Қимыл дегеніміз – сөзбен айтылған ойды толықтырып отыратын қолдың немесе адамның басқа дене мүшелерінің қозғалысы. Қимылдар сілтеу, бейнелеу, көңіл күйлік, ритмикалық, механикалық деген түрлерге бөлінеді.
Сілтеу мағынасын беретін қимылдар сілтеу есімдігінің көмегімен айтылады. Мысалы, «Ана кітапты маған берші!», «Мына терезені ашшы!» сияқты өтініштерді қимылдарсыз айту мүмкін емес. Кейбір сілтеу мағынасын беретін қимылдардың мағынасы халық арасында тұрақтанып, шарттылық сипат алған. Мысалы, оң жақ шекесін сұқ саусағымен айналдырып: «Оның мына жерінде түк жоқ» десе, «Басы жұмыс істемейді»-дегенді білдіреді. Егер сол жақ кеудесін алақанымен басып: «Оның мына жерінде түк жоқ!» десе, «Ол жүрегі жоқ немесе ешкімге жаны ашымайтын адам»,-дегенді білдіреді. Кейде қимыл әрекеттері жағдаяттармен берілетін кездер де болады. Мысалы: Лекция жүріп жатыр, бір студент өзіне көзі түскен біреуге сағат тағатын қолын көрсетеді. Бұл: «Сағат неше болды немесе шығуға қанша қалды?» дегенді білдіреді. Немесе дәл осы қимыл: «Шығатын уақыт болды, жинал!» дегенді де білдіреді. Егер осы қимылды лекторға оның ассистенті көрсетсе, онда ол: «Уақыт бітті. Лекцияны аяқтау керек!» дегенді де білдіруі мүмкін. Кейде кейбір сұрақтарға сөзбен емес, қимылмен ғана жауап беру қажет болатын да жағдайлар бар. Мысалы, біреуден «Бұрандалы баспалдақ деген не?» деп сұрасақ, ол міндетті түрде: «Е,е ол мынадай ғой!»,- деп, оң қолын тігінен бұрап көрсетеді. «Толқын деген не?»-деп сұрасаң да, оң қолын көлденеңінен бұрай үзік-үзік толқын сияқты суретті қолымен ауаға сызып көрсетеді. Осындай сұрақтарды кімге қойсаң да, қашан қойсаң да, дәл осы жауапты аласың. Ал бұған «бұрандалы баспалдақ деген спираль бойымен жүретін баспалдақ» деп, немесе «толқын дегеніміз судың толқуынан оның бетінде пайда болатын тербелістер» деп сөзбен де жауап беруге болар еді.