Қазақ депутаттарының Ресейдің І – ІІ Мемлекеттік Думаларының жұмысына қатысуы
I-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру. Қазақ депутаттары І және ІІ Думада алдарына екі міндет қойды. Біріншісі – Ресейді түбегейлі реформалап, толыққанды халық билігін, яғни шынайы демократиялық мемлекет құру, екіншісі – жеке меншіктегі жердің бәрін мемлекет меншігі пен патша әулетінің қолындағы жермен бірге жалпыұлттық мемлекеттік қорға күштеп алу. Ал мұндай жер реформасы, Алаш жетекшілерінің ұсынуынша, империя халқының экономикалық өмірін де, отаршыл патшалық мемлекеттің құрылымын да толығымен өзгертеді, ондай өзгеріс өз кезегінде, жекеменшікті жер институтын тамырымен жояды, ұсақ жер иелерімен бірге патшалық абсолютизмнің тірегі болып келген ірі дворян-помещиктер тап ретінде тарих сахнасынан біржола кетеді, ал саяси билік – өзінен өзі халықтың қолына өтеді. Қазақ өкілдерінің жер мәселесінен кейінгі екінші көздегені – қазақтың барлық 9 облысы мен Астрахан гүбернесіне қарайтын Бөкей ордасына, сондай-ақ Алтай өңірінің Бийскі және Змеиногорск болыстарына – Дума мақұлдаған заң жүзінде генерал-губернаторлық, ояз және крестьян бастықтары институттарын жауып, оның орнына жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін – земство енгізу болды. Оның себебі: егер Ресейдің ішкі еуропалық бөлігінде земствоға ұқсаған мекемелер болса, Сібір мен Дала облыстарында әлі күнге дейін қоғамдық өзін-өзі басқарудың сағымы да болған жоқ. І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – 1847 жылы біржола ыдырап, тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды. Думаның қазақ депутаттары 1906 жылдан бастап Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлерінің үлгісімен дербес әскери қолбасшылығы бар ұлттық атты әскер тағайындау, «Қарқаралы құзырхатында» жазылғандай, қазақ тілінде цензурасыз мерзімді баспасөз пен баспахана ашу, жергілікті әкімшілік (земство жиналысы, басқармасы) пен соттың ісқағаздарын және ұлттық мектеп-медреселерде оқу жергілікті ұлт тілінде жүргізу, қазақтың ұл-қыздарын кәсіби оқу орындары (гимназия, училище, семинария, т.б.) мен ЖОО-да оқыту үшін «қазақ капиталы» есебінен стипендиялар тағайындау, жатақханалар (пансиондар) салу және т.б. маңызды мәселелерді, әсіресе жер мәселесін көтеріп, заң жүзінде шешуге ұмтылды. Ең маңыздысы: І және ІІ Думада осы ұлттық мәселелердің көпшілігін, әсіресе жер, земство мәселесін шешуге толық мүмкіндік болды. Өйткені І Думада кадет партиясының 161 депутаты, Еңбекшілер партиясының 107, поляк колосы, украин, эстон, латыш, литва және т.б. ұлт топтарын қамтитын автономистердің 70 депутаты, түркі-мұсылман халықтарының 25 депутаты болды. Ашығын айтқанда І Думадағы 511 дауыстың кемінде 338-і – самодержавиеге қарсы партиялар мен ұлттық топтардың үлесінде болды. Ә.Н. Бөкейханның 1905 жылдан кадет партиясының мүшесі, 1906 жылдың маусымында І Думаға кадеттердің Семей облыстық қазақ бөлімінен сайланғанын, І және ІІ Думадада түркі-мұсылман халықтарының депутаттары мұсылман фракциясына бірігіп, кадет партиясының фракциясына қосылғанын ұмытпау керек [17, 16-б.]. І Думаның спикері (төрағасы), оның екі орынбасары әрі хатшысы болып Ә.Н. Бөкейханның партияластары әрі достары С.А. Муромцев (№16 фото), князь П.Д. Долгоруков, Н.А. Гредескул және князь Д.И. Шаховской сайланды.
Алайда аталған мәселелердің бірі де жүзеге аспады. Себебі 5 жылға сайланған Мемлекеттік Думаның 1906 және 1907 жылдарғы І және ІІ шақырымдары 72 және 102 күн ғана жұмыс істеп, біріншісі 1906 жылы 8 шілдеде, екіншісі 1907 жылы 3 маусымда күштеп таратылды. ІІ Дума таратылған күні император ІІ Николай өзі шығарған «Негізгі мемлекеттік заңдардың» 87-бабын өрескел бұзып, сайлау ережесінің жаңа нұсқасын шығарды [19]. Ресейдің либералдық қауымы жаңа ережені «3 маусым төңкерісі» деп бағалады. Екі Думаның мезгілсіз таратуының бар сырын Қыр баласы (Ә. Бөкейхан) сайлау құқынан айрылған халқына жалпақ тілмен түсіндіріп берді: «Себебі, бұл екі Дума да мұжыққа орыс дворяны жерінен жер бермек болды. ІІІ Дума депутаты сайланатын жол жасағанда мұжық депутатын неше қайтара бұрынғадан азайтты. Орыс патшалығы панасындағы жұрттың әрбір 100-іне 85 орыс мұжығы болады, қалған 15-тің ішінде поляк, еврей, татар, қазақ һәм уақ жұрттар. Орыстың қаласынан «3-інші июнь» законымен сайланған адамдардың мұжық депутаты 10-нан 1-ақ, Думада мұжық депуттары 40-50 – 442 депутат ішінде. Орыстың патшалығын арқалап асырап отырған мұжыққа мұны қылғанда – аз, бытыраңқы, «надан» қазақты не қылсын?! Думадан шығарды да тастады»