1.1. Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесіyне назар бөлсек, қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзив сөзі − латын тілінен аударғанда «өзімді қосқанда», ал, ағылшын тілінен аударғанда «араластырамын» деген мағынаны білдіреді. Инклюзивті білім берудің мақсаты: даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге білім беру. Яғни адамның жынысына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады. Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйретудің бір формасы. Инклюзивті оқыту негізінде балалар құқығын кемсітпеу, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге ерекше оқыту қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалады, өйткені қалыптасқан жүйе мұндай балалардың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.
Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Инклюзивті оқыту – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу ұйымдарында, ұйым өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс- әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқытудың негізгі принциптері: Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы. Барлық адам бір-біріне қажет. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады. Барлық адамдар құрбықұрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді. Әрбір бала үшін жетістікке жету – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді. Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы. Инклюзивті оқыту балаларды оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз − барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мекемелердің оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90-жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Бүгінгі таңдағы білім беруді дамытудың негізгі сипаттамаларының бірі, жаңа бағыттағы арнайы білім беруді талап ететін балаларға тең дәрежеде білім беру мәселесі болып табылады. «Жалпыға бірдей білім» бағдарламасына сәйкес 1994 жылы Саламанка қаласында (Испания) арнайы қажеттілігі бар балаларға білім беруді дамытуға арналған бүкіләлемдік конференция болып өтті. Конференция соңында Саламан декларациясы жасалды.
Соған сәйкес инклюзивті білім беру саясатының міндеттері мынадай:
Әрбір бала білім алуға құқылы және оны алуға тиіс.
Әрбір баланың дара қабілеттері, қызығушылықтары, қажеттіліктері және оқуға деген мұқтаждықтары болады.
Білім беру жүйесіне оң өзғерістер, яғни осы мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатына орай өзгерту.
Осыған орай, инклюзивті білім берудің негізгі принциптері туындайды:
Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
Барлық адам бір-біріне қажет.
Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
Әрбір оқушы үшін жетістік қажет ету өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Сонымен, қорыта айтқанда, инклюзивті оқыту – балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады.
XX ғасырдың аяғында көптеген дамыған әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды дамытуда алдыңғы орында тұрған инклюзивті білім беру болды. Жалпы білім беру үрдісіне енгізілген балаларға оқуды жеңілдететін қосымша арнайы жағдай, көмек, қолдау қарастырылады. Әрбір елде интеграциялаудың өзіндік үлгісі іске асырылуда, бұл білім беруде интеграциялаудың жан-жақты үлгісін құрудың мүмкін еместігін көрсетуде. Инклюзивті білім беруді іске асырып жатқан елдерде айқындалған басым бағыт жалпы мектептік білім беру саласында қарастырып отырған категориядағы балаларды жалпы білім беру үрдісіне міндетті түрде енгізуді көздейді. Ресей. 1991 жылдың күзінен бастап Ресейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды интеграциялау» жобасын іске асыру басталды. Нәтижесінде 11 аймақта мүмкіндігі шектеулі балаларды интеграциялап оқытудың экспериментальды алаңдары құрылды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен педагогтардың жұмыс істеу мақсатында Ресей Федерациясының білім министрлігі педагогикалық жоғарғы оқу орындарының оқу жоспарына 1996 жылының 1 қыркүйегінен бастап «Арнайы (коррекциялық) педагогиканың негіздері», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың психологиясының негіздері» деген курстарды енгізді.
Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлінің айтуы бойынша 2008-2009 жылдары инклюзивті білім беру үлгісі экспериментальды түрде көптеген білім беру мекемелеріне енгізілген. Ресейде мүгедек балаларды оқытудың инклюзивті білім беруден басқа да нұсқалалары бар: арнайы мектептер мен интернаттар; коррекциялық мектептер; «Интернат-үйлер»; үйден оқыту; қашықтықтан оқыту. Швеция. Бұл елде ерекше қажеттілікке мұқтаж балалар қарапайым сыныптарға орналастырылған және олар онда қажетті қолдау алуда (сыныпта арнайы педагогтың немесе ассистенттің көмегі және көмекші арнаулы құралдарды қолдану). Есту, көру қабілеттері бұзылған, ойлауында қалушылық бар балалар ауытқулары бойынша бөлінген арнайы мектептерде білім алады, олар мұнда 21-23 жасқа дейін оқи алады. Ойлауы артта қалған балаларға арналған арнайы мектептер жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарына сыныптарды біріктіру жолымен орналасқан. Франция. Франциядағы арнайы білім беру жалпы білім беретін мектептерге дамуында жетпіспеушілігтері бар балалардың санын неғұрлым көбейтуге бағытталған. Дамуында ауытқулары бар балаларды жалпы білім беру үрдісіне енгізу IV нұсқада орындалуда:
Бала қарапайым мектеп бағдарламасы бойынша оқиды, бірақ мектепте немесе одан тыс уақытта оған қосымша қызмет көрсетіледі: емдеу шаралары, тәрбиелеу жұмыстары т.б. Мысалы, тірек-қимыл қызметі бұзылған бала қарапайым сыныпта оқи отырып, сол мектепте немесе жақында орналасқан бейімдеу орталығына барады.
Бала қарапайым мектеп бағдарламасы бойынша оқиды, қосымша күтім алады және қосымша арнайы бағдарлама бойынша оқиды. Мысалы, көруі бұзылған бала қарапайым сыныпта оқи отырып, сабақ дайындауға көмек ретінде мұғалімнен қосымша сабақ алады, кеңістікте бағдарлау бойынша сабақтарға қатысады.
Бала мектептегі негізгі уақытта арнайы сыныпта, арнайы бағдарлама бойынша оқиды (әдетте психикалық дамуында кешігушілік бар балалар). Уақытының басқа бөлігінде қарапайым бағдарлама бойынша өз жасындағы балалармен дайындалады.
Бала тек арнайы бағдарлама бойынша арнайы сыныпқа барады (әдетте ойлау қабілеті бұзылған балалар). Соған қарамастан ол мектеп өміріне қатысады: біріккен таңғы ас, тәрбие шараларына бірігіп қатысу, спорттық және басқа да іс-шараларға қатысу. АҚШ. АҚШ-тың мүмкіндігі балаларды оқытудағы қазіргі саясаты жалпы және арнайы оқытуды біріктіру ұсыныстарынан тұрады. Бұл біріктірулерде 3 негізгі жолдар бар: «негізгі бағыт», «жалпы білім инициативасы», «енгізу». Бұл арнайы білім беру алаңында үлкен дау-дамай тудыруда. «Негізгі бағыт» мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту негізгі мектептерде оқытуды көздейді. Бұл балалар қоғамға араласуы керек болғандықтан, оларды әлеуметтік және білім беру қызметтеріне қосу керек деп есептейді. «Жалпы білім беру инициативасы» - бұл АҚШ-тың білім департаментінің арнайы білім беру бөлімінің ұсынысы. Жалпы білім беру инициативасы – дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру шарттарына фундаментальды өзгеріс енгізуді ұсына отырып, «негізгі бағыттан» ары қарай дами түскен. Кейбір дефектологтар мен негізгі мектептің басшылары жалпы білім беру инициативасын мақұлдаса, кейбір дефектологтар мен негізгі мектептің мұғалімдері ауытқуы бар балаларға жалпы білім беру инициативасының әсер ету мүмкіндіктерін түсіну үшін қосымша сынақтар мен зерттеулер қажет дейді. «Енгізу» моделі балаларды ауытқу түріне және көріну деңгейіне тәуелсіз тұрған жері бойынша жалпы білім беру үрдісіне енгізуді көздейді. Осындай балаларға мамандар тобы жеке оқыту бағдарламасын құрады, сол бойынша оқушының жетістігі бағаланады. Қазіргі кезде АҚШ-та 1990 жылы қабылданған, «ауытқулары бар тұлғалар үшін білім беру акты» деп аталатын заң жұмыс істеуде. Бұл халықтық білім беру жүйесінде бала оқуына қажет тегін білім береді. Ата-анасы баласының оқу мүмкіндігі туралы қорытынды талап ете алады, ол бала дамуындағы ауытқуының бар немесе жоқтығына негіздемеден тұрады. Заң тек арнайы білім алуға ғана емес қосымша қызмет түріне де құқық береді.