Абай ілімі – ұлт болашағы
Есмаханова Гүлзира Нұрғалиқызы
Ғылыми-педагогикалық бағыт, қазақ тілі мен әдебиеті
магистранты
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
Талдықорған қаласы
Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында: «Біз әрбірінің ар-ожданын, беделін құрметтейтін, жоғары адамгершілік, этикалық стандарттар және рухани құндылықтары бар қоғам құруымыз қажет» - деп жолдайды. Яғни, рухани құндылықты ұлықтау негізінде – ұлттық сана, ұлттық болмыс жатыр. Ұлттық болмысымызды айқындап, рухани мәдениетімізді айшықтауда – әдеби мұраларымыздың құндылығы айтарлықтай маңызды. Қазақ жерінде тәуелсіздіктің таңы атқаннан бастап, егемендікті нығайтудың ең басты жолы ұлттық сананы оятып, салт-дәстүрді ұлықтап, тіліміз бен дінімізді берік ұстану. Қазіргі қоғамда жастарымыз әлемнің озық технологияларын, ақпараттарын меңгерумен қатар жат елдің мәдениеті мен тәрбиесін де саналарына сіңіріп, бойларына қалыптастыруда. Осындай жаһандану үрдісі кең жайылған кезеңде, ұлттық руханиятымыздың тамырынан нәр алып сусындаған ұрпағымыз ғана парасат пайымы мен біліктілігімен, иірімі түрлі толқынға төтеп бере алады. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру негізінде бойларына рухани мәдениетімізді, ұлттық тәрбиемізді қалыптастырамыз. Олай болса, ұлттық мәдениетіміздің дамуына орасан үлес қосқан ұлы ойшыл, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауымыз қажет.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркенденуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз» - деп ұлттық болмыстың үлгісін насихаттап жазады [1, 4-б].
Абай ілімі – ұлт болашағын тәрбиелейді. Абай шығармаларындағы ғибратқа толы, тағылымы мол, ақылы мен терең ойларын санамызға сіңіруіміз қажет. Ақын мұраларындағы тәрбиелік мәнді ұлағатты сөздер бүгінгі жас ұрпақтың бойында адамгершілік, ізгілік, имандылық, әділеттілік, парасаттылық, батылдық қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық мәдениетімізді қадірлеуге, дамытуға айтарлықтай үлкен септігін тигізеді. Жас буынға Абай мұраларынан, құндылықтарынан нәр алуды әрине мектеп қабырғасынан бастау алуы қажет. Ақын шығармаларындағы ғылым, адамгершілік құндылықтар, тәрбиелік мәнді ой-пікірлер ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндірілуі қажет. Осы бағытта қазіргі таңда мектептерде арнайы «Абайтану» пәні енгізілді. Ақын шығармашылығын танып игеру арқылы жастардың бойындағы рухани көкжиегін кеңейтуде «Абайтану» пәнінің үлесі орасан зор. Абайтану ғылымын зерттеуші ғалым, Мекемтас Мырзахметұлы өз сөзінде: «Үшінші мыңжылдық – адамгершіліктің, гуманизмнің заманы болуға тиіс. Ал, енді оқушылардың адамгершілік тәртібін жолға қою үшін мектепте Абайдың «толық адам» ілімін өз алдына пән ретінде ендіріп, адамгершіліктің идеологиясын олардың санасына біртіндеп сіңіруді мақсат етіп қою керек» - деп айтады [2, 11-б.]. Яғни, абайтанушы ғалым бұрынғы кеңестік көзқараста жазылған ескі танымдағы оқулықтардан бас тарта алмай жатқанымызды сынға алып, жаңа көзқарастағы ғылымға бағытталған, дәлірек айтсақ ақынның «толық адам» іліміне негізделген оқулықтарды ұсыну қажеттілігін алға тартады. Абай «толық адам» бейнесін: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп сипаттап, осы қасиеттерді бойына сіңірген адам – еңбекқор, талапты, ізгілікті, мейірімді, иманды, әділетті азамат болып қалыптасатынына жол көрсетіп отыр. Сонымен қатар, Абайдың «толық адам» ілімінен ұстаздық, ғылым-білімді игеру, өнерге ұмтылу мәселелері де көрініс табады. Адамзат баласын білім мен ғылымға жетелеудің сан түрлі жолдарын көрсеткен. Білімді алу, меңгерген білімді өмір тәжірибесінде қалай қолданып жүзеге асыру жайлы астарлы қанатты сөздер қалдырған. Абай: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», - деп білімнің терең сырын ұғатын, көкірегі ояу, ынталы шәкірттерді іздейді. Адам болам деген талантты, тәрбиелі жастардың бойынан ізгіліктің дәні мен адамгершіліктің нәрінің көріністерін «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде даралап, саралап көрсетіп береді. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», - деп толық адамның кәміл сипатын айқындап берді.
Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өскен Абайды алаңдатқан үлкен бір мәселе – жастардың тәлім-тәрбиесі. Жастар білім-ғылым игерсе, жалқаулықты жеңіп, әрдайым еңбектенсе, қоғамда әділеттілік орнап заман түзелер еді деген ақынның арманы жүрегін әрдайым уайымға, қайғыға салды. Өз заманының жастарына деген реніштің көрінісін мына өлеңінен көруге болады:
Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа,
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны – дейді. Мұнда Абай жастар арасындағы өршіген алауыздықты, мәні жоқ ұрыс-керісті, өшпеңділікті жалпы өзара бірліктің жоқтығын, өнімсіз іске шебер болып, еңбекке икемсіздігін, әбден айтыс-таласқа үйреніп алғандарын сипаттап отыр. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген даналық сөзді санасынан ұмыт қалдырған қазіргі жастардың жүріс-тұрыстарынан, қоғамдық ортада өздерін ұстау мәдениеттерінен де осы көріністі байқауға болады. Әрине бұл көңілді қыңжылтатын үлкен мәселе. Абай тағы да: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» - деп жамандық қасиеттерден алшақ болуды меңзейді. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» - деп бес дұшпаннан қашық жүруімізді нұсқап, ұрпағыңа «Адам бол!» - деген терең мағыналы ой тастайды. Абай өмірден өз орныңды тауып, ғылым-білімді игеріп, қоғамға пайдалы әрекет жасауға шақырады.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Тетігін тап та, бар қалаң!» деп ұрпаққа ұран тастады [3, 37-б.]. Жалынды жастарды ынталандырып, өз жолын табуға үндеді. Ұлы ақынның ұлағатты сөздерін ұлықтасақ, ұлт болып ұрпағымызды Абай салған сара жолдан адастырмай, данышпанның дара жолымен жүргізсек – келешегіміздің кемел, болашағымыздың нұрлы жарқын болғандығы. Сонда ғана «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген ақынның жүрегіндегі дертін, қайғысын сейілтер едік. Абай болашақтың ақ таңы үшін өз қоғамымен алысып өтті. Бұл көріністі Абайдың інісі, ізбасары, ақын, жазушы Шәкәрім Құдайбердіұлының мына шығармасынан көруге болады:
Жолама қулар маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға?
Соның да тілің алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгі нең қалар?
Жемтігің жеген жем қалар.
Ақылы асқан Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар... – деп, Абай өз заманынан қиын соққы көрсе де, жақсылыққа үндейтін, шарапаты мол қазына қалдырғаның жырына қосып, жастарға насихаттайды. Ал, дана ойшыл, кемеңгер ақын өз өлеңінде:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімтал, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» - деп өсиет етеді [4, 77-б.].
Қорытындылай келгенде, ақынның азаматтық мақсаты, мұраты, талап-тілегі – бүгінгі ұрпаққа аманат. Әр қазақ еліне, жеріне адал қызмет етіп, ұлтжанды азамат болып бой түзеуі үшін, өз ұлтын Абайдай шын ықыласпен сүюі қажет. Себебі, ақын өз қоғамының, ұлтының кемшілігін қатты сынға алса да, көңілі қалса да, тек бір ғана арман мақсаты – қазағын жігерлендіріп, рухын асқақтатып, төрге жетелеп, биік белеске шығару. Абайдың барлық шығармаларындағы тәлім-тағылымды ой-тұжырымдарын әрбір адам жәй ғана жаттанды түрде қабылдамай, тереңінен зерделесе, әр басқан қадамыңа жол нұсқайтын өмірлік азығы болар еді.
Қарасөздің хас шебері, поэзияның патшасы Абай - мәңгілік құнды тақырып. Абай ілімі – таусылмайтын шегі жоқ телегей теңіз, сарқылмас қазына және ұлт болашағын қалыптастыратын ұлттық рухани құндылық. Абай даналығы – адамдықты жақтап, әділдіктің ақ жолына бағыт-бағдар беретін, ұлттық дүниетанымымызды кеңейтетін рухани байлығымыз.
Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» шығармасындағы: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс, көнсеңіз», - деген өсиетін жастардың санасына тоқысақ ғана, татулық пен тұрақтылықты сақтайтын, егемендігімізді еңселі, тәуелсіздігімізді мәңгі тұғырлы ететін ұлағатты ұрпақ тәрбиелейтінімізге сеніміміз мол. Ұлттық ойдың тірегі болуына және ұлт болашағының жарқын болуына Абай ілімінің қосар үлесі орасан зор.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Абай» Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. – Семей: «Зияткер», 2020. – 94 б.
2 . Картаева А. Абайтану. – Алматы: «Эверо», 2015. – 272 б.
3. Шамахайұлы Қ. Абайтану дәрістері. I том. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық.- Алматы: «Эверо» баспасы, 2015. – 244 б.
4. Шамахайұлы Қ. Абайтану дәрістері. I том. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық.- Алматы: «Эверо» баспасы, 2015. – 244 б.
Достарыңызбен бөлісу: |