5 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ДРАМАТУРГИЯ
Дәрістің мақсаты: Осы жылдары жарық көрген драмалардың тақырыптық
идеясын меңгертіу .
Дәрістің жоспары:
1. Тарихи драма үлгілері.
2. М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі.
3. Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» драмасы.
4. «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. пьесаларына тоқталу.
5. М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин» пьесасы жайлы.
Отызыншы жылдардағы қазақ драматургиясында жетекші орын алған халықтың эпостық шығармалары сюжетіне және тарихи оқиғалардың ізімен (оның ішінде тарихи адамдар да бар) жазылған пьесалар 40-50 жылдары да бұл жанрдың табыстарына негіз болды. Қазақ драматургиясының інжу-маржаны саналып, театр репертуарын құраған да осы тақырыптарға жазылған пьесалар еді. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайы» халқымыздың ұлы ақынының өмірі мен ол бастан кешкен құбылыстарды, әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге үлгілік қызмет атқарса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» халық жадында сақталған аңыздық бейнелерді тірілтіп, нақты өмір суреттеріне айналдыруда, сол арқылы жастардың бас бостандығы үшін күресіп, қайғылы аяқталған романтикалық махаббатын көркемдік шеберлікпен бейнелеуде ұлттық драматургияны жаңа биікке көтерді.
1941 жылы жазылып, жарыққа шыққан Ғабит Мүсіреповтің жаңа пьесасы – «Ақан сері–Ақтоқты» да драматургтің сол бір қарқынмен, шабытпен дүниеге әкелген ерекше күрделі туындысы болды. Бұл да жоғарыда аталған шығармалар сияқты алғашқы күннен бүгінге шейін сахнадан түспей келеді. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Ақын трагедиясы» деген атпен Мәскеудің атақты академиялық кіші театрының сахнасынан көрсетілді.
Ғ.Мүсіреповтің драматургиясы, соның ішінде «Ақан сері – Ақтоқты» туралы көп жазылды. Драматургияны зерттеуші С.Ордалиевтің,
Н.Ғабдуллиннің, Ә.Тәжібаевтың, Е.Нұрғалиевтің театр сыншысы
Қ.Қуандықовтың зерттеулерінде трагедияның идеялық-көркемдік ерекшеліктері кеңінен талданған.Солардың ішінде ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың Ақанды романтикалық белеске көтере талдауын әбден құптаған мақұл. Ол ақын туралы шабытпен сөйлейді, ғылыми зерттеу емес, поэтикалық трактат оқып отырғандай әсер қалдырады. Автордың Ғ.Мүсірепов шығармасын әлемдік классикадағы – Карл Гуцковтың «Уриель Акоста» атты трагедиясымен қатар қоюы да дәлелді көрінеді.
Пьесаның осы экспозициясында тірідей көрге көмілген Мәрзия тағдырынан оқиғаның қауырт басталып, тартыстың бірден шиеленісуі Ақанның қызу қанды әрекетінен көрініп тұр. Хазіреттің әділетсіздігі Ақанды мешіттен кетіп, ашық айқасқа шығуға мәжбүр етеді. Мәрзия тағдыры Ақтотының қайғылы трагедиясына ұласады. Оқиға ауқымы кеңейіп, тартыс желісі ұлғаюына байланысты екіге бөлініп, Ақан, Ақтоқты, Балта, Жылгелді, Сейіт, Мұрат тобы – Науан, Жалмұқан, Серделі тобымен айқасқа түседі.
Басты кейіпкерлердің бейнелері осы ешбір бәсеңдемейтін талас-тартыс, қызу айтыс-пікір, философиялық толғаныстардан кейін дараланып, көркемдік сипаты айқындала түседі.
Өмір соқпағының талай қиындықтарын басынан кешкен Ақан пьесаның Науан, Жалмұқанмен өтетін көріністерінде нағыз күрескер, әділет жолында ештемеден тайынбайтын, ақиқатты ашып айтатын батыл да алғыр жан болып бейнеленген. Мешітте жүрген кезінде Науанның талай зұлымдықтарын көріп-біліп жүрген Ақан жазықсыз Мәрзияның басынан кешкен қайғылы оқиғадан кейін қара түнек тірліктен ат құйрығын біржола шорт кеседі.
Ол дінге қарсы емес, Науан қазіреттің елдің сеніміне кіріп алып, дінді халыққа қол шоқпар етпек арам саясатына қарсы. Бұрын мешіт маңында дін жолын ұстамақ болған оны хазіреттің Мәрзияға жасаған қиянаты сол жолынан тайдырады. «Қарауылдай елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам ба мешітке?» – дейді ол.
Ә.Тәжібаев Ақанды М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» Сырыммен салыстыра келіп: «...Сырым туралы, серілік, еркіндік қимыл-қозғалысынан, ақындық өжеттік жағынан көбінесе Ақанды аңғарғандай боламыз... Сырымның сырты да, іші де аңызға айналған Ақанға түгел келеді» – деген еді. Сондықтан болуы керек, енді біз Ақанды көргенде Сырымды көргендей сезінеміз... «Оның үстіне ақын геройларға барлық жаратылыстарымен, барлық жүректерімен сүйе табысқан Қаракөз бен Ақтоқты да егіз сияқты. Құлап сүйетін, жылап сүйетін қазақ Ләйлілері...» – деген пікірі тауып айтылған. Шынында, бұлардың сал-серілерге тән ұқсастықтарымен бірге, өздеріне тән даралықтары да айқын.
Осы тұста Ақан мен Ақтоқтының кіршіксіз махаббат, бас бостандығы мен ән-өлең еркіндігін аңсаған асыл жандар характерлері алғашқы кездесу, той сахналарында барынша айқын көрініс береді. Тойға келген Ақан әрекеті нағыз серінің болмысынан туған, оған елтіген Ақтоқты да бар тірлікті ұмытып, өзін мүлде еркін ұстайды. Құшақтасып амандасу бірін-бірі сағынған ғашықтардың төңірегіндегі қауіп-қатерді ұмыттырып, махаббат құдіретінің іштей тулаған сезімі еріксіз сыртқа тебеді. Ақтоқтының Ақанмен қоштасатын сәті ішкі драматизмге толы. Оның іштен тасып шыққан өрт-жалынды ашу-ызасын тежеп, Ақанды қызғыштай қорғауы, соның амандығына өзін құрбан етуге дайын қайсарлығы мен батылдығы ұлы махаббатың құдіретінен туған. Ел тыныштығы мен азамат амандығын ойлаған Ақтоқтының, некеқияр көрінісіндегі ішкі көңіл-күйі арпалысы, Ақанның домбырасы қирап, Жалмұқанның талақ ететін сахналардағы өр мінезді қимыл-әрекеттері лаулаған ғашықтық сезіммен шарпысып, анық сұлу да нәзік бейнесін аса биік көркемдік деңгейге көтерген.
Науан, Жалмұқандардың әмірімен ағашқа таңылып, қиналып жатса да, Ақтоқтының алған бетінен қайтпайтын, еркіндік жолындағы күресі жалғаса береді, ол жұртты ән мен күйді, ақындықты, Ақанды қорғауға шақырады. Ең соңында маңайына келген дұшпандарының бет пердесін сыпырып, олардың қара ниет зұлымдықтарын бетіне басып әшкерелейді. Мұндай зорлық-зомбылықтан, пасық ортадан адал өлімді артық санайды, өзіне қанжар салады. Бұл – Ақтоқтының жеңісі, кісілік жеңісі. Қоршаудан сытылып, Балталар тобына қосылған Ақан да алдағы үлкен айқасқа бел байлаған – күрескер. Шығарманың, осындай оптимистік рухпен аяқталуы – трагедия жанрына тән шарықтау шегінің, заңды түйіні.
Трагедияда оқиғасының осылай өрістеуіне аса мықты жасалған Науан, Жалмұқан бейнелерінің әсері мол. Науан – дін мен мешітті өзінің жеке басының қамына жарата білетін, сол арқылы қанды қылмыстарының ізін бүркемелеген, әккі де қатал, ойы терең, тілге жүйрік, шешен, ел арасындағы дау-шардың, әбден ысылған мол тәжірибенің адамы.
Бұлардан басқа мұндағы Ақтоқтының әкесі Қоңқай – ұлттық
драматургиядағы кішкентай адам бейнесін жасаудың үлгісі. Ал Мылқау –
трагедия оқиғасын қоюлата түсуге, әрекеттің алмасуына орнымен табылған әрі қызық сипаттама тапқан кейіпкер. Кейбір зерттеулерде мұны халық өкілі дәрежесіне көтеру орын алады. Бұл–дәлелсіз. Мылқаудың әрекетінде әлеуметтік сипат жоқ. Бұл–ұлтымыздың ұлы актері Қалыбек Қуанышбаевтың қайталанбас тамаша ойынын көргеннен кейін туған пікір болуы да ықтимал.
