Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі



бет13/107
Дата13.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#185222
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   107
Байланысты:
Adamzatty 1187 asyl t 1241 zhi 1
17.05.2021-ТОӨЖ-Авраев Е.М.-1күн, Педагогикадан тест дұрыс жауаптарымен
ХАЗІРЕТІ АБДУЛЛАhТЫҢ
ҮЙЛЕНУІ ЖӘНЕ ӨЛІМІ
Арадан жылжып жылдар өтті. Абдуллаһ көркем мінезі мен жүріс-тұрысына сымбаты сай жігіт болды. Оған ынтық бойжеткендер де көбейе түсті. Жас жігіт мұны сезсе де білмеген сыңай танытып бақты. Баласының аяқтанар шағы жеткенін байқаған әке ұлына жар боларлық бойжеткенді қарастыра бастайды.
Әбдімүттәліптің өмірлік тәжірибесі бұл істе де дұрыс таңдау жасауына себеп болды. Бәни Зухра тайпасының ақсақалы Уәһб ибн Әбдіманаптың қызы Әминаны баласына лайық деп білген ол айттыра барады. Уәһб Әбдімүттәліптің бұл өтінішін қуана қарсы алады. Амандық-саулықтан соң Уәһб:
“Уа, бауырым! Біз бұл ұсынысты сен келмес бұрын естідік. Әминаның анасы өткен түнде бір түс көріп, үйімізге бір нұрлы сәуленің енгенін, айналаның жап-жарық болып кеткенін көріпті.
Менің де бүгін түнде түсіме бабамыз Ибраһим пайғамбар еніпті. Маған “Әбдімүттәліптің ұлы Абдуллаһпен қызың Әминаның некесін мен қидым. Сен де қабыл еткейсің”, – деді.
Уәһбтің қызы Әмина ибалы да инабатты, әрі шежіресі жөнінен де құрайыш қыздары арасында жоғары тұратын. Қай жағынан да Абдуллаһқа лайық-тын. Жасы он төрттегі Әминаның нағыз толған айдай толысып тұрған шағы бұл. Абдуллаһ болса жиырма төрттегі қылшылдаған жігіт.
“Тойдың болғанынан, боладысы қызық демекші”, апыр-топыр екі жастың үйлену тойы өткізіліп, болашақта барша болмыстың сұлтаны болатын Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар дүниеге келетін шаңырақ құрылады.
Үйленгеннен кейін арада бірнеше апта өткенде мынадай қызық жағдай шықты. Хазіреті Абдуллаһтың жүзіндегі нұр Хазіреті Әминаның маңдайында жарқырады. Мұны көптің көзінен таса ету де мүмкін емес еді. Әмина дүниенің болашақ сұлтанына аяғы ауыр еді.
Үйленгеніне бір ай толғанда Хазіреті Абдуллаһ бір сауда керуеніне қосылып, Сирияға жол тартады. Бұл оның соңғы сапары еді. Араға айлар салып керуен елге оралғанда араларында Абдуллаһ жоқ болатын, тек оның қайтар жолда Мәдинада қатты сырқаттанып, жолға жарамайтын болған соң нағашыларының жанында қалғаны жайында суыт хабар жетеді. Мұны ести сала Әбдімүттәліп ұлы Харисті Мәдинаға жолдайды. Алайда өзгермес тағдыр тағы да өз дегенін істейді, ағасы келгенге дейін Абдуллаһ о дүниелік болады. Бақытты әкеге дүние сұлтаны боларлық ұлының нұр жүзін бір иіскеу де бұйырмайды. Абдуллаһтың денесі Мәдинадағы Ади ибн Нәжжарұлдарының бірі Нәбиға үйінің ауласына жерленеді.
Харис суық хабарды Меккеге жеткізеді. Мекке қайғы жамылып, аза тұтады. Жас-кәрі деместен өз қалауын жүзеге асыратын аяусыз ажал Абдуллаһтың отбасына да ауыр соққы боп тиеді. Бүкіл меккеліктер аяулы ұлдарын жоқтап, көз жастарын көл қылады. Кенеттен болған қайғылы қаза әсіресе, жас келін Әминаның қабырғасын қайыстырады. Күйеуін жоқтап ботадай боздаған Әминаның ащы даусын естіген пенденің сай-сүйегі сырқырамауы мүмкін емес еді.
…Ажал құрық салды да,
Мені тастап сен кеттің.
Кебін киіп кетіпсің,
Оны қайдан білейін.
Көзім жасын селдеттім.
Бүкіл елің ішінде
Тең келер пенде жоқ саған.
Мейірімді едің, кең едің,
Сымбатты едің, ер едің.
Дос-жараның құрметтеп
Аза тұтып, қайғыма
Ортақтасып жатқанмен
Керегі маған сен едің…
Хазіреті Әмина осылайша зар еңіреп, жан жарын жоқтап қалған тұста құрсағындағы сәбиінің дүниеге келуіне екі айдай ғана уақыт қалған.
Хазіреті Абдуллаh үйленгелі аз ғана уақыт өткен. Сол себепті анау айтқандай мал-мүлкі де жоқ. Кенеттен дүниеден озған оның соңында қалдырғаны – Үммү Әймен есімді күңі, бес түйе, бірнеше қой, бір қылыш пен азғана күміс ақша.
Ең маңызды мұрасы – Аллаhтың нәсібімен екі дүниeнің нұры болған қайырлы ұрпақ қалдырды. Иә, нұрымен бар ғаламға жарық шашатын, адамзаттың құтқарушысы атанатын Хазіреті Мұхаммедтен (с.а.у.) артық мирас болуы мүмкін бе?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   107




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет