5В050504 «Журналистика» мамандығына арналған «Публицистік шығармашылықтың негіздері»


-Дәріс Қазақ публицистикасының баспасөз бетінде қалыптасуы



бет3/5
Дата28.01.2018
өлшемі0,81 Mb.
#34973
1   2   3   4   5

7-Дәріс Қазақ публицистикасының баспасөз бетінде қалыптасуы.


Шоқан, Ыбырай, Абай публицистикасы.

XIX ғасырда қалыптасқан қазақ публицистикасының негізін салған ұлы ағартушы-ойшылдар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтардың қай-қайсысы болса да, публицистке қойылатын талаптардың кез келгеніне де сай екендіктерін сондарында қалдырған публицистикалық мұраларымен айқын байқатты.

Шоқан Уәлиханов өзінің публицистикалық еңбектерінде туған халқының өзі өмір сүрген XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағдайы мен мәдениетін әңгіме қылып, көкейкесті мәселелерді күн тәртібіне қойды, патшалық үкіметтің қазақ даласында жүргізіп отырған озбыр саясатын, отарлаушы өкімет орындарының жергілікті халыққа жасаған қиянат қылықтарын аяусыз әшкереледі, қазақ билеушілерінің басбұзарлық әрекеттері мен қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылығын сынап, өзінің әділетсіздік, озбырлық, ұлттық езгі атаулыға наразылығын білдірді.

Ұлы ағартушы-демократ Ш.Уәлиханов публицистиканы проблемалық-талдамалы сипатта дамытты да, оның публицистикалық еңбектерінде сөз болған заманада мәселелерді ақиқат тұрғысынан шешудегі кедергілерге жан-жақты талдау жасалып, олардың себеп-салдары жай ғана әлеуметтік-саяси тұрғыда ғана емес, өмірден алынған тәжірибелік, танымдық, имандылық жағынан ашып көрсетілді. Сыншылдыққа негізделген, әшкерелеуші қуаты мол, фельетон, памфлет белгілерімен де айшықталған Шоқан публицистикасының тілі уытты, орағытып түйреумен, мысқылдаумен ерекшеленіп, өз кезінде жұрт көкейінде жүрген түйткілдерді мемлекеттік деңгейдегі ауқымды мәселе етіп көтеруімен әсер-ықпалы мол болды, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді жалпыхалықтық, демократиялық деңгейде қойып, батыл да ашық айтқан ой-пікірлерін бұқара халық мүддесімен ұштастыра білді, халқымыздан шыққан тұңғыш публицист ретінде ағартушы-ғалым қазақ әдебиетін көркем публицистиканың хат, суреттеме, очерк сияқты түрлерімен байытып, өз еңбектерінде саяси-әлеуметтік күрделі мәселелерге ғылыми-тарихи тұрғыдан терең талдау жасай алды.

Ыбырай Алтынсарин өз тұсында жарық көрген қоғамдық-көпшілік мерзімді баспасөз бетінде, әсіресе, қазақ тіліндегі тұңғыш газеттердің бірі — «Дала уәлаятының газетінде» халқымыздың тұрмыс-күйі, тарихы мен мәдениеті, оқу-ағарту жайынан сыр шерткен терең ойлы публицистикалық туындылары алдыңғы қатарлы қауымға қозғау салып, ойландырып-толғандырған.

Ұлы ағартушы-педагогтың көсемсөз жанрында жазылған мақалалары «Оренбургский листок» газетінде жиі жарияланып, негізгі тақырыбы қазақ халқының отаршылық қыспағындағы ауыр халін кеңінен әңгімелейді, қазақ шаруаларының құнарлы жерінен айрылып, бейшара күйге түскен жағдайын бүкпесіз айтып, жоғарғы өкімет орындарына қарапайым халықтың мұңшерін жеткізеді, жұртшылық қамын ойлап, тез арада көмек көрсетілуін талап етіп қояды. Оның қай публицистикалық мақаласы, яки жазысқан көсемсоз үлгісіндегі хаты болсын, халықтық мүддеден туған, өз дәуірінің ең негізгі мәселелерше арналған.

Ы.Алтынсариннің белсенді публицистік қызметі таза қазақ тілінде тұңғыш газет шығаруға ниет еткен зор талпынысына ұласты. «Қазақ газеті» деп аталған газеттің Ыбырайдың өз қолымен жасаған бірінші санының үлгісінде алдын ала ойластырылған материалдардың дені көсемсөз үлгісінде жазылғанын 1880 жылғы архив деректері айғақтайды. Бас мақала іспетті жазған қалың жұртшылыққа арнаған үндеуінде: «Қазақ халқы көшіп-қонып, шаруашылық қылып, болашақ күнді ойламай бейпіл жүріп, бұл күнде бөтен қатар жұрттардан әрбір ісі кемге соғып жүр. Қазақтан бөтен Ақ патшаға қарап тұрған жұрттардың қай-қайсысы болса да, еш болмаса өз мұңын, арызын өзі айта біледі: болмаса қағазбен жазып көрсететін адамдары бар» деп бастап халқының білімнен артта қалғанын тілге тиек етіп, сауатсыздықтың кесірін нақтылы мысалдар дәлелдейді, «Өнерлі өрге жүзеді» деген мәтелді негізгі арқау етіп алып, елді оқу-білімге шақырады[3,7].

Ұлы ағартушының қазақ тіліндегі тұңғыш газетті шығару талпынысының жарқын белгісі болған бұл үлгі бастамасы кейін қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Дала уәлаяты газетінің» шығуына жалғасып, XX ғасырдың басында алғаш рет тек қана ана тілімізде бүкіл елге тараған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті сияқты ұлттық баспасөз ізашарларының қараңғы елді оятып, оқу-білімге, бостандыққа үндеген, сөйтіп, шынайы халықтық басылымдарға айналған ізгі іске ұласты.

Абай қазақ әдебиетінде публицистикалық прозаның негізін салып, көсемсөздің очерк, эссе, мақала, памфлет сияқты түрлері кеңінен пайдаланылған қарасөздерінде өз кезінің көкейкесті мәселелерін көтеріп, адамгершілік, иманшылық мұраттарын үндеді. М.Әуезовтің Абай қарасөздері туралы: «Оның қара сөзбен нақылдай айтылған бұл әңгімелерінің түр, мазмұн жағынан қандай жанрға жататынын кесіп айту өте қиын. Ақынның бұл әңгімелерінде пәлсафалық — мораль, қоғамдық-публицистикалық мысқыл — сын мәселелері бірдей кездеседі. Шебер қиыстырып, мейлінше тапқырлықпен айтылған бұл нақыл сөздерде кейде күнбе-күнгі тіршілік жайы, кейде кекті мысқыл немесе жабырқап — қайғыру сарындары естіледі. Абайдың бұл сөздері аз айтып, көп мағына беретін өткір тілді өнегелі өсиеті болып табылады» деп айтқандай[4,171] «Феодалдық қоғамның кертартпа салт-санасына қарсы сын айтты. Өнербілімге үндеді. Көрші орыс елінің мәдениетін үлгі етті»[5,231].

Академик З.Ахметов: «Абайдың қарасөздері қазақ прозасының, публицистикасының, әсіресе әдеби тілдің прозалық жанрларында өркендеуіне ықпалын тигізді. Сондықтан қарасөздер Абайдың шығармашылық мұрасының салмақты бір саласы және әдебиет тарихында елеулі орын бар дей аламыз» деп айтқан пікірі[6,391] ұлы ақынның публицистикалық мұрасына берілген орынды баға дей аламыз.

Үшеуі үш мұнарадай болған Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ұлы ағартушылардың қазақ публицистикасының негізін қалаушылар сапында болғандығын баса айтқанымызбен ұлттық көсемсөз қалыптасуының бастауында осы алтын желінің ортасында аталуға тиіс тұлғаның бірі - әмбебап ғалым, публицист Мұхаммедсалық Бабажанов есімін есте ұстау керек. Орынбордағы Неплюев кадет корпусын 1851 ж. үздік бітірген қазақ офицері патша үкіметінің отарлау саясатына ашық қарсы шығып, Санкт-Петербург, Орынбор, Астрахань қалаларында шыққан газет-журналдарға халық мұңы мен мұқтажын жеткізген. билік орындарының қарапайым жұртшылыққа көрсетіп отырған зорлық-зомбылығын аяусыз сынап әшкерелеген публицистикалық сипаттағы мақалалар жариялайды. «Қазақтың көпшілікке шағымы», «Қазақтың өз хал-ахуалы және оның туыстарының тағдыры туралы», «Қырғыздың қырғыз туралы жазбалары» және т.б. публицистикалық еңбектерінде отарлық жүйені сын қыспағына алып, патша шенеуніктерінің оспадар қылықтарын бүкпесіз айтады, мектеп ашу мәселесіне баса назар аударып, қазақ балаларын оқыту, мәдениеттілікке тәрбиелеу туралы ойларын жеткізеді.
Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Бекниязов Т.Журналистің шығармашылық шеберлігі.- Алматы, 2003.

2. Қазақстан Республикасының “Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы” заңы.

3. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1997 – 2006.

4. Мерзімді баспасөз материалдары.
8-Дәріс «Түркістан уалаяты газетінде» публицистиканың қалыптасуы.

XIX ғасырда қалыптасып, XX ғасырдың басында үрдісті даму сатысына шыққан «Жас қазақ публицистикасы» ұлт зиялыларының «қазақ қоғамын ілгері бастырудың амалдарын іздестірумен айналысып... халықты патриархаттық-рулық мешеуліктен арылтуға, патшалық езгіден азат етуге, оған білім мен прогрестің, мемлекеттік тәуелсіздік алудың жолдарын көрсетуге ұмтылтаң»[8,724] қам-қарекеттеріне қызмет етіп, олардың өз халқын отаршылдық құлдықтан азат ету жолындағы күресінің саяси-мәдени құралына айналды. Бұл күресте «Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады»[9,724-725].

Ұлт-азаттық идеясы жолындаты мақсат-мұраттарын жүзеге асыру үшін олар қолдарына қалам алып, саясат, оқу-білім, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қамтыған көкейкесті публицистикалық мақалалар жазды. Алаш зиялыларының, жазушы-ақындары мен журналистерінің бұл игі мұратына алғашқы қазақ газеттері жемісті қызмет етті. XIX ғасырдың соңында пайда болған қазақ тіліндегі алташқы баспасөз қарлығаштары «Түркістан уәлаятының газеті» (1870 – 1882), «Дала уәлаятының» газеті (1888 – 1902) патша үкіметі тарапынан шытып, отарлаушы басқару орындарының жарлықтары мен заңдық-құқықтық нормативтік актілерін, әкімшілік істерін қазақ даласына жеткізу мақсатымен шығарылса да, бұл басылымдарда қазақ халқының мұң-мұқтажын, арман-тілегін қозғаған алғашқы публицистикалық мақалалар жарияланды. Қоғамдық-саяси мәні зор, көркемдігі жағынан ықпалы мол болтан бұл көсемсөз мақалаларының авторлары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Ж.Көпеев, Д.Сұлтантазин және т.б. ұлттық көркем публицистиканың одан әрі дамуына зор әсер етті.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Бекниязов Т.Журналистің шығармашылық шеберлігі.- Алматы, 2003.

2. Қазақстан Республикасының “Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы” заңы.

3. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1997 – 2006.

4. Мерзімді баспасөз материалдары.
9-Дәріс «Дала уалаяты газетіндегі» ұлттық публицистика.

Қазақ көркем публицистикасының жаңа үрдісте, жаңа екпінде дамып, XX ғасырдың басындаты демократияшыл бағыттағы әдебиеттің негізгі бір арнасына айналып, ұлт зиялыларының азаттық жолындағы қуатты сөз құралы болып шыңдалуына осы кезеңде таза қазақ тілінде шыққан алғашқы қазақ газеттері мен журналдарының рөлі үлкен болды.

Қазақ көркем публицистикасының қалыптасып дамуындағы XX ғасыр басындағы ұлттық баспасөз басылымдарының рөлін айтқанда қазақ тіліндегі шын мәніндегі тұңғыш газет – «Серке» газеті ойға оралады. Олай дейтін себебіміз: осыған дейін айтылып жүрген «Гүркістан уәлаятының газеті» «Дала уәлаятының газеті» ұлттық баспасөздің алғашқы басылымдары болып есептелгенімен бұл газеттер көбінесе аударма нұсқасында, қазақ және орыс тілдерінде шықты да, патша үкіметінің тікелей органдары ретіндегі үнқағаз болып есте қалды. Әрине, бұл газеттердің қазақ баспасөз тарихындағы орнын жоққа шығармаймыз, екі газет те алғашқы ұлттық баспасөз басылымдары болып қала береді. Газет ұлттық көркем публицистика жанрларын сол кездегі қым-ғуыт, қилы замандағы қазақ халқы өміріне байланысты қамтылған барлық мәселелер мен дербес мемлекеттілік құру, түрікшілдік идеясын жүзеге асыру жолындағы мақсатты бағыбағдарға қиюластыра шебер пайдалана біліп, қазақ көсемсөзшілерінің шығармашылвіқ ұстаханасына айналды.

Қазақ көркем публицистикасының XX ғасыр басындағы көрнекті өкілдері осы газеттерді өздері шығарушы, өздері мақала жазып ұйымдастырушы қызметтерін бірдей атқарды. Орыстың ұлы ойшыл-демократы А.И.Герцен өзінің бір еңбегінде, «Біздің өткінші өмірімізді билеген басты бағыт - орыс халқына деген қарым-қатынасымыз, оған деген сеніміміз бен сүйіспеншілігіміз, оның тағдырына қатысты істерге белсене араласуға деген құштарлығымыз» деп жазғандай[71,221], алаш зиялылары көркем публицистиканы ел егемендігі мен азаттығы жолындағы ұлттық қозғалыс ісіне пайдалана біліп, газет арқылы бүкіл халық қажетіне жаратты, көсемсөзді дәуір үніне — ұлтазаттық күрестегі қуатты қаруға айналдырды.


Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Бекниязов Т.Журналистің шығармашылық шеберлігі.- Алматы, 2003.

2. Қазақстан Республикасының “Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы” заңы.

3. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1997 – 2006.

4. Мерзімді баспасөз материалдары.
10-Дәріс «Айқап» журналындағы публицистика.

XX ғасырдың басында, 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласында үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік-саяси және рухани-мәдени өмірінде елеулі рөл атқарып, сол кездегі қазақ әдебиетіндегі көркем публицистика мен әдеби сын мәселелерін жазуда тыңғылықты қызмет етті. Журналдың шығарушысы да, редакторы да болған белгілі жазушы-журналист, публицист Мұхаметжан Сералин «Айқаптың» көсемсөз, әдеби сын жанрларындағы болсын, барлық бағыт-бағдарын өзі жіті бақылап анықтап отырды. Журнал бетінде көтерілген қазақ тағдырына байланысты мәселелердің қай-қайсысының болмасын М.Сералиннің өзі ұстанған бағыты - нақты, ойы айқын болды.

Журналдың көркем-публицистикалық бағытын анықтап, әдеби сын мақалалардың жиі жазылуына жіті көңіл болген М.Сералин көсемсөзші ретінде «Айқап» бетіндегі публицистикалық еңбектерінде... ескішілдікті сынап, халықты ілгері тұрған елдердің қатарына көтеру, ел ішінде оқу-ағарту ісін дамыту, отырықшылану мәселелеріне көңіл аударды»[25,36-37]. Қазақ тілінде тұңғыш шыққан бұл журналдың да басты бағыт-бағдары оның негізін салушы редактор ұстанған мұраттарға сәйкес болды. «Айқап» атауына: «Айқап деген сөз — қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халкының өкініші ретінде алынады» деп журналды бастырушылар алқасынан көркем-публицистикалық тілмен түсінік берілсе[26], бұл ұғымның терең астарына М.Сералин өзі ерекше назар аударып: "Біздің қазақтың «Әй, қап» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап» ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға «ендігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. "Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды деп беташар публицистикалық кіріспе мақалада алқалы топқа қамшы тастар ой салады[27,47]. Көсемсөз туындыда қазақтың сол кездегі ел болуға кедергі келтірген кемшіліктері: іс басындағы дәулет, дәрежесі бар басшылардың келелі де халыққа пайдасы тиер кәделі істі шешердегі берекесіздігі, қала болу мәселесінің түйінді тұсындағы ынтымақсыздығы, жұртшылық арасында ағайын арасының алауыздығы мен өшпенділігін туғызып, өзара дау-дамай мен жанжалға әкеп соқтырған болыс, би, ауылнай сайлаудың заман дертіне айналғандығы бетке басылып, қазақ тілінде жеке журнал шығарудың бағдарламалық тұжырымдамасы айқындалады. Журналдың тек қалың көпшілікке, бұқара халыққа арналғандығын: «Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі — халық арасында таралған газет-журнал һәм кітаптардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң әрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет һәм журнал бастырып, халықка таратудың ыждаһатында» деген жолдар арқылы айшықтап[27,46], туған халқының алдыңғы қатарлы, озық ойлы елдер қатарынан көршуін армандаған көрегендік ойын айтады.

Бұл ойларын ол халықка жете түсіндіру мұратында бірнеше көсемсөз шығармасын бас мақала, арнау тұрғысында жазып, көпшілік қауымды журналдың мақсат-міндеттерімен нақты таныстырады. «Бізге не істеу керек?» деген бас мақалада: «1) Отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау керек; 2) Мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу керек; 3) Дін жұмысын өз қолымызға алу - мүфтиді сайлау керек; 4) Мемлекет Думасында мүддемізді айтып, сөзімізді өкіметке жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек; 5) Петерборда өкіліміз болу керек ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек» деп[28] жұртшылықтың көкейде жүрген, арман жетегінде кеткен тілектерін дөп басып, қадау-қадау мәселелерді жіктеп көрсетті. Өмір бойы көшпелі тұрмыс кешіп, жаз ыстық аптап пен желдің өтінде, қыс аязды, боранды күндерден көз ашпай дамылсыз мал бағумен жан сақтаған қазаққа отырықшылық таңсық, мүлдем беймағлұм тіршілік болғанымен жаңаша ғұмыр сүріп, алдыңғы қатарлы елдер сияқты қала болудың алғы шарты екендігін еске салған көсемсөзші оқу-білім жолын үзбей дамытып, мектеп, медресе тұрғызу кезек күттірмес маңызды істің бірі екендігіне көз жеткізеді, дін қызметіндегі басты лауазым иесі - мүфти сайлаудың барынша қажеттілігін көлденең таптып, Ресей думасында қазақ халқының мұңын жоқтап, сөзін сөйлеитің депутаттың болуын ұлт зиялыларына үлкен борыш қылып артады, бұл үшін де және қазақ даласында қордаланып қалған көкейкесті мәселелермен тікелей айналысып, шаруашылық, әкімшілік, әлеуметтік салаларындағы жұмыстарды Петербург қаласында жүргізіп іске асыратын арнайы өкілдің болуын қазақ оқығандарына міндет етіп қояды.

Журналдың мақсат-мүддесіне сай жарияланған көркем-публицистикалық тақырыптық ауқымы сол кезде заман талабына сәйкес көкейкесті мәселелермен тығыз ұштамәселер «1) Егін шаруасына қолайлы жерлерде қала салуды халыққа, шамадан келгенше түсіндіру; 2) Елдің партия болып таласқандығынан халыққа қанша залал келетіндігін... һәм қалай еткенде, партия жоғалуға мүмкін, сол жағынан қарастыру; 3) Оқу һәм оқыту жағына қалайша өзгерістер жасау керек, сол жағын қарастыру; 4) Әйкел, қыздарымыздың кемшілікте тұрғандығын халыққа ескерту»[29]. Осылайша қазақ даласындағы отырықшылыққа көшіп, қала салу жайы, партиялық жікке бөлінудің зардабы, оқу-білім саласын реформалау, әйел теңдігі мәселелері қалам ұстаған ұлтшыл оқығандар мен демократ-ағартушылардың көркем-публицисикалық туындыларының басты тақырыбына айналып, «Айқаптың» төңірегіне прогресшіл бағыттағы ұлттың зиялы қауым өкілдері топтаса түсті, журналда жарияланған публицистикалық мақалалар жұртшылықты ғылым мен өнерді меңгеріп, мәдениетті өркендетуге шақырады, жоғарыда атап өтілген отырықшы болып, қала салу, егіншілікпен шұғылдану мақсаттарын жүзеге асыруға үндеді.

Қазақтың бетке ұстар азаматтары журнал көтерген мәселелерге өздерінің публицистикалық мақалаларымен үн қатып, зиялы қауым арасында пікір тудырды. Көсемсөз шеберлерінің жиі жазған тақырыптарының бірі - жер мәселесі болса, М.Сералин бастаған қаламгерлер бірыңғай отырықшылыққа көшуді насихаттап, орыс мұжықтарынан жер өндеу әдісін, қала салуды үйренуге үндеді, ал А.Байтұрсыновпен пікірлес көсемсөзшілер бұл уәжге қарсылық білдіріп толықтай отырықшылыққа көшкен шақта қазақтардың өз жерінен мүлдем айрылып қалатындығын дәлелдеп бақты. Журнал бетінде жер мәселесіне байланысты екі ұдай мақалалардың пікірталасқа ұласуы алаш қайраткерлерінің туған жер мен туған ел, ұлт болу, халық бостандығы жолындағы үлкен ізденістерінің бір парағы болды. Осы пікірталасқа орай алаш қайраткерлерінің бірі, көрнекті публицист Міржақып Дулатов «Айқаптал» жарияланған «Жер мәселесі» атты көлемді көркем-публицистикалық мақаласында қарсылас екі пікірді жан-жақты толқылай келіп: «Рас, қазақ халқының жер-суға ие болып, жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауда тарлық көрмей түлігі сай болып, тай құлындап, тоқты қоздап, қосты жылқы, желім түйе, отарлы қой, қайғы жоқ, еріккеннен бірінің малын бірі қуып кең далада құлан-киікше сайран етіп жүрген күні болған. Ол күндер енді көздеріне ғана елестейді. Мұның себебі не, халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата мекеннен ірге қозғалып, қазақтың шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің үшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер көп-аз болса да, бұл заман өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің діні, хақын сақтай алмай, дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал» деп, «Қала болу керек деушілердің пікірі» деген бөлігінде жұртшылықты отырықшылыққа үгіттеп, жер жүзіндегі халықтардың қала болудың арқасында өркендеп отырғанына көз жеткізеді, «Бұларды көре тұра, біз, қазақтар да қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз» деп прогрестік көзқарасын білдіреді де осы мақаласының «Көшіп жүру керек деушілердің пікірі» деген бөлігінде қазақтардың еріккеннен көшпей, жерінің ауасына қарап көшіп жүргендігін, қазақ отырған жердің егіншілікке жарамсыздығын, экологиялық, географиялық жағынан нақты мысалдар арқылы дәлелдеп, қазақтардың көшпелі шаруашылықпен айналысуының өзіне де, мемлекетке де зор пайда әкелетіндігіне көз жеткізеді, «соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек» деп уәж айтып, отырықшылық пен көшпелілік мәселесінде бір тоқтамға келуге шақырады[30].

«Айқап» қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталып, олардың ауыр халін, тендік мәселесін сөз етті. «Қазақ қыздарының аталарына», «Бауырлас қазақ әйелдеріне», «Аналарымызға», «Апаларымызға» атты көркем публицистика тілімен жазылған үндеу мақалалар қалың мал, әмеңгерлік, жас қызды көңілі қаламаған адамына, тіпті қарт кісіге тоқал есебінде еріксіз, күшпен қосу сияқты ескілік сарқыншақтарын аяусыз сынға алып, әйелдердің отбасын қүруда еркекпен тең болуын және оқу ісіне бірдей тартылуын талап етті. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші — ана» деп олардың үй іші, отбасындағы, қоғамдағы атқаратын рөлін жоғары бағалады. Осы ретте журнал әйел тендігі мәселесін көтере отырып, қазақ әйелдері арасынан қоғамдық тілшілерді жұмысқа тартты. Сондай белсенді тілшілердің бірі болып, журнал бетінде көркем-публицистикалық мақалаларымен жиі көрінген Сақыпжамал Тілеубайқызы қазақтың ер балаларды оқытып, қыздарды адам санатына жатқызбай, дұрыс көңіл бөлмейтінін сынап, қазақ қыздарының құлқын үшін қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатындығын, сөйтіп, өмірі қорлықта өтетіндігін әшкерелейді. Қазақ қыздары ішінен шыққан алғашқы публицистердің бірі болған Сақыпжамалдың «Ұзақ күткен үмітім» сияқты рсындай желіде жазылған публицистикалық мақаласынан[31] және «Айқапта» істеп қаламы шыңдалған М.Сералин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ә.Ғалымовтардың көркем публицистиканың арнау, үндеу, оқшау соз жанрларында жазған мақалаларынан өздерінің аянышты тағдырын оқып білген қазақ әйелдерінің сана-сезімі оянып, еркіндікке, білім алуға ұмтыла бастады.

«Айқап» журналы қазақ әдеби сынын қалыптастырып дамытуда үлкен еңбек сіңірді. Жаңа шыққан кітаптар туралы сын тұрғысындағы шағын мақалалар жарияланып, қазақ әдебиетінің түйінді мәселелерін, даму жолдарын сөз еткен М.Сералин, С.Торайғыров, С.Сейфуллин және т.б. әдеби сындары жарық көрді. «Айқап» бетіндегі шығармалар қазақ прозасы алдында тұрған проблемаларды анық көрсетті. Мүмкіндігі мол, қуатты жанрдың түрлі тәсілдерін меңгеру, шеберлікқе үйрену керек еді» деп З.Бисенғалиев атап көрсеткендей[32,47], журнал ұлттық әдеби сынның бастауында тұрды.

«Айқап» бетінде жарияланған көркем-публицистикалық мақалалар XX ғасыр басындағы проблемаларды батыл да өткір қозғап, дәуір үні болды. 1913 жылы жарияланған «Қазаққа алауыздық қайдан келеді» деген мақалада II Екатерина әйел патшаның отар елдерде ұлт араздығын қоздыру туралы губернаторларға арнаған құпия бұйрығын әшкерелейді[33]. Жалпы алғанда, «Айқап» журналы сол кездегі қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болды. Бұқара халықтың үні, тілі, құлағы іспетті журнал арқылы айтар ойы, жұртшылықтың арман-тілегін публицистикалық көркем тілмен жеткізуде «Айқап» өлшеусіз рөл атқарды. «Айқапта» жарияланған ұлт зиялыларының арнау, үндеу, ашық хат, оқшау сөз түріндегі көркем-публицистикалық мақалаларында көтерілген мәселелер халық көкейіне қонды, ел мұндай туындыларды асыға күтіп, журналдың әр санын бірінен-бірі алып оқыды. «Айқапта» жарық көрген көркем-публицистикалық бағыттағы туындылар «халықты ұйқысынан оятты: халықтың ұлттық сана-сезімін, тендік-бостандық үмітін оятты; шаруашылығы мен мәдениетін дамытты, саяси белсенділігін көтерді»[34,16], қазақ тілінде шыққан тұңғыш журнал ретінде өзінен кейін жарық көрген мерзімді басылымдарға көркем публицистика мен әдеби сынды дамытуда үлкен ықпал етіп, нұрын шашты.
Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Бекниязов Т.Журналистің шығармашылық шеберлігі.- Алматы, 2003.

2. Қазақстан Республикасының “Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы” заңы.

3. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1997 – 2006.

4. Мерзімді баспасөз материалдары.
11-Дәріс «Қазақ» газетіндегі публицистика.

XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойдың ілгерілеп, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа сипатта, жаңа қарқында өрістеуіне бірден-бір себепкер болған, ұлттық көркем публицистиканың жаңа мазмұн мен жаңа үрдісте дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көсемсөз өнерінің жаңа жанрларының қалыптасуына жол ашып, әдеби сынның тыңнан өріс алуына үлкен ықпал еткен, М.Әуезов сөзімен айтсақ: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширыктырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»[35,64].

Әлихан Бөкейханов маңына топтасқан ұлт зиялылары, ең алдымен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов өздері ойластырып, бағыт-жоспарын жасаған жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда, халықтық мән-маңызы үлкен саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерді көтеріп шешуде ұлт-азаттық күрес идеясын жұртшылыққа таратып, үгітнасихат жұмысын жүргізеді, ел санасын оятудағы баспасөздің рөлін жете түсініп, шын мағынасындағы жалпы ұлттық газет шығаруға көп күш жұмсады. Сөйтіп, «Әлихан Бөкейхановтың бағыт беруімен, Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен, Міржақып Дулатовтың қосшылығымен, озық ойлы, халық қамын ойлаған, жекелеген дәулетті адамдардың демеушілігімен 1913 жылдан бастап Орынборда жалпы ұлттық биресми «Қазақ» газеті шыға бастады»[36,5].

«Қазақ» газетінің негізгі авторлары болған, шын мәніндегі жаңа сипаттағы қазақ көркем публицистикасын қалыптастырып, әдеби сынның ұлттық әдебиеттің жетекші бір жанрына айналуына қалам қайратымен зор үлес қосқан Алаш басшылары, әрі көсемсөзші, әрі жазушы, әрі журналист һәм әдебиет сыншысы болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа да көрнекті ұлт зиялылары «өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі ұлттық тең құқықтылық, халықтың мәдениетін көтеру, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты әлеуметтік-саяси мәні бар мәселелерді көтерді. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастыруға қызмет етті»[36,4]. Халқының қамын ойлап, ұлт тәуелсіздігін көксеген алаш қайраткерлерінің көркем-публицистикалық мақалаларының басым бөлігі және әдеби сынға байланысты пікірлері мен ой-тұжырымдары «Қазақ» газеті бетінде жарияланвш, сол арқылы «Қазақ» газеті қалың жұртшылыққа тарады.

«Қазақ» газеті өзі өмір сүрген бес жыл ішінде, яғни 1913— 1918 жылдар аралығында көптеген ірі тарихи оқиғалар мен қоғамдық сілкіністердің, қазақ халқының әлеуметтік-саяси өміріндегі үлкен өзгерістердің куәсі болып, Бірінші Дүние жүзілік соғыс пен азамат соғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен 1917 жылғы Ақпан және Қазан қоғамдық төңкерістері сияқты күрделі құбылыстарды бастан кешірді, тіпті патша үкіметі, уақытша үкімет, Алашорда үкіметі және кеңес өкіметі сияқты саяси билік тұтқаларының ащы дәмін татты. 5 жыл мерзімде өткен осы тарихи өзгерістердің барлығы «Қазақ» газетінде жарияланған шынайы ақиқатқа толы көркем-публицистикалық мақалалардың өзегі болып, сол кездегі елім деп еңіреп, ұлт қамын жеген зиялыларды толғандырған: елдің елдігін, ұлттың бірлігін, жердің тұтастығын сақтау, қалың үйқы құшағында селт етпей жатқан бұқара халықты серпілтіп, оқуға, өнер-білімге үндеу арқылы қазақтарды алдыңғы қатарлы елдер қатарына іліндіру, ең негізгі мақсат – қазақтың ұлттық тәуелсіз мемлекетін құру жолында жан аямай еңбек етіп, күрес жүргізу мәселелері күн тәртібінен түспеген басты тақырыптарға айналды.

Сайып келгенде, «Қазақ» газеті алаш публицистерінің XX ғасыр басында халық басына үйірілген қысылтаяң қиындықтарды жеңіп, кесапаттардан құтылу жолын нұсқаған, ұлт-азаттық идеясын нақтылы жүзеге асыру жолындағы ой-пікірлері мен тұжырымдарын белгілеп отырған мінбері, бүкіл халыққа жететін үні қызметін атқарды. Газеттің 1913 жылғы 2 ақпанда шыққан №1 санынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін 265 нөмірі жарық көрген екен. Осы уақыт аралығында «газет ел тілегінін өзектісін, жұрт қамының ең керектісін тауып сөйлеуге тырысты. Бас жазушысы А.Байтұрсыновтың көрегендігі мен саяси көзқарасының тұрақтылығы нәтижесінде қазақ жерін келімсектерден арашалауға, елінің еркіндігін қорғап, ұлт тілінің өркен жаюына жол іздеп, ұлт әдебиетінің дамуына үлес қосып, ұлттық мектеп ісінің жандануына жолбасшы болып, патша әкімшілігінің отаршылдық саясатын әшкерелеп отырды»[37,93].

Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына батыл қарсылық білдірген қазақ зиялылары ұлт болып ұйысып, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы ашық күресінде көркем публицистиканы негізгі қару ретінде пайдаланса, осы көсемсөз күшін жұртшылық кәдесіне асыруда олар жалынды да жігерлі публицист-жазушы ретінде өздерінің шығармашылық шабытын тудырып, талант қырларын аша түсуге бірден-бір себепкер болған, өз ішінен елге танымал көркемсөз шебері ретінде қалыптасып, ұлт әдебиетін жаңа биікке көтерген классиктердің тәрбиеленіп шығуына өнегелі орта жасаған, рухани жансерік, дем беруші, қоғамдық ой-пікірге игі ықпал етіп, халық көкейін тескен заман мәселелерін қозғаған «Қазақ» газетіне арқа сүйеді, «Қазақ» газетімен саяси майданда сапқа тұрып, қалың жұртшылықты оқу-білімге, алдыңғы қатарлы ел болуға үндеді, халық пен демократиялық зиялы қауым арасындағы байланыс құралы болып, неғайбыл жағдайда бейшара күй кешіп отырған бұқараға дұрыс бағыт беруге тырысты.

Осы тарапта қазақ зиялылары «Қазақ» газетінің бетінде жарияланған сан алуан көркем-публицистикалық мақалалары мен. арнауларында ұйқыда жатқан халықты жай ғана оятып қоймай, басын бір арнаға тоғыстырып, келелі істерге бастады, ел болашағаның қам-қарекетін астарлы сөзбен де, ұғынықты қарапайым тілмен де нығарлап жеткізіп, бағдарламалық тұжырымды ойлар білдірді. Алғашқы санында жарияланған «Құрметті оқушылар!» көркем-публицистикалық арнауда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі" ретінде қажеттігін оқырмандарға жүйелі сөз орамдарымен түсіндіріп, газет мәнісі «жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады» деп бір пайдасын айтса, газеттің халыққа білім таратушы ретіндегі жетекші рөлін «газеттен жүрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші» деп ойлы пікір түйеді, келесі бір тұсында газеттің халықтың даушысы, яғни қорғаушысы, төрелігін айтушы тұрғысындағы үлкен бір қасиетін «жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деп газеттің пайдалы қызметтерін атап көрсетеді[38,10].

«Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі» деген уәжін Америка мен Ресейде 1907, 1909 жылдары шыққан газет-журналдар мысалдарында дәлелдеп көрсетеді, Ресейде орыс тілінен басқа тілдерде шыққан 867 газет ішінде туысқан татар халқының отызға жуық газет-журналы болғандығын сөз қылып. ұлттық зиялы қауымының намысын қайрай түседі. «Айқап» журналынан басқа ілгерілеудің жоқтығына қынжылыс білдіріп: «Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік» деп патетикалық рухта үндеу тастайды.

Алаш азаматтарына арнау соңы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік. Милләт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік» деген халық үшін қызмет қылу жолындағы сарқылмас жігерлі ойлармен аяқталады[38,11].

«Қазақ» газетінің халық санасын оятып, елге еткен еңбегін айтып жеткізу қиын. Ұлттық көркем публицистиканың мүлдем жаңа сипатта дамып, жаңа, демократиялық бағыт арнасына ойысуында, ұлт зиялылары арасынан көркем публицистердің талантты бір шоғырының тәрбиеленіп шығуында «Қазақ» газетінің сіңірген еңбегі орасан зор. «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілмен тұстас» деп сонау 1922 ж. «Қоңыр» деген бүркеншік атпен жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты зерттеуінде ерекше атап өткен М.Әуезов «Қазақ» газетінің бетіндегі «...мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін атқарды» деп[39,84] газеттің ұлтшылдық идеясымен ауырып, бұл мәселе-өз мақсатына жете алғандығына көз жеткізеді.

