2.3. Негізгі дауыс сарыны (тоны)
Әдеби шығармалар ауызекі оқу барысында, негізгі дауыс сарыны, мақамы шығарманың түрі мен мазмұнына лайықты шығады. Мысалы, оқылатын әдебиет шығармалар: күлдіргі әңгіме, лирикалық өлең, сатиралық мысал және басқа түрлері де болып келуі ықтимал. Сондықтан әдеби мәтінді оқитын не әңгімелеп беретін орындаушының дауыс мақамы шығарманың мазмұнына орай түзіліп не қоңыржай, не салтанатты көтеріңкі, не сатиралық ащы мысқыл, не сайқымазақ күлдіргі, не мұңды болып келе береді.
Негізгі дауыс сарыны дегеніміз көркем шығарманың ауызша естілу әуезі. Мұны орындаушы көркем туындының кейбір суреттемелерін, оқиғасын, қаһармандарын тыңдаушыға үн мәнерімен сипаттап жеткізудің фоны ретінде пайдаланады.
Негізгі дауыс сарыны көркем шығарманың мазмұны мен түріне қарай түзіледі. Әдеби материалдық тақырыбына, идеялық мазмұнына, стиліне орай негізгі оқылу мақамы айқындалады. Айталық, ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы ғасырлар бойы қиын-қыстау қиыншылықты, кескілескен қан майдан – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» жеңіп, бүгінге жеткен қазақтың өміршеңдігін, қайсарлығын, ерлігін паш етеді де, қазірде азаттықтың асқар беліне көтерілген елдігін суреттейді.
Ақын Қасым Аманжоловтың «Дарқан дала» атты өлеңінде кең жазира даланың туған жерінің жомарттығын, байлығын, әсемдігін жыр маржанымен тізеді. Оның құдіретті күші ақын ойына қуат, бойына жігер құйып, мәңгілік ынтықтыра беретінін масаттана мадақтауы, тебірене толғауының ішкі сыры бұл өлеңді де салтанатты көтеріңкі сарынмен оқуды керек етеді.
Дарқан дала
О, дала! Мұхит дала, неткен кеңсің!
Ақынның ойынан да сен тереңсің,
Сар дала, сараң едің күні кеше,
Апырмай, бүгін не еткен берегенсің?!
Барқыт тау, жасыл дала, зеңгір аспан,
Күміс көл, ерке өзен алып қашқан,
Құмартып келем саған бала жастан
Дариға! Жер бар ма екен сенен асқан?!
(Қ.Аманжолов)
Балаларға арналған әңгімелердің көпшілігі қоңыржай бір қалыпты сарынмен оқылады. Мысалы, С.Жүнісовтің «Тиіндер мен кірпілер» әңгімесінде ормандағы тіршілік жайы суреттеледі. Қарағай ішіндегі тиіндер мен кірпілердің жаңбыр мен желді пайдаланып, қысқы қоректерін қалай жинайтынын бақылай отырып әңгімелеген. Бұл әңгімеде жаратылыста болып жататын талас-тартыс, арпалыс дүниесі жоқ. Тек тіршілік қамы үшін табиғат құбылысын орман тұрғындарының қалай пайдаланатыны баяндалады. Сондықтан бұл шығарманың мазмұнына қарай дауыс сарыны қоңыржай болып оқылады.
Балсары Сапаровтың «Қаңтар мен ақпан» деген әңгімесі де қазақша ай аттарын үйреткенде өтіледі. Бұл да қоңыржай дауыспен әңгімеленіп беріледі. Пейзажды суреттейтін кейбір өлеңдер де қоңыржай, бір қалыпты сарынмен айтылады. Мысалға Абайдың «Жаз» деген өлеңін:
Жаздыгүні шілде болғанда,
Көкорай, шалғын, бәйшешек,
Ұзарып, өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда,
немесе Ә.Дүйсенбиевтің тақпағын, өлеңін алуға болады:
Тоғайда
Тоғай іші тыныштық,
Келеді атып таң мұнда.
Моншақтай боп күміс шық
Мөлдірейді шалғында.
Сайрап, сайрап түнімен
Сандуғаштар шаршаған.
Дән жинайды ініне,
Ақтиіндер аршадан.
Күн келеді биіктеп,
Нұр жолақтар тарайды.
Бал күлкісі бөбектің
Жаңғыртады маңайды.
Бұл өлең жолдары жаратылыс картинасын береді. Осыған лайық дауыс сарыны да қоңыржай шығады. Кейбір ертегілердің бастамасы да бір қалыпты қоңыржай үнмен айтылады. А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық» туралы ертегісі:
Көлбеген көк теңіздің жағасында,
Басында бір жаман үй панасы бар.
Тіршілік еткен екен шал мен кемпір,
Осында отыз үш жыл шамасында.
Балық аулап, шал суға сыйыныпты,
Кемпірі ұршықпен жіп иіріпті.
Бір күні шал теңізге ау салғанда,
Ауына балдыр ғана ілініпті.
Енді ауды көріп еді қайта салып,
Шұбалған шөп-шаламды шықты алып,
Үшінші рет торын кеп тартқан кезде
Түскен екен әдемі алтын балық, -
деп басталатын кіріспесінде шал мен кемпірдің ұзақ уақыт теңіз жағасында алаңсыз тыныштықта жай ғана өмір сүргені айтылады.
Шаттық қуанышты сарынмен оқылатын шығармаларға көктемдегі жан-жануардың бой жазуы, тірілуі, табиғаттың жандануы қуаныш сезімін туғызатынын суреттейтін туындылар жатады. Абайдың көктемнің шығуын суреттейтін өлең жолдарын көңілді дауыс әуезімен жатқа айтқан әсерлі болады.
Балалардың шат-шадыман көктем айы – наурыз. Наурыз айы туралы өлең-тақпақтар да көп. Ақын Ә.Тәжібаевтың:
Наурыз, алақай!
Қой қоздады.
Уыз шықты.
Қошақаным
Семіз шықты.
Апам маған
Сүт пісірді
Шыны аяққа
Құйып берді.
Қою сүтке
Тойдым мен де,
Қошақанмен
Кеттім бірге –
сяқты тақпақтары ойнақы, шаттық дауыс әуенімен оқылады.
Жыл мезгілдерінің әрқайсысының өзіне тән сәні бар. Алғашқы жауған қарды Зейнолла Шүкіров «Ақша қар» өлеңінде былай суреттейді:
Достарыңызбен бөлісу: |