Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі



бет10/107
Дата13.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#185222
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   107
Байланысты:
Adamzatty 1187 asyl t 1241 zhi 1

ПӘК ШЕЖІРЕ
Хазіреті Ибраһим пайғамбар ұстанған дін ханифтік деп аталады. Аты мұсылманшылық болмағанмен заты исламға сай, яки Аллаһтың қалаған ақ жолы еді.
Пайғамбарлардың әкесі саналатын Хазіреті Ибраһимнің Ысқақ және Ысмайыл атты екі ұлы бар еді. Ол, Аллаhтың құдіретімен, Ысқақтың ұрпақтары арасынан бірнеше пайғамбар шығатынын алдын-ала сезіп, білген-ді. Алайда сүйікті жары Aжaрдaн туған ұлы Ысмайылдың нәсілінен пайғамбар шығып-шықпауы беймәлім-тін. Ақырзаманда соңғы пайғамбардың келетіндігінен хабардар Хазіреті Ибраһим, оның жанындай жақсы көретін ұлы Ысмайылдың ұрпағынан тарағанын шын көңілімен қалайтын. . .
Адам ата тарапынан іргетасы қаланған жер бетіндегі тұңғыш құрылыс – Қағба да ұзақ жылдар әсерінен әбден ескіріп, құлауға айналған еді. Аллаh Тағала Хазіреті Ибраһимге осы қасиетті ғимаратты қайта қалпына келтіруді бұйырады. Ұлы әмірді есітер-есітпес Ибраһим пайғамбар Ысмайылмен бірге құрылыс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетеді.
Қағбаның құрылысы аяқталған соң әке мен бала қол жайып, былайша Аллаhқа жалбарынады:
Уа, Раббымыз! Біздің ұрпақтарымыз арасынан сенің аяттарыңды оқып, кітабың мен үкімдеріңді үйрететін, оларды күнәдан аулақ болуға үндейтін пайғамбар шығар.”
Хақ Тағала шын ықыласпен оқылған бұл дұғаны жауапсыз қалдырған жоқ. Арадан жүздеген жыл өткенде Хазіреті Ысмайылдың ұрпағы Мұхаммед (с.а.у.) – соңғы пайғамбар «Хатамул-Әнбия» атанды. Бүкіл болмыстың сұлтаны саналатын Мұхаммед пайғамбар «Мен – арғы бабам Ибраһимнің дұғасымын…” дегенде жоғарыда аталған оқиғаны меңзейді.
Хазіреті Ысмайыл үбірлі-шүбірлі болды, оның немере-шөберелерінен тараған тайпалар Араб түбегінің шартарабына жайылды. Олардың арасында Аднан ұлдары, одан Мұдар ұлдары, оның ішінде құрайыш тайпасының хашим руы өзгелерінен ерекшеленіп, биік мәртебе, жоғары құрметке ие болды. Бұл жөнінде де пайғамбардың өз айтқаны бар:
“Аллаh Тағала, Хазіреті Ибраһимнің балалары арасынан Бәни Хашимді8, олардың ішінен мені таңдаған.”
Мұхаммед пайғамбардың ата-бабалары жайында толық мәлімет жоқ. Уақыт тұрғысынан ең жақын саналатындары жөніндегі мағлұматтар ғана бізге жеткен. Қолдағы барға қанағат деп, солар туралы әңгімелеуді жөн көрдік.
Құсай. Пайғамбардың үлкен атасы-Құсай (шын аты – Зәйд) өз заманының айтулы тұлғаларының бірі. Құсайдың Зухра есімді жалғыз інісі болған.
Жасы үлкен болғандықтан әулетті басқаруға да сол лайық деп табылады. Бала жасынан басқалардан артық қабілетімен ерекшеленетін Құсай, өсе келе Меккенің алдыңғы қатарлы адамдарының біріне айналады. Ұйымдастырғыш қабілеті, басшылықтағы ұстамдылығы, әділ үкімдері меккеліктердің назарынан тыс қалмайды. Халық оған үлкен сенім артып, Меккені басқаруды тапсырады. Мекке қаласын алғаш рет аудандарға (махaллаларға) бөліп, әрбір руды өз ауданына орналастырған да-сол. Меккенің маңызды мәселелері Құсайдың үйінде талқыланып, шешімдер сол жерде қабылданатын. Қағбаның күзеті, қажыларды ауыз сумен қамтамасыз ету, оларды күту, шайқасқа кірерде байрақ тігу және Мекке мәжілісіне жетекшілік жасау, т. с. с. мәселелер оған аманат ретінде тапсырылады.
Қағбаның қарсы алдында, есігі Қағбаға қарайтын алғашқы үй Құсайға арнап тұрғызылған. Бұл үй – Меккенің үкімет үйі, түсініктірек айтсақ, ішінде Мекке қалалық мемлекетінің күллі мәселелері қаралатын парламент ғимараты еді. Құсайдың бұл отауы тарихта «Дарун-Нәдуа” аталған, хижреттен соң жарты ғасырға дейін сақталған.
Мекке жұртшылығы Құсайға аса құрметпен, ізгі ілтипатпен қараған.
Хашим. Хашим – Пайғамбарымыздың үшінші атасы. Меккенің құрметті азаматтарының бірі Хашим сауда-саттықпен айналысқан. Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келетін күні жақындағандықтан, аманат нұр оның маңдайында ерекше көрінген. Хашим жан-жақты қабілетті, байсалды, жігерлі, кең пейілді, жомарт әрі баршаның сүйіспеншілігіне ие болған, оның есімімен әулеті, қала берді руы аталған. Пайғамбарымыз да содан тарайтын биік мәртебелі бұл ру кейін де осы құрметті хашимилер атауын сақтап қалған.
Хашимнен төрт ұл туған: Шәйба (Әбдімүттәліп), Әсет, Әбу Сәйфи және Надла.
Хашимнің ұрпағы Шәйба мен Әсеттен тарайды. Шәйба- Ардақты Пайғамбарымыздың екінші атасы. Әсеттен туған Хүнәйіннен перзент болмай, хашимилер шежіресі Әбдімүттәліптен тараған ұрпақтармен жалғасын тапқан.
Шәйба (Әбдімүттәліп). Дүниеге келгенде ақ шашты болғандықтан оны Шәйба (ақ шашты деп) атаған. Әбдімүттәліп – лақап аты, осы лақаппен танылған. Бұл лақапқа қалай ие болғаны жөнінде мынадай әңгіме бар.
…Шәйба бала кезінде Мәдинадағы нағашыларына жиі баратын. Бір күні көрші балалармен бірге ол Мәдинаның орталық алаңдарының біріне оқ атып жарысатын ойынға барады. Әп-сәтте балалар ойынын тамашалаған үлкендер де әлгі жерге жиналып қалады. Көп баланың ішінен маңдайы жарқыраған Шәйба жұрттың назарын еріксіз өзіне аударады. Ату кезегі өзіне келгенде, Шәйба асықпай садағын оқтап, өзіне деген асқан сенімділікпен садағын керіп кеп қалады. Оқ нысанаға дәл тиеді. Жиналған жұрт таңғалыса, сүйсіне қараған сәтте Шәйба:
“Мен Хашимимін, Бетһа бегінің ұлымын. Нысананы көздей алмасам, атамның атына кір келтірген болар ем,”– дейді шабыттана шалқып.
Оның айтқандарын жиналғандардың бәрі естиді. Әбдіманапұлдарының бірі Шәйбаға жақын барып, Хашимнің ұлы екенін нақтылап сұрап біледі. Меккеге оралған соң әлгі адам болған жайтты әкесінің бауыры Мүтәліпке баяндап береді. Осыншалықты қабілетті, ақылды баланың бөтен елде жүргендігін қаламайтынын да сөз арасында айтып қалады.
Мүттәліп мұны ести сала Мәдинаға жол тартады да, Шәйбаны алып, қайта оралады. Меккеге кірген сәтте-ақ Мүтәліптің жетегіндегі балаға көзі түсіп « Бұл кімнің баласы?” деп сұрағандар көп болды. Көз тиер деп қорыққан Мүттәліп еш ойланбастан «Бұл - менің құлым” деп қалай айтқанын өзі де байқамай қалады. Тіпті әйеліне де осылай жауап береді. Ертесіне ағасы алып берген қымбат киімдерді киіп далаға шыққан балаға көңіл аудармаған жан қалмайды. Барша жұрт оның кім екенін, қайдан келгенін таңырқай сұрайды. Білетіндер «Әбдімүттәліп, яғни Мүтәліптің құлы -деп (Абд, Әбду – араб тілінде құл дегенді білдіреді – Д. Ө.) жауап береді. Кім екендігі кейінірек белгілі болғанмен, сол күннен бастап Шәйба Әбдімүттәліп аталып кетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   107




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет