3.Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына қосылудың алғышарттары Ресей қалайда Қазақстанды өзіне қосып алуды көксеп, қолайлы кезеңді күтумен болды. Әбілқайыр қазақ хандығында жеке өз билігін нығайту жолдарын жатпай-тұрмай тынымсыз іздестіре бастады. Кіші жүздің ханы Ресей мемлекетінің қолдауына сүйенуге бел буды. Бұл ретте оның жеке басының қадір-қасиеті де шешуші рөл атқарды.
Әбілқайыр Жоңғариямен соғыс қызу жүріп жатқан 1726жылдың өзінде-ақ Ресейге елші жіберіп, оның қол астына өту туралы өтініш білдіру арқылы әрекет жасап көрген болатын. Бұл өтінішті елші Қойбағар жеткізген еді. Алайда ханның өтініші ол жылы жауапсыз қалдырылды.
1730 жылы Кіші жүздің билері ханға Ресеймен әскери одақ жасасуды ұсынды. Алайда Әбілқайыр өз уәдесінде тұрмай, Ресеймен келіссөз мүлде басқаша сипат алды. Ресейдің өкімет билігімен неғұрлым жақын бола түсу мақсатымен 1730 жылғы қыркүйек айында Әбілкайырдың батыр Сейітқұл Қойдағұлұлы мен би Құтлымбет Қоштайұлы бастаған елшілігі Кіші жүзді Ресейдің қарамағына алу туралы императрица Анна Иоанновнаныңатына жазылған өтінішті табыс ету үшін Санкт-Петербургке келді.
Бұл жолы Әбілқайырдың елшілігіне зор құрмет көрсетіліп, ол үлкен ықыласпен қарсы алынды. Ресей үшін Кіші жүзді империяның құрамына қосып алудың ең қолайлы сәті туды. Бұған дейін Ресейдің құрамына Еділ қалмақтары, Кабардин князьдігі косылған болатын.
1731 жылы императрица Анна Иоанновна Кіші жүздің қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы грамотаға (ресми құжатқа) қол қойды. Бұл грамотаға қол қою кезінде бірқатар шарттар қойылатыны ескерілді.
Біріншіден, Кіші жүз қазақтары Ресейге адал қызмет етуге және башқұрттардың үлгісі бойынша мұқият жасақ төлеп тұруға міндетті болды.
Екішіден, Ресейдің қол астындағы өзге халықтардың тарапынан қазақтарға шабуыл жасауға тыйым салынуы тиіс болды.
Үшіншіден, қазақтарға олардың жаулары шабуыл жасай қалған жағдайда Ресей қазақтарды қорғауға міндеттенді.
Төртіншіден, Әбілқайыр Ресейдің қол астындағы халықтардан алынған тұтқындарды
қайтаруы, ал қалмақтармен және башқұрттармен тату-тәтті бейбіт жағдайда өмір сүруі тиіс болды.
Алайда содан көп кейінгі оқиғалар ол шарттардың бірде-біреуін екі жақтың да орындамағанын көрсетті. Екі жақ та өздерінің пайдаларын көздеумен болды. Империяның қол астына қараудың жалған сипаттары ғана орын алды.