Жинақтай келгенде, «Ақан сері – Ақтоқты» дін мен мешіт маңайында қарақан басының қамынан аса алмағандарды әшкерелеумен бірге, бүгінгі жаңа заманның көрермендерін де эстетикалық ләззатқа бөлеп, мөлдір махаббаттың құдіретін, ән мен күй, ақындық шабыт пеп өнер әлемін өсиеттеген көркем дүние екені даусыз.
Тақырыбы мен көтерген мәселелері жағынан осы алуандас пьесалар осы дәуір драматургиясында көп кездеседі. Бірақ кезінде азды-көпті репертуар қажеттілігін өтегені болмаса, көбісі көркемдік мазмұнының әлсіздігінен театр сахнасында тұрақтай алмады. Солардың бір парасы атақты әнші Майра Уәлиқызының өміріне байланысты. Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаевтың 1948 жылы жазылып, сахнаға қойылған «Шаншарлар» пьесасындағы Сайра есімді шағын кейіпкер, сол Майра өмірінен алынған. Сонан кейін қазақ театрында 1952 жылы қойылған Қ.Байсейітов пен Д.Уәлиевтің «Майра» пьесасында Майра бейнесі екінші рет көрінді. Мұның барлығы да әйгілі әншінің бейнесіне барудағы алғашқы қадам, тұңғыш толғаныс қана.
Әйгілі әншінің жинақты да көркем бейнесі Әбділда Тәжібаевтың, 1956 жьілы жазылған «Майра» пьесасында жазылып, драматургияның іргелі жетістіктерінің қатарына қосылды. Кейін (1969) автор пьесаға қайта оралғанда, кейбір көріністеріне өзгерістер енгізді, сол кезеңінің талабына сай оның әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсті. Автор Майра қатысатын әрі соның аузымен айтылатын өткір диалогтер мен монологтердің денін ақ өлеңмен жазып, оның әкімшілік-өнерпаздық келбетін айқынырақ ашуға баса көңіл аударған. Сөйтіп, берісі бас бостандығы, әрісі өнер еркіндігі үшін күрескен Майра тағдырын пьесаға драмалық өзек еткен. Және тартыс тек Майраның тағдырына құрылып, сонымен ғана шектеліп қалмай, сол уақыттағы халықтың, еркіндік аңсаған күресімен астасып жатыр. Ақындық шабытпен жазылған пьесада Майра қалың қауымның арасында, әнін сүйген ел-жұртымен тығыз байланыста алынған. Сонан әнші Майра халықтың сүйіктісі, еркесі болып есте қалады.
Ән мен еркіндікті аңсаған Майраның өзінің намысы мен махаббатын, адамгершілік қасиетін қорғай алатын қажыр-қайратын айтуда, жазушы табысы татымды. Ол Майраны күрделі оқиғаларға араластырып, күрескерлік дәрежеге көтереді. Даланың көкжал бөрісі, қатал да әккі Тайманмен бұрын шәкірттес болып, кейін ислам дінін уағыздаушы, саудаға арын сатқан мырза Дүрбітпен, жанын шүберекке түйіп, өлімге басын байлаған жалдамалы қарақшы Балтамен өтетін сахналарда Майра әрекеті ішкі драматизмге толы. Ол әнімен де, жүйелі сөзімен де, табанды мінезімен де өзін қорғай алатын бейне болып қалыптасады.
Пьесаның, оқиғасы азамат соғысы. Ақтар мен қызылдардың арпалысып жатқан тұсында өтеді. Екінші актіде Ертіс өзенінің арғы бетіне бағыт алған кеменің үстіндегі уақиғадан өріс алады. Майраға ғашық болып, айтқанына көнбесе, күштеуден тайынбайтын арам пиғылды Дүрбіт, оның шашбауын көтеріп, табанын жалауға дайын адвокат Ақаев және басқалар, бұлардың жауыздық әрекетін алыстан сезіп, тойтарыс берудің амалын қарастырып, байламды мезгілді күткен кеме капитаны Мұрат, көмекшісі Александров арасындағы сырт көзге айқын шалына бермейтін іштей тартыс – ел тағдыры үшін күреске ұласады.
Достарыңызбен бөлісу: |