«Бухгалтер» термині XVғ. Австрияда өмірге келді. Ең алғаш бухгалтер атағын алған Христофор Штехер болды. 1498 жылы Әулие Рим империясының императоры Максимилиан алғашқы бухгалтер етіп Христоф Штехерді сайлады. Сол кезде бухгалтер мамандығына өте жоғары адамгершілік талаптар қойылатын. Кейбір елдерде бухгалтердің адамгершілік қасиеттеріне қарап, оны қазіргі уақытқа дейін шіркеу қызметкерінен кейінгі екінші орынға қояды.
Жәрмеңкелер. Қазақстанның экономикалық дамуының айқындаушы факторлардың бірі жәрмеңкелер болды. Қазақстанда ең бірінші жәрмеңке 1832 ж. Бөкей ордасында ашылды. XIX ғасырдың 40-жылдарында пайда болған жәрмеңкелік сауда кеңінен дамып, XIX ғасырдың 80-90-жылдары Қазақстандағы сауданың басты түріне айналды. Ірі жаздық жәрмеңкелерден бөлек ұсақ күздік жәрмеңкелер де болды.. Жәрмеңкелерде қазақтар саудаға шығарған ең басты өнімдері: ірі қара мал, қой, жылқы, ешкі, түйе, тері, тоң май, жүн, қыл, ішек
өнімдері, сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдері: киіз, шекпен, ер тоқым, жергілікті аяқ киімдер және т.б. заттар болды. Жәрмеңкелерге сонымен қатар нан тауарлары да түсті. Ресейден жәрмеңкелерге негізінен фабрика-заводтан шыққан тауарларды – мақта, шұға және жүннен тоқылған маталар, галантереялық, москательді тауарлар, металл, былғары және ағаштан жасалған бұйымдар, шишадан және фарфордан жасалған ыдыстар, шай, құмшекерді әкеліп сатты. Жәрмеңкелерде сонымен қатар, Орта Азиядан әкелінген, азиялық деп аталатын тауарлар да болды – халат, көрпе, кілем, мақтадан және жібектен тоқылған маталар, кептірілген жемістер және т.б. Осылайша, жәрмеңкелерде, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауданың отарлы сипаты көрініс берді – Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері ресейлік өнеркәсіптік бұйымдарға айырбасталды.
Қазақ көпестерінің арасында егін шаруашылығы мен мал шаруашылығымен қоса саудамен айналысқан ірі байлар да болды. Мысалы, Жарасбаев (Перовск уезі) мыңғыртып мал айдаған, дәулетті адам еді. Оның ұлдары Қызылорда және Қостанай болыстарын басқарды. Олардың әрқайсысы 500-1000 түйе, 1500-2000 бас қойға ие болды. Жалданбалы жұмысшылардан өзге, олармен бірге тұрақты түрде 15-20-дан астам тәуелді кедей шаруалар көшіп-қонып жүрді. Жарасбаевтар бір мезгілде ірі саудамен және өсімқорлықпен айналысты. Олар малмен сауда жасаушы бай кәсіпкерлер болып саналды .