Тірек сөздер: сананы жаңғырту, сыр мен сымбат, философиялық категория, ішкі әлем, сыртқы келбет, сыйластық, жастар.
Өз уақытынан озып туған Абай халқының оянуын, надандықты серпіп тастап, адамдық, білім-ғылым, өрелі мәдениет қалыптасқан әділетті қоғамның орнауын арман етті. Оның бүкіл шығармашылығы, ақыл-ойы мен қажыр-қайраты соған бағытталды деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абайды мемлекеттік дәрежеде жалпы халықтық оқуға, танып-білуге шақыруында осындай терең мән бар деп білеміз. Өйткені Абайды оқыған адам адаспайды, өмірдің мәнін салмақтайды, адамдық қасиеттің озық белгілерін бойына сіңіруге жол ашады, ойланады, толғанады.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.
Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» [1] деп жазды автор «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының беташар сөзінде.
Ұлы Абайдың бір қатар шығармалары тікелей жастарға арналған. Онда ақын жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргісі келетінін, қандай қылықтардан бойларын алыс салу керектігін айтады. Өз ортасының психологиясын терең білген ақынның ойлары өткір келеді. Оның себебі заман келешегінің тұтқасын ұстар жастардың қайтсе жақсы болмағы толғантады. Осы ретте 1886 жылы жазылған «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық...» өлеңіне [2,57-58] тоқталалық.
Ақын алдымен «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ» деп бозбалалық шақтың сипатын береді. «Жастықта бір күлгенің бір қаралық» дейді. Жастық, шынында, адамның ең бір қамсыз, уайымсыз, бойда қайраттың толысқан кезі. Бұл уақыт, Абай айтпақшы, өлең айтып, ән салатын, біреуді қалжың қылатын, «қызды ауылға қырындап үйір болатын» кез. Адамзат табиғатының осы бір жайсаң шағын кім-кімде басынан өткізеді. Егделікке бой алдырған пенденің жастық уақытын сағына, аңсай еске алуы да табиғаттың заңдылығы.
Өткінші мына жалғанда жастықта неге мән берген жөн? Енді Абайды тыңдалық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – дуаналық, -
дейді Абай. Әлбетте, жеке адамның өміріне жоспар сызуға болмас. Дегенмен, бірді сүю, тұрақтылық Абайдың айтуында, адамдықтың басы, бойдағы жақсы қасиеттің көрінісі.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса, еңбекпен мал табалық, -
дейді тағы да осы өлеңінде. Абайдың «өнері», біздіңше, кең мағынада. Негізі - өнер-білім. Ұлы ақынның бұл ойы қазіргі жастар үшін де маңызды деп білеміз. «Еңбекпен мал табуды» бүгінгінің сөзімен өрбітсек, кәсіппен шұғылдану. Және ұлы ақын «мал табу» тек «еңбекпен...» екенін ескертеді.
Абай бойда қайрат мол жастық шақтың осындай жақсы белгілерін айта келіп, жастардың бойынан байқалар мінді де тізіп шығады.
«Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық», «Күлкіні онша күйлеп, шуламақ» дейді ақын. «Құмарлық» деген ұғымға Абай кейінгі өлеңдерінде де тоқталады. «Құмарлық» бұл жерде, біздіңше, жеңіл жүріс, көрсеқызарлық, тұрақсыздық. Оның түбі адамға опа бермейді. Ақынның айтуында «әсем салдық» та уақытша. Адам ақырғы өміріне дейін «әсем салдықпен» тіршілік кешпейді, оған да тоқтау боларлық мезгіл жетеді.
«Мал табарлық еңбек» болмаған соң, жарлылық, жалыныштылық, жалтаң көздік, сүйкімі жоқ шалдуарлық, «ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар» жағдай алдыңнан шығады. Міне, осындай жағымсыз қасиеттерді айтқан ақын:
Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық.
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
деп ой түйеді.
Жастық шақта бәрі жарасымды. Ойна, күл. Бірақ Абайдың жастарға бағыттап айтқан үш ғибратын да естен шығармаған жөн деп білеміз.
1886 жылы жазылған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...» өлеңі [2,59-62] «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық...» өлеңінің жалғасы іспетті. Мұнда ақынның жастарға айтар ойы тереңдетіліп, қоғам мәселесімен ұштастырылады.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат, -
деп басталатын өлеңдегі «сыр мен сымбат» философиялық категория, екінші сөзбен айтсақ, адамның ішкі әлемі мен сыртқы келбеті. Әлбетте, адамның жан дүниесі мен сыртқы дүниесі жарасымды келіп жатса, құба-құп. Өкінішке орай, Абай айтқан «сыр мен сымбат» сәйкессіздігі ұлы ақынның заманында да алдынан шығып, талай ойлантып, жастарға арнап сөз айтуға түрткі болса, бүгінгі уақытта да тіршілікте жиі байқалады. Мұндай көрініс жастар арасында да кезігеді. Әсіресе, кітап оқу кейінге ысырылған қазіргі кезде рухани жұтаңдық, немесе тар аяда шектелушілік жиі көрінеді. Шәкірт болып алдыңда отырған әп-әдемі, жақсы киінген студенттің М. Әуезовтің «Абай жолын» оқымауы, болмаса қазақ әдебиетінің өзге де танымал көркем шығармаларын білмеуі жаныңды аяздай қариды.
«Сыр мен сымбаттың жайын» сөз еткенде, Абай алдымен тыңдаушы қауымды үшке бөлінеді: 1. «Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша...» Ондай адамның ұғып алары аз. Бәз-баяғы тоңтеріс қалпында қала береді. 2. «Кейбіреу көңіл қояр ұққанынша...» Бұл адам ұғуға тырысады дегенмен, қаншалықты білгені, қабылдағаны белгісіз. 3. «Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, Абайлар әрбір сөзді ұққанынша...» дейді. «Сөз мәнісін білетін» үшінші адамның ерекшелігі айтылған сөзді жай тыңдап қана қоймай, оған өз бетінше талдау жасауға, ой түюге ұмтылады. Ақынның үміті де осы сөз мәнісін ұғатын жастарда.
Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі адамдық жөніндегі ой-толғамдар бір-бірімен сабақтас келіп, бірін-бірі толықтырып, тереңдетіліп жатады. Ақынның қара сөзінде есті адамның сөзін тұшына тыңдап, өзіндік ой түйетін адамның есті адамның қатарына жататыны айтылады.
Сыр мен сымбаттың бірлігі мен сәйкессіздігі туралы философиялық ойларын Абай күнделікті тіршіліктің өзінен алып, салыстырулар, талдау жасай отырып, оқырманына ұсынады.
Бұл ретте ол алдымен талап мәселесіне тоқталады. Адамның жан дүниесінің өзгерісінде талаптың орны ерекше. «Керек іс бозбалаға – талаптылық, Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық» дейді ақын. Жалпы, талап - ақын өлеңінде жиі айтылатың басты қағиданың бірі. «Талапты ерге нұр жауар» деген халық даналығы да Абай қағидасымен үндесіп жатады. Сыр мен сымбаттың үйлесімділігінің алғашқы шарттарының бірі - осы талап, өнерге ұмтылыс, мінез, жақсы қылық екенін ескертеді.
Екінші айтылатын жай – жастардың өз ара сыйластығы: «күншілдіксіз тату бол шын көңілмен» дейді ғибрат етіп. Мұнда да жастардың бірін-бірі құрмет тұтуы, шынайы көңілмен сыйласуы баса айтылады. «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып. Біріңді бірің ғиззат құрмет етіс, Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» дейді. Сыйластық, бірін-бірі құрмет тұту – мәдениеттіліктің, адамдықтың белгісі.
Абайдың жастардың бойынан көргісі келетін тағы бір жақсы үлгісі – «жолдастық пен сұхбаттастық». Оның қадірін ақынның айтуында жетесіз адам ғана білмейді. Өз ара сұхбаттастық адамның жан дүниесінің байлығымен, ақыл-ойының өресімен, биіктігімен байланысты. Көп білген адамның айтары мол. Бұл кейде білім жарысына ұласып, екі жаққа да көп пайдасын тигізіп жатуы мүмкін. Жаңа идеялар мен тың бастамалар да осындай келелі сұхбат үстінде пайда болуы ықтимал. Ал оқуы жоқ, білімі жоқ адамның не айтары бар. Беті жылтыраған жастың, өкінішке орай, ішкі әлемі бос қуыс болып жататыны кезігеді. Абайдың бұл жерде айтып отырған «жолдастығы мен сұхбаттастығы» ауыл-үйдің өсек-аяңы еместігін ескеруіміз қажет. Ал сол сырластықта досыңның сырын өзгеге жаюға, не болмаса сыртынан сөз айтуға болмайтынын ақын еске салады.
Мұның барлығы ұлы ақынның жастардың бойынан көргісі келетін адамдықтың ізгі қасиеттері. Өлеңде ол осыларды санамалай келе, жастық кезеңге тән үлкен қауіпті алға тартады. Кім көрінсе қызығар, бойда қайрат мол, толысқан әдемі шағыңда «лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме», «салынсаң, салдуарлық қадір қоймас» деп ескерту жасайды. Бұл жайды да қазіргі жастарымыз ой елегінен өткізуі қажет тәрізді. Тұрақсыздықтың, «салдауарлықтың» түбі опа бермейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұның алдында айтылған «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» деген өлеңіндегі ақынның жігітке тілегі - «қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып...» деуі – адам өміріндегі үлкен мәні бар қағида.
Өлеңнің келесі бөлігінде ақын «сыр мен сымбаттың» сәйкессіздігіне өмірдің өзінен мысал келтіріп тоқталады. «Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей көңіл бөлме» деп келетін бұл ғибратта бүгінгі жастар да ойланарлық терең мән бар деп білеміз. Шығармада «шу дегенде артық көрінер сұлудың» отбасындағы кереғар көрінісі біршама таратылып суреттеледі. «Бетім барда бетіме кім шыдар деп, Кімі паңдау келеді, кімі тантық» дейді. Ондай отбасында бақыт, береке болмайды. Өйткені ақынның айтуында, «Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, Жыртың-тыртаң қызылдан шығады ерек».
Ал Абай ұсынар бақытты отбасының үлгісі қандай сонда? «Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, райыс үстіндегі үй» дейді ақын. Бұған кімнің қолы жетеді? Бәрі алдымен жастардың өзіне байланысты. Біреудің өмірін біреу ақыл айтып жөнге сала алмайды. Ақыл айтудан жеңіл нәрсе жоқ. Ал тіршілік иірімдері оған дес бермеуі мүмкін. Сонда да бүгінгі жастар Абайдың сөзіне тағы құлақ түрсе, ойланса, ішкі жан дүниесінің сүзгісінен өткізсе, адаспасы хақ.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, -
дейді ұлы ақын. «Анасын көріп қызын ал» деген халық даналығы да осыған саяды.
Абайдың өлеңдері бір қарағанда қарапайым, жеңіл оқылғанмен, ойлары қат-қабат болып келеді. Ал оның тереңіне ой жүгірту соншалықты оңай емес. Кейде ақын өлеңінің бір жолының өзі ұзақ сонар әңгіменің өзегіне айналады.
Абай айтқан «сыр мен сымбат» - бұл адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы дүниесінің бір-біріне сәйкес келуі. Адам жас кезінде көрікті, сымбатты. От-қызуы бойында. Ал соған сәйкес оның ішкі жан дүниесінің әлемі сәйкес келіп жатса, қанеки. Бұл бүгінгі жастардың да ойланарлық күрделі мәселесі.
Біз сөз еткен «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...» өлеңінің тарихына қатысты М. Әуезов монографиясында мынандай бір дерек келтіріледі. «Әрине, бұл тұста Абайдың «Жаз» сияқты бірер өлеңі 1890 жылдарда Омскіде шығатын «Дала уәләяті» газетінде басылғанын ескерте кету керек. Және сол жылдарда, Абайдың өзі тірісінде, оның «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген бір өлеңін Жүсіпбек деген адамның көріне ұрлық жасап, Қазан баспасы арқылы, өзі шығарған бір жинақтың басына, сол баспаханаға жазған өз хаты есебінде бастырып жібергені бар» [3,16] деп жазады.
М. Әуезов жастар тақырыбына арналған «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерінің жаңалықтарына жан-жақты талдау жасай отырып, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңіне де тоқталып өтеді. Алдыңғы екі өлеңге қарағанда, «идеялық жағынан төменірек» деген автор ақынның қазақ жастарының үй іші тірліктеріне, бір-бірімен кездескен мәжіліс әрекеттеріне, әсіресе достық жайына көп көңіл бөілінетінін айтады.
«Бұндағы үгіттеп отырған оқушылары да бала жастар емес, жігіттікке, кісілікке ілігіп қалған өскелең жастар. Солардың арасында қиянатсыз достық айтумен өз ұғынуындағы адамгершілік, адалдық мәселелерді жол етіп ұсынады. Алдыңғы ата, әке буындарының мінезіндегі боямалық, жалған татулық, қиянаткерлік атаулыдан сол аталардың нәсілдерін сақтандырмақ болады. Және достықты, татулықты ер мен ер арасындағы ғана қарым-қатынас демейді. Үлкен достықты, шын мағынасындағы тұрақтылықты жас жігітке ең әуелі өзінің жары мен үй іші тірлікте мақсат ету қажет екенін айтады. Әйелің, құрбың – барлығын да адамгершілікпен дос ете біл дейді. Қазақтың әйеліне арналатын кейінгі адамгершілік, әділет, моральдық ойларының басын осы өлеңде айта бастайды» [3,118] деп қалам тербейді ұлы жазушы М. Әуезов.
Ұлы ақын Абайдың әрбір өлеңінде терең сыр, өмір шындығынан туындаған келелі мәселелер бар. Ақын оларға сыншылдықпен, философиялық ой толғаммен қарайды. Өз тұсындағы қазақ психологиясын дәл аңдап, өткір суреттейді. Біз айтқан қазақ жастарына арналған «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...» өлеңдерінде айтылған адамдық мәселелері бүгінде де маңызын бір мысқал жойған жоқ.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, бір Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыртуға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» [1] деп жазуының бағдарламалық мәні бар. Осы сипат ұлы ақын Абайдың өлеңдерінен айқын көрінеді.
Әдебиеттер тізімі
Тоқаев Қ. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» / Егемен Қазақстан, 9 қаңтар 2020 ж.
Құнанбаев Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1977. – 454 б.
Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар / Құраст. Н. Ақбаев. – Алматы, «Санат», 1995. – 320 б.
Достарыңызбен бөлісу: |