Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Тележурналистиканың басты міндеті.
2. Монологтық жанрдағы қандай бағдарламаларды білесіз?
3. Жалпы теледидар хабарларын неше топқа бөлеміз?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Есенбекова Ұ.М. Тележурналистика: телехабар жасау технологиясы. – А., 2011
2. Омашев Н.О. Радиожурналистика. – А., 2005
3. Тұрсын Қ. Көгілдір экран құпиясы. – А., 1998
4. Барманкулов М.К. Телевидение: денги или власть - А.,1997
4-Дәріс
тақырыбы: Теледидар құрылымы
Дәріс мақсаты: Теледидар құрылымы және оның қызметтің қыр-сырын талдап, түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1. Теледидар құрылымы
2. Телехабарлардың практикалық функциясы.
Теледидар – бұқаралық ақпарат құралдары жүйесіндегі ең әсерлі де ең өткір ақпарат құралы. Телевизияның жаппай өрістей бастағанда, 1962 жылы американдық ғалым Маршал Маклюен оның мүмкіндігін бағалай келе, «енді кітап және өзге де баспасөз құралдарын басу ісі келмеске кетті, оның орнын визуалдық ақпарат құралы – телевизия басты» деген екен. Маклюеннің пікірінде әсіреқызбалық бар деп айыптағанымызбен, өзге ақпарат құралдарына қарағанда теледидар аудиториясының әлдеқайда көп екенін мойындаймыз. Бейне мен дыбыстық қатарды үйлесімде бере алатындығымен, кинематографияның, әсіресе техника мен технологияның жаңа мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, өмірдің шынайы кескінін сол қалпында, сол бояуымен бере алатын теледидар қай жанрда көсілсе де, жетімділік тұрғысынан өзге ақпарат құралдарынан біртабан артық, жұртшылықтың зейінін арбап, назарын еріксіз өзіне өзіне аударады.
Телевизияның спецификалық артықшылықтарын санамалай келе өз зерттеу жұмысымыздың мақсаты мен идеясына ойысалық. Жалпы тележурналистика жанрлары: ақпараттық, сараптамалық және көркем – публицистикалық деген үш үлкен топқа жіктеледі. Қоғам өміріндегі күнделікті жаңалықтар, өмірге жаңа енген құбылыстармен таныстыратын ақпараттық блок, белгілі-бір мерзім ішінде қордаланған мәселелер мен оқиғалар легін талдап, сараптайтын сараптамалық жанрдағы хабарлардың өзіндік практикалық функциялары (аудиторияны құлағдар ету, нақты бір оқиғаға баға беру) мен берілу мәнерінде жанрлық ерекшелігі (шапшаңдық, ресми сипат) бар. Ал енді көркем-публицистикалық жанрдағы телехабарлардың практикалық функциясы – эстетикалық тәрбие беру, көрерменді әсемдік болмыспен қауыштыру, рухани қажеттілігін сусындату, бір сөзбен айтқанда, рухани ләззатқа бөлеу. Көркем хабарды тамашалауға беттеген көрерменнің психологиялық күйі босаңсып, экран бетіндегі көріністі бар ынта-ықыласымен түйсіну, соған бой алдырып, сондағы шындықпен біте қайнасып, бірге жасасу, эстетикалық нәр алуға әзірленеді. Демек, көркем хабарлар жасауда, оның жанрлық табиғатынан туындайтын эстетикалық ерекшелігі мен мүмкіндігін іс жүзінде бір сәт те назардан шығармастан, барлық процестерді сол факторға бағындырған кәміл. Бұл – көркем телехабарларға қойылатын жалпылама талап. Көркем хабарлардың әрбірінің өзіндік тақырыптық айшығы мен формаларына қарай, олардың әрбіріне қатысты жеке-дара туындайтын міндеттер мен шарттар легі қалыптасады.
Қазіргі қазақ эфиріндегі көркем хабарларды талдау, оларды жасау мәселелеріне көшпес бұрын, қазір телеарналардан беріліп жатқан көркем хабарларды жасалу орнына қатысты екіге бөліп қарау керектігін айтуымыз керек. Бірі – әр телеарна редакциясының өз студиясында жасалатын немесе редакция алқасының ықпалымен, сондағы тележурналистердің басшылығымен, ұйымдастыру, қатысуымен студиядан тыс жерде (мәселен, табиғат аясында) жасалатын көркем хабарлар. Екіншісі – концерттік сахнада немесе театр сахнасында қойылған, бір айта кетерлігі, журналистердің емес, әртістердің басымдығымен, телекөрермендерге ғана емес, залда отырған бұқараға арналып, көрерменнің көз алдында жасалатын көркем хабарлар. Айталық, әртістер қатысымен жасалатын көркем хабар деп отырғанымызға «Бауыржан-шоу», «Шымкент шоу», «Күлкі керуені», «Терісқақпай», «Ән мен әнші», «Сағыныш», «Інжу-маржан», «Айтыс» сынды концерттік және театрлық қойылымдар мен театр спектакльдері жатады. Концерттік бағдарлама, я сахналандырылған қойылым студиялық телехабардан жасалу технологиясы, режиссурасы тұрғысынан түбегейлі ерекшеленеді.
«Хабар» телеарнасынан беріліп жүрген «Таң қалмаңыз» хабарының жасалу ерешелігіне үңілсек, ол хабарда көркемдік редактордың шеберлігі, онда қолданылатын сұхбат жанрының мүмкіндіктерінің қолданыс деңгейі мен тележүргізушінің кәсіби өресі хабар барысында бәрібір актив элемент ретінде сезіліп, хабардың бүтін болмысын айшықтап тұрады. Осы ретте, концерттік сахналар мен театр сахнасында қойылған бағдарламаларды теледидардан беру де теледидардың кинематографиядан еншілеген мүмкіндігін көрсетеді. «Ән мен әнші», я болмаса «Сағыныш» концерттік бағдарламалар теледидардан берілетін кинофильмдер мен мультфильдер секілді трансляциялық жолмен берілетін хабарлар. Олар – дайын телеөнім, тек монтаждық, режиссуралық сүзгіден өткізсе болғаны, телеарнадан беруге болатын телехабарға айналады; ал тележурналистер мұнда мүлде қатыстырылмайды.
Телеарна редакциясы ұжымының қолынан шыққан көркем телехабар болсын, концерттік сахнада жасалған бағдарлама болсын, көрермен үшін берер әсері мен теориялық функциялары ортақ болғасын, біз жұмысымыз барысында екеуін де қарастырамыз. Екеуінің де жасалу мәселелерін, онда туындайтын проблемаларды көрсетіп, ол хабарлардың ішкі құрлымына үңіліп – жүргізуші, режиссер, редактор шеберлігін бағамдап, пішіні мен формасын, идеялық-тақырыптық болмысын ашамыз. Бірнеше хабар санына детальдық сараптама жасаймыз. Қазақстан телеарналарындағы көркем хабарларға қатысты айтылып жүрген сындар мен БАҚ материалдарын нысанаға ала отырып, қазақ телеарналарындағы көркемдік хабарлардың көкжиегін кеңейтудің, олардың мазмұндық болмысын көркейте, ілгерілете түсудің жолдары мен жаңа әдістерін ұсынуға тырысамыз.
1958 жылдың 8-наурызы – қазақ телевизиясының туған күні деп саналады. Дәл осы сәттен бастап, қазақ телевизиясымен бірге телеарналардағы көркемдік хабарлардың да тарихы басталып кетті. Арадағы жарты ғасырға жуық уақытта көрермен қауым телевизиялық көркем хабарлардың эстетикалық қуатынан нәр алып, заман жылжыған сайын бет-бейнесі мен тақырыптық сипаты жаңғырып, түрленіп, қоғамдағы саяси, мәдени өзгерістермен бірге, өмір шындығының көркем образын беруге талпынып келе жатқан телевизиялық көркем хабарлардың жеңісіне де, жеңілісіне де куә болып, олардың оза шапқан жүйрігі мен осалмойын әлсізіне әділ алдияр болып келеді.
Кешегі кеңестік дәуірден кейін еліміз ғасырлар бойы аңсап жеткен тәуелсіз ғұмырының шындық шежіресі де телевизиялық көркем хабарлардың мақсат-мүддесін айқындап, қазақ тележурналистикасының алдына жаңа міндеттер туғызды.
«Егемендік дәуірде бағдарламаларға ұлттық түр мен пішін, мазмұн мен мән беріп, рухани келбетін таныту қажеттігі туындады» – деген қазақ тележурналистикасының тарихы мен тоериясын зерттеуші ғалым Құдайберген Тұрсынның тұжырымы өте әділ.
Достарыңызбен бөлісу: |