3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС)



бет9/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)

Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС). «Әскери коммунизм» саясаты аясындағы азық-түлік салғыртына қарсы шаруалардың 1920 – 1921 жжылдардағы наразылық қозғалыстары 1921 жылы наурызда өткен Партияның X съезінде Кеңес өкіметін экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр етті. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни Азамат соғысы кезіндегі «Әскери коммунизм» саясатынан Жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешім қабылдады. ЖЭС-ке көшу бағыты басталды. ЖЭС аясында жасалып, жеделдете жүргізілген аса маңызды шаралар нәтижесінде көп ұзамай ауыл шаруашылығының жағдайын жақсартуға игі әсерін тигізді.
Жаңа экономикалық саясаттың негізгі арқауы – «тауарсыздық» утопиясынан – нарықтық-экономикалық, тауарлық-ақшалай қатынасқа көшу идеясы еді. Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерзімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға берілді. Сауда еркіндігі жүзеге асырылды, мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат берілді. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналып, мемлекеттік және кооперативтік сауда дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат берілді. Еңбекке деген міндеткерлік, еңбекке жұмылдыру жойылды. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болды. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді. Кәсіпорындардың өзін-өзі қаржыландыруына рұқсат етілді. Ауыл шаруашылық, несиелік, тұтынушылық кооперациялардың дамытылуы көтермеленді. Машиналарды жалға беретін алғашқы пункттер ашылып, кедейлер егістікті бірлесіп жырту үшін бірікті.
1921 жылғы наурыз-сәуірдегі жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру шешімі болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының енгізілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.
Қазақ АКСР ОАК қабылдаған қаулыда азық-түлік салығының мөлшері азық-түлік салғыртына қарағанда 2 есеге аз болды. 1920 ж. Жетісу мен Сырдария облыстарында салғырт 10,4 млн. пұт болса, ал 1921 ж. салық 6 млн. пұтқа жуық болды.
Шаруалардың көңіл-күйлерінде де өзгерістер болды. Жер-жерлерде егіс комитеттері құрылып, олар тұқым мен ауыл шаруашылық құрал-саймандарын бөлумен шұғылданды, батырақтар, кедейлерге, қызыл әскерлер мен соғыс мүгедектерінің отбасыларына көмектесіп отырды. Егіс көлемі 1921 ж. көктемінің өзінде-ақ ұлғайды. Алайда жағдай бірден жақсармады, созылып, 1925 ж-ға қарай ғана нәтиже берді. 1925 ж. егіс көлемі 3 млн. гектарға жақындады. Орал, Ақмола, Семей губерниясының астықты аудандарында егін түсімі 1913 жыл деңгейіне жетті. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналды. Мал шаруашылығы да дағдарыс бұғауынан босады. 1925 ж. мал саным 1922 жылмен салыстырғанда 2 есе өсті.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Бұл ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Нарықтық қатынастардың нығаюына қарай салық төлеудің заттай және ақшалай аралас формасы енгізілді, ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай формасы енгізілді. Ақпанда Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20-23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді. Ауыл шаруашылығының дағдарыстан шығуына 1921 – 1922 жылдардағы жер-су реформалары да өз септігін тигізді.
Қазақстанда 1921-1922 жылдары Жаңа экономикалық саясат аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Қазақстан еңбекшілері өмірінде үкіметтің патша үкіметінің жер мәселесі жөніндегі саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары маңызды рөл атқарды. 1921 жылғы жер-су реформасының негізгі мақсаты: шаруаларға патша өкіметінің тартып алған жерлерін қайтару. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде Қоныс аудару басқармасы көш-қон қорына тартып алған, бірақ пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, сондай-ақ помещиктер мен кулактардың еңбек нормасынан тыс заңсыз иеленген жерлерді қазақтарға қайтару көзделді. Патша өкіметі казак әскерлері меншігіне деп алған Жайық өзенінің сол жақ жағалауы (Орал казак әскерлері) мен Ертіс бойындағы ені 10 км-лік алқаптағы (Сібір казак әскерлерінің жерлері делінген) егістік шабындықтарды қазақ еңбекшілеріне қайтарып беру туралы 1921 ж. 19 ақпанда жаңа декрет қабылданды. Осы декрет бойынша қазақ шаруалары Ертіс жағалауы өңірінен 177 мың десятинадан астам жер алды.
1921 ж. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда да жер-су реформасы жүргізілді. Қазақ кедейлерінің көпшілігі байларға, кулактарға, тәуелді болатын. Кедейлер мен батырақтардың шаруашылығын көтеру үшін ең алдымен оларды жермен қамтамасыз ету, жер-су жөніндегі құқықтарын орыс шаруаларымен теңестіру, казактар мен кулактардың артықшылықтарын жою қажет болды. 1921 жылғы жер-су реформасының барысында Жетісудың жергілікті халқына (қазақ, қырғыз, ұйғыр) олардан 1916 ж. тартып алынған 460 мың десятина жер қайтарылды. Сонымен бірге бұрынғы офицерлер мен еркін қоныстану учаскелерінен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қазақ және орыс шаруаларына жер беру үшін көлемі 1 млн.-нан астам жер қоры құрылды. Реформаны жүзеге асыру барысында жергілікті жерлерде қателіктерге, асыра сілтеулерге жіберілді. Мысалы, кейде көбінесе қоныс аударушылардың барлығы отарлаушы-кулактар қатарына жатқызылып, мұның өзі қоныс аударушылар мен жергілікті халықтар арасында ұлт араздығын туғызды.
1921 ж. 20-31 қаңтарда Әулиеатада өткен Түркістан қазақ және қырғыз кедейлерінің съезі еңбекшілерді жер-су реформасын жүргізуге белсене қатысуға шақырды және «Қосшы» одағын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. «Қосшы» одағы кедейлерге еңбек артельдерін құруға көмектесті, жер беруге қамқорлық жасады, еңбекшілердің сана-сезімі мен мәдени деңгейін көтерді. «Қосшы» одағының мүшелерің жер реформасын жүргізуге қатысты. Кедей шаруалардың бұқаралық ұйымы (кедейлерді социалистік құрылысқа тарту) ұйымдастыруда Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, А.Асылбеков, Ә.жангелдин, Т.Коростелев, С.Меңдешов, С.Сейфуллин, Д.Бөрібаев, А.Розыбакиев т.б. белсенділік көрсетті. Жерді қайта бөлу кедейлер мен батырақтардың белсене араласуымен өтті, оларға жер, мал және құрал-сайман берілді. Қазақ шаруалары бұрын өздерінен тартып алған жайылымдардарды, егістік жерлерін, мал айдайтын жолдарды қайтарып алды. Қазақ еңбекшілеріне жерлерін қайтару кулактардың, казак ұлықтарының қасарысқан жағдайында жүргізілді, олар өздері тонап алған мүліктерді, астықты, құрал-саймандарды жойды, жасырды, жер комиссияларының, «Қосшы» одағының белсенді қызметкерлерін өлтірді.
1920-жж-ң басындағы бұл аграрлық реформа қазақ кедейлері мен батырақтарының ондаған мың шаруашылықтарын жермен қамтамасыз етті, оларды кіріптар-тәуелділіктен, жалгерлік азаптан құтқарды, олардың орта шаруаға айналуына, отырықшылыққа көшуіне, егіншілікпен айналысуына жағдай жасады. Реформа қазақ халқының теңсіздігін жою жолындағы маңызды қадам болды. Қазақ, орыс кедей шаруаларын социалистік құрылыс ісіне тартты, патша өкіметінің аграрлық саясатына соққы берді, ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізді. Жұмысшы табы мен қазақ шаруалары, өзбек, дүнген, ұйғыр диқандары одағының нығаюына, ұлттық келісімнің орнығуына ықпал етті.
Сонымен бірге 1920-жж. тоталитаризмге, авторитарлық басшылыққа көшу басталып, ол әсіресе, өлкелік партия ұйымының басшысы болып Ф.И.Голощекиннің кезінде (1925 – 1933) күшейе түсті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет