Мұхтар Әуезовке арналған : «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі...» атты іс – шара жоспары.
Мақсаты:
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру. Оқушыларды ұлылардың өмірінен үлгі алуға баулу, шығармашылық танымдарын толықтыру.
Көрнекілігі: Мультимедиялық орталық, плакаттар, Мұхтар Әуезовтің әдеби көрмесі
«Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз»
Н. Ә. Назарбаев.
Жоспары:
І бөлім - Ашылуы
ІІ бөлім - «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де».
Мұхтардың ғұмырнамасы
ІІІ бөлім – «Жетім» шығармасы
ІҮ бөлім - Естелік бейнежазба
Ү - бөлім –Мұхтар Әуезовтың жанды дауысы
ҮІ - бөлім – Қорытынды
І бөлім
Ашылу салтанаты
1 - жүргізуші: - Армысыздар, ұлағатты ұстаздар мен оқушылар!!!
2 - жүргізуші: - Армысыздар, кешке жиналған көпшіл қауым! Жазушы,қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовке арналған кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!!!
1 - жүргізуші: Бүгінгі әдеби кешіміз қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР - ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовке арналады.
2 - жүргізуші: Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де- дара, дана. М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов.
1 - жүргізуші: Осынша қазақ үшін дара тұлға туралы кемеңгерлердің, белгілі тұлғалардың өздері тебірене естелік айтыпты:
- «Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» Н. Ә. Назарбаев.
2 - жүргізуші:
- «Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай» Ш. Айтматов.
1 - жүргізуші:
- «Қазақстан үшін Әуезов - екінші Абай» Николай Погодин.
ІІ бөлім
«Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де».
Мұхтардың ғұмырнамасы
1 - оқушы: Мұхтар Әуезов атамыз бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Әкесінің аты - Омархан. Атасы- Әуез деген өте сауатты кісілер болған. Атасы- Әуез бен әжесі - Дінасылдың тәрбиесінде болған. Бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушысы да- атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді.
2-жүргізуші: Мұхтар Әуезов Жетiм (қысқартылып алынды). Шығарманы оқитын сыныбымыздың үздік оқушысы: Зият Алина
Мұхтар Әуезов
(баяу мұңлы әуен ырғағымен шығарма оқылады)
Жаз ортасының қоңыр кешi. Төбелердiң арасымен үш салт атты келе жатыр едi. Бұлардың беттегені – қалың таудың iшi. Алыста күн күркiреп жатты. Бұлт қалың, жарқылдағы күштi едi. Бұл жiгiттер таудың iшiмен түнде жүрiп өтпек болып, тау сыртындағы елдi бетiне алып, жалғыз аяқ жолмен келе жатыр едi. Осы кезде осы таудың сыртында жiгiттер келе жатқан жаққа жалғыз жаяу бала келе жатты. Қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар.Табиғат балаға қатал, суық көрiнедi. Жүрегiн қорқыныш басып, жалғыз келе жатқан баланың айдаушы тағдыры едi.
Он жасар Қасымның бұдан бiр жыл бұрын кәрi анасы өлiп едi. Одан жарты жыл бұрын өзi туған әке-шешесi өлген... Өз әке-шешесi өлгенде Қасымның сүйенiшi болып қалған кәрi әжесi бар едi. Жарты жыл өткенде кәрi әжесi де өлiп едi. Бұрын еркелiкпен жылайтын Қасым әжесi өлген күнi шын қайғымен жылап едi. Басына аспан құлағандай уайымды сол күнi көрiп едi. Жақын, жанашыр туысқаны жоқ болса да, маңа-йындағы ел әжесiнiң өлiгiн үйден алып шығарда, кiш-кентай Қасым үлкейген кексе кiсi айтатын зардың бәрiн айтып, шешесiнiң үстiне жығылып, айрылғысы келмей құшақтап:
– Әжетай, менi кiмге тастап кеттiң?! Менi неге ала кетпедiң, менiң қаңғып қалғаным ба? Менiң шынымен сорлы, шынымен жетiм болғаным ба? – деп зарлағанда, елдiң сай-сүйегiн босатып, кәрi-жастың жүрегiн ерiткен болатын.
Қасымға өзге өлiктiң бәрiнен әжесiнiң өлiгi батып едi. Әжесi демi үзiлген мүйнетiне шейiн қарсы алдына, аяқ жағына Қасымды отырғызып қойып, содан көзiн алмай жатып үзiлген.
Бiрақ күндер өттi. Қасым жетiм болды.
Қасым өкпесi үзiлгенше ентiгiп орман ішінде жүгiрiп отырды. Түн ұйқысы жеңе бастаған. Үш атты бiрiнiң артына бiрi түсiп, тiзiлiп келе жатқан. Бiр уақытта бiр тоғайдың тұсына келгенде, аттары осқырып, iшiн тартып, тоғайға қадалып жүрмей, үркiп тұрып алды.Күннiң күркiрегенi жиiлеп тұр едi. Күн әдетiнше жарқ еттi. Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйенiп жығылып, қатып тұрған баланы көрдi. Басында бұлар шошып, аттары да үркiп атып кетсе де, артынан оралып,қайта келдi. Аздан соң аттан түсiп, қасына келiп қараса – жыртық киiмдi, өңi құп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он, он бiр жасар бала екен. Ол – өлiк. Бiрақ денесi әлi түгел мұздап та болған жоқ екен...
(1925)
Ән: «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған»
1 – жүргізуші: «Жазушының алғашқы қадамдары»
1 - оқушы : 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
2 - оқушы: 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
3 - оқушы: 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік - Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.
2-жүргізуші:
-Дара тұлға Мұхтар Әуезов атамыз жайындағы естелік бейнежазбаны қарайық.
1-жүргізуші: «Жазушының шығармалары»
1 - оқушы: 1918 жылы М. Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкіл қазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми - көпшілік журналын шығаруға Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп атсалысады.
2 - оқушы: 1919 жылы — Семей ашылған қазақ бөлімінің қызметкері болады , 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі болады. Және сол жылы «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.
3 - оқушы: 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР – інде саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады.
4- оқушы: 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық - ғылымдар факультетіне түседі. М. Әуезов көркем әдебиеттен сабақ береді, әрі «Шолпан», «Сана» журналдарында қызмет істейді.
5 - оқушы: Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, сол кезде қазақ халық ағарту институтында орыс және қазақ әдебиет пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазақтың мемлекеттік университетіне ауысады да, оның жалғастығы өмірінің соңына дейін үзілмеді.
6 - оқушы:“Қорғансыздың күні ” (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әңгімесі. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.
7- оқушы: “Ескілік көлеңкесінде” ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың хәлі әңгімеленген. Мұхтар Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.
8 - оқушы: “Қараш-қараш оқиғасы” төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздікке құрылған. Мұнда да 20 жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз әрекеттері – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы сөз болады.
9 - оқушы: “Қилы заман” повесінде 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлерді бейнелейді.
Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов атамыздың алатын орны ерекше. Ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен зор еңбек сіңірген ХХ ғасырдың ұлы жазушысының өз сөзі.(М.Әуезовтың жанды дауысы).
2- жүргізуші:
Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезовтің көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де бағалы жетістігі екені шындық. Оның шығармашылығы ауқымды да бай. Романшы,әдебиетші, ғалым, аудармашы – бұл ұлы қаламгердің еңбегі. Оның асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің алтын қорына мәңгілік енді.
1-жүргізуші:
Осымен бүгінгі Мұхтар Әуезов атамызға арналған «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі...» атты әдеби кешіміз өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше хош сау болыңыздар!!!
Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Достарыңызбен бөлісу: |