3-4 ДӘРІС
ТУРИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП, ДАМУ ТАРИХЫ
Туризм қоғамда белгілі бір орын алатын құбылыс ретінде және термин немесе түсінік ретінде тек XІX ғасырда ғана қалыптаса бастады. Одан кейінгі оның даму тарихы (XX ғасыр) өзіндік толығуымен, жетіле, күрделене түсуімен сипатталады. Алайда туризм термин ретінде, қоғамдық құбылыс ретінде бірден қалыптасқан жоқ. Оның қалыптасуына тікелей болмаса да, жанама түрде әсер еткен тарихи алғы шарттар немесе факторлар болды. Оларға жататындар: 1. Ерте ғасырлардағы, әсіресе, орта ғасырларда (VІІ — XІV ғасырлар) болған мемлекеттер мен халықтар арасындағы сауданың дамуы. 2. Орта ғасырларда және XІX ғасырға дейінгі мемлекеттер арасында болған соғыс қимылдары. 3. XV ғасырдан басталған жаңа жерлердің (Ұлы географиялық) ашылулары.
Сауданың дамуы халықтар мен мемлекеттер арасындағы экономикалық, мәдени т.б. қатынастарды нығайтты, жолға қойды, басқа мемлекеттер мен халықтар, олардың тілі, діні, салт-санасы, олар мекен еткен жерлердің табиғаты туралы мәліметтердің жиналуына негіз болды. Халықтар арасындағы сауда қатынастарының дамуы Ескі дүниеде (Еуразия құрлығында, басқа құрлықтыр ол кезде дамудың “төмендеу” сатысында тұрған) құрлық бойынша да және сонымен бірге су жолдары (кемелер) арқылы да жүрген. Сауда қатынастарының ең айқын айғағы, тарихтағы белгілі, Ұлы жібек жолының болуы. Бұл жол Шығыс пен Батысты, Азия мен Еуропа халықтары арасындағы байланыстарды қалыптастырып, олардың арасына дәнекер болды. әр түрлі тауарлар тасыған керуендер құрамында 10 мыңға дейін аттар, түйелер болған. Тауарлардың ішіндегі ең бағалысы әрине жібек матасы болған. Ол матадан Рим, Византия, Батыс Европа, Иран және Араб феодалдары мен атқамінерлері киім киген. Жібектен басқа ұлы Жібек Жолы арқылы сол кезде жоғары бағаланған фарфор, қымбат бағалы асыл тастар, шәй, қытай қағазы, қымбат металдар, бор, қару-жарақ, оқ-дәрі, жүзім, бұршақ, анар т.б. мәдени дақылдар және заттар тауарлар тасылған.
Жібек жолы сол кездегі Чанъаню (қазіргі Сиань) қаласынан басталып, ары қарай екіге бөлініп, бірі Турфан, екіншісі Хотон мен Яркенд арқылы Қашқарда тағы түйіскен. Турфан мен Қашқардан Орта Азия мен Қазақ жері арқылы одан ары Ресейге қарай жолдар кеткен. Қашқардан өткен соң қазіргі Ауғаныстаннан жол тағы екіге айырылып біреуі оңтүстікке Үндістанға, екіншісі батысқа Бағдадқа, одан ары қарай Жерорта теңізіне барып тірелген. Египетке, Византияға, Италияға т.б. елдерге жеткен. Керуендермен бірге жан-жаққа әр түрлі мақсатпен саудагерлер, жиhанкездерден басқа (кейде тұтқын құлдар түрінде) адамдар да барған. Олар арқылы бір елден екінші елдерге сол кездегі ғылыми, техникалық табыстар, шаруашылық тәжірибелер ауысқан. Ежелгі Үндістанның ғалымдары математика, медицина, тіл білімі салалары бойынша үлкен табыстарға жеткен. Бұл білімдер мен тәжірибелер Қытайға ауысып Қытай ғылымын дамыды, өз кезегінде Қытайдан ғылыми мәліметтер басқа елдерге ауысқан. VІІ ғасырдағы ұлы қытай ғалымы-географ Сюань Цзан Ұлы жібек жолы бойымен бірнеше рет Қытайдан Үндістанға сапары кезінде жолда кездескен қалалармен, өсімдіктермен, жануарлар дүниесімен, адамдар мен олардың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, дінімен, этникалық ерекшеліктерімен т.б. жете танысуға тырысып, мәліметтер жинаған.
Туризмнің қоғамдық құбылыс ретінде қалыптасуына белгілі-бір дәрежеде тарихи ғасырлардағы мемлекеттер арасында болған соғыстар да алғы шарт болған. Соғыстар алдындығы стратегиялық және тактикалық жоспарлар кезінде, алдын ала жүргізілген барлау (әскери барлау, барлау кезінде саудагерлерді пайдалану т.б.) арқылы тек ұрыстар болатын орындардың жер жағдайлары ғана емес, сонымен бірге қарсы мемлекеттердің табиғи ерекшеліктері, мемлекеттік құрылымы, саяси жағдайлары, халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық ерекшеліктері, кәсібі, діні т.б. туралы мәліметтер жиналып қорытындыланған.
Үшінші алғы шарт — XV ғасырдан басталған жаңа жерлердің (құрлықтардың, дүние бөліктерінің) ашылуы болды. Мегелланның, Колумбтың, Куктың, Берингтің т.б. саяхатшылардың жасаған экспедициялары жер шарының басқа құрлықтары мен орындары жайлы білімдердің жиналуына мүмкіндік берді. Олар өз кезегінде бұл жерлер мен құрлықтардың болашақта игерілуіне жол ашты.
Достарыңызбен бөлісу: |