Шынында, «Қазақ» газеті өз алдына қойған мақсатына жетіп, халық үні, өмір айнасы бола алды. «Қазақ» бетінде көркем публицистиканың барлық дерлік жанрлары әр нөмір сайын жарқ етіп көрініп, бас мақала, арнау, үндеу, оқшау сөз (фельетон) болып жұртшылыққа үн қатты. Көсемсөз мақалаларының басты тақырыптарының бірі ағартушылық, өнер, білім жайынан болып, алғаш жарық көрген көркем-публицистикалық туындыларда оқудың мән-жайы, маңызы жете түсіндіріліп, көпшілікті білім нәрімен сусындауға, алдыңғы қатарлы жұрттармен теңелуге шақырды. Газеттің келесі бір маңызды тақырыбы - сол кездегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең көкейкесті мәселелеріне, атап айтқанда, жер мәселесіне, ел болу жайына арналды. «Құрметті оқушылар!» атты көсемсөз арнауынан бастау алған «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар», «Қазақ жайы», «Сайлау», «Орысша оқушылар», «Ұры тыю», «Дума маңайында», «Қазақ һәм жер мәселесі», «Сайлау саясаты» және басқа көптеген мақалалар көркем публицистика жанрында жазылып, оқырман жүрегінен орын тапты, бұған қоса газет бетінде жарияланған көптеген көркем-публицистикалық «Қазақ жастарына», «Алаш азаматтарына» сияқты арнаулар мен үндеулер, хат түріндегі көркем-публицистикалық мақалалар, көркем публицистиканың айшықты бір жанры — оқшау сөздер халық санасын оятып, оқу-білімге ұмтылуына себепкер болды.

«Қазақ» газеті алғашқы санынан бастап тоқтатылған соңғы санына дейін көркем-публицистикалық тілмен жазылған мақалаларға толы болды. Алаш басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржакып Дулатов қазақ көркем публицистикасының асқан шеберлері болып, «Қазақ» газетін көсемсөз шеберханасына айналдырды. Ә.Бокейханов «газетте басылған екі жүзге жуық мақала мен аудармада қазақ елінің ең түйінді деген мәселелеріне төқталған. Қазақ елінің жер мәселесі, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған аграрлық саясаты туралы пікірлерін жазады» деп Ү.Сұбханбердина атап көрсеткендей[38,448] өзінің көркем-публицистикалық мақалаларын жоғарыда аталған бас мақала, арнау, үндеу, хатпен сырласу, оқшау сөз түрінде жаза біліп, шеберлік танытты.

«Ғасыр басында үркердей алып топ — Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақтың демократиялық либералдық бағыттағы зиялыларының басын қосып, Еуропалық өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды» деп академик, тарихшы-ғалым М.Қозыбаев айт қандай[40,200] Алаштың осы үш көсемі бастаған лек, ұлттық әдебиеттің XX ғасыр басындағы көрнекті өкілдері Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев, Сұлтанмахмұт Торайғыров. қоғам қайраткерлері Райымжан Мәрсеков, Көлбай Төгісов және басқа талант иелері «Қазақ» газетінде жарияланған публицистикалық мақалалары арқылы ұлттық көркем көсемсөз өнерін жаңа сатыға көтеріп, түр, тақырып, мазмұн, идея жағынан байытты. Олардың қай-қайсысы болсын, талантты көсемсөзші ретінде ұлттық көркем публицистиканың хас шеберлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов пен М.Дулатов сияқты Алаш басшыларының публицистикалық туындыларынан үлгі ала отырып, осы сарындағы өз мақалаларында, мейлі ол арнау, публицистикалық мақала немесе тілдесу хат, оқшау сөз түрінде жазылсын, ұлт мүддесіне тікелей байланысты: елдің саяси билігін тұтастай уысында ұстап, ендігі кезекте қазақты кіндік қаны тамған ата-баба жерінен күштеп қуа бастаған патша ұлықтарының зорлық-зомбылығы, басына үйірілген зұлматты еш сезбей, қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында жатқан «қайран елі — қазағының» қайғылы жай-күйі, билік басында жүрген жергілікті әкімсымақтардың опасыз пұшайман халі, екі салтсананың жиренішті әдеттері, әлеуметтік дамудағы мешеулік пен парықсыздық мәселелерін көркем әдеби тілмен батыл көтеріп, халық көкейіне жеткізе алды.

«Қазақ» газеті алаш көсемсөзшілерінің мінбері қызметін атқарғандығымен қымбат. «Қазақ» газеті XX ғасыр басындағы ұлт әдебиетіндегі көркем публицистиканың шеберлік мектебі болып қана қоймай, әдеби сынның да жаңа сипатта, жаңа үрдісте дамуына үлкен үлес қосты. Бұл тұста тағы да Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған алаш зиялыларві белсенділік танытып, сол кезде шыққан қазақ тіліндегі кітаптарға пікірлер, әдеби сын мақалаларын жазды, қазақ ақындары туралы соны ой-толғам, тегеурінді тұжырымға құрылған зерттеу мақалалар жариялады. «Қазақ» газетінің әдеби сыны толысып, одан кейінгі даму сатысында өркендей түсуіне игі ықпал етті. Сөйтіп, «Қазақ» бетінде көркем публицистика мен әдеби сын қатар дамып, бірін-бірі толықтырды, әдебиеттің екі үлкен жанры да осы газет арқылы көркемдік шеберлігін ұштап, тілдік, стильдік ерекшеліктерін байыта түсті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет