Көру механизмі. Торлы қабық көзге түскен жарықты қабылдап, көздің көруінде аса маңызды роль атқарады. Ол гистологиялық құрылымы бойынша дәнекер ұлпадан және жүйке торшаларының 10 қабатынан тұрады. Олар: түсті (пигменті) эпителий қабаты, таяқша және сауытша (колба) тәрізді жүйке торшалары қабаты, сыртқы (арнайы глиальдық жүйке торшалары бар) глиальдық шекаралық жарғақ (мембрана) қабаты, сыртқы түйіршікті қабат, торлы қабат, ішкі түйіршікті қабат, ішкі торлы қабат, ганглионарлық (ганглий – жүйке түйіні) қабат, жүйке талшықтары қабаты және ішкі глиальдық шекаралық жарғақ қабаты. Қызметіне байланысты торлы қабық екіге бөлінеді: ішкі қабаты – жарық өткізгіш қабат, сыртқы қабаты – жарық қабылдағыш қабат. Жарық қабылдайтын қабат торшаларының пішініне байланысты таяқша және сауытша (колба) тәрізді жүйке торшалары қабаттарына бөлінеді. Әр түрлі жануарларда олардың ұзындығы мен қалыңдығы әр түрлі. Соған байланысты олардың көздерінің көру мүмкіншілігі де әр қилы. Жүйке торшаларының жалпы саны 138 миллион болса, оның 130 миллионы таяқша тәрізді торшалар, ал қалған 8 миллионын сауытша тәрізді торшалар құрайды. Бұл жүйке торшалары торлы қабықтың көретін бөлігінде орналасқан. Көздің көру жүйкесінің бүртігі маңында мүлде жоқ. Таяқша тәрізді жүйке торшалары жарық сезгіш, ал сауытша тәрізді жүйке торшалары түсті ажыратады. Олардың алғашқысында родопсин, ал соңғысында иодопсин пигменттері (бояу заттар) бар. Жарық сәулесі түскенде бұл заттар химиялық өзгеріске түседі. Жарық сәулелері таяқша тәрізді торшалардағы родопсин молекулаларын ыдыратады, одан пайда болған иондалған орта жарық рецепторларын тітіркендіреді (қоздырады). Олар өте аз жарықты да қабылдай алады. Бұл қозулар жүйке талшықтары арқылы көздің көру жүйкесінің бүртігіне беріліп, одан ми қыртысына бағытталып, мидың көру орталығында қоршаған ортаны көру жүзеге асады. Қараңғыда көру пигменті қайта қалпына келеді. Оның қайта қалпына келуі үшін организмде «А» витамині – каротин жеткілікті болуы қажет. Сауытша тәрізді торшалар – заттың түсін, пішінін, көлемін ажыратады. Жарық әсерінен таяқша және сауытша тәрізді торшалардағы (бірінші нейрон) жүйке қозуы биполярлы торшаларға (екінші нейрон), одан мультиполярлы торшаларға (үшінші нейрон) беріледі. Соңғылардың ұзын өсінділері көздің көру жүйкесімен жалғасқан.
Неміс ғалымдары (Университет Гете, Франкфурт, Германия) Катрин Стаппут басшылығымен құстардың оң жақ көзінде жердің магнит өрісін «көре» алатын ерекше молекулалар болатынын, жыл құстары сол арқылы барар жерлерін адаспай табатынын анықтаған. Ал құстың сол жақ көзінде ондай қасиет болмаған.
Торлы қабық екі жолмен қоректенеді. Сыртқы қабаты тамырлы қабықтың капиллярларынан осмотикалық жолмен қоректенсе, ал ішкі қабатын торлы қабықтың орталық көз артериясы (a. centralis retinae) қанмен қамтамасыз етеді. Бұл артериялар мен веналарды офтальмоскоппен көруге болады. Әр жануарда оның тармақталуы әртүрлі. Торлы қабықтың артериялары мен веналары және жүйке түйіндері айналасында лимфа қуыстары орналасқан.
3 – ші сурет. Көздің торлы қабатының құрылысы (Т.Аксенфельд бойынша):
1 - торлы қабықтың эпителий қабаты; 2 - жарық сезгіш қабат немесе таяқша және сауытша (колба) тәрізді жүйке торшалары қабаты (бірінші нейрон); 3 – 4 биполярлы торшалар (екінші нейрон) және мультиполярлы торшалар (үшінші нейрон) қабаты.