Дәрістің мақсаты: Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесін таныстыру.
Дәрістің жоспары:
1. С.Мұқановтың «Сырдария» романы.
2. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы.
3. Ғ.Мұстафиннің«Миллионер»повесі,«Қарағанды»романы.
4. С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің
әңгіме,очерк, повесть, романдары.
Қазақ романының жаңа бой көтеруі 1942 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруінен басталды. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйетін қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» атты мақаласы (1943) куә. Жұрт романның жалғасын күтті.
1945 жылы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары басылды. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатын.
Ғ.Мұстафин романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын, Ұлы Отан соғысы кезінде жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып. дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің есімі ол кезде әлемді шарлап кеткен еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті Т.Д.Лыссенко тарышы қартқа телеграмма жолдап: «Сіздің телеграммаңызды алғанда, нанар-нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекінген еді. Бұл – жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дәлелдеп бердіңіз», –деп жазған. Атақшы тарышы өмірінен неміс жазушысы Бертолд Брехт поэма жазған.
Әрине, роман Шығанақ өмірі мен оның еңбегін негізге алғанмен, Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейнесі. Осы материалдар негізінде жазушы қазақ шаруалары өміріндегі ұжымдық бірлесудің өнімді, табысты жолын көрсетуді және адам мен табиғат арасындағы өмірлік тартысты жаңа жағдайда бейнелеуді көздеді. Өмір бойы табиғаттан алуға ұмтылған, бірақ жарымаған шаруа еңбегі жаңа дәуірде, ұжымдық шаруашылықтың өркендеуі жағдайында іске асқаны – романның басты тақырыбы. Бұған Ғабиден жаңа қоғамның өзекті мәселесі ретінде қарайды. Шығанақ бойына халықтың диқаншылық өнерінің ұзақ ғасырлар бойы тәжірибесін жинақтаған жазушы оның жаңа жағдайда қалай дамығанын суреттейді. Тарыдан мол өнім алу, жерге табынбай, оны дегеніне көндіру Шығанақтардың ұзақ арманы мен күресінің басты мақсаты еді. «Әкемнің әкесі егінді кетпенмен салған. Әкем Берсі ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осының бәрі – тарыны көп алудың алға басқан амалы еді»,– дейді Шығанақ. Бірақ феодалдық-патриархалдық ортада өмір кешкен жалғыз-жарым шаруа еңбегі мен оның өнімсіз құрал-сайманы Шығанақтар арманының іске асуына мүмкіндік бермеді. Тек жаңа жағдайда, ұжымдық шаруашылық ортасында, жерді өңдеу мен баптаудың жаңа тәртібі іске асқан кезде ғана жаңа техниканың күшімен бұл арман жүзеге асты. Тарыдан мол өнім алынып, «алпысқа келгенше, алты шақырым жерге аты шықпаған» Шығанақ есімі әлемге танылды. Жазушы мұны қазақ шаруалары жаңа өмірінің жеңісі санайды.
Романның проблемалық сипатын ондағы басқа бейнелер де айғақтайды. Мысалға, Олжабек бейнесін алайық Бұл арқылы Ғабиден ұжымдық ортадағы шаруа еңбегінің көпке ортақ сипат алып, шаруалардың біртіндеп жекеменшікшіл сезімнен арылуға ұмтылысын танытуды көздейді. Ол Олжабек бойынан шаруаға тән ерекшелікті де, жеке меншіктік сезімнің басымдығын да көреді. Жаңа өкіметтің шаруаларды біріктіріп, жермен кәсіп етуге баулуын мақұл көргенмен, Олжабек жеке меншігіндегі аз ғана малын ортақтастырудан қашып, колхозға кірмейді. Колхозсыз жер іздеп сандалады. Шаруаларды ұжымдастыру науқаны кезіндегі осындай қылықтар әр жерде болған. Әр халықтың әдебиетінен орын алған.
Жазушы жаңа ортада өсіп келе жатқан жастардың бойынан да жаңаша мінез-құлық көреді. Ескінің еріксіз өскен жалтақтығы мен бейнет астында езілген бұйығылығы жоқ жаңа заман жастары Амантай мен Жанботаны өз дәуірінің типтік бейнелері ретінде алады. Олардың жастыққа жарасты мінездері, қоғамға пайдалы еңбегімен байланыстырылады. Еңбекте ерлермен тең түсіп, шыныққан Жанботаның сырт бейнесі шаруа адамына тән етіп сомдалғанымен, ол жаны сұлу жаңашыл қыз.
«Жас түлектер» мен «Жанартау» романдары да соғыс кезінің оқи-ғаларына негізделіп жазылған. Оның алғашқысында майданға үстеме көмір өндіру жөніндегі Қарағанды еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі суреттелсе, екіншісінде Ембі мұнайшыларының тылдағы жанқиярлық істері көрініс табады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, «Жас түлектер» жаңа заманда өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің азаматтық тұлғасы мен еңбегін суреттеуді көздейді. Мәскеуде тау-кен институтында оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі– Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандары өндірісті қорғауға, оның құрал-жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектессе, Қарағандыға келгендер майдан қажетіне мол көмір өндіру, ол үшін көмір комбайнын ойлап шығару істеріне араласады. Жас ұрпақ аға буын жұмысшылармен бірлесе отырып, еңбекте қажырлықтың үлгісін көрсетеді. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас буын сол үлгіде тәрбиеленеді. Инженер Сәуле Донбастан келген Мирон қарттың көмір комбайнын жасауына көмектесіп, өндірісті ұйымдастыруда белсенділік танытса, жас жұмысшылар Сайран мен Шекердің қазақ аулынан келіп, жаңа кәсіпті игеруге ұмтылысы тәп-тәуір суреттелген. Нұрлан мен Павелдің Донбастағы алғашқы күндерін суреттеу арқылы жазушы жау басып алған өлкеде отаншыл жастардың дұшпанға қарсы күресін бейнелеуді ойлаған. Алайда, ол эпизодтар соғыс шындығын толық аша алмаған. Соны сезгендей романның кейінгі тараулары түгелдей тыл өміріне арналады да, Нұрлан мен Павелдің жау қолында ерлікпен қаза болғаны, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені роман соңында жария етіледі. Романда Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен еліміздің халықтарының тұтастығы, патриоттық істері көрініс табады. Кейбір оқиға жүйелерінің шашырандылығы мен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындысы қатарына кіреді. Кейін автор роман оқиғасын драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |