3 соөЖ тақырыбы: Ағартушы-демократтық бағыт. Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) Тапсырма


Абайдың оригиналдық поэмасы үш шығарма: "Масғұт", "Ескендір", "Әзім"



бет2/2
Дата12.10.2023
өлшемі25,51 Kb.
#184898
түріПоэма
1   2
Байланысты:
3 СОӨЖ

Абайдың оригиналдық поэмасы үш шығарма: "Масғұт", "Ескендір", "Әзім". Бұл үш поэманың бәрі де ақынның қазақ өмірінен, соның ішінде бұрынғы шығармаларындай, өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады.
Тегінде, Абай бірнеше өлендерінде поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізденетін. Сонда Әзірет Әлі айдаһарды жазғаным жоқ, сары ала қызды жырлағам жоқ деп бір кезек айтса, тағы бір уақытта ел шапқан батырды, қызықты қыздырмалап айтсам, қызығып тындар едіңдеп, оқушыны шеней түсетін. Жәй бос уақыт өткізетін қызықшыл, қысыр кеңесті құмарланып тындар едің дейтұғын. Ондай әңгімелі өлендерден Абай өзі ойлаған өсиеттік, адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек, кейін тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызады. Ал, солай бола тұрса да, өзін-өзі тежеп, ақындық шығармаға жанр жағынан да арнаулы қатал талап қойған ақынның, жоғарыда аталған, үш поэманы жазғанын көреміз. Бірақ жалпы алғанда, көлемдері азғана, оқиға, сюжеттері шағын шыққан осы поэмалардың да негізгі идеясы мен мақсаты Абайдың көп лирикалық шығармаларындай, ұстаздық тәрбиелік ойларға арналғанын көреміз. Өзі көп дәстүрлерін қабылдаған орыс классиктері: Пушкин, Лермонтовтың, не Байрон сияқты Европа классигінің анық үлкен поэма жазудағы өрнектеріне Абай бой ұрмайды. Олардың поэмалары кең өмірді мол қамтитын, кейде роман- поэма, кейде қалың уақиғалы, шытырман шебер тартысы бар романтикалық поэма боп, көркем, шебер қалыптанса да, Абай сол жанрға қызықпайды. Осы жылдарды еске алганда, Абайдың біз тексергелі отырган поэмалары, ең әуелі жоғарыда ескерткендей, шағын халдерді алып, содан өсиеттік, ұстаздық ой туғызуға тырысады. Екінші жағынан, Абай өзінің ұзақ шығармалар тудырарлық қуатын байқап, осы тұста тәжірибе жасап көреді. Енді осы айтылған жалпы жайларды жеке шығармаларынан, үш поэманың эр алуан өзгешеліктерін талқылаудан аңғарып көрейік. Алғашқы тексеретініміз — "Масғұт" поэ-масы. Бұл поэма туралы Абайдың өзі атап көрсеткен деректері жоқ. Бірақ шығарманың ішіндегі кейбір белгілерге қарағанда, бұның уақиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынғаны байқалады.
Ең әуелі геройдың аты — Масғұт. Оның тіршілік еткен шаһары — Бағдат. Заманы — Һарон-Рашид халифтың тұсы. Кейін Масғұтта кездесетін қария мұсылмандардың дін аңыздарында жүретін Қызыр, қазақша Қыдыр аталады. Ол, сол айтылған аңыздар бойынша, өлмейтін, мәңгі жасайтын жалғыз жан. Әр заманда, әр ортаның адамына оқта-текте бақ-дәулет әкелетін, ырыс үлестіруші болады. Міне, сөйтіп, осы аталған белгі, деректердің бәріне қарап, біз Абай поэмасының негізі шығыс аңызынан алынған дейміз.


Жалғыз-ақ Абай аңызды өзінің адамгершілік үгітіне мысал етіп, өзіндік ойларын тарату жөнінде үлкен кәдеге жаратады. Поэмада Абай арабтың тарихын, тірлік шындығын көрсетпек емес. Қызырдың қызырлығын да баяндамақ емес. Олардың барлығы да поэманың идея жағынан қарағанда, тек бір көмекші қосымша хал мен жайлар. Анығында олар шартты түрде алынған аңызды, жалпы шартты орта деуге болады. Ақынды шығарманың ішінде қызықтыратын бір-ақ геройдың — Масғұттың ғана жайы. Сол Масғұтты бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшыратып барып, Абай оған үлкен сапалы адамгершіліктің қасиеттерін бітірмек болады. Бұл жағынан қарағанда, Масғұт қай заманның адамына болса да, Абайдың ұғымынша, үлгі боларлық, жоғары дәрежедегі ұжданды адам, нравственная личность.
Абай геройының және бір ерекшелігі — ол өзгеше көрнекті күшті ортадан шыққан адам емес. Орташа көптің бірі. Әдейі дәулет, өмір, құдірет, ақыл-өнермен асырып шығарған адам емес. Халық ішіндегі, қатардағы қалың көптің жас өкілі. Масғұтта осындай сипат, қасиеттер беру арқылы, Абай оны өзінің жоғарыдағы атап берген Бағдатынан, Һарон-Рашидінен, Қызырынан да аулақтап бөліп шығарады. Өзі үгіттеп жүрген жақсы жастардың өз заманындағы мінез-құлқына, арманды адамгершілігіне Масғұтты үлгі етеді. Оның белгісін және де шартты түрдегі аңыздық бояуды алып тастап қарасақ, айқынырақ көреміз. Қызыр шал ұсынатын үш жеміс сол аңыздық бояу десек, ол Масғұттай өнегелі жастың ішінен сырын, қасиетін ашуға арналған оңай ғана бір сылтау десек, соның ар жағында көрінетін Масғұт қандай боп танылады. Ол ақылдылықтан қашады. Байлықтан қашады. Соның екеуін де сынап, талғап отырып, жиреніп шығады. Сол Масғұттың ақылдан қашуы — Абайдың өз басындағы, өз ортасындағы күйге аса жақын келеді. Ол көп айтатын шерлі уайымы бойынша, көп наданның арасындағы бір жалғыздың халін қандай трагедиялық, ауыртпалық хал деп отыр. Масғұтқа Абай сол өз басының аянышты күйін айтқызып отыр. Байлық турасында сөйлегенде де, Масғут Абай заманындағы бай менен сол байлық аздырып жүрген байдың өзін де және оның қоршау-қошеметтерін де сынайды.
Кейін Масғұт қызыл жемісті алғанда, жеңсікшіл, нәсіпқұмар көп жастың жолынан жырақшығады. Ол әйелді, ең алдымен, адамзаттың қақжарымы деп түсінеді. Әйелдің достығын ерекше қадір тұтады. Адам баласына дос боламын деген үлкен адамгершілік талапты өз өмірінің мақсаты етіп қояды. Ер жынысы мен әйел жынысы адамдық алдында терең дәрежеде бағаланады. Осы ойлардың барлығы да біз тексеріп өткен Абай шығармаларында ақынның өзі көп үгітпен көркем жырлар, терең ойлар тудырған тақырыптары емес пе еді?
Ендеше, Масғұт аузыменен Абай өз заманындағы, өз ортасына қанықты болған жайларды айтады. Үлкен гуманист ақын сол өзі таратпақ болған мораль философиясын жаңа түрде шартты мазмұнға байланыстырып ұсынып отыр.
Оқиға мен тіл, аңыз материалы бойынша, Абай қазақ оқушысына бөтен реальностьлармен сөздерді қолдана отырады. Бөтен аттар арабтан алынғандықтан, араб сөздері кездеседі. Бірақ, өлендік түр жағынан қарағанда, бұл шығарма төрт жолды шумақтан, он бір буынды жолдардан құралып, анық қазақтың өз үлгісіндегі дастандар түрінде жазылады.


Түп идея Арабстанда болған оқиғаны айту емес, Абайдың өзінің қақ қасындағы сол күнгі қазақстандық шындықтарды білдіруге арналғандықган, поэманың жаңағы аталған өлендік түрі идеялық мазмұнымен байланысты туған болады.


Абайдың екінші поэмасы — "Ескендір". Біз ең алдымен Бұл поэманың негізінде жатқан тақырыптың төркін-тегі туралы біраз деректер айтып өтелік. Шығыста Ескендір, орыс пен Европа елдерінің атауынша Александр — бар дүние жүзі халықгарының аңыздарында, ертегі, дастандарында ерекше орын алған адам. Біз бұл тұста тарихтағы Ескендірдің көпшілікке мәлім жайларына тоқтамаймыз. Аңыздар мен әдебиеттегі Ескендір жәйі Абайдың мына поэмасының тұсында бізге төтелей, жақын деректер береді. Соларға тоқтаймыз. Шығыс елдерінде, әуелі Иранның аристократиялық аңыздарында Ескендір образы көп әңгімеленген. Сол замандардан бері қарай Византия (Рум) аңыздарында да оның жәйі көп айтылады. Атақты Фирдоуси өзінің "Шахнамасында" Ескендірдің туысын жоғарыда аталған Иран аристократтарының лақабы бойынша баян етеді. Оны Филикустың баласы емес, Иранның шахы — Дараптың (Дарий Үшінші Кадоманның) баласы дейді. Бұл біздің эрадан бұрын 110—335 жылдар арасында Иранда шахтық құрған. Өзі Ахеменидтер әулетінің ең соңғы әкімі болады. Рум әңгімесі де Ескендірдің туысын тарихтан өзгертіп, аңызды әңгімеше баяндайды. Шығыс ақындарында біздің туысқан советтік еліміз азербайжанның атақты классигі Низами ғана өзінің "Ескендірнамасында" жаңағы бұған шейін жеткен екі тарау аңыздарды теріске шығарады. Ол анық тарихтық шындық бойынша Филикустың (Филипптің) өз баласы етіп жырлайды. Ескендірді, соңғы тапқан деректерімізге қарағанда, Абай Ескендір жайындағы аңызды, түгелімен сол Низамидің "Ескендірнамасынан" алған.
Азербайжан ұлы классигінің ең зор поэмасы — "Ескендір-нама" сансыз көп оқиғалардан, көп тарау бөлімдерден құрылған аса бай мазмұнды дастан. Ескендірдің жоғарыдағы Дариймен соғысқаны, онан соң азербайжан патша әйелі — Нушабемен кездескені, Ескендір мен Хақан әңгімесі, Қытай, Тұран өлкелерінде жүрген сапарлары және терістік өлкедегі бір ғажайып бақыт, молшылық, әділет орнатқан елдікке ұшырасуы — бәрі де Низамиде мол баян етіледі. Кейін Ескендір Терістік сапарына барып, Яжуждерге қарсы қорған соғады. Осы алуандас толып жатқан шытырман оқиғалы, күрделі сюжеттер тарайды. "Ескендірнаманың" тағы бірнеше тараулары сол Ескендірдің түн тарапына шеккен сапарына арналады. Ол сапарға Ескендір Әбілхаят суын (мәңгі тірлік беретін суды) іздеп барады. Түн дүниесінде, ұзақ қараңғылық сапарында, сан қиыншылықтар ортасында қалың қолмен жүрген Ескендірді бастаушы Қызыр болады. Бұлар іздеген Әбілхаят суын Қызыр жалғыз тауып, өзі ішіп, жуынып алады. Астындағы ақбөз атын да әрі суарып, әрі суға шомылдырады. Бірақ ғажайып су енді Ескендірге білдірмек болғанында, ғайып боп жоғалып кетеді. Сөйтіп, бар Мұсылман аңыздарындағы мәңгі тірлік алған Қызырдың жәйін Низами өз поэмасында осылайша әңгімелеп дәлелдейді.
Сол түн тарапта жүргенде, кезу үстіндегі Ескендірге сыры, жәйі мәлімсіз бір жас кездеседі. Ол жас періште деп айтылады. Сол жан Ескендірге өзгеше сыры бар кішкентай тас береді. "Кейін ойлансаң, осы тастан көп сыр көресің, ой табасың", — дейді. Түн тарапынан Ескендірдің барлық серіктері неше алуан қымбат, асыл тастар алып қайтады. Ескендірдің алғаны жаңағы титтей тас. Кейін Ескендір өзінің ойшылдарымен бірге отырып, сол тасты сарапқа салады. Тас таразыға түскенде, барлық өзге асылдың барлығын баса береді. Оның салмағына қарсы қандай қазына үйсе де, барабар келмейді. Осы күйге қайран болған Ескендірдің қасына Қызыр келіп, бір уыс топырақты кішкене тастың үстіне тастай бергенде, тас жағы жеңілейіп, аспанға көтеріледі. Сонда Ескендір өзгеден бұрын өзі ойшылдық танытып, "топырақган біткен топырақган ғана тойым табады" деп, терең байлау жасайды. Міне, біздің білуімізше, Абай пайдаланып отырған сюжет Низами жазған "Ескендірнаманың" дәл осы тұсынан алынған. Бірақ, Абай поэмасын білетіндерге мәлім, жаңағы әңгіменің желісін Абай өзінше өзгертіп, өсіріп алған.
Жалпы композициялық құрылысын алғанда, "Ескендір" — Абайдың ең жақсы поэмасы. "Масгұттай" емес, бұнда сюжеттік құрылыс бастан-аяқ бір түйіннің айналасына топталады. Адамдарының мінездері, істері арқылы біртіндеп ашылады. Соның ішінде "Ескендір" сияқты поэманың бас геройы шығарманың басынан аяғына шейін оқиға арқалығы болып отырады. Барлық суреттер, кездесулер мен қайшы келетін мінез, әрекеттер және түйінді ойлар — баршасы да бір Ескендірдің басымен байланысты болады.
Поэмасының ең соңындағы бірнеше шумақтарда Абай дидактикалық, ойшыл-өсиетшілік қорытындыны Ескендірден бөлек бір жәй етіп айтады. Бұнысы поэманың жоғарыда біз айтқан идеясына байланысты.
Абай бұнда да, Масғұт турасындағы аңызға барғандай, ескілік материалына текке бармайды. Өзіндік өсиеттерін шартты түрдегі аңыз-әпсанаға бөлей отыра, қызықтыра ұсынбақ болады. Сондықтан поэманың әңгімелі, оқиғалы желісін жетер өрісіне жеткізіп болған соң, жырдың аяғын, жаңағы айтқандай, моральдық, адамгершілік байлау мен толғауга, сентенцияға әкеліп тіреуі занды болып көрінеді. Поэманың шумағы, өлең жолдары, буын өлшеуі, қолданатын ақындық сөздігі — бәрі де шешендік, нақтылық жағынан қарағанда, Абайдың ақындық өнеріне сай келген. Бұлар поэманың түтас бітімді шығарма болуына нық жәрдем етеді.


