ХAЗІPETІ БІЛӘЛ ХАБАШИДІҢ АЗАПТАЛУЫ
Дінге жасырын шақыру кезеңінде Исламды мойындап, сол үшін мүшріктердің аяусыз азаптауына душар болған алғашқы мұсылмандардың бірі Біләл Хабаши аталып кеткен Біләл ибн Рабах.
Хазіреті Біләл мұсылмандардың қас жауы Умаййа ибн Халафтың құлы боп жүргенде Хазіреті Әбу Бәкірдің себеп болуымен мұсылмандықты қабылдаған.
Қас қағым сәтте көңіліне қонған иман нұры Хазіреті Біләл үшін батылдықтың қайнар бастауы болды. Құл бола тұрып, қожайыны мен мүшріктердің ауыр азабына кеудесін керіп, иман келтіргендігін ашық түрде жария етті.
Иә, имансыз жүрек тастан да қатты, Аллаhтан қорықпайтын ұждан жартастан да сезімсіз. Жүрегі тас метін, ұжданы жақсылыққа селт етпейтін адам аталатын екі аяқты мақұлықтан мейрімділік күту де – ерсілік. Мұндайлар жыртқыш айуаннан бетер.
Исламның ата жауы Умаййа ибн Халаф та осындай қара пиғылдылардың бірі. Хазіреті Біләл осы жауыз мүшріктің басыбайлы құлы еді.
Дұшпанның көзімен қарағанда, Хазіреті Біләлдің бір Аллаhқа иман айтып, оның елшісін мойындауы кешірілмес күнә!
Сондықтан қожайыны байғұс құлдың басында әңгір таяқ ойнатып, ойына келгенін істеді. Жиырма төрт сағат бойы ас-сусыз байлап, кейде мойнына қарғы бау салып, бала-шағаға ит сияқты жетектетіп, көше-көше аралатқызатын.
Умаййа ибн Халафтың ешбір жазасы оны дегеніне жеткізбеді. Хазіреті Біләл иманмен көңілі біржола тұтасып, Аллаhқа бар ықыласымен берілген-тін. Жүрегі Хазіреті Мұхаммедке деген сүйіспеншілікпен толып-тасып, қанша қиналса да алған бетінен қайтпауға бекінген. Қорлық пен зорлыққа тістеніп тұрып, мүшріктердің алдында Жаратушысының бірлігін айтудан жалықпады. Қинаған сайын қуаттана түскендей
“Аллаhу ахад! Аллаh жалғыз! Аллаh біреу! Мұхаммед — Оның елшісі!” деуден танбаған.
Умаййа ибн Халафтың көздері қанталап, қайтсем де дегеніме жетем дегендей, Хазіреті Біләлді шыжыған ыстықта далаға қайнаған тас пен құмның үстіне жатқызып, аузына қурап кеткен бір кесек етті тығып, кеудесін ауыр таспен бастырып:
“Я сен өліп аузың құм құятын боласың, я да Мұхаммедтің дінінен безіп, Лат пен Уззаға табынатын боласың. Арманыма жеткенше азабыңды арылтпаспын.” – деп гүрілдейтін үстінен төніп тұрып.
Бірақ та жан-тәнімен иманның күшін сезінген Хазіреті Біләл қиналып жатып:
“Мен Лат пен Уззаны өлсем де мойындамаймын.
Аллаh біреу! Менің Тәңірім жалғыз – Аллаh! Оның ортағы да, серігі де жоқ, болуы да мүмкін емес! Аллаh! Аллаh! Аллаh!” деп ышқына айқайлаумен болды.
Мұны естіген қожайынның қаны басына теуіп, нөкерлеріне бұйырып Хазіреті Біләлді сау-тамтығын қалдырмай сабап, есінен тандырып, шіліңгір аптапта далаға тастап кететін.
Хазіреті Біләлдің осынша ауыр азаптан қорғанар сауыты- жүрегіне мықтап орныққан иманы еді.
Иман, бүткіл дүниені жалғыз құдіретке бағындыратын иман, Хақ Тағаланың ұлылығына сенім, шексіз берілушілік адам баласы үшін таусылмас таяныш, сарқылмас сүйеніш. Бұл адамзат жаратылғалы бері өлмей жалғасын тауып келе жатқан асыл да қасиетті қағида. Өкініштісі, пендешілік осының парқына барғыза бермейді. Аллаhқа иманы күшті адамды мына өмірде ешкім де, ештеңе де жеңе алмайды.
Хазіреті Біләл асқан қаһармандығымен “Иман – нұр, әрі қуат. Нағыз иманды адам күллі әлемді аузына қарата алады” деген ақиқатты айғақтағандай еді.
Хазіреті Біләлді ұрып-соғу, тепкілеп төмпештеу күн сайын, сағат сайын жалғаса берді.
Бір күні сол маңнан өтіп бара жатып, осындай азапты оқиғаның куәсі болған Хазіреті Әбу Бәкір Умаййаға:
“Сен Құдайдан қорықпайсың ба? Бұл байғұсты қашанғы азаптай бермексің” – деді.
“Жаның ашып қалыпты ғой, шындыққа келсек, өзің кінәлісің, сенімін өзгертіп, қайдағы жоқты шығарып жүргеннің бірі сен емессің бе? Дым білмегенсіп, жанашыр бола қалыпсың ғой енді?! Шын аясаң, сатып алып құтқармайсың ба?” – деді Умаййа кекесінмен.
Хазіреті Әбу Бәкір:
“Ей, Умаййа, менің қол астымда сенің дініңді ұстанатын бір құл бар. Өзі еңгезердей, Біләлден әлдеқайда күшті. Соны саған берейін, ал Біләлді маған бер, айырбас жасайық”, – деді.
“Жарайды” – деді Умаййа, артынша “Әлгі айтқан құлыңды әйелімен қоса бересің онда”.
Хазіреті Әбу Бәкір “Мақұл” – деп келіскендігін білдірді.
Сол-ақ екен Умаййа жымысқыланып күлді де:
“Құлыңның әйелімен қоса қызын да бермесең болмайды”- деді.
Хазіреті Әбу Бәкір бұған да бас изеді.
Бірақ жексұрын Умаййа мұнымен де тынбай, мазақ қылғандай:
“Үшеуіне екі жүз динар қосып бермесең келіспеймін”- деп қиқарланды.
Бұл жолы Хазіреті Әбу Бәкірді ашу қысты:
“Неткен ұятсыз едің, беретін түрің де жоқ, кімді ақымақ етіп тұрсың” деп төніп келді.
Умаййа қорқып кетіп:
«Жо-жоқ, Лат пен Уззаның атымен ант етемін, осы сұрағандарымды берсең, Біләл сенікі»– деп кері шегіншектеді.
Хазіреті Әбу Бәкір айтқандарын беріп, Хазіреті Біләлді залымның қолынан құтқарды. Құтқарып қана қоймай, оған бас еркіндігін берді. Көп ұзамай Біләлдің анасы Хамаманы да сатып алып, күңдіктен азат етті.
Хазіреті Біләл Хабаши пайғамбарымызға шын берілген, біртуар азамат, мұсылман қауымның алғашқы азаншысы. Оның пайғамбарлар сәруары – Хазіреті Мұхаммедке деген сүйіспеншілігін айтуға тіл жетпес. Бір сәтке де қасынан ажырамайтын.
Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.а.у.) ақыретке аттанғанда, қайғырып Мәдинада қала алмай, Шамға кетіп қалған. Сол тұстағы халифа Хазіреті Әбу Бәкір Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да Хазіреті Біләл:
«Уа, Әбу Бәкір, рас сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал егер Аллаhтың ырзалығын көздеп, сатып алған болсаң, еркіме жібер, Аллаhтың жолында жиhадқа25 қатысайын», – деді.
Хазіреті Әбу Бәкір рұқсат берген соң Хазіреті Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын көкке көтеріп, бірнеше соғысқа қатысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |