Орта білім беру ұйымдарында 2020 - 2021 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 тамыздағы № 340 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 13 тамызда № 21081 болып тіркелді
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) бекітілген Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2020 - 2021 оқу жылының басталуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің мынадай мерзімдері айқындалсын:
1) 2020 - 2021 оқу жылының басталуы - 2020 жылғы 1 қыркүйек;
2) оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 (12)- сыныптарда – 34 оқу аптасы. Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы мазмұнының кіріктірілуі ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күндеріне ауыстырылады.
3) оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері:
1-11 (12) – сыныптарда: күзгі каникул – 10 күн (2020 жылғы 5-14 қараша аралығында), қысқы – 11 күн (2020 жылғы 31 желтоқсан мен 2021 жылғы 10 қаңтар аралығында), көктемгі – 12 күн (2021 жылғы 20-31 наурыз аралығында);
1-сыныптарда: қосымша каникул – 7 күн (2021 жылғы 8-14 ақпан аралығында).
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі
|