48 беттің -сі Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі


Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары



бет4/6
Дата15.09.2017
өлшемі0,95 Mb.
#32600
1   2   3   4   5   6

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:

1.Мектептің әлеуметтендірушілік қызметінің мүмкіндіктерін сипаттап түсіндіріңіз.

2.Мектептің типтерін атаңыз және олардың типтеріне байланысты әлеуметтендіру мүмкіндіктерінде айырмашылық бола ма? Қалай ойлайсыз? Ойыңызды тұжырымдаңыз.

3.Педагогикалдық процестің екі жақтылық үрдісі екендігін білеміз. Мектептегі әлеуметтендіру процесінде осы заңдылық қалай жүзеге асырылады? Түсіндіріңіз.

4.Мектептің әлеуметтендірушілік қызметінде ата-аналардың қаншалықты қатысы мен ықпалы болуы тиіс деп ойлайсыз? Пікіріңізді жазбаша дәлелдеңіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Мустаева Ф. А. Социальная педагогика.–М.:Академический Проект, Екатеринбург: Деловая книга, 2003.-528 с.

2.Қазақстан Республикасының тәлiм-тәрбие тұжырымдамасы. //Егемен Қазақстан. −1993, 5 ақпан.

3.Қоянбаев Ж. Б., Қоянбаева Р. М. Педагогика: Оқу құралы. Алматы, 2002.

4.Галагузова И. Г. Социальная педагогика: Курс лекций: учебное пособие для студ. высших.уч. завед. /под ред. М. А. Галагузовой. –М.:Гуманист. Изд.центр ВЛАДОС, 2003. -416 с.

6.Атемова Қ. Т. Оқушыларда гумандық қасиеттерді қалыптастыруда мектептің рөлі. - Алматы: Ғылым, 2002.-118 б.


Модуль 3. Балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы әлеуметтік ауытқулар

Дәріс 9. Әлеуметтік педагогикадағы қалып және қалыптан ауытқу

Дәріс жоспары:

1.Әлеуметтік-педагогикалық қалып туралы түсінік, оның қоғамдық категория ретіндегі мәні

2.Әлеуметтік-педагогикалық қалыптан ауытқу түсінігі және қалыптан ауытқудың себептері

3.Әлеуметтік-педагогикалық қалыптан ауытқудың түрлері, олардың өзара ықпалы

4.Әлеуметтік-педагогикалық ауытқуы бар балалардың белгілері мен ауытқу құбылыстарының алдын алу жолдары
Қандай қоғамда болмасын, тіпті дамудың қандай сатысында болса да өзіне ерекше назар аударуды қажет ететін адамдар кездеседі. Олар - дене немесе психологиялық, әлеуметтік жағынан ауытқулары бар адамдар. Ондай адамдар қашанда басқа адамдар тобынан ерекшеленіп тұрады және олардың қасиеттері мен іс-әрекеттерін қалыпты жағдайға сәйкес келмейді деп айтуға болады.

Қалып (норма) ұғымы медицина, психология, педагогика және физиология ғылымыдарында кеңінен қолданылады. «Қалып» ұғымының мәніне сипаттама берудің қиындығы оның терминдік түсінігінде ғана емес, мазмұнында да болып отыр. Өйткені адамдар қоғамында қабылданған талаптарға сай «қалып» түсінігі ұлттық, менталитететік сипатқа байланысты да ерекшеленуі мүмкін.

Ауытқу негативті немесе позитивті сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы, баланың қалыптан ауытқуы кейде оның ақыл-ойы жағынан кемістігі болып саналса, кейде ол талантты болуымен айқындалады.

Шартты түрде қалыптан ауытқу құбылысын төрт түрге бөлуге болады. Олар: денедегі ауытқу, психикалық ауытқу, педагогикалық ауытқу, әлеуметтік ауытқу.

1.Денедегі қалыптан ауытқу құбылысы адамдардың денсаулығындағы кемшіліктерге байланысты болып, медициналық көрсеткіштермен айқындалады. Медицинада әрбір жас ерекшелігіне сай адамдардың денінің саулығын сипаттайтын өзіндік көрсеткіштері (салмағы, бойы, көкірек көлемі, және т.б.) айқындалған.

Денсаулығы мен дамуы жағынан ауытқуы бар адамдардың мынадай түрлерін атап көрсетуге болады:



  • дерт – психикалық немесе физиологиялық функциясында аномальдық құбылыстың болуы, қандай да бір іс-әрекетті орындауда қиындық туғызатын аномальдық құрылым элементтерінің кездесуі;

- мүмкіндігі шектелген – адам қимылында қалыпты болған әрекеттерді жасауда қабілеттіліктің болмауы немесе шектелуі;

- мүгедектік – жас ерекшелік, жыныстық және әлеуметтік факторлардан туындайтын қандай да бір нормативтік рөлдерді орындауды шектейтін немесе кедергі келтіретін нақтылы адамның мүмкіндігінің шектелуі немесе дефектісінің кез келген салдары;

2.Психикалық ауытқу баланың ақыл-ойы дамуымен, психикалық жетіспеушілігімен байланысты айқындалады. Оған адамның сөзі, эмоциялық-еріктік күші, сондай-ақ сөйлеудегі кемшіліктер, тұтығу, оқу мен білім мазмұнын баяндаудағы кемшіліктер жатады. Баланың ақыл-ойы жағынан дамымай қалуы жүйке жүйесінің тума дефектісі немесе аурудың салдарынан болуы мүмкін.

3.Педагогикалық ауытқу - бұл ұғым немесе түсінік әлеуметтік педагогика мен педагогика ғылымында өте аз қолданылады. Бұл ең алдымен педагогикалық мақсатты жүзеге асыруда білім алушының әрекетінде қалыптасқан нормалар мен көрсеткіштерді салыстыру арқылы реттеп отыратын ынталандырудың тұлға дамуына әсерімен іске асырылады.

Әлеуметтік ауытқу - ол «әлеуметтік қалып» ұғымымен байланысты. Әлеуметтік қалып - қоғам дамуының өзіндік кезеңінде қалыптасқан және арнайы қабылданған әлеуметтік топтың немесе адамдардың мінез-құлық әрекеттерінің үлгі ережесі. Шын мәнінде әлеуметтік қалып қажет етілген мінез-құлықтың моделі ретінде қабылданады.

Әлеуметтік педагог қызметінде әлеуметтік қалып пен ауытқу шекарасын білу және айқындау өте маңызды. Қалыпты мінез бен әлеуметтік ауытқу орын алатын мінез-құлықты сипаттайтын: еріксіздік пен шектен тыс белсенділік, қорқыныш пен ызақорлық және т.б. қасиеттер осы екі ұғым арасын айқындайтын түсініктер болып табылады.

Сондықтан әлеуметтік педагог қызметінің бір қыры ауытқудың алдын алуға, қоғамда қабылданған мінез-құлық пен іс-әрекет қалыптары мен талаптарының бұзылуын болдырмауға бағытталса, екінші қыры, бойында ауытқудың белгілері байқалған балаларды реабилитациялауға бағытталады. Бұл балаға қалай көмектесу керек, қоғамға қалай қосу қажет деген сауал төңірегінде атқарылатын өте маңызды да ауқымды жұмыс.

Тұжырым:

1.Қоғамда орын алып отырған көптеген келеңсіз жағдайлар мен кездесетін қиыншылықтар адамның қалыпты өмір сүруі мен мінез-құлқының өзгеруіне алып келеді. Әлеуметтік педагог қызметінің қажеттілігі тұлғаны қалыпты өмір сүру дәстүріне қайта әкелу мен қоғам талаптарына бейімдеуден туындайды.

2.Педагогикалық процесс екіжақты сипатқа ие болғандықтан, тұлғаны әлеуметтендіру процесі тұлғаның өзі тарапынан белсенділіктің болуын қажет етеді.

3.Әлеуметтік педагогикалық процестегі қалып ұғымының өзі қоғамдық категория ретінде өзгеріп отырады.

4.Қалыптан ауытқудың бір түрінің орын алуы басқа түрлерінің де пайда болуына алып келеді.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:

1.Әлеуметтiк педагогикадағы «қалып» және «қалыптан ауытқу» ұғымдарына сипаттама берiңiз.

2.Ауытқудың түрлерiн атаңыз және оның себептерiне сипаттама берiңiз.

3.Бойында ауытқуы бар балалардың белгiлерiн атаңыз және әлеуметтiк ауытқулар арасындағы байланыстылықты дәлелдеңiз.

4.Бүгінгі қоғамда әлеуметтік ауытқуы бар балалармен жұмыстың жүргізілуіне көзқарасыңыз қандай? Көзқарасыңызды нақтылы аргументтермен дәлелдеңіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Галагузова И. Г. Социальная педагогика: Курс лекций: Учебное пособие для студ. высших.уч. завед. /под ред. М. А. Галагузовой. –М.:Гуманист. Изд.центр ВЛАДОС, 2003. -416 с.

2.Мудрик А. В. Социальная педагогика. Учебник для педагогичеких вузов /под. ред. В. А. Сластенина - М., 2000.

3.Азаров Ю. П. Искусство воспитывать. - М.: Знание, 1971. С.- 32.

4.Семейное воспитание. Краткий словарь. -М.,Издательство политиченской литературы, 1990. - 313 с.

5.Мудрик А. В. Общение в процессе воспитания. –М.:Педагогическое общество России., 2001. - 320 с.

6. Дружинина В. Н. Психология семьи. 3-ое издания.-М.: 2006.-176 стр.

7. Нұрмұхамбетова Т. Р. Тәжірибелік психология. Оқулық. 4-томдық. –Шымкент:Нұрлы бейне. 2006. -188 б.


Дәріс 10. Девиация - әлеуметтiк-педагогикалық проблема

Дәріс жоспары:

1. Девиация ұғымы, девиантты мінез-құлық туралы түсінік

2. Девиантты мінез-құлықты балаларға тән қасиеттерге сипаттама

3. Девиантты мінез-құлықтың түрлері және оларға сипаттама

«Девиация» кездейсоқ себептердiң әсерiнен заттың қалыпты жағдайынан ауытқуы деген мағынаны бiлдiредi. Жасөспiрiмдiк шақ - балалық шақтағы ең қиын және ең күрделi кезең. Бұл кезеңдi өтпелi кезең деп те айтады. Себебi бұл кезде жасөспiрiмдер балалық шақтан жiгiттiк шаққа өтедi. Бұл кезде бала бойында көптеген өзгерiстер болады. Ол физиологиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік өзгерiстерден көрінеді.

Қоғамда қалыпты мiнез-құлықтан ауытқыған балаларды «қиын» немесе «тәрбиесi қиын» бала деп санау қабылданған. Тәрбиесi қиын балалардың әрекетiн «девиация құбылысы» деп атайды. Мiнез-құлқында, iс-әрекетiнде ауытқуы бар балаларға мыналар жатады:

- мектепке, сабаққа бармайтын балалар;

- жетiм балалар;

- әлеуметтiк жетiм балалар;

- улы заттар мен наркотиктер пайдаланатын жасөспiрiмдер;

- жеңiл жүрiске түскен жасөспiрiмдер;

- тәртiп бұзатын жасөспiрiмдер.

Девиация девиантты, деликвенттi және криминалды мiнез-құлықты қамтиды.

Девиантты мiнез-құлық деп мiнез-құлқындағы нормадан ауытқуы бар балаларды айтамыз. Бұл топтағы адамдарды тәртiпсiз, әдепсiз деп атауға да болады.

Девианттық мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді. Біріншісі – анық немесе жасырын психопотологияның барлығын білдіретін психикалық саулықтың қалыптарынан ауытқыған мінез-құлық.

Екіншісі – әлеуметтік, мәдени және әсіресе, құқықтық қалыптарды бұзатын антисоциалды мінез-құлық. Мұндай әрекеттер аз болса, оларды құқық бұзушылық деп қабылдаймыз да, ал салмақты болса әрі жазаланса қылмыс деп атаймыз

Делинквенттi мiнез-құлық. Бұл мiнездегi балалар девиантты мiнез-құлықты балалар қылығын қайталайды. Делинквентті мінез-құлықты балаларға мынадай қасиеттер тән:

- зорлық көрсету, балағаттау, ұрып кету, адамзатқа қарсы әрекеттер жасайды;

- материалдық пайда табуды көздейтін қоғамдық көліктердегі ұрлық, машина алып қашу және т.б. айналысады;

- наркотик сату, тарату және т.б.

Бұл мiнездегi балалардың сыртқы әрекеттерiнде ғана емес, iшкi дамуында да көп ауытқулар болады.

Криминалды мiнез-құлық заңға қайшы әрекеттерi арқылы анықталады. Жасына қарай қылмыс кодескiнiң белгiлi статьясына байланысты қылмыстық iс қозғайды. Олардың іс-әрекеттері қоғамға және қоршаған ортаға қауіп төндіреді деп табылады.

Заңды бұзатын, мiнез-құлқында ауытқуы бар балаларға тән сипат мыналар:

- қылмыс түрлерi мен адамзатқа жат қылықтар жасау;

- iшкi құрылымдық ауытқу (яғни ауытқу белгiлi бiр әлеуметтiк топқа байланысты болса);

- ауытқудың сыртқы ортаға бағытталуы (отбасындағы ұрыс-керiс нәтижесiнде қылмысқа барса) немесе өзiне зиян келтiрсе (алкоголизм және т.б.)

Жеткіншектегі ауытқыған жүріс-тұрыс өз-өзін дәлелдеп көрсету үшін пайда болады. Ғалым П. М. Якобсон мінез ауытқуларын оның ішкі түрткілеріне қарай негізгі үш түрге бөліп қарастырған:

1. Дүниеқорлыққа бағдарланған ауытқу.

2. Агрессивтілікке бағдарланған ауытқу.

3. Әлеуметтік-пассивтік ауытқу.

А. Е. Личко жеткіншектердің мінез ауытқуларының ішінде жүріс-тұрысынан көрініс беретін бірнеше түрлерін анықтаған. Олар:



  1. Ішімдікке салыну (маскүнемдік). Бұл құбылыс күннен күнге көбейе түсуде. Бұл заңдылыққа сай мәселені салыстырмалы-әлеуметтік зерттеушілер мына тұжырымдарға келді:

  • Әлеуметтік-құқықтық жағдайларды бұзатындар ішінде ішімдікті пайдаланатындардың жиі кездесуі;

  • Ішімдік пайдалану әлеуметтік бақылаудың спецификалық түрлерімен байланысты. Кей жағдайларда бұл құбылыс белгілі бір қажетті ритуал элементтерімен байланысты болса, басқа жағдайларда жүріс-тұрысының антинормативтік көрінісі ретінде кездесуі;

  • Ішімдік, әдетте ішкі комфорттан тасымалданып, тұлғаның өз тәуелділік сезіміне негізделеді.

1.Нашақорлық. Есірткілерді пайдаланған кезде жеткіншектер белгілі бір жаман қылық жасауы мүмкін. Осыдан қылмыс жасау, ұрлықтар, кісі өлтіру саны көбейеді.

2.Агрессивті мінез-құлық. Жеткіншектер агрессиясы олардың өмірлік сәтсіздіктерге ұшырауының нәтижесінде өз-өзін сыйлауының төмендеп, қатыгез адамға айналуымен сипатталады.

3.Суицидиалды мінез-құлық. Осы бағытта ғалым А.Е.Личко жеткіншектердің мінезіне зерттеу жүргізген. Нәтижеде 17 жастағы жеткіншектердің 32%-ы суицидалды әрекетті жасауға бел буғанын анықтаған;

Әлеуметтік ауытқуды С. А. Беличева «девиантты мінез-құлық» деп атап, оларды төмендегідей етіп топтастырды:



  • Пайдақорлық бағыттағы девиация: материалды, ақшалай, мүліктен пайда табу (ұрлық, алдау, жымқыру, сату, т.б. құқық бұзу, түрлері);

  • Агрессивті бағыттағы девиация: адамгершілікке кері бағытталған әрекеттер жасау (бұзықтық, соққы, тіл тигізу, өлтіру, зорлау);

  • Девиацияның әлеуметтік енжар түрі: әлеуметтік және жеке мәселелерді шешуде (жұмыс, оқу, нашақорлық, ішімдік және суицид) белсенді өмір сүруден қашу, азаматтық жауапкершіліктен жалтару.

К. К. Платонов девианттық мінез-құлықты бес түрге бөліп көрсеткен:

1. Делинквенттік мінез-құлық (әрекетке шектен тыс күш салу);

2. Аддиктивті мінез-құлық;

3. Патомінездік мінез-құлық;

4. Психопатологиялық мінез-құлық;

5. Гиперқабілеттілік базасындағы мінез-құлық.

Деликвенттік мінез-құлық адамның көңіл көтеруінде т.с.с. әрекеттерден де көрінуі мүмкін. Жасөспірім қызығушылықпен немесе (компания) топ арасында тұрып балконнан төмен қарай өтіп бара жатқан өткіншілерге ауыр зат тастап, дәл тигізгеннен қанағаттануы мүмкін.

Психологиялық ашығудың девианттылыққа жетелейтіндігі ғылымда дәлелденген. Э.Берннің пікірі бойынша адамда психологиялық ашығудың алты түрі бар:



  • сенсорлық стимуляцияға ашығу;

  • өзгелерге өзін мойындату бойынша ашығу;

  • қарым-қатынас жасауға ашығу;

  • физикалық жақындасуға және сексуалдық қатынасқа ашығу;

  • психологиялық құрылымдық ашығу;

  • тіл табысуға келіспеушілік жағдайында ашығу.

Девиациялық мінез-құлықтың шегінде көрсетілген ашығу түрлерінің әрбірі өрши түседі. Адам ашығу сезіміне қанағат таппайды және осы ақиқат жағдайда сол ыңғайсыздықты шешуге ұмтылады.

Мүмкіндігі шектеулі отбасындағы мінез-құлықтың бұзылуы. Бұл әлеуметтік нормаға қарсы немесе агрессивті мінез-құлық (қарсы шығу, дөрекілік) көрсетуімен байланысты ерекшеленеді.

Әлеуметтендірілмеген мінездің бұзылуы - әлеуметтік қоғамда қалыптасқан нормаларды бұзу, балаларға қатыгездік істеумен көзге түсетіндер.

Әлеуметтенген мінез-құлықтың бұзылуы. Мұндай мінез-құлық антиәлеуметтік тұрақтылық (ұрлау, өтірік айту, сабақ кезінде қыдыру, үйден кетіп қалу, дөрекілік) немесе агрессивті мінез-құлық қарым-қатынасқа тез түсетін балаларда көрінеді.

Делинквентті мінез-құлық. Бұл қылмысқа жатқызуға, соттауға болмайтын бұзақылық.

Ерте кезден ішімдік қолдану, наркомания. Ішкілік наркоманияның басы болып саналады.

Девиацидті сексуалды мінез-құлық. Бұл жеткіншектің жыныстық қарым-қатынасқа шектен тыс ұмтылуымен, бірақ онда жыныстық идентификацияның әлі толық жетілмеген сипатымен айқындалады.

Л.М.Анисимова психикалық дені сау үлкен адамдарға суицидалдық мінез-құлық түрінде байқалатын патологияға жатпайтын жағдаяттық реакцияның алты типін бөліп көрсетті:



  • эмоциялық дисбаланс реакциясы (жағымсыз эмоциялық тітіркендіргіштердің басым түрге айналған бұзылысы);

  • сары уайымшылдық жағдаяттық реакция (дүниені сезінудің өзгеруі; бұл жағдайда бәрі күңгірт, қалыптасқан жағдайдан шығатын жол жоқ, болашақтан күтетін еш нәрсе де жоқ сияқты сезіледі);

  • теріс баланс реакциясы (өмірлік қорытындыларды ұтымды жүргізу, болашақты бағалауда жоғары сыншыл деңгейін көздейтін реакция);

  • жұмылдыру реакциясы;

  • қарсыластық реакциясы (байланыстардан, алғашқы әрекеттерден бас тарту жападан-жалғыз қалу сезімімен, тұйыққа тірелумен қоса жүреді);

  • тәртіпке көнбеу реакциясы (мазасыздық күйді туғызады).

Гипермаскулиндік (әйелде еркекке ұқсас белгілердің болуы) мінез-құлық еркектік, тәуелсіздік, әдейі дөрекілік, шамшылдық қасиеттері арқылы байқалып, көбіне жанжалшылдықпен және айқын көрінетін қаталдықпен қоса жүреді. Мұндай жеткіншектер

еркелету мен аялаудан қысылады, таза әйелге тән істер мен қызығушылықтардан қашып жүреді.



Тұжырым:

1. Девиантты мінез-құлықтың пайда болуы отбасындағы және қоғамдық ортадағы балаға деген мейірімділіктің тым аздығынан немесе тым көптігінен туындайды;

2. Девиантты мінез-құлықтың алдын алмаушылық қылмыстың артуына алып келеді;

3. Бала әлеуметтенуінде оның өмірлік ұстанымдарын берік қалыптастыру маңызды. Сондықтан отбасындағы балаға психологиялық кеңес беру жұмысын жүргізуге ата-аналарды даярлау - әрбір тәрбие мекемелерінің алдында тұрған басты міндеті болуға тиіс.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:

1.«Девиация» ұғымының мәнін ашыңыз, оның құрылымын сипаттап түсіндіріңіз.

2.Халқымызда әлеуметтік қалыптан ауытқыған мінез-құлықтарды қалай реттеп отырғандығын мысалдармен дәлелдеп түсіндіріңіз.

3.Бүгінгі күні ғылымда айқындалған девиантты мінез-құлықтың түрлеріне сипаттама беріңіз, олардың пайда болуын бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелерімен байланыстырып түсіндіріңіз.

4.Девиантты мінез-құлықты балалары бар ата-атаналарға олармен қандай бағытта және қалай жұмыс жүргізуді ұсынасыз?

5.Девиация құбылысы қоғамдық категория ретінде құбылмалы сипатқа ие дегенді қалай түсіндіресіз?




Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жарықбаев Қ. Б. Жантануға кіріспе: хрестоматия. – Алматы:Дарын. 2005.-191 б.

2. Спиваковская А. С. Психотерапия: игра, детство, семья. –М.: ЭКСМО-Пресс. 2000. -304 с.

3. Невский И. А. Возрастные особенности психического развития детей. –М.:1992.

4. Кон И. С. Психология старшеклассника. – М.:Просвещение. 1987. -196 с.

5. Нұрмұхамбетова Т.Р. Тәжірибелік психология. Оқулық. 4-томдық. –Шымкент:Нұрлы бейне. 2006. -188 б.


Дәріс 11. Девиантты мінез-құлықтың пайда болу себептері

Дәріс жоспары:

1. Девиантты мінез-құлықты балалардың пайда болу себептері

2. Девиантты мінез-құлыққа алып келетін факторлар

3. Девиантты мінез-құлықтың көрініс беру формалары


В.Т.Кондрашенковтың тұжырымы бойынша балаларда кездесетін өзін-өзі сыйлауының төмендігі девиантты мінез-құлықтың барлық түрінде көрініс береді, сондай-ақ қылмыстық топқа ену арқылы құқық бұзушылық әрекетінің болуы, наша қолдану, ішкіштік, агрессия, суицидті мінез-құлық және әртүрлі психикалық бұзылулар орын алады. Осыған байланысты әдебиеттерде девиацияға мынадай себептер негіз болады:

1. Девиантты мінез-құлық көрсетудің негізгі себебі - өзін-өзі сыйлауының төмен болуы, өйткені индивид қоғамдағы өзінің қылықтары арқылы жағымсыз қатынастарды табады;

2. Өз-өзін сыйлауы төмен антинормативті мінез-құлқының өсуіне байланысты анти әлеуметтік топтың әрекеттеріне қосылып, өзінің статусын құрдастарының арасында көтеруге тырысады;

3. Кейбір жасөспірімдерде девиантты мінез-құлық өзін өзгелерге сыйлату үшін жасаған шаралар болуы мүмкін.

Жеткіншектердің мінез-құлқындағы ауытқулар туа пайда болмайды, олар физиологиялық ауытқулардан емес, отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеудің

салдарынан пайда болады. Осы аталған ауытқу девиантты мінез-құлықтың шығуына алып келеді.

Көптеген ғалымдар (И. А. Невский, Л. С. Колесова) жүргізген зерттеулер барысындағы сауалнамалар девиантты мінез-құлық көрсетуге әсер ететін сырқы факторларды келесі топтарға бөліп көрсетуге мүмкіндік берді:

1.Индивидтің әлеуметтік бейімделуінде қиындық туғызатын, асоциалдық мінез-құлықтың алғышартының психобиологиялық деңгейіне ықпал ететін индивидтік фактор;

2.Мектептегі және отбасындағы тәрбиенің олқылығынан пайда болатын психологиялық-педагогикалық фактор;

3.Кәмелетке толмаған баланың отбасындағы, ауласындағы, оқу-тәрбие ұжымындағы жақын құрбыларымен болған жағымсыз қарым-қатынасының ерекшелігін айқындайтын әлеуметтік-психологиялық фактор;

4.Өзі қалаған қарым-қатынас ортасындағы индивидтерді белсенді таңдау қатынасына, қоршаған ортадағы құндылықтар мен нормаларға, отбасының, мектептің және қоршаған ортаның, сондай-ақ өзінің жеке құндылық бағдары мен мінез-құлқын өздігінен реттеушілік қабілетінен туындайтын жеке тұлғалық фактор;

5.Қоғамда өмір сүрудің әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын айқындайтын әлеуметтік фактор.

Көп жағдайда девиантты мінез-құлықтың пайда болуына әлеуметтік факторлар түрткі болады (мектептегі қиындықтар, өмірдегі соққылы оқиғалар, девиантты субмәдениеттің ықпалы және т.б.).

Білімнің төмен деңгейі, тәртібі нашар, сабақтан көп қалатын, психологтың талабын орындамайтын, адамгершілік деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, ал кейде, психикалық дамуы, ойлау қабілеті кейін қалған, ашуланшақ, әртүрлі жүйке ауруларына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетін оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызуға болады. Жүйке аурулары отбасындағы және басқа да әр түрлі қиын жағдайлардың салдарынан болуы мүмкін. Ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылулық сезінбеген оқушы өзінің өмірде ешкімге қажетсіздігін сезінеді, соның салдырынан уайымға беріледі, иммунитеті төмендейді. Осындай мінез-құлқында қиындығы бар оқушыларды ғалым А. С. Спиваковская екі топқа бөліп қарастырады. Олар:



  1. Тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар;

  2. Отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері фактолардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалытаспаған оқушылар.

Н. Гаспарова мінез-құлқында қиындығы бар оқушыларды мынадай топтарға бөледі:

1. Сезім әрекетіне бой алдырғыш, эмоционалды оқушы;

2. Агрессивті;

3. Қыңыр-қырсық;

3. Ұялшақ;

4. Тынымсыз белсенді бала.



И. И. Шурыгина, А. К. Матейчик отбасында балаға дұрыс тәрбие бермеудің төрт түрін көрсеткен. Олар: қабылдамау, гиперсоциалды, қорқақ-секемшіл, эгоорталықты. Осы түсініктерге сипаттама беріп кетейік.

Қабылдамау. Егер ата-анада балаға деген сүйіспеншілік болмаса, бала мұндай әсерді қабылдай алмайды. Қабылдамау әйел жүкті болған кезден бастап, баланың дүниеге келуіне қарсы болғаннан пайда болады.

Гиперсоциалды. Мұндай ата-аналар «дұрыс» ата-аналар. Ата-ана баласын сағатпен тамақтандырып, ойнағысы келсе ойнатып, ұйықтағысы келсе оны ұйықтатады. Гиперсоциалды бала робот-автомат сияқты өмір сүреді.

Қорқақ-секемшіл. Бұл жолмен тәрбиелейтін ата-аналардың балалары шамалы ауырса, оны үйден шығармай, бүкіл отбасы болып соның бетіне қарап, баланың ойын алдын ала ауруға дайындайды.

Эгоорталықты. Бұлай тәрбиеленген балалардың болашақ қарым-қатынасында отбасының жауапкершілік деңгейі жоғары болады. Баланың ортаға деген көзқарасы төмен болады. Бала мінез-құлқының қиын болып келуі бірнеше факторға байланысты:

  1. Биологиялық фактор.

  2. Үйішілік фактор.

  3. Географиялық фактор.

Жоғарыда қарастырылған факторлардың баланың қалыпты мінез-құлқын сақтай алмауына алып келетіндігін ескеретін болсақ, оның көріну сипаттарын мынадай жайттармен байланыстырып түсіндіруге болады:

  1. Оқшаулану кикілжіңді жағдайға ұшыраған адамның өздігінен бұл жағдайдан шыға алмаған кезінде көрінеді. Ол стресстен шығу үшін өзінің «мен»-інің өзін зақымдаған ортадан байланысын үзуге талпыныс жасайды. Бірақ кикілжіңді жағдайдан бұлай кету адам мен оны қоршаған орта арасында күн өткен сайын оқшаулануды, психологиялық арақашықтықты өршіте түседі. «Қашқын» индивидті орта «бөтен, қаңғыбас» адам ретінде қабылдайды. Соның нәтижесінде «Қашқын» индивид жағымды эмоция жетіспеушілігін басынан кешіреді.

  2. Дербестігінен айырылу өзіндік «мен»-інен бөлектене бастаған кезде көрінеді, яғни өзін-өзі түйсінуді жоғалтады, кез келген іс-әрекет өзінің маңызын жоғалтады, эмоциясы сөнеді. Егер мұндай күйзелістер ұзақ болса, психиатрдан кеңес алу керек.

  3. Депрессия – бұл жағымсыз эмоциялық белгісі бар аффектілі күй. Депрессия кезінде жан дағдарысы мен үмітсіздік сезімі күшті қамығумен қатар жүреді. Депрессия кезінде уақыт өтпей, жұмысқа деген қабілет елеулі түрде төмендейді. Бұл жағдай өзіне-өзі қол жұмсауға алып келуі мүмкін. Депрессияның өту сипаты әртүрлі формада көрінеді.

  4. Бақылаудың локусы. Адам маңызды жағдайларда басқа адамдарға деген жауапкершілікті өз мойнына алуға бейім болады. Ал кей жағдайда адам өзінің өмірін толығымен сыртқы күштерге тәуелді деп санайды. Осыдан үмітсіздік пен әлсіздік пайда болады. Мұның өте ауыр формаларында өзін кінәлі сезіну, жақын адамдарын жоғалтудан болған стрестік ситуация, беделді тұлғалар жағынан болған сын суицидті іс-әрекетке әкелуі мүмкін.

  5. Дене бітіміндегі кемістігінен күйзелу. Бұл күйзеліс сыртқы түр-тұрпатымен байланысты, яғни бетке түскен секпілден бастап, толықтық, аяқтың жіңішкелігі, бел және т.б. неше түрлі дене мүшелерімен байланысты туындайды. Өзінің дене бітіміне көңілі толмаушылық олардың өзіне деген сенімін азайтып, тіпті бақытсыздыққа соқтыруы мүмкін.

  6. Философиялық синдроммен улану. Балалардың тұрмыс мәселелеріне деген қызығушылығы, әдетте, қалыпты құбылыс. Бірақ балалардың кейбірінде бұл қызығушылық басқаша формада көрініс береді: әлемді құрудың жалпы заңдылықтарын қайта жасау, олардың жоспарын жасау секілді мәселелермен байланысты туындаған көзқарастарының болуы.

  7. Оқу неврозы мектепке, университетке барғысы келмеудің табанды түрде қарсылығынан көрінеді. Невроз – оқытушы мен сыныптастардан конфликтілі қарым-қатынастан кейбір жекелеген оқу пәндеріне немесе барлығына бірдей қатынасқысы келмеуінен туады. Әсіресе, одан мектеп оқушылары зардап шегеді

Отбасының моральдық-адамгершілік бейнесіне қарай ондағы тәрбиеленіп жатқан баланың әлеуметтенуіне ықпалы да әртүрлі болады. Олар төмендегідей:

  1. Тәрбиелік әсері күшті отбасылары. Оның негізгі белгісі – отбасының жоғары құлықтылық атмосферасы;

2) Тәрбиелі-тұрақтылық – жақсы тәрбие бере алуға деген мүмкіндігі бар отбасылары. Мұндай отбасында девиацияның орын алуы басқа институттар арқылы, көбінесе мектептердегі баланың жағдайымен байланысты ауытқулардың орын алуы байқалуы мүмкін;

3) Тәрбиелі-тұрақсыздық – мұнда да толықтай жағымды мүмкіндіктер бар. Бірақ бұл жағдайларға ата-ананың педагогикалық позициясы жөніндегі дұрыс емес көзқарастың болуы тән;

4) Тәрбиелі-әлсіз – баланы әлеуметтік қадағалауды жоғалту. Ата-аналар балаларына дұрыс тәрбие бермегендіктен оларды қадағалай алмауы;

5) Агрессивті-негативтілік – ылғи текетірестік атмосфера орын алады;

6) Маргиналдылық отбасылар – ішімдік пен сексуалдылық деградация байқалған отбасылар;

7) Құқық бұзушылар отбасы;

8) Қылмыстылар отбасы.

Тұжырым:

1.Тәрбие олқылықтары мен қарама-қайшылықтары орын алған жерде девиантты мінез-құлықты балалардың кездесуі міндетті.

2.Девиантты мінез-құлықты балалардың пайда болуының себептерін анықтамайынша алдын алу жолдарын тиімді шешу мүмкін емес.

3.Тәрбие тұлғаның қалыптасуындағы шешуші әрі жетекші фактор болғандықтан, әлеуметтендіру процесінде баланы әртүрлі жағымсыз мінез-құлық пен теріс әрекеттерден сақтаудың бір ден-бір жолы, тәрбие жұмысының тиімділігімен айқындалмақ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет