АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАР
Уалиханова Айнұр, аға оқытушы
М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент қ.
Бала тәрбиесі қай кезеңде де назардан тыс қалып көрген емес. Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран шағында, адам бойындағы адамдық нормалардың ауытқып бар жатқан кезінде жастар тәрбиесі, әсіресе жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу мәселесі - өте-мөте маңызды мәселе. Бұл жолда ғылыми қалыптасқан тәрбие бағыттарымен қатар, ғасырлар бойы сыннан өтіп, өз-өзін дәлелдеген халық педагогикасының алар орны ерекше. Себебі ұлтымыздан шыққан небір ғұлама-даналар, кемеңгер тұлғалар осы халық педагогикасынан тәлім алып шықты. Өздері де жас ұрпақ тәрбиесінде сан ғасырларға жетерлік ұлағатты өсиеттер, соны пікірлер қалдырып кетті.
Халық қазынасының қайнар бұлағынан сусындап өскен, халқымыздың дана перзенттерінің бірі Абай Құнанбаевтың әрбір мұрасы замана жастарына, келер ұрпағына арналды. Оның шығармашылық қызметінің басты мұраты адам тәрбиесі болды. Ұлы ақынның педагогикалық тұжырымдары педагогикадағы адамды жан-жақты, үйлесімді етіп тәрбиелеу мақсатымен астасып жатыр. Демек, жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу А.Құнанбаевтың педагогикалық мұраларының түйіні.
Абайдың «Толық адам» тәрбиелеу идеясы өлеңдері мен қарасөздерінен айқын көрініс тапқан.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста
Сонда толық боласың елден бөлек»,- деп өлең жолдарын өрнектесе, қарасөздерінде де өзінің өмірлік мүддесін әр қырынан баяндайды. Он жетінші сөзінде Абай ақыл, қайрат, жүрек үшеуін өзара айтыстырады. Осы сөзіне үңілер болсақ, еңбек ету үшін, ғылым-білімді меңгеру үшін адамға жасымайтын қайрат керек, ал ақылсыз өнер, білім адамның бойына дарымайды, бірақ, жүрек соқпаса адам өмір сүре алмайтыны белгілі дегенді айтады. Демек, адам жан-жақты, жақсы, асыл қасиетті болу үшін оның бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үшеуі бірдей болып, тең табысуы шарт деп түйіндейді Абай.
Абай адамгершілік, имандылық, адалдық, еңбекқорлық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттерді өзі өмірлік ту етіп ұстап, оларды өзгелерге насихаттаудан жалықпады және жақсы мен жаманның, адалдық пен зұлымдықтың, білімділік пен надандықтың ара жігін ашып беріп отырды.
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз»,- деген жолдар жастарды имандылыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа үндейді, сонда ғана шын мәніндегі адам боласың деп үйретеді.
Бұл ойы одан әрі отыз сегізінші қара сөзінде өрби түседі: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық»1,- дейді. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі еріншектіктен шығады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.
Шын мәнінде толық адам болу үшін қажетті адамгершілік қасиеттер көп-ақ (адалдық, әділеттілік, ар-намыс т.б.), бірақ солардың ішінде бес асыл іс деп Абай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды алып отыр. Абайдың бұл ойы ислам уағыздарымен үндесіп жатыр.
«Адам баласының ең жаманы – талапсыз», «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың» деп әрбіріне сипаттама беріп өтеді.
Абай жастарды еңбек етуге, ғылым-білімді игеруге уағыздады. Халқымыздың болашағы деп білім алып жүрген қазақ жастарына үлкен үміт артты. Жалындаған жастық шағын оқуға, ғылымға жұмсауын ескерді.
«Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз»,- деп ғылым-білімді жер бетіндегі барлық байлықтан, атақ-беделден жоғары қояды да, оны жеке басының қамы үшін емес, халқына адал қызмет ететін «толық адам» болып шығуы үшін үйренуді талап етті.
Ғылым үйрену, өнер үйрену өзі де жақсылық жолы – ихсан. «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек». Олай болса, ғылым, өнер үйренудегі ең басты мақсат халқыңа қызмет ету, халқыңды қараңғылықтан, надандықтан құтқарып, әділетті жолға салу. Ғылым, білімді меңгерген, парасатты адамның бойында ізгі қасиеттер болмаса, мұндай адамның қоғамға қауіп төндірері хақ.
Сондай-ақ, «ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек», «Әрбір ақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт»,-дейді.
«Адам жанының құмары – білмекке құмар»,
«Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды»,- деп Абай жастарды оқу-білімге талаптандырады. Адам ғұмыры өте қысқа, бірақ сол қысқа ғұмырыңда бір нәрсе білуге, бір шындықа көзіңді жеткізуге ұмтыл дейді өз ұрпағына данышпан ақын.
Өз заманындағы қазақ халқының арасындағы қараңғылыққа, сауатсыздыққа жаны күйген Абай туған халқын түзеудің бір жолы – ғылым, өнер, ал оған барар жол – еңбек деді.
Абай еңбек тәрбиесі – оқу-білім игерудің негізі деп, барлық тәрбие көзін
1Абай. Қарасөз.Поэмалар.Алматы,1993. 101 - бет
еңбектен іздеді. Оның пікірінше, еңбек – адамды жан – жақты дамытып, ғұламалыққа көтереді, жетелейді. Еңбек тек күн көріс, мал табудың көзі емес, ол адамгершілікке, еркіндікке бастайтын жол. Абай сөзімен айтқанда:
«Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай беттен
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас».
Мұнан әрі өз ойын:
«Тамағы тоқтық,
Жұмысы жооқтық
Аздырар адам баласын»,- деп түйсе,
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей»,- деп жастарды еңбекқорлыққа, еңбекті құрметтеуге, бағалауға шақырады, адал еңбекті жоғары бағалайды.
Абай әрбір жастың бірден – бір кәсіпке дағдылану машығының неғұрлым ертерек, жастық шақта қалыптасуын құптады. Еңбек ету үшін табандылық пен талаптылық сияқты қасиеттердің керектігін ескертті.
Ол жастарды еңбекке баулуда күнделікті отбасы тәрбиесіне, ата-аналардың жауапкершілігіне ерекше мән берді.
«Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» - деген жолдардан баланың болашағына жауапкершілікті алдымен әкеге артатыны, әкенің ақылы мен жол көрсетуінсіз жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мүмкін еместігін көрсетеді. Сондай-ақ, ұрпағының ұлағатты болып өсуін ата-ананың үлгі-өнегесінен де көреді. «Ата-ананың ақылына көңіл бөл, өміріңді бос ойын – сауыққа, бойкүйездік пен мақсатсыздыққа айналдыруың түбінде өкінішке әкеледі»,- дейді.
Абай шығармаларынан орын алған тағы бір үлкен мәселе - жастарды жұбайлық өмірге дайындау, жар таңдай білуде жол көресту.
«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»,- деп, жар таңдауда тәрбиелі, салиқалы ананың қызын өмірлік жар ет деген ақыл-өсиет айтады. Бойына адамгершілік қасиеттерді жинай білген қыз, міне, болашақ жас шаңырақтың берік қазығы сол болмақ. Тұрмыс құрған соң отбасының берекесін кетіретін салақ әйелдер жастайынан еңбекке баулынбаған қыздардан шықпақ. Сондықтан, жастайынан қыздарды жұбайлық өмірге, еңбекке баулу, инабаттылық, кішіпейілділікке тәрбиелеу әрбір ананың борышы. Осылайша Абай қыз бала тәрбиесінде ұлттық дәстүр мен салт-сананы басшылыққа алуды ұсынды.
Ата-ана, үлкендердің үлгі-өнегесі, тәрбиесімен қоса, Абай жастарды өзін - өзі тәрбиелеуге шақырды. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен есеп ал»,- деген Абай сөзі жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың бойында өзіне деген берік сенімін қалыптастырары сөзсіз. Өз-өзіңе есеп беру арқылы бүгінгі жіберген қателігіңді ертең қайталама, бүгінгі жасап үлгермегеніңді ертең орнын толтыруға тырыс.
Өз өмірінде достық пен қастықты, әділдік пен қиянатты көп көрген Абай «Жолдастық, сұқпаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес»,-
дей келе, адамдар арасындағы достық пен жолдастықты жоғары бағалады, нағыз шынайы достық жүрегі таза адамдардың бойынан табылатын қасиет, адамзат қоғамындағы ең бір жасампаз ұғым деп біледі.
Онан әрі «Жаман тату қазады өзіне ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор...»,- деп жалған достық пен екіжүзділікті сынайды.
Сонымен, данышпан ақын маржандай төгілген өлеңдері, көсем сөздері арқылы өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын жинақтап, өз ұрпағының бойындағы кемшіліктерді түзеуге, оларды жөн жолға салып, тәрбиелеуге, саналарына сәуле құйып, қанаттандыруға, талаптандыруға арнады. Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке ұмтылған бүгінгі күні ұлттық қасиеттерді бойына жинақтаған толыққанды азамат тәрбиелеуде Абай мұраларының маңызы зор.
Пайдаланылғын әдебиеттер
Абай энциклопедиясы. (Нұрғалиев Р.Н. редакторлығымен) Алматы: «Атамұра» баспасы,1995
Машанов А. Әл – Фараби және Абай. Алматы: Қазақстан,1994
Шаймерденова К. А. Құнанбаевтың жастарды жұбайлық өмірге баулудағы этикалық-педагогикалық ойлары. Алматы, 1986.
Абай. Қарасөз.Поэмалар.Алматы,1993
Достарыңызбен бөлісу: |