Абайдың 1933 жылғы жинағында алғаш рет басылған бір поэмасы — "Әзім". Бұл поэманың тақырыбы "Мың бір түн" ертегісінен алынған. Қазақ ортасында ауызша кеп айтылып жүретін "Мың бір түннің" бір тарауы — "Әлидің Әзімі" деген ұзақ ертегі болатын. Сол ертегінің ішінен жас бала Әзімнің жетімдік шағы, жігіттік кездегі басынан кешетін бейнет соры, кейін барып өзінің туралығы, жазықсыздығы арқылы арманына жететін оқигалары Абайдың поэмасына желі, арқау болған тәрізді.
Бұл поэманың ішінде Абайды қызықгырған тағы бір адам — аяр шал болады. Ол шалдың кәсібі өзгеше. Қара тасты алтын ететін амалы бар. Осындай әрекет соңына түскен адамның жайы шығыста ертегі ғана емес. Химия ғылымы деп аталып жүретін алхимия жайынан туған неше алуан жасырын сырлы әңгімелер бар-ды. Ондай әңгіме нанымдар шығыста ғана көп жайылған емес. "Философский камень" дейтұғын, қара тас пен қара металлы алтынға айналдырып, ғажайып сырлы бөлекше бір затты іздену орта ғасырлық Европада талай фантастикалық әңгіме, аңыздарды көп тудырған.
"Мың бір түннің" "Әзім" әңгімесі сол жаңағы жайдың шығыста да өзгеше орын алатынын аңғартады. Бірақ халықгың сыншыл ойы кейін ол әрекеттер арасында болып жүретін неше алуан арамшылық, аярлықтарды танытады. Көпті алдап, жем ететіндерді өз әңгіме, аңыздарымен әшкерелейтін болады. Абай шығыс ертегісінің осындай өзгеше мән, тартыстарына қызыққан болу керек. Поэманың бастауына қарағанда, әкесі өлген жазықсыз, тәжірибесіз жас баланың аярға кездесіп, алданған бейнесі көрінеді. Бірақ бұл поэма Абайда аяқталмай қалады. Өз уақытында аяқталған болса да, жалғыз ғана қолжазба болып, мезгілімен көшірілмей, тозып-шашылып кетеді. Сөйтіп, соңғы бөлімдері жоғалып қалады. Сондықтан қолда қалған үзіндісі бітпеген поэма болып басылып жүр.
Жоғарыда тексерілген "Масғұт", "Ескендір" поэмасынан мына поэманың жазылу үлгісі басқарақ. Бұнда Абай, Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап, өлең еткені тәрізді, жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ сияқтанады.Бұл алдыңғы поэмалардай ойшылдық, зор тәрбиешілік мақсаттар көздеп жазылған шығарма емес. Халық аузындағы әңгіменің өзін ғана, барлық оқиғаны рет-тәртібімен жеңіл өлең етіп берудің талабы танылады.
Ал өлендік құрылысына, кейбір сөз кестелерінің, ұйқастарының оншалық Абай шығармаларына лайықты шеберлікке сай келмейтініне қарағанда, бұл поэманы оншалық жоғарғы дәрежедегі көркем шығарма деуге келмейді. Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың текстін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырысайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбада өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да "төлеу" салып, аламыштап жіберген сияқгы. Өйткені поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар.
Бұлай болмаса, поэма Абайдың тіпті ерте кездерде өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған, алғашқы черновик есепті бір вариант болуға керек. Қалай да "Әзім" поэмасы, ең әуелі, бітпеген шығарма болғандықтан, екінші, көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптанған дастан болмағандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы, жогарыдағы айтылған жайлармен аяқтаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет