Өлеңдері Алла дегенсөз жеңіл Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес. Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін. Ақылға сыймас ол алла, Тағрипқа тілім қысқа аһ! Барлығына шүбәсіз, Неге мәужүт ол қуа. Ақыл мен хауас барлығын Білмейдүр, жүрек сезедүр. Мұтәкәллимин, мантикин Бекер босқа езедүр Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?