Когнитивті лингвистиканың қазақ тіл білімінде қалыптасуы
Жалпы тіл біліміндегі ғылымдар арасындағы интеграция процесінің негізінде туындаған когнитивті лингвистика ғылымы соңғы жылдары қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдардың да назарын өзіне аударуда. Бұл сала бойынша қазақ тіл білімінде соңғы кездері когнитивтік лингвистика мәселелеріне ерекше көңіл бөліп зерттеу нысанына айналдырған Р. Сыздық, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, Г. Гиздатов, Қ. Жаманбаева, Ж. Манкеева, Э. Сүлейменова, Г. Смағұлова, Б. Момынова, А. Салқынбай, К. Күркебаев, Г. Снасапова, Ф. Қожахметова, Н. Айтова, А. Әмірбековалар секілді зерттеушілер бұл мәселені лексикология, этнолингвистика, когнитология, лингвомәдениеттану салалары тұрғысынан қарастырып зерттеу үстінде. Қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер соңғы он жылдықта ғана қолға алына бастады. Академик Ә.Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі жағңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына негіз болды./10/ Дәлірек айтсақ когнитивтік бағыттағы зерттеу еңбектерінде ретінде Г.Гиздатовтың еңбегін атауға болады. Зерттеушінің «Сөйлеу қызметіндегі когитивтік модельдер: типологиясы мен динамикасы» атты докторлық диссертациясы осы бағыттағы қазақ тіліндегі алғашқы зерттеу болып табылады. Докторлық диссертацияда адам санасындағы білімнің көріну деңгейі, берілу тәсілдері, құрылымы мен динамикасы қарастырылған. Когнитивтік модельдер универсумдар ретінде қарастырылады. Қазақ тілін когнитивтік зерттеуге арнаған алғашқы жұмыстардың бірі ретінде К.Ә. Жаманбаеваның "Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана" (Алматы: Ғылым, 1998,-1406.) монографиясын атауға болады [11]. Монография авторы алғы сөзде былай деп көрсетеді: "Зерттеу проблемаларын тілдік сана төңірегінде жинақтап, негізгі мәселені психофизиологиялық (нақтырақ айтсақ, бұл психофизиологиялық эстетикаға жақындау), психологиялык, (негізгі психоаналитикалық теориялардан басталады), философиялық, тілдік әдебиеттану (соңғы үшеуі семиотикалық сипатта) тұрғысынан кешенді түрде когнитивтік жүйеге біріктіру арқылы ғылыми негіздерге талпыныс жасаймыз [11,5]. Бұл жұмыста тілдік сана құрылымы, гештальт теориясы, тілдік сана және мәтін құрылымы, тілдік модельдер, мұң концептісі т.б. когнитивтік мәселелер қарастырылған [11]. Бұл еңбекте зерттеуші тілдік сананың құрылымын анықтап, гештальт теориясынның негізін жан жақты ашып көрсетеді. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика ғылымның қалыптасуына негіз болған аталмыш еңбектер тіл қолданысындағы когнитивтік негіздердің зерттелуіне айтарлықтай өз үлесін қосу үстінде. Когнитивтік құрылымның концептуалды көрінісі, күрделі жүйе тудыру ерекшеліктері де бүгінгі күні жан жақты қарастырылуда.
"Тіл мен таным процестерінің ара қатысын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудын, тіл мен танымның ара қатынасы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным ара қатынасын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі" [11,3].??
Сондай-ақ ғалымның көрсетуінше, "ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар дүниесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады. Яғни, сана сыртқы факторларға таңулы түрдегі тәуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттілігін белгілі бір модельдің, форманын бойына жинақтау арқылы шешеді" [17,8].
Профессор Ж.Манкееваның "Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері" атты мақаласында М.Бирвиш, Хомский, Лакофф, Коок, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, А.Н.Леонтьев, Б.Касевич және тағы басқалардың есімдерімен байланысты когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен дамуына қысқаша шолу (экскурс) жасалды. Ж.Манкеева мұнда былай деп атап өтеді: "Тіл мен ойлау бірлігінің өзіндік ерекше қасиеттерін тіл білімінің дәстүрлі, таза тілдік және ғылым саласы шеңберінде зерттеу мүмкін емес. Оған қажет ғылыми парадигма - когнитивті лингвистика, социолингвистикамен тұтасуы" [12,40]. Когнитивтік лингвистиканың дамуымен байланысты анықталуы тиіс бірнеше ұғым немесе мәселелер бар. Оның негізгісі - тілдің қызметіне қатысты. "Ғаламның тілдік бейнесі (языковая картина мира)" [12,14]. Ж.Манкеева "тіл мен ой немесе таным, тіл мен ұлт т.б. мәселелер, сайып келгенде, ұлтты, ұлттың танымын өзінің терең құрылымдары арқылы тұтастырушы тілдің табиғатын анықтауға байланысты казіргі тіл біліміңде жаңа бағыттардың айқындалып, қалыптасып, дамып келе жатқаны байқалады. Оның көріністерін қазақ тіл білімінің даму күйінен де көріп отырмыз", - деген пікір айтады [12,43]. Профессор Ж.Манкеева аталған мақаласында когнитивтік лингвистикадағы тілдің бейнелеушілік қызметінің зор екендігін атап көрсете келе, негізгі үш ұстанымдарын айқындап береді. Сол секілді ғалым Б.Момынова Қазақ тіліндегі қоғамдық саяси лексика (әлеуметтік-бағалауыштық, сөзжасам)»/13/ атты еңбегінде когнитивтік бірліктердің көріністену (репрезентациялану) ерекшеліктеріне тоқталып, бағалауыштық сипатын қарастырса, профессор А.Ислам өз мақалаларындағы когнитивтік лингвистикадағы «тілдік тұлға» мәселесін көтереді. С.И.Жапақовтың диссертациялық жұмысында эпикалық фразеологизмдердегі ақиқат пен бейақиқат, дүние фрагменттерінің тілдік бейнесі мен когнитивтік лингвистиканың басқа да мәселелері туралы сөз етеді./14 /
С.Ақаев «Сөздің когнитологиялық сипаттары» атты мақаласында когнитологиялық талдаудың тәсілдеріне тоқталып, ойлау ой түю, қабылдау, қорыту сияқты абстрактілік құбылыстарды зерттеу әдісі ретінде қарастыру жайлы мәселені көтереді. Сонымен қатар жас зерттеушілер Г.Снасапова /15 /, Ш. Елемесова, А.Әмірбековалар көркем мәтінге концептуалдық талдау жасаудың үлгілерін ұсынады. Ал А.Сыбанбаева/16 /, Н.Зайсанбаевалар /17 / метафораның танымдық сипаты туралы пікірлерін ортаға сала отырып, диссертациялық жұмыстарын осы бағытқа арнайды.
Қазақ лингвистикасының когнитивтік мәселелеріне арналған келесі еңбек қазақ тілінің эпикалық фразеологизмдерінің когнитивтік негіздерін зерттейді.
Ш.К.Жарқынбекованың докторлық диссертациясында қазақ және орыс тілдерінің түр-түс концептілері когнитивтік және лингвистикалық мәдениеттану парадигмаларын біріктіретін дүниенің ұлттық бейнесін тілдік ретте іске асыру мәселесі шеңберінде талданады және әр этноста орын алған когнитивтік механизмдер мен лингвомәдениеттану факторлары тұрғысынан түр-түс концептілерінің қалыптасу ерекшелігі айқындалады [29].??
Достарыңызбен бөлісу: |