32с.А. Байтұрсынұлы – «Қазақ» газетінің редакторы, тіл білімінің негізін салушы ғалым, ақын «Қазақ» атты қоғамдық және әдеби газет 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы 3000, кей жылдары 8000-ға жеткен. Газеттің бірінші редакторы ірі ғалым, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы болған, екінші редакторы жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов болған. Газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы шын мәніндегі ұстаз-педагог мәдени-ағартушылық мәселелерімен көбірек айналысты. Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер — кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.
Екінші, газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.
Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.
Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп...» —1913 жылдың 2 ақпаңында дәл осы сөздермен «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов алғаш мақаласын бастаған еді. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. “Қазақ” газеті шәкірттерге білім беру, оқыту мәселелеріне де зор көңіл бөлді. Қалалық, ауылдық жерлердегі мемлекет “қамқорлығымен” бұратаналар үшін тегін оқытатын орыс-қазақ мектептерін ашудағы миссионерлік саясатты әшкереледі. Бұл мектептерді бітіріп шыққан қарагөздердің шала-шарпы орысша сауаттанып, кирилл әріптерін ежіктеп әзер жазатын деңгейден аспай, керісінше, мұсылманша хат танудан мүлдем мақұрым қалатұғын қоғамдық-саяси, әлеуметтік рухани тамырының тереңде екеніне оқырман қауымның назарын аударады, ұлт қауіпсіздігі үшін дабыл қағады. Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады. Ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған Ахмет еді. Қазақ балалары көзі ашық, сауатты азамат болып шығуға септігін тигізген. Қазақ тіліндегі әліп-би осы сөздердің бәріне дәлел. Тек қана кітап жазумен тоқтамаған Ахмет, орыстың белгілі жазушыларының белгілі жазушыларының белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, өзінің халыққа, шамшырақ екенін дәлелдеп өткен. Халықтың білімді болуына, сауатын ашуға көп көмек көрсеткен. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу- ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша.