан  да  кедей  күнімізде  тойға  барғанбыз,  басымызды  көтеріп,  есімізді  жиып,  жұрт 
болармыз, сендермен сонда сөйлесерміз! 
Алаш, саған айтамын: адаспа, жасыма, қажыма! Арамза туған ұлдарың сендермен күшейіп 
отырған жоқ, оны есіңнен шығарма! 
Тағдырсыз іс болмас. Алланың басқа салғанын әлде болса да көрерміз. Алаштың азаматы 
зорлықшыл хүкіметтен құтылып, теңелдік деп төбесі көкке жеткендей қуанып еді. Жыл он 
екі  ай  болмай,  бұрынғы  қорлық  басымызға  қайта  туса,  басымыз  айдауға,  малымыз 
байлауға душар болатын болса, бұ да тағдырдың ісі шығар, шыдадық. Бірақ жұртым мұны 
өзгеден  көрме,  өзіңнен  көр.  Жасыма,  Алаш,  жасқанба!  Аз  күнгі  қуанышқа  сүйінбе, 
уақытша қайғыға күйінбе. Ақыл-ойыңды алысқа жұмсап, жұрт  болудың қамын қыл. Кім 
дос, кім қас — мұны да бірақ ұмытпа! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет