5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Өзін өзі тексеру сұрақтары



бет6/10
Дата04.07.2018
өлшемі0,68 Mb.
#47016
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Қай шығармада соғыс кезіндегі ел өмірі шындығы суреттеледі?

2. Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романы не жайлы?

3. Н.Ғабдуллин де «Жігер» романына нені арқау еткен?

4. Қ.Қазыбаевтың «Ызғар», Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романдарының қандай

кейіпкерлері бар?

5. Қазіргі қазақ романдарындағы проблемалық сипаттар не?

Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А.Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей,2011ж;«Интелл». –279 б

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

13 ДӘРІС Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақ повестері мен

әңгімелерінің жанырлық дамуы

Дәрістің мақсаты:Қазақ повестері мен әңгімелерінің жанырлық даму жолы, қалыптасу тарихы,стильдік қыры және жазушы дүние-танымына байланысты ерекшеліктерін түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

1.Повестің жанрлық дамуы.

2.Ғабит Мүсіреповтің озық туындылары «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан» повестеріне тоқталу.

3. Халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалар жайлы жазылған шығармаларға тоқталу.

4.Бұл дәуірдегі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келген жастардың шығармаларына тоқталу.

5. Қазіргі қазақ повесінің сәтті ізденістері.

Бұл дәуірдегі қазақ прозасының бір сала жетістіктерін повестің жанрлық дамуынан да көруге болады. Көркем прозаның көлемді үлгілерінің бірі – повесть бұл кезде сан жағынан да көп жазылып, бірталай әдеби-эстетикалық жүкті арқалады, көркем творчествоға еркіндік көзімен қарауға алпысыншы жылдардың басында басталған бет-бұрыс, алдымен, осы жанрда молырақ көрініп, кейін жалғасын тапты. Ол бұрынғы жаппай баяндаудан, шұбалаң қылықтан арылып, жинақтап айтуға, көркемдікке жетіле түсті.

Бұл жылдары қазақ повестерінің тәуір үлгілерін Ғабит Мүсірепов жасады. Оның «Кездеспей кеткен бір бейне» (1967), «Ұлпан» (1974) повестері қазақ әдебиетінің осы жанрдағы озық туындылары саналады. Алдыңғы повестің басты кейіпкері – Сәкен Сейфуллин, белгілі революционер, ақын, Кеңес өкіметін орнатушы қайраткерлердің бірі. Алайда Кеңес дәуірінің шындығын фон есебінде пайдаланғанмен, жазушы оны мадақтап жатпайды. Ол, негізінен, кейіпкердің рухани өміріне, характеріне көңіл бөледі. Ол адамды ардақтауға, оның азаттығы жолындағы күресі идеясына берік Еркебұланның біртұтас характерін сомдаған. Еркебұлан бойындағы сезім сұлулығы, арманның асқақтығы, оның жан дүниесінің мөлдірлігі мейлінше ұтымды суреттеледі. Ғабиттің повесін «поэма» деп атауы да оның сыршыл, лириктік сыпатынан туған болу керек. Шынында да, шығарма прозамен жазылған жырдай, ақындық албырт сезім мен жүрек сырын бейнелейді. Оның күрескерлігі мен ақындығы қос өрімдей үзілмей, бірін-бірі толықтырып отырады. Еркебұланның Ақлимаға кездесуі, көрген түстей жарқ етіп, қайта жолығыспауы – ақын аңсаған алыс арманның, өшпес махаббаттың, өмір сұлулығының символындай елестейді.

Ал, «Ұлпан» арқылы жазушы біздің қазақ әйелінің тарихи тағдыры жайлы ұғымымызды жаңартты. Халық сүйіспеншілігіне бөленіп, елдің анасы болған, күрескер қазақ әйелінің кесек бейнесін жасады. Тарихта болған Ұлпанды көркем бейнеге айналдыруда жазушы өмірдің шындығын сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар романтикалық бояулар қосады. Қарапайым қазақ қызының ісі де, қылығы да бір көргеннен кесек танылады. Оны алдымен Есеней көреді. Сондықтан да ол қосылғаннан кейін Ұлпанның бетінен қақпай, ерік береді. Өр мінезді әйел Есеней атына да кір келтірмей, тіршілікті өз ырқымен құрады. Оның қайырымдылығы, ашықтығы, ел-жұртпен жарасымдылығы атын тез шығарады. Ұлпан қылығын баладай қызықтап, Есеней құптайды. Есеней-Ұлпан бейнелері, солай бірін бірі толықтырып көтеріледі. Осылай етекбасты әйел тағдыры мен Ұлпан ортасындағы тартыс Ұлпан пайдасына шешіледі.

