Мақала бойынша жұмыс жасау
Мақаланы жазуды бастамас бұрын алдын ала бірнеше негізгі сұрақтарға жауап алу керек.
Жұмыстың негізгі мақсаты қандай? Бұл сұраққа жауап мақаланың мазмұнын және түрін анықтауға көмектеседі:
мақала зерттеудің жаңа және маңызды нәтижелерін сипаттайды ма (эксперименттік (тәжірибелік) мақала - неғұрлым кең таралған үлгі);
мақала бұрын жарияланған нәтижелерге жаңа түсінік бере ме (жиынтық талдамалық мақала; ірі гипотезаны ұсыну және негіздеу үшін пайдаланылады);
мақала әдебиетке немесе ірі тақырыпқа шолу болып табылады ма?
Бұл жұмыстың осы тақырып бойынша басқа жұмыстардан айырмашылығы және оның жаңалығы неде?
ғылымға қандай жаңа нәтижелі үлес қосады?
бұл материал бұрын басылып шықты ма?
оның осы саладағы басқа жұмыстарға қандай қатысы бар?
Бұл мақала қайда жарияланады, қандай сала бойынша?
Алдымен «Авторларға арналған ережелермен» танысып, журнал редакциясының нақты талаптарын сақтауға тырысу керек.
Жұмыстың келесі кезеңі - идеяны немесе негізгі гипотезаны анықтау. Ең маңыздысы, мақалада бір сұрақ қойылып, оған толық жауап беруге мүмкіндік беретін ақпарат көлемі болуы тиіс. Жұмыс гипотезасын құрастырып, мақаланың негізгі сұрағына берілетін жауаптардың барлық түрлерін ойластырған дұрыс. Мысал ретінде жоғары импакт факторлы журналда жарыққа шыққан мақала құрылымының көрінісімен төмендегі суреттерден танысуға болады.
Мақаланың атауы - оның өте маңызды элементі болып табылады. Көпшілік зерттеушілер мақаланың мазмұнын оқымай-ақ, оның атауына ғана көңіл бөледі. Мақала атауының негізгі артықшылықтары – оның қысқа және нақтылығы. Көптеген журналдардың талаптары бойынша тақырып ұзындығы 10-12 сөзбен шектеледі. Тақырыпты қысқа, мазмұнды және мәнерлі қылып құрастырудың өзі оңай жұмыс емес, сондықтан тақырыпты бірнеше рет өзгертуден қорықпаған жөн. Жұмыстың мәнін көрсететін түйінді сөздерді тақырыпта қолдануға тырысыңыз. Мақаланың атауының өзі алынған нәтижелерге қарағанда қарастыратын мәселені көп дәрежеде сипаттауы тиіс.
Сурет 6.1 - Мақаланың атауын құрастыру үлгісі
Мақала құрылымы. Тәжірибелік мақала әдетте бірыңғай стандарт бойынша құрылады:
«Кіріспе» бөлімінде негізгі сұраққа жауап берілуі тиіс, яғни «не себепті зерттеу жүргізу және осы мақаланы жазу қажет болды?»;
«Зерттеу нысандары мен әдістері» бөлімінде жұмыстың нысаны және жұмыс барысындай қандай әдістер қолданылғаны жөнінде баяндалады;
«Жұмыстың қорытындысы» бөлімінде зерттеу барысында алынған нәтижелер жазылады;
«Жұмыс нәтижелерін талқылау» бөлімінде зерттеу нәтижесінде алынған қорытындыларды талқылау және оның осы күнге дейін басқа да ғалымдардың алған нәтижелерімен салыстыру қарастырылады.
Кез келген жарияланымның соңғы бөлімі - «Пайдаланылған әдебиеттер тізімі» болып табылады.
Әдетте мақала «Реферат» және «Түйін сөздер» бөлімдерін де қамтиды. Шолу және талдау мақалаларында кейбір бөлімдер алынып тасталуы мүмкін, ал шығару айдары айтарлықтай күрделі болуы мүмкін.
Кіріспе. Кіріспеде орындалуы қажет:
гипотезаны анықтау;
кіріспе ақпарат беру;
осы зерттеудің неге қабылданғанын түсіндіру;
осы саладағы зерттеулерді сыни талдау;
тақырыптың өзектілігін көрсету.
Кейде «Кіріспені» соңғы кезеңде, яғни нәтижелер баяндалғаннан және оларды талқылағаннан кейін жазу да тиімді. Кіріспенің көрінісі 6.2 - суретте көрсетілген. Сонымен қатар, жұмыс аяқталғаннан кейін де «Кіріспе» бөлімінің мақаланың қалған бөліктерімен сәйкестігін тексеру қажет. Айта кететін жайт, мақаламен жұмыс істеу барысында «Кіріспе» жазу автордың ойлау белсенділігінің үрдісін және одан әрі мақаланы баяндауды құрылымдайтын бөлік екенін есте сақтау қажет. «Кіріспе» бөлімінің өзін келесі негізгі тармақтар бойынша талдау қажет:
жұмыстың мақсаты мен бастапқы гипотезалары нақты тұжырымдалған ба?
қандай да бір қайшылықтар жоқ па?
негізгі пайдаланылған әдебиеттерге сілтеме енгізулер бар ма?
жұмыстың өзектілігі мен жаңалығы туралы мәліметтер бар ма?
Достарыңызбен бөлісу: |