8 ДӘРІС МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Дәрістің мақсаты: Мәлік Ғабдуллиннің жазушылық, ғалымдық қырларын
таныту.
Дәрістің жоспары:
1. Мәлік Ғабдуллиннің өмірі туралы мәлімет.
2. Майдандық жазбалары.
Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының Батыры, жазушы, профессор, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері, ержүрек батыр.
Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 2 (15) қарашада Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келді. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. 1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогика институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің студенті болады.
1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған соң, 1935-1937 жылдар аралығында әскери борышын өтейді (1937 жылдың қарашасына дейін Өзбек ССР-і Ферғана қаласында Отан алдындағы борышын өтеді). Әскерден келгеннен соң 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етеді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары қызметінде, одан КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтында ғылыми қызметкер болады. 1938-1946 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де аспирантуралық дәреже бойынша білім алады. Жас аспирант кандидаттық диссертация тақырыбы ретінде «Қобыланды батыр» эпосын таңдап алып, халқымыздың ауыз әдебиетіне, оның ішінде ұлттық фольклор тұнығына тереңінен бойлайды. Бірақ сәтті басталған диссертациялық жұмысын аяқтағанымен, қорғауға мүмкіндігі болмайды. Себебі дәл сол кезде сұрапыл соғыстың оты тұтанған болатын.
1941 жылы ел басына күн туып Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады.
1941-1945 жылдар аралығында Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан соғысына қатысады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап соғыстың соңына дейін фашистік күштерден Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политрук болады. Майданда И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда жауға қарсы шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі таңкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады, алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлікке 1943 жылдың 30-қаңтарынан бастап Кеңес Одағының Батыры атағын береді. Бұл атақпен қоса Ленин ордені және «Золотая Звезда» медаліменде қоса марапатталады.
1946 жылдан бастап М.Ғабдуллин запастағы подполковник болады. Сұрапыл соғыс жылдарынан соң елге аман қайтып, түрлі салаларда белсенді қызмет етеді. Артынан өшпес із қалдырады. 1959 жылы оған «Филология ғылымдарының докторы » ғылыми дәрежесі тағайындалады.
Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарады. 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және Әдебиет Институтында директорлық қызметте болады, 1951-1963 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де ректорлық қызмет атқарады, 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА Тіл және Әдебиет институтында фольклор бөлімінде меңгеруші болып істейді.
М.Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.
Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ертегілері мен халық әндері болды. Қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары » зерттеу еңбегі 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-ші және 4-нші шақырылымдарында депутаттық мандатқа ие болады.
Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым (Мои фронтовые друзья)» (1947), «Алтын Жұлдыз (Золотая звезда)» (1948), «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)» (1949), «Будни войны» (1968), «Достар, жолдастар жайлы» (1969), «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» (1971) атты еңбектері бар. Мәліктің әдеби туындыларының кейбірі И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылды.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде саяси-қоғамдық істерге белсенді түрде араласып, еңбек сіңіргені үшін оған 1961 жылы ҚазКСР-не еңбегі сіңген қоғам қайраткері атағы берілді.
Қазақ хылқының біртуар батыр ұлдарының бірі болған, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері және жазушы Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2-қаңтарда Алматыда көз жұмды.
Мәлік Ғабдуллин кезіндегі қазақ әдебиетіне қарсы жүргізілген солақай саясаттан талай мұрамызды сақтап қалған. Артына өшпес мұра қалдырған азаматтарды құрмет тұту өскелең ұрпақтың парызы болғандықтан қазір ол кісінің еңбектері қайта зерттелу үстінде. Батырдың Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларында көше аттары М.Ғабдуллин есімімен аталады.
Қаһарман-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығы қақында профессор Серік Негимов былай дейді: Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған шығармалары тарихилық және көркемдік мәнімен де өзгешеленеді. Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік-адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың, «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өрнекті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды. Мәлік Ғабдуллин 1942 жылдың 12 мамырында Ғабит Мүсіреповке жазған хатында былай дейді: «Менің шатаспаған жерім аз деймін. Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым. Көлемі 750 беттен артық, дәптер бетімен санағанда. Мұнда Бауыржан Момышұлы, Мұқан Сламқұлов(сіз оны білесіз ғой), Балтабек Жетпісбаев, Жалмұқанбет Бозжанов, Қазтай Садуақасов, Жұмажан Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды».
М.Ғабдуллиннің Бауыржанның қолбасшылық өнері, үлгі-өнегесі, шешендік қабілеті, терең дүниетанымы, батырлық болмысы «Бауыржан Момышұлы» дейтін мемуарлық повесі (1941-1942) мен «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943) әдемі сипатталады.
«Дивизия командирі генерал-майор Панфиловтың бұйрығы бойынша– деп әңгімелейді гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин. Бұрынғы артиллерист, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Н. полкының бірінші батальонына командир болып тағайындалды». Міне, осыдан бастап командирлік тізгінін қолына алған соң, айбынды міндеттерді абыройлы орындау мақсатында жауынгерлерді небір қиын да күрделі сынақтардан өткізді. 50 шақырымға марш жасау, оның ерекшеліктері, маршта тәртіп сақтау және қорғаныс құрылыстарын салу секілді. Әрі осы ұзақ жорықта жауынгерлердің ептілігі, тұрмысқа икемділігі де (мысалы, тамақ пісіру) сыналатыны да аян. Қиыншылықтар мен қайшылықтарды жеңу үшін шыдам да, көнтерлілік те, төзім де, икемді қабілет те қажет.
Мәлік Ғабдуллин «Қазақ мақалының күші» эссесінде («Социалистік Қазақстан» газеті, 1943 жыл, 27 ақпан) Бауыржан Момышұлының бірсыпыра төлтума ғибратты сөздеріне назар аударып, дәптеріне сақтап, олардың туу тарихын, нақты себептерін шебер баяндайды.
«Жауынгер майданда жеткен табысына қуанады, кейде қолайсыз жағдайға түсіп қалғанына қынжылатын кездері де болады. Осындай қынжылысты сейілту үшін, жауынгерлерді жігерлендіріп, қиыншылықты жеңуге аттандыру үшін берілетін айбынды бұйрықтың әсерімен бірге, халықтың қара тасты қақ жаратын өткір поэзиясының, данышпандық ма-қал-мәтелдерінің әсері, ықпалы өте күшті болды. Мұны қазіргі соғыс жағдайы әбден анықтады» – деп әділ көрсетеді Мәлік батыр.
Қолбасшы командир Бауыржанның теңіздей толқыған, көкірегінде күмістей жарқыраған сөздері жатыр.Бұлардың тек-төркіні–соғыс жағдайын терең бақылағандықтан, оқиғаларды нәзік таразылап,дұрыс қорытындылар шығарғандықтан, ақыл мен ойдың тізгінін тең ұстағандықтан,тәрбие мен тәжірибенің сырларын мінсіз меңгергендіктен.
Мәселен: 1.Намысты нанға сатпа. 2.Қырағының көзі де батыр, өзі де
батыр. 3.Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. 4.Тізе бүгіп, тірі
жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. 5.Ана үшін аянба – ант ұрады,бала үшін
аянба – бетің күйеді,Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,жұрт үшін аянба –
жігіттігіңе сын. 6. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе.
8. «Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр ». Біз қас жауды қарумен де, халықтың қаһарлы сөзімен де қиратудамыз. Халық сөзі, оның данышпандық мақалдары, бізге зеңбірек, танк, винтовка, автомат қандай қызмет етсе, олар да сондай қызмет етуде деп аяқтайды «Қазақ мақалының күші» эссесін Кеңес одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин.
Баукең сөздерін жедел хатқа түсірген М.Ғабдуллиннің ұқыптылығын, кісілігін, екі ірі тарихи тұлғаның арасындағы шығармашылық байланысты атамауға болмайды.
«Егер жазушы, не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар ем» – деген Ер Мәліктің лала лебізінде телегей сыр бар-ау! (1942 жылдың 15 қыркүйек күні жазылған хатынан).
Достарыңызбен бөлісу: |