Ұлпан өмірінің трагедиямен аяқталуы да заңды. Беймезгіл заманның пәлеқор саясаты Ұлпан үйіне Торсан боп кіреді де, оның байлығын да, беделін де өзіне пайдаланып кетеді. Біжікен өлімі Ұлпанның сахнадан ысырылуын тездетеді. Сөйтіп, қоғам мен адам арасындағы қайшылық Ұлпанды жеңумен шешіледі. Әділетсіз заманда басқаша шешім болуы да мүмкін емес еді.

Повестің стилі байсалды, өмір шындығын кең қамтып, асықпай суреттеуге құрылған.

Тарихқа қызығушылық, сол негізде халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалардың қоғам, адам өміріндегі орны, рөлі жайлы ойлану жас қаламгерлер тарапынан да көбірек байқалды. Ә.Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», «Күй», А.Сүлейменовтің «Бесатар», Н.Әбутәлиевтің «Қайран Нарын», Қ.Мұхамбетқалиевтің «Ежелгі дұшпан» сияқты повестері көшпелі халықтың қаһармандық салты мен рухани биік өмірін романтикалық бояулармен жаңғыртуға арналды. Әбіш повестері халық жадында сақталған көне сюжеттер мен аңыздарды көбірек бағдар тұтады. Содан бүгінгі заман үшін қажетті жаңа мазмұн іздейді. Сол мазмұн арқылы жалпы адам баласының мәдени-эстетикалық, философиялық ой-пікіріне қосар жаңалық барына назар аударады. Бұл кешегі кеңестік идеологияның қазақтарда, жалпы көшпелі елде социалистік революцияға дейін тарих болған жоқ деген ұғымына, белгілі дәрежеде, жауап болып табылады. Көшпенділер өмірінің бүгін ұмытыла бастаған өмір санатына, этнографиялық детальдарға мән бере қарайды. Оларды адам жанының иірімін ашуға пайдаланады. Күйші Абылдың өнерімен қазақ-түрікпен жаулаушылығын тоқтатып, оларды достыққа, бірлікке үндеуі бүгін осылайша жаңа естіледі. «Ханшадария хикаясында» Гүрбелжін ханшаның өзіне қызығып, сол үшін таңғұттарды қырған, ең соңында күйеуі Шидүргінің басын алған әмірші Шыңғысты төсекте өлтіруі зұлымдық пен қара күштің махаббат, адалдық алдында дәрменсіз екенін дәлелдеуге құрылады.

А.Сүлейменов сюжетті адамдар арасындағы психологиялық тартысқа негіздеп дамытады. Онда 1916 жылғы көтеріліске қатысушы Төрехан мен оның ұлы Сәруардың патшаның жазалаушы отрядының қолына түсуі суреттеледі. Кек алу үшін Төреханның жақтастары орыс офицері Иноземцевті қолға түсіреді. Оны Төреханмен айырбастамақ болады. Бірақ отряд бастығы Крейгель Төрехан мен баласын атып тастайды, айырбас идеясы іске аспай қалады. Осы бір қарапайым сюжет арқылы жазушы кейіпкерлер тағдырын шытырман иірімге салып, өмір үшін арпалыста көрсетеді. Іске аспаған арманның ащы шындығын қинала суреттейді. Ол психологиялық проза үлгісінде жазылған.

Ал, «Ежелгі дұшпан» белгілі Махамбет ақынның Баймағанбет Сұлтанмен қақтығысына құрылған. Повесть аты да Махамбеттің Баймағанбетке айтқан атақты жырынан («Ежелгі дұшпан ел болмас») алынған. Жалпыға мәлім осы тартысты жазушы басқа қырынан келіп шешеді. Соңына жансыз салып, Махамбетті өлтірткен Баймағамбет ақыры дұшпансыз тыныш өмір сүруге көшеді. Оған бұл «тыныш» емес, қайта «мазасыз» өмір боп көрінеді. Талас-тартысы жоқ, қызығы жоқ, күресер теңі жоқ тіршіліктің өзі оған қызықсыз көрінеді. Мұның өзі өмірдегі тартыс тепе-теңдікке құрылғанын, оның бұзылуы өмірді мағынасыздандырады деген ойға саяды.

Бұл дәуірдегі қазақ повесінің басым көпшілігі бүгінгі заман тақырыбына, замандастардың бейнесін жасауға арналған. Олардың да белгілі тарихи ізі бар. Алыс тарих болмаса да, біз өткен Кеңестік дәуір шындығын бүгінгі күннің биігінен таразылап көрсетеді. Бұл тұрғыда С.Шаймерденов повестерінің ерекше маңызы бар. Бұл жылдары ол «Жыл құсы» (1969), «Марғау» (1975), «Мәжнүн тал» (1978) атты повестерімен қазақ прозасына елеулі жаңа ойлар, көркемдік таным әкелді. «Жыл құсы» повесінде даланың еркін өскен ұлы Битабардың бейнесін мейлінше әдемі жасаған. Өмір ауылдағы қатынастарды ыдыратып, елдің бәрін қалаға, өндіріске қуа бастаған тұста өндіріске жұмысқа барған ол өз танымынан жат ортаға көндіге алмай, ауылына қайтады. Кең далада еркін өсіп, күші мен қолына сенген ол ешкімге тәуелді болуды қаламайды. Өз ортасының олпы-солпысын, бірбеткей доғалдығын сақтап өскен адамның қыр баласы екені бірден танылады. Мұнда жазушы көшпелі Қазақтың революцияға дайындықсыз келіп, оны қабылдаудың қиындыққа түскенін бүкпесіз аңғартады.

Ал, «Марғау» повесінде жазушы Лезбай қойшының «Марғау» дейтін иті арқылы үй-ішілік тартысты, сол үй маңындағы адамдардың қарым-қатынасын шебер суреттейді. Адамды, оның тіршілігін ашудың мұндай жолы әдебиетке жат құбылыс емес. Сафуан осы дәстүрді дамыта отырып, Лезбай–Ұмсындық–Қарғабек қатынастарын Марғаудың көзімен ашады, Қарғабектің алаяқтығын шенейді. Онда иттің түйсік-бітімі, күйініш-сүйініші нанымды берілген. «Мәжнүн тал» повесінде Сафуан лирик жазушы ретінде көрінеді. Ол туған даланың табиғатын адам сезімімен, оның ұлылық, әсемдік туралы ұғымымен байланыстырады. Суретші Бағланның шығармашылық шабытты табиғат көркінен, Әспет қыз бейнесінен алуға ұмтылысы осыны аңғартады. Бағлан мен Әспет кездескен Мәжнүн тал – қазақ даласының аруақты мекеніндей әсер қалдырады.

Сафуан повестері оның жазушылық өнерге деген биік талғамын, өмір сыры жайлы толғанысын бейнелейді. Ол осы дәуірде бұл жанрдың көркемдік баюына, тақырыптық тереңдеуіне, лириктік сыпатына мол үлес қосты.

Бұл дәуірдегі жанр жүгін көп атқарған жастар болды. Олардың көбі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келді. Ал ауыл деген, қанша дегенмен, біздің ұлттық ұямыз ғой, сондықтан ауыл өмірін, оның адамдарын жазу арқылы жас таланттар өзінің өскен ортасын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тұтастай алғанда, ұлттық тұлғасын ашуды мақсат етеді, ұлттық ұғым-түсінікті, ұлттық психологияны кең түсіндіреді. Бұл тұрғыда М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Қара қыз», С.Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан иісі», О.Бөкеевтің «Қар қызы», «Сайтан көпір», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау», Д.Исабековтің «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші», Т.Әбдіковтің «Ақиқат», «Әке», Т.Нұрмағамбетовтың «Қош бол ата», «Тұнық су» т. б. повестері ауыл өмірі мен ауыл адамдарының характерін жаңа қырынан аша білуімен, идеялық-көркемдік ізденістерімен бағалы. Оларда ұлттық психологияның биік көрінісі болған, «даланың иісі бұрқырап» (С.Жиенбаев) жүрген ауыл қарттарының кесек бейнелері жасалады. Тоқсанбай («Дермене»), Қажымқұл («Тіршілік»), Сейсен («Әке»), тағы басқалар тек адамгершілік пен имандылықтың ғана тұтқасы емес, күн санап жастары қалаға кетіп ұмытыла бастаған ана тіліміздің де қамқоры, ұлттық сананың мектебі болып көрінеді. Оралхан повестерінің қайсар мінезді кейіпкерлерін де ауыл, таудың боранды қатал табиғаты тәрбиелеген. Сайынның жабайы алма жеп, жусан иісін бойына сіңіріп өскен балалары да ауыл перзенттері. Мұндай ұлттық тұлға жасау проблемасы жоғарыдағы повестердің көбінде-ақ жақсы шешілген. Мұхтардың Айгүлі мен Қазысы, Сайынның Аяны мен Қанаты, Әбіштің Еңсебі, Төленнің Сайлауы мен Болаты, тағы басқалар өзіндік мінез-құлқымен ерекшеленген. Олардың бойында жалпы адамға тән мінез бен қылық бар. Өмірден үйренеді, қате басады, сабақ алады. Образ диалектикасы дегеніміз осы. Ал, бұрынғы дәуірде жастар бойынан талап етілетін идеологиялық ұстамдылық, үгітшілдік, дидактизм оларға жат. Бұл жас авторлардың үйреншікті дағдыдан, стандарттан бойын аулақ салып, саясатшы емес, суреткер есебінде өсіп, қалыптасқанының белгісі.

Қоғамның әділетсіз қыспағына түскен адамдар тағдырына үңілуде Д.Исабековтің сәтті ізденістері байқалады. Оның повестерінде тағдыры ауыр адамдар көбірек суреттеледі. Соған қарамастан оларды рухына тән оптимизм көтеріп, тіршілік етуге ұмтылдырады. Бұл, әсіресе, «Сүйекші» повесіндегі Тұңғыш бейнесінен танылады.

Ауыл мен қала өмірін суреттеді деп шартты түрде бөлінгенмен, бұлардың арасында алшақтық жоқ. Қала жастары да ауылдан шыққан, бірақ оқу бітіріп қалада қалып, соның ғұрпын бойына сіңірген адамдар. Мұндай тақырыптағы шығармалар ауылда көбірек көрінетін ұлттық белгілердің қала адамдары бойында азайып бара жатқанына назар аударады. Қ.Мұхамедқалиевтің "Ескі достарынан" мұны анық көреміз. Повестің басты кейіпкері қалада оқу бітіріп ауылға кеткен Нұралқан жеті жылдан соң қалаға келіп, ескі достарын іздейді. Ол студенттік ақкөңіл, адал достықтың уақыттың тежеуіне түсіп өзгере бастағанын көреді. Сөйтіп, достарымен алаңсыз демалам деп келген Нұралхан ойына ой жамап қайтады. Неге бұлай? Достық қайда? Жазушы осы арқылы әңгімені моральдық-этикалық тұрғыға бұрады.

Қала мен ауылдың ара қатынасы, байланыс Т.Нұрмағамбетовтің «Тұнық су» повесінде де жап-жақсы көрініс тапқан. Жазушы реализмі айғайсыз, жұпыны шындыққа құрылады. Ол характер ашар детальдарды орынды пайдаланады. Табиғат пен адамның байланысы, ел сүю, жер сүю сезімдері повесте кейіпкерлердің психологиялық күйімен астаса шешім табады.

Өмір қандай күрделі жан-жақты болса, әдебиет ізденістерінің проблемасы да, тақырыптық ауқымы да кең. Бұл қазақ повестерінің әр алуан түрінен байқалады. Адам тағдырын негізгі нысана етіп ала отырып, әдебиет оның адамгершілік жолындағы күресінің маңызды жақтарын зерттеуде. Өмір дамуы біркелкі еместігін, оның көп проблемалығын біз Қ.Жұмаділовтің «Саржайлау» (1998) повесінен танимыз. Шындықты романға тән эпикалық суреттермен бейнелеуге құрылған бұл повесте ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы ескі ұғым мен жаңашыл идея тартысы сөз болады. Жердің құнарына қарамай, барлық совхозды бірдей егін егуге зорлаған идеяға қарсы жаңа пікір бой көтеріп, жері қуаң ауылдарды таза мал шаруашылығына мамандандыруды ұсынады. Ал, ауыл басшысы жоғарыдан алған нұсқауды орындаудан аса алмайды. Ауылдың колхоз, совхозға бірігіп, нұсқаумен өмір сүрген кезіндегі мұндай тартыстың бүгін күні өткені де байқалады.

Қазақ повестерінің бір алуаны соғыс туралы естеліктерге құрылған. Бұл тақырыптағы туындылар соғыс кезінің ауыртпалығын басынан кешкен әйелдің (К.Қазыбаевтың «Құпия» повесі), алыс ауылда сол кездің қиыншылығына куә болған баланың (Д.Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі), еңбек армиясының қатарында болған азаматтың (О.Бөкеевтің «Бәрі де майдан» повесі) әңгімелері түрінде жазылған. Бұлардың бәрі де алыстағы қазақ ауылының жоқшылық пен аштық жайлаған кейпін шебер суреттеп, аянышты тағдырларды ашады. Оралхан кейіпкері еңбек армиясындағы қызметтің ауырлығын айтып, оны бүгін жеңіс тойына шақырмағанына өкпелейді. Соғыстың адам басына салған ауыр зардаптары Қ.Найманбаевтың «Көкем екеуміз» атты повесіне де негіз болған. Мұнда панасыз мүгедек Құрман мен жетім бала Нұртастың туысуы екеуінің арасындағы жылы қарым-қатынас әдемі суреттелген.

Адамның адамгершілік қасиеттерін анықтауда, оның рухани байлығын биік азаматтық тұрғыдан түсіндіруде махаббат тақырыбының да өзіндік маңызы бар. Бұл тақырыптағы повестер адамның ескірмейтін, тозбайтын сезім байлығын жаңа жағдайларға байланыстыра зерттейді, одан адамды өмірге құлшындыратын, алға сүйрейтін өршіл идея іздейді.

М. Мағауиннің «Мәңгілік күй» атты повесі екі хикаядан тұрады. Бірі – жолаушылап жүріп, аэропортта кездескен жазушы, композитор, суретші үшеуінің алғашқы махаббаты жайлы сырлары да, екіншісі – күйеуі сотталған жас әйелге кездескен шофердің әңгімесі. Екі хикаяға ортақ идея -махаббаттың мәңгілік күйі. Бірақ Мұхтар әр хикаяны өзінше дамытып, тың мазмұн береді. Жазушы мен суретшінің алғашқы махаббаты жүректе сөнбеген жалынға, арманға айналып, олардың шығармашылығына, әсемдікті тануына дем беріп жүрсе, композитор сүйген әйеліне үйленіп, "арманына" жетеді. Алайда сүйгені – сырты алдамшы, іші «аждаһа» боп шығады.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Ғабит Мүсіреповтің озық туындылары «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі кімге

арналған?

2. Халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалар жайлы жазылған қандай

шығармалар бар екен?.

3. Бұл дәуірдегі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келген жастар кімдер еді және олардың

қандай шығармалары бар екен?

4.Т.Әбдіковтың «Оң қолы» – психологиялық әңгімесі не жайында болды?



Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей,2011ж;«Интел». –279б.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

14 Дәріс Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақ поэмалары

Дәрістің мақсаты:Қазақ поэмалары және олардың жанрлық дамуын,

тақырыптық ерекшеліктерін түсіндіру



Дәрістің жоспары:

1. Бұл жылдарда қазақ поэмасының дамуы.

2. Адам еңбегін, оның қоғамды жаңартудағы күшін суреттеу тақырыбына байланысты

жазылған поэмалар.

3. Еңбек адамының жиынтық бейнесін жасауға арналған кең көлемді сюжетті эпикалық

поэмалар.

4. Отан соғысы оқиғаларын еске алу түрінде жазылған поэмалар.

5.Тарихи оқиғаларды суреттеуге арналған поэмалар.

6.Өнер адамдарын жырға қосқан поэмала.

Қазақ поэмасының дамуында да бұл жылдар жемісті болды. Поэманың әр бағытындағы ізденістерінен оның кемелдену, толысу, шеберлікке жетілу жолын тануға әбден болады. Оның формалық үлгілерінен сюжетті эпикалық поэманың кең суреттеу әдісін де, лирика-эпикалық толғаныстарды да кездестіреміз. Олар арқылы қазақ ақындары халықтың бақытты, азат өмір жолындағы ұлы мақсатын жырға қосты.

Заман мен адам тағдырын түйістіре толғауда тәжірибелі эпик ақындарымыз Ә.Тәжібаев пен X.Ерғалиев үлкен үлгі көрсетті. «Мен кешеден келдім бүгінге», «Жылдар, Жылдар» поэмаларында олар туған Қазақстаны мен оның халқының соңғы жарты ғасырлық өмірі жайлы толғанып, заманның тұтас келбетін бейнелейді. Халықтың күреске толы өмірін суреттеу негізінде өз замандастарын жырға қосты.

Қазақстан өміріндегі өзгеріс есебінде қазақ ақындары бұл кезде тың даланы игеру оқиғаларына көбірек үңілді. Сол негізде халық еңбегін, оның қоғамдық істерін бейнелеуге ұмтылды. Елімізде егіншілік кәсіпті орнықтыру мен астық өнімін молайтуда тың игерудің пайдалы болғанын ескерсек бұл тақырыпты осылай көтере жырлаудың дәлелді екені түсінікті. Ал, тыңның сырттан келушілерді көбейтіп, қазақтардың өз отанында азайып кетуіне себеп болғаны, халықтың ұлттық мүддесіне зорлық жасалғаны ол тұста әңгіме болған жоқ. Оны заман тәртібі көтере алмайтын еді. Сондықтан тың бір жақты – тек қаһармандық, ерлік тұрғысынан бағаланды. Бұл қатардағы ізденістердің қатарында Ж.Молдағалиевтың «Қыран дала», Ғ.Қайырбековтің «Жұлдызды тағдырлар», Е.Ибрагимнің «Ғажайып адам», Н.Айтовтың «Ерлік дастаны», Қ.Жұмағалиевтің «Тыңда түлегендер» поэмалары көрнекті орын алады. Жұбанның «Қыран даласы» – жаңа дәуірде түлеп өскен қанатты қазақ елі. Сол даланы ақын «Халықтарды қанатына мінгізіп, көтеріліп бара жатқан қыран» бейнесінде алады. Сол даланың кешегі, бүгінгі тарихын жыр етеді. Осы тарихи оқиғалар легінде тың көтерудің ролін зор бағалайды. Поэманың нақты кейіпкері етіп егінші шаруа өкілі Тыңбайды алып, соның жарқын бейнесін жасайды. Поэмада тың игерушілердің алғашқы кездегі тұрмыс-тіршілігінде кездескен қиыншылықтарды, табиғаттың қатал мінезін суреттейтін, оны жеңудегі қажырлылықты, төзімділікті көрсететін беттер аз емес. Қалған поэмалар тың көтеруге қатысқан нақты адамдардың еңбегін жырлауға арналған.

Адам еңбегін, оның қоғамды жаңартудағы күшін суреттеу тек тың даланы көтерумен ғана емес, жалпы табиғатты игеру, ғарыш әлемін адам ырқына бағындыру сияқты үлкен

ақындық пафосты тілейтін тақырыптармен де байланысты көрінеді.

Ю. Гагариннің ғарышқа ұшуына арналып жазылған О.Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді» поэмасы кезінде осы тақырыпты жырлаудың басы болатын. Одан кейінгі дәуірде де ғарыш әлемін игеруге көп күш жұмсалды. Ғарыш кемесі бірінен соң бірі ұшып жатты. Байқоңыр аты әлемге танылды. Осы жағдайда Қазақстан жерінен ұшқан ғарыш сапарлары Ж.Молдағалиевтың «Байқоңыр баспалдақтары», М.Мақатаевтың «Қырандар, қош болыңдар!», Т.Айбергеновтің «Космонавт монологы» сияқты поэмаларға арқау болды. Бұларда батырлықты жырлау жолындағы жаңаша толғам, ізденіс, көркемдік бояу бар. Жұбан поэмасында эпикалық суреттер мол болса, Айбергенов пен Мақатаев лирикалық шегіністер арқылы ақындық монологты көбірек пайдаланады. Сол жолмен ғарышты игерушінің ішкі сыр-сипатын ашуға ұмтылады.

Бұл жылдары бүгінгі еңбек адамының жиынтық бейнесін жасауға арналған кең көлемді сюжетті эпикалық поэмалар қатары да толықты. Олардың ішінен А.Шамкеновтің «Жайлау-Дастан» атты үш бөлімді үлкен поэмасын айрықша атауға болады. Бұл поэмада қазақтың ата кәсібі – қойшылықты жаңа дәуір талаптарына лайық мәдениетті дәрежеге көтерудің проблемалары қозғалады. Ақын бүгінгі қойлы ауылдың жанды тіршілігін кең суреттеп, жаңашыл жас шопан Алматтың тың бейнесін жасай алды. Мектеп бітіргеннен кейін әкесінің мамандығын жалғастыруға шыққан жас жігіт Алматтың шопандық өмірінің басты кезеңдері, осы кәсіпті игерудің қиыншылықтары мен қайшылықтары поэмада жарқын суреттелген. Алмат қойшы кәсібінің мәдениетін көтеру, малшы ауылдың бейнесін жаңарту шараларына бастамашы болады. Шопандар бригадасын ұйымдастырады. Басты кейіпкердің өмір сүрген ортасы мен қарым-қатынастағы адамдар өмірінің шындығы поэмада сәтті көрініс табады. Адам мен оның ісі, заманы жайлы ақындық толғаныстар, лирикалық шегіністер шығарма сюжетін дамытуда елеулі қызмет атқарады. Кейіпкерлердің өмір, жастық пен достық, адамдық пен борыш, намыс, туған жер жайлы толғаныстары жақсы берілген. Мұның бәрі поэмаға эпикалық кеңдік дарытып тұр. Дала табиғатының, жайлау көркінің тартымды суреттері ақынның табысына қосылады. «Жайлау таңы», «Жайлау күні», «Жайлау кеші» деп аталатын үш бөлімнің аттары – басты кейіпкер Алмат жолының негізгі кезеңдері ғана емес, жалпы ауыл өміріндегі өзгерістердің бейнесі, табиғатпен табысып, көріктендіріп жатқан адам еңбегінің де көрінісі. Оларда бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып, бірін-бірі қайталамай, жаңара түлеп жатқан шындықтың бейнесі бар. Долы боранда, көктемгі мал төлдету қарбаласында, күзгі нөсерлі дауыл астында өзінің ерлігін танытқан шопан еңбегі шын құрметке лайық екеніне ақын оқырманын сендіре алған.

Қазақ ақындарының замандас өмірін әр қырынан алып көрсету талабы М.Шахановтың «Танакөз», Қ.Жұмағалиевтің «Беймаза бақыт» атты поэмаларынан да көрінеді. Кейіпкерлердің сезім күйлерін шынайы суреттеуде, олардың өз бақытын өзі жасаған қайсар мінезі мен адамгершілік қасиеттерін ашуда бұл ақындардың шеберлігі жақсы танылады. Қарапайым, жаны бай, жайсаң мінезді Танакөз бен Зылиха, Есен бейнелері беймаза дәуірде шын бақытын тапқан замандастарды еске алғызады.

Замандас бейнесін жасау жөніндегі бір сала ізденіс – халықтың аты белгілі адамдар жайлы толғаныстардан көрінеді. Ә.Тәжібаевтың «Ағалар», А.Тоқмағамбетовтің «Ақ күріштің атасы», X.Ерғалиевтің «Қыз-хисса», С.Сейтхазиннің «Қайран Сәбең», «Жамбыл – дастан», Т.Есімжановтың «Ілияс-дастан», Ф. Оңғарсынованың «Мақатаев туралы жыр» поэмалары

халқымыздың қадірлі азаматтары С. Сейфуллин, Ғ.Мұратбаев, Қ.Сәтбаев,

М.Әуезов, С.Мұқанов, I.Жансүгіров, Жамбыл, Ыбырай Жақаев, Жадыра Таспамбетова, М.Мақатаев сияқты адамдардың өмірі мен еңбегіне арналады. Бір жағы арнау, екінші жағынан естелік сияқты ақындық толғаныстармен қатар келетін нақты детальдар суреті олардың халықтық еңбегін, тұлғасын ашуға көмектеседі.

Мұндай тарихи адамдар өмірі жайлы толғаныс отан соғысы оқиғаларын еске алу түрінде де көрінеді. Ондай ізденістерді біз Д.Әбілевтің «Ажалды жеңген азамат», М.Әлімбаевтың «Ту тіккен», М.Рәшевтің «Ерлік дастаны», Ж.Нәжімеденовтің «Қыран қия», С.Сейтхазиннің «Қаһарман», Т.Бердияровтың «Мәншүк туралы дастан», С.Жиенбаевтың «Әлия», Е.Ибрагимнің «Жас қазақ» сияқты поэмаларынан танимыз. Оларда қазақ жауынгерінің соғыстағы батырлық жолы Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, М.Ғабдуллин, М.Қайырбаев, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Р.Елебаев сияқты батырлар тағдыры арқылы ашылады. Батырлар бойындағы ерлік, патриоттық сезімді ашуда психологиялық монолог мол пайдаланылады. Соғыс кезінің шындығын майданнан келген хаттар арқылы ашып, ол хатты жазған, оқыған адамдардың сезімін шынайы терең

толғаныспен бейнелеуде Т.Молдағалиевтің «Хаттар, хаттар» поэмасы ерекше бағалы.

Тарихи адамдар тағдырын суреттеу, олардың ұлт азаттығы, бостандық жолындағы күресін еске алу арқылы халық санасына әсер ету талабы халық тарихының өткен кезіне арналған поэмаларда да айқын көрініс береді. Бұлардың ішінде революция мен азамат соғысы жылдарының оқиғаларын суреттейтін Ғ.Қайырбековтің «Большевик ауыл», Ф.Оңғарсынованың «Қырдағы айқас», С.Жиенбаевтың «Қырандар хикаясы», Т.Молдағалиевтің «Ескерткіш» поэмалары көрнекті орын алады. Алғашқы ақындар тобы заман шындығын эпикалық суреттеу арқылы танытуға ұмтылса, Т.Молдағалиев бұл поэмасында да сезім күйін лирикалық толғаныспен ашады. Шығарма сюжетін шиеленісті оқиғалар арқылы дамыту Ф.Оңғарсынова поэмасынан аңғарылады. Сол арқылы ақын кейіпкерлерін тартыстан өткізіп даралайды.

Тарихи оқиғаларды суреттеуге арналған поэмалардың ауқымы кең. Оларда алыс тарих та, одан бергі өмірдің әр кезеңдері де қозғалады. М.Мақатаев пен Н.Айтов жырлаған қалмақ басқыншыларына қарсы күрес («Райымбек», «Қабанбай батыр»), I.Мәмбетов жазған Пугачев қозғалысына қатысқан қазақтар тағдыры («Пугачев нөкері») тарихты барлау халықтың ерлік жолын таныту идеясымен байланыстылығын көрсетеді. Тарих шындығын бағалау дәрежесінің, суреттеу әдісінің әрқилылығына қарамастан, бұл поэмалар да өз дәуірінің ескерткіштері саналады.

Халық тарихының тағы бір топ белгілі қайраткерлерін – өнер адамдарын жырға қосқан поэмалардың да атқарған көркемдік жүгі бір алуан. Шоқан Уәлиханов (М. Рәшев «Жұлдызды жиһангер»), Біржан сал мен Иманжүсіп (К.Мырзабеков «Біржан сал», «Иманжүсіп»), Тәттімбет (К.Салықов «Тәттімбет»), Майра Уәлиқызы мен Сара Тастанбекқызы (Ф.Оңғарсынова «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған орта жүздің бұлбұлымын»), үкілі Ыбырай (Е.Ибрагим «Гакку») сияқты өнер тарландарының тағдыры ақындар толғауына ілікті. Әл-Фараби туралы бірнеше поэма жазылды (Ж.Қыдыров, Қ.Мұқышев, Т.Сатышев, Ж.Кенебаев). Фирдоуси (С.Жиенбаев), Низами, Қорқыт (Қ.Бекхожин), Махамбет (Ж.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, М.Неталиев), Ғ.Тоқай (І.Мәмбетов) сияқты әлем әдебиетінің таңдаулы тұлғаларының тарихтағы тартысты өмірі көркем бейне тапты. Қ.Бекхожин «Әппақнаме» поэмасында әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низами бейнесін, оның қыпшақ қызы Әппаққа деген сүйіспеншілігі фонында көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет