Абайдың бір өлеңін талдау (студентің өз қалауы бойынша)
Абайдың аудармалары («Абай» эниклопедия, А., 1995. 97-101 беттерде)
Абайтану – әдебиеттану ғылымының арнаулы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді.М.Әуезов туған халқының әдебиеті мен ауыз әдебиетінің, Ұлы Абайдың көркемдік әлемінің кәусар бұлағынан сусындап, солардың игі дәстүрін өз бойына сіңіру, оларды байытып, дамыту үстіндегі бүкіл әлемдік көркем ойдың асыл қорына баға жетпес үлес қосты.
Жазушы ұлы Абаймен рухани жақындығы қазақ әдебиетінің биік шыңға көтерілуіне игілікті әсерін тигізді. Абай арқылы қазақ елі тарихының эпопеясын сомдады. Ал Абайдың өмірі мен әдеби мұрасына келсек, М.Әуезов оған ерте кезден-ақ зер салған. 1918 жылы ол «Абай», 1925 жылы «Таң» журналдарына ұлы ақынның шығармаларын «Абайдың Әбдірахман деген баласы өлгенде жоқтап айтқан өлеңдері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері» деген атпен бастырған. Арада жылдар өткен сайын Абай мұрасына жазушы тереңірек үңіле бастады. Сол замандағы өмір салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана-сезімді, ұлттық менталитетті түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес еді.
Абайтанудың алғашқы негізін де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім, Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Себебі Абайдың жаңа типтегі ақын, қоғам қайраткері боп қалыптасқанын көрсету үшін, сол дәуірдің тарихи шындығын яғни жасаған әлеуметтік ортасы мен араласқан адамдарын, руларын, билік атаулары мен жер аттарын, ақын шығармалары нәр алған бұлақтарын, Абай мұрасындағы жаңа бағытты, Абай өлеңдерінің жазылу себептерін т.б. көптеген қосалқы мәселелерді қамту қажет еді. Бұларды тұтас қамту, дұрыс шешімін, бағыт-бағдарын табу - жазушыға зор даярлықты, қуатты шығармашылық ізденісті талап етті.
Абай өмірбаянын қалпына келтірудің басты әдісі – ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы М.Әуезов көп шындықтың бетін ашады. Осы арқылы жазушы Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.
Абайдың ғылыми өмірбаяныны ойдағыдай жазып шығуы арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүгізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешендегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орыны» деген баяндамасы – осы әрекеттің айғағы.
М.Әуезов 30-жылдары Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білді.
Ұлы Абайдың көзі тірісінде жарық көрмей қалған қымбат қазынасын жинастырып, баспаға әзірлеген, сонан соң оны ғылыми ыждағаттылықпен зерттеген М.Әуезовтің еңбегі оның Абай тақырыбына арналған көркем шығармашылық мұрасымен пара-пар еді.
Бұл бағыттағы М.Әуезовтің ең бірінші еңбегі – ақынның танымдық, мағлұматқа бай ғылыми және шығармашылық өмірбаянын жасап бергендігі. Сонау 1933 жылғы Абай жинағында жариялаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты.
Абайдың жалпы шығармашылық мұрасына арналған ғылыми еңбектердің ішіндегі ірісі – М.Әуезовтің осы монографиясы. Он тараудан тұратын бұл жұмыстың бастапқы үш тарауында абайтанудың ең алғашқы қадамдарынан бастап, елуінші жылдарға дейінгі бұл игілікті іске қосылған ірілі-ұсақты зерттеулер, сын мақалалар.
Жазушы кейінгі тарауларда Абайдың жастық шағындағы шығармалары бір жүйе, ал қаламгер ретінде қалыптасқан кезеңдегі туындылары жанр-жанр бойынша қарастырылады. Сол тараулардың ішіндегі маңыздысы - «Абай лирикасы» деп аталатын бесінші тарау.
Бұл тарауда М.Әуезов ақынның шығармашылық ғұмырының соңғы жиырма жылдан астам кезеңдегі өлеңдерін хронологиялық тәртіппен алып, оларға жан-жақты талдау жасайды. Тарауда өлеңнің шын мәніндегі лирикалық шағын түрлерін алғаш рет енгізген Абайдың жаңашылдық үрдістері сипатталады. Жазушы ақынның әр шығармада әр қырынан көрінген шыншыл реалистігін, суреткерлігін, қоғам өмірі мен адам мінезін бейнелеудегі сыншылдық бағдарын әрдайым ерекше мән бере атап көрсетеді,
Сонымен қатар талғампаз да талапшыл ғалым Абайдың жекелеген туындыларына сын пікірлер айтып, жеке бір өлеңнің мазмұнында, көркемдік шешімінде ақынның кемшін түсіп жатқан жерлерін көрсетіп отыруының да тағылымдық мәні зор еді.
М.Әуезов мұрасын зерттегенде, сөз болып отырған монографиямен ғана шектеліп қалған жоқ. Бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы ой таразысынан өткізіп, кеңінен толғай жүріп, жазушы ақын шығармашылығына байланысты өте маңызды проблемаларға арнап жекелеген мақалалар жазды, баяндамалар жасады, шабытты сөздер сөйледі. Солардың ішінен «Абай ақындығының айнасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Ұлы ақын, ағартушы – Абай Құнанбаев», «Орыс классиктері мен Абай», «Пушкин мен Абай» сияқты зерттеу мақалаларын ерекше атауға болады.
Мұхтар Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттасын, киноценарий жазды. «Абай» трагедиясында ақын өмірінің соңғы кезеңі бейнеленген. Мұнда Абай – халықтың ортасынан шыққан ең таңдаулы адамдардың қамқоршысы, халық мүддесін жақтайтын күрескер, өнер-білімді уағыздаған өнерпаз ақын, әнші жастардың тұтас бір ұрпағының тәрбиешісі. Пьеса біздің көз алдымызға үлкен ойшыл, прогресс пен мәдениет жолындағы күрескердің алып тұлғасын елестетеді. Мұхтар бұл трагедияға дейін Абай жайында роман жазуға бел байлайды.
Жазушы көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қортындысы ретіндегі Абай мұрасы жайлы монографиясы мен «Абай жолы» эпопеясын жазды. «Абай жолы» эпопеясында жазушы бірінші кезекте Абай дәуірінде қазақ елінің тұрмысына түскен ірі тарихи өзгерістердің негізі мен ақын шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындарды тудырып отырған замана шындығына баса көңіл бөлген. М.Әуезов ақын өмірбаянын қайта-қайта өңдеп, толықтырып жазу үстінде Абай өмірі мен заманы жөнінде ел аузындағы естеліктерді жиып, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оны Абай шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындармен салыстыра отырып, басты тарихи арнаны табады. Жазушы Абайдың өмірбаянын жазуда шешуші орын алған сұрастыру, әңгімелесу, естелік жию жолымен жинастырған көл-көсір деректерді талдап, талғай қорытып алған ой тұжырымдауының көбі эпопея желісіне өндірудегі қайталанбас суреткерлік өнер бірден танылып тұрады.
1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді болашақ романның тарауы ретінде жоспарланған еді. Жазушы өз шығармасын Абайдың ұлы Пушкинмен рухани жақындасуын көрсетуден бастаған. Бұл автордың ойынша романның негізгі идеясын айқындайтын өзекті тақырыптардың бірі болатын. М.Әуезов көп ұзамай өз ойын жалғастыруға кірісті. Жазушы әуелі екі кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұның жалғасы ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұнын ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай жолы» романын жазды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, 4 томдық, «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. М.Әуезов өзінің дарындылығы, ойшыл-даналығы, халықтың тілек-арманын, тарих тағылымын терең ұға алатын білгірлігі арқасында алдына қойған мақсатына жетті. Жазушы кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгіледі. «Абай жолы» эпопеясы уақыт сынынан мүдірмей өтіп, адамзаттың ақыл ойы, көркемдік даналығы туғызған ең үздік, ең таңдаулы шығармалардың қатарынан орын алды. Эпопеядағы Абайдың тұлғасы, қай жағынан алсақ та, халықтың тағдырымен тамырлас, ажырамас бірлікте көрінетін, әлем әдебиетіндегі аса ірі көркем бейне.
М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ тарихи орны бар ұлы ақынның ғылыми өмірбаянын жазуды алғаш рет қолға алғанда осы бір үлкен жауапкершілікті ұғына білді. Жазушы қолға түскен беймәлім деректердің ғылыми тұрғыдан сырын ашып, оларды Абай атқарған ақындық-қоғамдық қызметіне сәйкестендіріп беруге күш салды. Абай өмірбаянын сан рет өзгерте жазып, уақыт өткен сайын дәуір талабына сай толассыз іздену, соны деректер көзін еселеп табу арқылы оны жаңғыртып, өсіріп, тереңдетіп отырған. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы Абай өмірбаяны жөнінде деректерді, сұрыптау жолында «Абай жолына» аса қажетті көл-көсір тарихи деректер көзінің ірге тасын қалады.
Абай шығармашылығын зерттеудің кейбір маңызды проблемаларын өзі тікелей қарастыруға мүмкіндігі болмаған тұстарда, оларды мәселе қою түрінде әдеби жұртшылықтың талқысына салып, бұл бағыттағы жемісті жұмыстың жөн-жобасын, әдістемелік принциптерін анықтап берген еңбектері және бар. Олардың ішінен, мәселен, «Абай жайын зерттеушілерге», «Абай мұрасы жайында», «Абай Құнанбаев шығармашылығын зерттеудің маңызды мәселелері» сияқты мақалаларын атап өтуге болады.
Сонымен қатар М.Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б.Байғалиевтің «Абай өмірі – мұрағат деректерінде» монографиясы, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» монографиясы, «Абай және Шығыс монографиясы, Қ.Салғариннің «Тереңге тартқан тамырлар» зерттеуі, С.Оразалиевтің «Абай және Дауани», Ғ.Есимовтің «Хакім Абай», А.Машановтың «Әл Фараби және Абай»
Ж.Ысмағұловтың «Абайдың ақындық тағылымы», М.Бекбосыновтың Абайдың библиографиялық көрсеткіштері (1965, 1988, 1995), М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» т.б. зерттеушілердің зерттеулері жазылды. Қорыта айтқанда ХХ ғасырдың бас кезінде басталған Абайтану мен Абай дәстүрін игеру мәселесі шектелмейді, қазіргі Тәуелсіздік кезеңдегі әдеби процеспен сабақтасып, жалғасын тауып жатыр.
Саналы ғұмырын әдебиет пен ғылымға арнап, шығармашылықтың шыңына шыққан кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің әдебиет әлемі қазынасына әкелгені аз емес. Жазушының көркем шығармалары өзінше бір төбе де, қазақтың ұлы ақыны Абай өмірін тереңінен зерттеуі бір төбе.
Жазушы 1924 жылдан бастап Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді зерттеп, жинас-тыруды қолға алған еді. Осы тұста алғаш рет Абайдың толық басылымының тұңғыш нұсқасын жасауға кірісіп, ақын шығармаларының толық жинағын жариялауды тиісті ресми орындар алдына қоюы мен Абайдың тарихи орнын анықтауға ұмтылуы – абайтану негізінің 20-жылдар басында-ақ қаланғанын көрсетті.
Әсіресе осы жылдардан бастап ақын жайлы деректерді ел аузынан жинастырғанда алдымен Абай өмірін зерттеуді тарихшы ретінде бастағанын ескертеді де [1,9]. Жас ғалымның мәселені әуелі тікелей тарихшы ретінде Абайдың өмірбаянын зерттеуден бастауы да жай нәрсе емес-ті. Өйткені тұңғыш рет жазылған Абай өмірбаяны – абайтану мен «Абай жолы» эпопеясының да тарихи желісінің іргетасына айналғаны жұртшылыққа мәлім.
Абай өмірбаянын жазып, тұңғыш толық жинағын даярлаумен қатар, М.Әуезовтің монографиялық еңбегі автордың көр-сетуінше 1925 жылы Ленинградта аяқтал-ған. Осы еңбектен М.Әуезов жалпы қазақ ақындары өмірін жете білмей тұрып, бұл ақындар шығармаларының табиғатын толық танып білу ісі қиынға түсетінін өз тәжірибесінде мықтап ұғынған, осы себептен де: «...ақындардың өмір тарихын білсек, соның әрқайсысы өмір сүрген заманның тірі пішінді белгісін тауып алғандай боламыз» [2,14] деп ескертеді. Яғни зерттеуші әрбір ақын өмірін терең білу – сол ақын шығармасын талдауда ол өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік болмысын танудың өзекті желісін, кілтін тапқандай пікір білдіреді. Демек, Абайға дейінгі қазақ ақындарының өмірбаянын зерттеу ісін қолға алғанда, оны қай тұрғыдан зерттеу мәселесі жайлы өзіндік ой тұжырымы мен дербес пікірін біраз қалыптастырып қалған қалпын танытады. Бұл болашақ ғұлама ғалымның бойындағы ғылыми зерттеу ісіне даярлықтың сол тұста-ақ биік деңгейде болғандығын аңғартады да.
Қазақ әдебиетін жинау, зерттеу жолында 20-жылдардағы елеулі орын тепкен кемшіліктердің бірі: «...бізде бұл уақытқа дейін Абайдан арғы ақынның өмірі туралы жиналған мағлұмат жоқ. Бүгінде қазақ ескілігіне көз салып, жинастырып жүрген азаматтардың қатты ескеретін бір жұмысы осы болу керек» [2,4-5] – деп жазу арқылы М.Әуезов Абайдың өмірбаяны жайлы деректердің біршама жиналғанынан хабар беріп тұр. Келешекте қазақ ақындары шығармаларын зерттеуде алдымен қолға алар жұмыстың бірі – ақындар өмірбаяны болу керектігіне ерекше назар аудартады да, «енді Абайға көшеміз» деп, болашақ зерттеу жұмысының ғылыми нысанасы неден басталарына меңзейді. Абай өмірбаянын жазуды алдымен қолға алып, ол жайлы деректерді ел аузынан жинап, естеліктер берген тірі архив иелеріне көп көңіл бөледі. «Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім. Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім» [3,27] – деп еске алып өтеді.
1922 жылдан бастап Мұхтар Әуезов Абай шығармаларының толық жинағын құрастыру, Абай өмірбаянынан деректер жинау, ақын мұрасы жайлы ғылыми мақалалар жазып, Абай өмірі мен творчествасын баспасөз бен дәріс оқу орны арқылы насихаттау жұмыстарын қатар жүргізеді. Осы көп салалы күрделі жұмыстар арасында, Абайдың ғылыми өмірбаянын сан рет қайта жазу үстінде осы ұстанған жолдарын дамыта отырып, өз танымының өзгеру, жетілу деңгейіне сәйкес үнемі қолданып отырғаны М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалды музейі-нің архив деректерімен салыстыра қарағанда барынша айқындалып отыр.
М.Әуезов Абайдың бастан кешкен қайталанбас өмір жолындағы ақын санасына өз таңбасын қалдырған әртүрлі әлеуметтік ірі оқиғалар тарихымен тереңірек танысқан сайын, олардың ақын шығармаларындағы көрінісін аша түсуге ерекше ден қояды. Абай жасаған әлеуметтік ортаның шындығы мен ақын өлеңдеріндегі басты сарындардың үндесуін, байланысын ашып отыруды биограф өзінің зерттеуінде шешуші тетік ретінде ұстанған.
М.Әуeзов 30-жылдaры Aбaй мұрaсынa әрқилы бaғa бeріліп, қым-қиғaш пікірлeр aйтылып жүргeндe, aқынның ұлылығын, қaлдырғaн мұрaсының aсa құндылығын тaни білді.
Ұлы Aбaйдың көзі тірісіндe жaрық көрмeй қaлғaн қымбaт қaзынaсын жинaстырып, бaспaғa әзірлeгeн, сонaн соң оны ғылыми ыждaғaттылықпeн зeрттeгeн М.Әуeзовтің eңбeгі оның Aбaй тaқырыбынa aрнaлғaн көркeм шығaрмaшылық мұрaсымeн пaрa-пaр eді.
М.Әуeзовтің Aбaй өмірбaянын жaзуғa соншaлықты зор мән бeруіндe aқын мұрaсынa нeғұрлым тeрeңдeп eнгeн сaйын, ондaғы Aбaй дүниeтaнымының өзeкті тaмырлaрын жeтe тaнуғa бeт aлғaн. Осы сeбeпті Aбaй өмірбaянынa жылдaр өткeн сaйын қaйтa-қaйтa aрaлaсып, соңы, тың дeрeктeрмeн толықтырып, ғылыми мәнін aрттырып отыруғa көп күш сaлғaн. Осы aтaлмыш қиыншылықты eртe сeзінгeн проф. Ғ.Сaғди 1923 жылдың ішіндe-aқ өзінің зeрттeу тәжірибeсінeн aйқын көріп, Aбaй Құнaнбaeв мұрaсын зeрттeудeгі бaсты кeдeргінің бірі – aқын өмірбaянының жaзылмaуындa eкeнін aтaп көрсeтті.
М.Әуeзовтің 1933 жылы бaспa бeтіндe жaрық көргeн «Aбaйдың туысы мeн өмірі» дeгeн aтпeн бeрілгeн Aбaй өмірбaянының aлғaшқы нұсқaсы болaтын. М.Әуeзов: «Мeнің тaрaпымнaн Aбaй өмірбaянының төрт нұсқaсы жaзылды: біріншісі, 1933 жылы Aбaй шығaрмaлaрын бaстыру үшін, eкіншісі, 1940 жылғы бaсылым үшін, үшіншісі, 1945 жылы жaзылғaн, бірaқ жaриялaнбaғaн нұсқaсы. Eң соңғы яғни төртінші нұсқaсы 1950 жылы жaзылды. Осыны қaзіргі күндe eкінші рeт рeдaкциялaу үстіндeмін» дeп жaзғaн болaтын 1951 жылы aбaйтaну жaйлы дискуссиядa сөйлeгeн сөзіндe. Aбaй өмірбaянын ғылыми тұрғыдaн жaзуғa М. Әуeзов 1924 жылдың өзіндe-aқ кіріскeн. Aбaй туыстaрымeн әңгімeлeсу, Көкбaй мeн Тұрaшқa eстeлік жaздыру, «Aбaй өмірбaяны турaлы» бaяндaмa оқытуы сияқты қызу әрeкeттeрдің бәрі дe Aбaйдың ғылыми өмірбaянын жaзуғa дaярлықтың aлғaшқы бaрысын көрсeтeді [6,32].
Мұхтар Әуезов ақын өмірбаянына қатысты деректерді тізбектей жинап жинастырса, оның жолымен көптеген ғалымдар абайтану ғылымының іргетасын құруға өз үлестерін қосты. Қайым Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері», Серік Қирабаевтың «Абайтану кезектегі міндеттері туралы», Зәки Ахметовтың «Сіздерге еркін тиер байқап қара», Мекемтас Мырзахметұлы «Абай өмірбаяны – абайтанудың іргелі саласы» т.б көптеген еңбектерінің абайтану ғылымына қосқан үлесі өте зор.
Бүгінде абайтану үлкен ғылым. Оның сан-салалы тақырыптарға тарамданып, Абайдың өмірі мен шығармашылығынан бөлек көкжиегі кеңейіп кетті. Ақынның тумыс-тіршілігі, ақындық айналасы, ақын шәкірттері, абайтанушы ғалымдар еңбегінде тамыры тереңге жайылып келеді. Кезіндегі Әуезов бастаған игі істің жеміс беруі үлкен жетістік. Еңбек еш кетпеді, ұрпақ бұлақтың көзін аша білді. Ендігі тұжырым ыстық қайрат, нұрлы ақыл мен жылы жүректі қатар ұстап, бағытымыздан айнымау болмақ.
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған) Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзірбайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Сарыарқада жатқан Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс. Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, орыстың ол кездегі алдыңғы қатардағы идеясымен танысып, оларға Сарыарқадан үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшалық Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларының Абайға ұнауы, олармен өзінің мұңдас болуы, осы елдердің ұлы ақындарының идея-тілектерінен туды. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары ол кездегі қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство иелері екендігін Абай жақсы ұғынды. Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер. Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» («Кинжал»), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін адам аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары мәдениетті, үлкен идеяны қолдаушы басқа елдердің ұлы ақындары мен қазақ жұртшылығы араларындағы дәнекер болды. Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады. Қазақшасы: Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт дел-сал қып, Түн басады салбырап. Шаңдай алмас жол дағы Сыбдырламас жапырақ, Тыншығарсың сен дағы, Сабыр қылсаң азырақ... Орысшасы: Горные вершины Спят во тьме ночной, Тихие долины Полны свежей мглой. Не пылит дорога, Не дрожат листы, Подожди немного - Отдохнешь и ты...» (227) Осы өлеңнің соңғы төрт жолы орысшасына дәлме-дәл. Әрине алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда, сөз орнының ауысуы, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу - аударманың жалпы заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары - «Жалғыз жалау жалтылдап», «Қонады бір күн жас бұлт», т.б. дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және бір түрі деп «Онегиннің сипаты» (Пушкин), «Қанжар», «Жолға шықтым», «Теректің сыйы», «Дұға», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» (Лермонтов) атты өлеңдерін айтуға болады. Мұнда өлеңнің буыны, ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буындарының аз-көбіне қарамай, бәрін де қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқастарымен аударады. Лермонтовтан аударғандарының көпшілігі шалыс ұйқас (а-в-а-в-), Абайда (а-а-в-в-) көпшілігінде - қара өлең ұйқасы. «Онегиннен» аудармасында осылай тәрізді буын ұйқастары сақталмайды. Бірақ бұларды да дәл аудармалардың қатарына қосуға мүмкіндік беретін және бәріне тән бір нәрсе - түпнұсқадағы автордың айтайын деген ойын толық сақтап, ондағы образдарға дәл келетін қазақша баламасы бар образды сөз табу. Жоғарғы аталған өлеңдердің қайсысын алсақ та, осы жүйені берік сақтайды. Мысал үшін Онегиннің орысша, қазақша мінездемесін алалық. Орысшасы: Как рано мог он лицемерить, Таить надежду, ревновать, Разуверять, заставить верить, Казаться мрачным, изнывать, Являться гордым и послушным, Внимательным, иль равнодушным! Как томно был он молчалив, Как пламенно красноречив. В сердечных письмах как небрежен! Одним дыша, одно любя, Как он умел забыть себя! Как взор его был быстр и нежен, Стыдлив и дерзок, а порой, Блистал послушною слезой! Қазақшасы: Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. Кейде паң, кейде көнгіш орныменен, Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен, Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен. Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе, «Дем алысым, құмарым бір сен» десе, Жанын құрбан жолына қылған жансып, Көз қарауы құбылар әлденеше. Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік, Қамыққансып, қайғырып орны келсе. Бұл өлеңді ұйқасы, не тармақтары (жолдары), буын саны бірдей келмесе де, дәл емес деуге болмайды. Мазмұны да, мазмұнды берудегі образ, сөз мәндері дәлме-дәл. Сондықтан біз мұны да дәлме-дәл аударма деп санаймыз. Дәл аударманың осы соңғы түрімен байланысты айтылған «Қанжар», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» бәрі де «Онегиннің сипаты» тәрізді ұйқас, буын сандарын сақтамағанмен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған. Кейбіреулерінде шумақ, не бірнеше жолдарын Абай аудармай кететіні рас. Бірақ ол - өз алдына мәселе. Біздің бұл жердегі айтпағымыз - ақынның неге аудармағаны емес, аударған жерлерін, өлеңдерін қалай аударғаны. «Онегиннің сипатынан» келтірілген үзіндінің орысша, қазақшасын салыстыра оқыған адамға дәлдігі айқын көрінеді. Кім аударса да, бұдан артық дәл, бұдан артық жанды етіп аудара алуы екіталай. Екінші түрі - ерікті аударма. Бұған жататындар - «Онегиннің Татьянаға жазған хаттары», Крыловтан аударған кейбір мысалдар және қара сөзді өлеңмен аударған «Вадим» поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғуынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады. Бірақ жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді. Кейде орыстың ол кездегі жоғарғы топтарының өмірінде аузына түспейтін сөздерді де Абай Татьянаның аузынан шығарады: Қаймақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем. Екі сөз жоқ өмірімде, Мен де сорлы, бақыты кем... «Евгений Онегин» романында қаспақ сөзінің жоғы былай тұрсын, дворяндардың басына мүлде келмейтін сөздер. Абай аудармаларының екінші түрі - осы тәрізді ерікті аудармалы өлеңдер. Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарағанда, бірінші түрі қазақ әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені Абай - бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс ұғынған ақын. Сондықтан да ол өлеңнің мазмұны, түріне қарап, әртүрлі әдіс қолданады. Орыс тіліндегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан оған дәл, не жақын келетін түрлерді іздеп, «бұлжытпай» дәл беруге тырысады («Қараңғы түнде тау қалғып», т.б.). Абай оларды тек досы көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы да санады. Сонымен қатар Абай аудармаларының және бір үздік ерекшелігі - қандай аудармашы болсын, өз тіліндегі көркемдік құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл - аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет. Басқа аудармашылардың аударған өлеңдерін оқып, оны түпнұсқамен салыстырсақ, сөзі, мазмұны дұрыс болғанымен, түпнұсқаның өзін оқығандағы әсерді аудармадан ала алмайсың және оқығанда-ақ аударма екендігі көрініп тұрады. Абай аудармаларында ол жоқ. Дәл, бұлжытпай аударған өлеңдері қазақтың өз өлеңдеріндей болып шығады. Өлеңнің өз тіліндегі әсері мен Абай аудармаларынан алатын әсерлерде айырма болмайды. Міне, аударма жөніндегі Абайдың озат шеберлігі де, бұл күнге шейін үлгілігі де осында. Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, бізше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттылығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақ тіліндегі сөздерге ақынның мейлінше байлығы. Пушкин, Лермонтов, Крыловтар - ұлы таланттар. Олар тәрізді ақындардың өлеңдерін аударушы да талантты ақын болуы керек. Кез келген ақынның оларды ойдағыдай етіп аудару қолдарынан келе бермейді. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының, не оның алдындағы Алтынсариндардың аударғандары Абай аудармасынан әлдеқайда олқы жатуы, орыс тілін Абайдан аз білетіндігінде емес, ақындық дарындарының жетпейтіндігінде. Әрине орыс тілін жақсы білмесе, жеке талант та өз бетімен аударма жөнінде ештеңе арзыта алмайды. Және тілді білу бар да, оның әдемілік қасиетін ұғыну бар. Екеуі бір-бірімен байланысты болғанмен, бір емес. Тіл білген адамның бәрі бірдей әрбір сөз, әрбір образдың әдемілік қасиетін түсіне бермейді. Тілдегі сөз образдарының ой тербетіп, жан сүйсіндіретін әсерін сезіну тіл білген адамның бәрінің қолынан келе бермейді. Ол үшін аударушы ақынның өзінде сол тілді жай жақсы білу, түсінумен қатар, әдемілік қасиетін ұғып, соларды түсіне білерлік ақындық сезім, үлкен талант болуы керек. Лелейная рука тебя мне поднесла, В знак памяти, в минуту расставания, И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла, Но светлая слеза - жемчужина стараданья. И черные глаза, остановясь на мне, Исполненны таинственной печали, Как сталь твоя при трепетном огне, То вдруг тускнели, то сверкали... Еркелі нәзік қолымен маған тиді, Ұмытпа деп айрылған жерде берді. Қан сорғалар жүзіне жас сорғалап, Қайғымен өртенгеннің белгісі еді. Қара көз қарап маған көп қадалған, Құпия қайғы өртеніп бойын алған. Болатша дірілдеген жалын көрген, Бір күңгірт тартып және оттай жанған. Осы екі үзіндіні салыстырсақ, Абайдың орыс тіліндегі образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күші сезімге өз тілінде қандай әсер етеді, оған теңдес қазақша қандай сөз қолданып, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес, әдемілік күшін, әсерін дәлелдеп жатудың қажеті аз. Міне, осы жерден келіп, орыс өлеңдерін аударуға қазақ тілінің сөз байлығының үлкен орын алуы, яғни жоғарғы айтылған үшінші себебі келіп шығады. Егер түпнұсқадағы үздік образдарды түсіне тұрса да, оған лайықты және қазақ оқығанда да ой тербетіп, жан үзгендей сөз таба алмай қожыратса, бұлай болып шықпас еді. «Лелейная рука» дегенді «апақай», «аппақ», «талдырмаш», «жіңішке» деп аударса да мағынасын берер еді. Бірақ ол толып жатқан синонимдерден «нәзік қол» дегенді өте дұрыс, орынды таңдап қолданған. Лермонтов: Как сталь твоя при трепетном огне, То вдруг тускнели, то сверкали, - десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеуді бұлжытпай, күш-қасиетін өз қалпында сақтап: Болатша дірілдеген жалын көрген, Бір күңгірт тартып және оттай жанған, - деп аударады. Бұл күрделі теңеу орыс тілінде қандай үздік, әдемі, қандай жан тербететін күшті, әсерлі десек, қазақшасы туралы да соны айта аламыз. Сөйтіп, Абайдың шебер аудармашылығының негізінде ұлы талант орыс тілінің әдемілік күш-қасиетін терең ұғу мен қазақтың өз тіліндегі байлықты талғап, таңдап ала білуде жатқандығын көреміз. Абайдың жалпы аудармаларымен байланысты тоқтауды керек ететін және бір мәселе орыс әдебиетін терең білу және қазақшаға аудару Абайдың өзіне не берді, қазақ әдебиетін дамытуда аударманың қандай мәні бар деген сұрақтарға жауап бере кетуді керек етеді. Аудармалардағы «мүйіз шығар», «сабағын айтып тынар», «мен сынық жан», «тасты жол», «барасың қайда, қайда болмай маған?» деген тәрізді сөз қолданыстар немесе «апарар сырын білмес бір далаңға» - орыс әдебиетінің үлгісінде жасалған образдар. Сол сықылды: Қатып қалған көзімде бір тамшы жас, Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе? - деген тамаша көркем образдардың тегін қуа келсек те, бірқатарының-ақ негізі Пушкин, Лермонтовтарда жатқандығын көру қиын емес. Жоғарғы өлеңнің орысшасында: И если есть в очах застывших капля слез, Они расстают и прольются, - делінген. Орыстың әдеби тілінің үлгісімен жасалынып, Абайдың қазақ әдебиет тіліне кіргізген сөз образдарында диалогтың түрі бұрын да бар. Қазақтың айтыстары диалогтан құралады. Батырлар жырындағы кездесетін екі батырдың сөйлесулері, не билер сөздері - бәрі де диалог. Бірақ айтыс жырларда кездесетін диалогтар көпшілігі тым ұзақ, тым шұбалаң, әрқайсысының сөздері ұзын-ұзын монолог болып келетін. Өлеңде бір сөз, екі сөзден құрылған және сөйлеушілердің мінез-құлқына тән, олардың бейнесін айқындауда үлкен мәні бар, әрі қысқа, әрі шебер құрылған диалогтардың көрнекті үлгілері қазақ әдебиетінде Абайдан басталды және бұл үлгіні де Абай орыс әдебиетінен үйренген. Диалогқа өте шебер Крылов, Лермонтов, Пушкиндердің өлеңдерін аудару диалог үлгісін қазақ әдебиетіне енгізуге негізгі себеп болды. Өлеңде өз сөздерінің арасына қатысушылардың мінез-құлықтарын айқындайтын, соларға тән өздерінің бірді-екілі қысқа-қысқа сөзін кіргізіп отыру әдісі де, не қаһармандардың өз аузынан шыққан сөз арқылы олардың образын жасау әдісі де сол орыс әдебиетіндегі диалог, төл сөздерді қысқа, шебер түрде қолдана берумен байланысты тәрізді. Бірінші, бұл үлгі Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде болған емес, екінші, Абайдың бұндай өлеңдері оның аудармалық еңбектерінен кейін жазылған. «Бай алады кезінде көп берем» деп, «Жетпей тұрған жерінде тек берем» деп, Би мен болыс алады күшін сатып, «Мен қазақтан кегіңді әперем» деп. Дос алады «Бермесең, бұлт берем» деп, «Жауыңа қосылуға серт берем» деп. «Бұзылған соң, мен оңай табылмаспын, Неғылып оңайлықпен ырық берем» деп. Болыс болдым, мінекей, Бар малымды шығындап, Түйеде қом, атта жал Қалмады елге тығындап. Сөйтседағы елімді Ұстай алмадым мығымдап, Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Мұның біріншісінде автор өз сөзінің араларына оқиғаға қатыстырып суреттеп отырған адамдардың төл сөздерін кіргізе отырса, екіншісінде, ұзақ монолог ретінде болыстың өз сөзі арқылы оның мінез-құлқын көзге елестетеді. Алдыңғысының да, соңғысының да адам образын жасауда мәні үлкен. Абайдың орыс классиктерінен алған өте бір құнды әдісі - сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл - жан күйін суреттеудегі ерекше әдіс. Психологиялық суреттеуде ішкі әртүрлі сезім өзгерістері көрсетілсе, мінездеуде адамның бойына берілген өзіне тән, басқалардан ерекшеліктерін суреттейді. Біреу күйгелек, біреу жеңілтек, біреу салмақты, біреу ақкөңіл, біреу шыдамды деген сияқты әр адамның өзіне тән табиғи мінездері болады. Әрине бір адамда бір мінез ғана болуы шарт емес. Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан мінездердің болуы мүмкін. Жалпы, әсіресе бірнеше қаһарман қатысқан сюжетті ұзақ поэма, роман, әңгімелерде образ-типтердің бірі екіншісіне ұқсап кетпеу үшін, мінездеудің мәні үлкен. Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің қай түрінде болсын, мінездеу де өте кенже қалған әдіс болатын. Жырларда, не әртүрлі поэмаларда мінездеулер не кездеспейтін, кездесе қалса, жұрнағы, сұлбасы ғана болатын. Жырларда кездесетін батырлардың бір-бірінен онша айрылмай, барлығы біркелкі болып келушілігінің бір сабағы осы мінездеулердің бойы өсіп, бұғанасы қатпауымен байланысты. Батырлар жыры, не сол жырлардағы бір батырдың екіншілерінен айырмашылығын көрсетпек болғанда, көбіне сыртқы портрет жағынан суреттеу арқылы жекелеп бейнелейтін. Абай қазақ әдебиетінің бұл кемшілігін сезді де, орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин өлеңдерін аудару арқылы мінездеудің тамаша-тамаша үлгілерін қалдырды. «Онегиннің сипаты» деп аталатын «Евгений Онегин» романынан аударған үзіндісі адамның мінез-құлқын суреттеу - өзіне дейінгі әдебиетте болмауы былай тұрсын, күні бүгінге дейін теңдесі жоқ мінездеу. Бірақ мінездеу жөніндегі Абайдың үздіктігі тек орыс әдебиетіндегі жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік өнеге қалдыруында. Абайдың поэмаларындағы Ескендір, Аристотель, Масғұт, Жәдігөй шал, Әзім, хан, қыз образдарын, олардың әрқайсысының мінездерін жекелеп көрсетудегі шеберлігін былай қойғанда, өз кезіндегі болыс, билерді, атқамінер қуларды сықақ еткен қысқа-қысқа сатиралық лирикаларының өзінде де адамның ішкі сыр-сипатын өте ашық, айқын етіп көрсетеді («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Дүтбайға», «Көкбайға», т.б.). Жоғарғы айтылғандарды қорыта айтқанда, аударма жөнінде де Абайдың қазақ әдебиет тарихында орны ерекше.Бірінші, бұл - қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен таныстырып, екі елдің рухани тіршілік, мәдениеті мен әдебиеттерін байланыстыруға берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әртүрлі әдістерді әдебиетке кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып дамытты, ілгерілетті. Төртінші, шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып, кейінгілерге үлгісін пішіп берді. Абай аудармалары - бүгінгі аудармашылар үшін де көрнекті үлгі.